Kazakh
СӘТБЕК БАТЫР
Жарандар, үміт үзбе дүниеден, Софылар ақыреттің қамын жеген. Мекені Қызылжардың аржағында, Бар екен жалқы жігіт бір енеден.
Аты екен ол жігіттің Сәтбек мырза, Көрген жан құрметіне болад риза. Ағалар, дүниеде мехнат көп,
Кез болдым бір пәлеге, патша Құда.
Көкшетау – Сәтбек мырза мекен жері,
Дүниеде жалқы жігіт болған сері. Қиссасын аз әңгіме қыла қалсам,
Жақсының сөзбен тарқар қайғы-шері.
Жегіпті парлап шана қаракерге, Жатқандай ой түседі саналы ерге.
Екі ауылы – екі жаққа қонған екен, Қондырды екі ауылды екі жерге.
Мекені бәйбішенің Бұрматалды, Құдайым бірдей берген бас пен малды. Тәңірім өзі тілек бергеннен соң,
Тоқалға Орал таудан орын салды.
Бір отыз күн бәйбішеде тұрады екен, Көңілін дүние-малға бұрады екен.
Тоқалда бір отыз күн және тұрып, Сайран ғып екі арада жүреді екен.
Жүреді екі ортада сайран айлап, Кермеге отыз атты қатар байлап. Қолында бәйбішенің бір ай жатып, Соғымын сойғызыпты әбден жайлап.
Қолында бәйбішенің бір ай жатты,
Құданың еткен нәсіп дәмін татты. Соғымын кіші үйімнің сойғызам деп, Пар жегіп екі бозбен үйге қайтты.
Қаруын тегіс алды сайманымен, Ерттеп ақ айлақты мініп алып,
Жөнелді бір Алланың пәрменімен. Болғанда түн ортасы келді жетіп, Үйіне тез жетуге көңіл етіп.
Ел жатып қалатұғын уақыт еді,
От шықты терезеден жалт-жұлт етіп.
Қақпаға ақ айлақты тастай берді, Байлаулы тоғыз атты көзі көрді. Жанында әрбірінің бір ақ балта, Келгенін бір дұшпанның енді білді.
Үйіне малайының келіп кірді, Болғанын бір сұмдықтың енді білді. Жарық ғып жан-жағына қарап тұрса, Кесулі он екі адам басын көрді.
Көрді де малайынан тысқа шықты, Бұл Сәтбек өзі батыр, нәмән күшті.
Қайтып кеп орта үйіне көзін салса, Үш ұлын бәйбішенің қырып сапты.
Қайтып кеп тоғыз атты шешіп алды, Жанынан бір ақ балта таңдап алды. Болсын деп тым болмаса бәрі жаяу, Аттарын Бұрматалға айдап салды.
Қайтып кеп төр үйіне көзін салды, Болды деп бір қасірет ойына алды. Самаур, әшкетөлке алдында тұр, Бәтішті тоғыз кәуір қамап алды.
Сәтбектің мұны көріп қорықты жаны, Көзіне көрінгенде бұ қылғаны.
Басымды алып қашып жөнелейін, Көрермін мен де осындай әңгімені.
Басымды алып қашып жөнелермін, Есім жоқ, жол таба алмай бөгелермін. Бәтішпен не де болса бір болайын,
Барғанмен жалғыз қашып не болармын?!
Есікке мұны айтты да келіп тұрды, Құрбан ғып Бәтіш үшін жанын қиды.
Бір қайла шыға қалса қылармын деп, Қолына алмас балта алып тұрды.
Бастығы ол тоғыздың кәпір Жармақ, Біреуі ат көздеуге болды бармақ.
Есіктен шығып келе жатқанында, Ұрыпты көкжелкеден әдейі арнап.
Алмадай ұшып түсті басы жерге, Құдайым қуат беріп Сәтбек ерге. Кәпірлер кезектесіп шыға берді, Сегіздің басын кесті осы жерде.
Шықпаған жалғыз енді Жармақ қалды, Көңіліне ап ойламайды бас пен малды. Өлтіріп сегіз дұшпан сүйреп тастап, Қолына тағы балта алып тұрды.
Кейіді ашуланып Жармақ кәпір, Құдайға сиынып тұр Сәтбек батыр. Есіктен шығып келе жатқанында,
Қорыққаннан жан қала ма мұнан ақыр.
Кетіпті бір иығына балта кіріп, Иығын шауып түсті Құдай беріп.
Сау қалған бір қолымен ұстай алып, Барады дөңгелентіп оны үйіріп.
Көтеріп сол қолымен ұрды жерге, Көңілде өлімнен жоқ басқа нәрсе. Қимылы айдаһардай көрінеді, Жиһанда кез болмадым мұндай ерге.
Жығылған орынынан түрегелді, Құдайым Сәтбек ерге қуат берді. Бар екен бір төбеті Сәтбек ердің, Алысқан қорасында мұны көрді.
Сәтбек ер бұл Жармақты жыға алмай жүр, Ағалар, бұл сөзіме мойныңды бұр.
Босанса бір қайранды қылар еді, Темірмен қара төбет байлаулы тұр.
