Kazakh
Сабалақ – Абылай хан
Тарих – кәрі ақсақал келген көпке, Ол сізді таныстырар талай кепке. Өткен өмір өлшеулі, жақсы үлгіні Ғибрат қып әр іске сын бермекке.
Талай іс өткен адам баласынан,
Нелер бұзық, нелер қызық бас-басынан. Кейде сор, кейде бақты пенде басы, Тұрмыстың неше ағым таласынан.
Адамзат кейде шатты, кейде мұңды,
Соның бәрін істейтін өмір жынды. Қулық-сұмдық дегеннің жалған ісі, Жалған болса, бола ма жақсы түсі?
Өткенге түскен сайын көңіл қошы, Ол да бір тағылымшыл болар досы. Адамның өмірінде қандай болған Тарихтың көрсететін жобасы осы.
Тарих сізді өткенмен таныстырмақ, Адаспайтын адамдық жолға салмақ. Үлгіні ала берерлік ұғым болса,
Көрсетілген жақсылық жолға бармақ.
Әр заманда әр түрлі адам өтті, Оқиғасы жоғалмай бізге жетті.
Не қызық нелер бұзық жұмыстарын, Кітапқа тарих қылып жазып кетті.
Қазақ деген – түріктің руы еді, Алтын Орда қарауында тұрып еді. Шыңғыс хан немересі Береке хан, Еділде зор мемлекет құрып еді.
Тоқай-Темір, Береке бір туысқан,
Орыс халқын қаратып, жерді қосқан Әмір-Темір билеген жері еді,
Түркістан, Үндістан мен Билужстан.
Сұлтан Баязит – Түріктің сұлтаны еді, Бүкіл Балқан патшалығын ол биледі. Тоқтамыс Алтын Ордаға хан болғанда, Түріктің дәуірлеген мезгілі еді.
Баязит, Әмір-Темір, Тоқтамыс хан – Біртұтас Түрік руға болған сұлтан. Он төртінші ғасырдың мезгілінде
Түрік жұрты дәуірлеп өсіп тұрған.
Әр кәмәлдің зауалы толған күнде, Діні – ислам, бәрінің қаны түрік Майданда бірін-бірі қырған күнде.
Әлсіретіп, қиратып бірін-бірі, Күші асқан Әмір-Темір болған ірі.
Алтын Орда сөгіліп, быт-шыт болып, Құтылды құлдық еткен орыс елі.
Әр ұлт бөлек-бөлек хан боп кетті, Сонымен Алтын Орда күші бітті.
Қырым-татар, Қапқаз бен Башқұртстан, Ноғайлы, қырғыз, қазақ, барба ұлты.
Шерім, мешер олар да хандық алды, Қазанда Татар ханы болып қалды.
Бытырап бет-бетімен әрбір ұлт Өз еркі өзінде боп кете барды.
Со кеткеннің бірі біз – қазақ едік, Арқаға көшпелі боп тарап едік.
Алашаны ортадан хан көтеріп,
Үш жүздің баласы оған қарап едік.
Үш жүз демек – үш тайпа ел болғандықтан, Хан көтерер мезгілі толғандықтан.
Асылы үш Арыстың баласымыз,
Қазақ ұлты тараймыз бір-ақ заттан.
Берментін Абылай хан болған екен, Қоныс қып Көкшетауды қонған екен. Жанына батыр-билер жолдас болып, Сол кезде Қазақ елі толған екен.
Мың жеті жүз отыз бесінші жылы хан көтерген, Батыр-би серік болған әрбір жерден.
Сүйіндік Бұқар-жырау уәзірі боп,
Аты қазақ Абылайдың соңына ерген.
Би болған Қаракесек Қазыбегі, Әм батыр Қошқарұлы Жәнібегі,
Қанжығалы Бөгенбай – бір батыры, Қаракерей Қабанбай – Найман тегі.
Кіші жүз Арал батыр Кете рудан, Тама Есет – әруақты батыр болған.
Бөкенбай – табын таптан шыққан батыр, Абылай хан өмірінде бәрі тұрған.