Алысып итке таман жақын барған, Сегіздің Сәтбек ерің басын жарған. Ерігіп шынжырында тұрған төбет, Жармақтың тақымынан ұстап алған.
Әркімге әрбір пәле кез келеді, Сол халде күші кеткен мезгіл еді.
Болысып қара төбет Сәтбек ерге, Тақымын бұ кәпірдің езгіледі.
Жармақтың алып-соғып кесті басын,
Қызыл қан қылды олардың ішкен асын. Бәтіш қыз үйде талып қалған екен, Әкесін көргенінде төкті жасын.
Алысқан Жармақпенен Сәтбек ерің, Ұстаған қара төбет тақым жерін...
Жармақпен тоғыз кәуір қырып салып, Бәрінің сол арада қазды көрін.
Бәрін де осы жерде қырып салып, Тоғыздың ақ балтамен басын жарып.
«Қатты науқас болған соң әкелдім» деп, Бәтішті жөнеліпті үйіне алып.
Тастады мүкамалын осы жерге,
Жармақпен тоғыз кәуір салды көрге. Білдірмей қылған ісін бөтен жанға, Барады Бәтішпенен қайтып үйге.
Мұнан соң бірқатар заман өткен,
Тоғыз қашқын хабары бұрын кеткен...
Сәтбектің осылайша өлтіргені, Мағұлым боп патшаға хабар жеткен.
Тоғызы айдалғаннан қашқан екен, Талайдың қанын судай шашқан екен. Құдайым Сәтбек ерге душар қылып, Басынан арамдығы асқан екен.
Талайдың мұнан бұрын басын алған, Қуаты еш адамның жетпей қалған.
Сәтбектің мұндай ісін тергемекке, Шақырып патшаға хабар алған.
Итімен патшаға жетіп келген,
Патша тақта отырып мұны көрген. Өзінің не тақырыпта қылғандығын, Былай деп патшаға хабар берген.
« Мекенім Бұрматалда болушы еді, Екі үйім – екі жаққа қонушы еді.
Мал-жаны бір-бірінен бөлек болып, Соғымды қыс болғанда союшы еді.
Соғымын үлкен үйдің бердім сойып, Жөнелдім кіші үйіме асқа тойып.
Пар жегіп екі бозбен мен жөнелдім, Соғымын мен соймаққа көңіл қойып.
Келдім де кіші үйіме аттан түстім, Тоқал қойған екі шыны шайдан іштім. Келсем де сабыр, тахат қыла алмадым, Жүрегім алып-ұшып мен байғұстың.
Бұйырдым малайыма ат ерттетіп, Үйіме түн ортада келдім жетіп.
Тоғыз ат байлаулы тұр қора алдында, Әйнектен мен қарадым сабыр етіп.
Кесілген басы жатыр он екі адам, Жүрегім енді болды тым-ақ жаман. Орта үйімде үш ұлым өліп жатыр, Сығалап келіп көрсем оған таман.
Енді кеп төр үйіме көзім салғам, Бәтішті тоғыз кәуір қамап алған. Самауыр алдында тұр баршасының, Бәрінің ортасында қызым қалған.
Қолыма алмас балта алдым енді, Есіктің дәл қасына бардым енді.
Біреуі шығып келе жатқанында, Балтамен діл басына салдым енді.
Алмадай ұшып түсті басы жерге, Құдайым қуат беріп біздей ерге. Бір-бірлеп енді үйден шыға берді,
Сегіздің басын кестім дәл сол жерде.
Балтамды тағы алып тұрдым барып, Аяғында Жармақ келді ашуланып. Есіктен о да шығып келгенінде,
Басына балтаменен қалдым салып.
Ұрғанымда бір иығына балта кіріп, Бір иығын шауып түсті Құдай беріп. Сау қалған бір қолымен ұстай алып, Барады дөңгелентіп мені үйіріп.
Жеңе алмай бұл Жармақты қалдым енді, Басыма бір бәлені салдым енді.
Қорада қара төбет байлаулы еді, Алысып соған таман бардым енді.
Тақымнан қара төбет алды сонда, Мен-дағы қайраттанып қалдым сонда.
Екеулеп бұ Жармақты жыққан кезде, Басына балтаменен салдым сонда.
Бәтішім мені көріп төкті жасын, Осындай көрген халде тамашасын. Менің қылған әңгімем осы болды, Керек болса, кесіңіз, міне басым!
Әй, Сәтбек, мен көрмедім ерді, – дейді, –
Тәңірім тілеуіңді берді, – дейді, –
Алым бермей тұрыңыз сіз жылына, Саған да менің рахымым келді», – дейді.
Сәтбектің қылған ісі қош көрінді, Иті мен екеуіне шен берілді. Алым бермей тұрады осы күнде, Жақсылардың тілеуін Құдай берді.
Төбетке бір қарғыны тағып берген, Патша медаль беріп, жақсы көрген. Құдай өзі сақтаса, бәле бар ма, Үйіне аман-есен қайтып келген.
Қайтыпты алым бермей патшаға, Қайран қалды кіші-іні, үлкен-аға. Еліне қайтып келіп, той қылдырып,
Көп жанды қаратыпты тамашаға.