Ұлы жүзде Төле би болып еді, Жаныс батыр Болтайдан шығып еді, Үш Жүздің баласына ортақ хан боп, Абылай хан қарауында тұрған еді.
Әбілмансұр – әуелгі өз аты еді,
«Абылайлап» шапқаннан Абылай деді. Жиырма бірінші буыннан қосылатын Шыңғыс хан тұқымынан бекзат еді.
Өз әкесі болады Көркем Уәли, Қанішер атақты Абылай бабалары.
Таласып Уәлименен хандықты алып, Әбілхайыр Кіші Жүзге болған ханы.
Уәли ауды хан бола алмай Түркістанға, Нағашы хан боп тұрған Қайып ханға.
Ел шапқан Аюкенің ауыр қолы, Торғауыт қалмақ халқы қаптағанда.
Өлтірді Уәли ханды сол соғыста, Қаны қас қан төгіскен талай тұста. Қолға түскен ерлерін қырып-жойды, Апат тиген күн болды мал мен басқа.
Әбілмансұр жиырмаға келмеген жас, Сауғалап әркім қашып, қорғады бас. Әбілмансұр шапқыннан қашып шығып, Жаяу жалғыз жөнелді аш-жалаңаш.
Жөнелді бетін түзеп Балқаш жаққа, Ұлы жүз – Үйсін деген бір халыққа. Бірнеше ай арып-талып елсіз жермен Жетіпті қалың ауыл көп қазаққа.
Ортадағы бір үйге жиналған жұрт,
Бірі кіріп, бірі шығып – қайнаған құрт.
Сол үйге кірейін деп ойлады да,
«Тегін үй емес шығар», – деп қойды бет.
Сәлем беріп есіктен кіріп келді, Үй іші сыңсыған жан – бәрі көрді.
Үсті жыртық, басында сеңсең тымақ, Кір басқан, шашы ұзарып өскен еді.
Келген үй – Үйсін Төле үйі еді, Ұлы жүз орда қылған бір үй еді. Үй тола жұрттың көзі балада боп, Мелшиіп жұрт таңырқап отыр еді.
Кең иық, төстек келген, ұзын бойлы,
Қыр мұрын, жуан шықшыт, кең маңдайлы, Жылтыркөз тікірейген – сұрғылт сары, Денесі қыран құстай тұр ыңғайлы.
Төле би жөн сұрады бұл баладан. Келгенін біліп тұрып түз даладан.
«Бұл маңның адамына ұқсамайсың, Атың кім, қай нәсілден, қай қаладан?»
«Атым да, жөнім де жоқ бір баламын, Дәм тартып тентіреген бишарамын.
Әке-шеше, ел-жұртым, туғаным жоқ – Атымды кім қойсаңыз, құп аламын. Есітіп үйсін Төле би деп келдім.
Тұрамын қолыңызға бала болып, Қазақ елі – елім деп іздеп келдім».
Алынбай көптен бері шашы өскен, Сабалақ қара тымақ көзге түскен. Үсті-басы сауыс боп тұрғаннан соң,
«Сабалақ» мұның аты болсын дескен.
Сабалақ бала болып жүре берді,
Мал бақты, биге жақты, сене берді. Отырыс-тұрысының бәрі де жат,
Бұл қандай жан болар деп сынап жүрді.
Бәйбішесі биге айтты: «Байқайсыз ба? Тегін адам емес қой осы бала.
Бір түн ояу отырса, жантаймайды, Қалғымас екі көзі жайнап жана.
Шаңырқап ыстық күні малдан келсе, Аяқты тауыспайды аз-көп берсе.
Астына нәрсе салмай отырмайды,
Қыдырмайды ешқайда үйде жүрсе».
Ас болып кетіп еді би бір жаққа, Балаға сарқыт алды сынамаққа.
Малын баққан Сабалақ ұйықтап жатыр, Төрт борбайы жайылған төрт тарапқа.
Би келіп, тамашалап қарап тұрды, Екі жұдырық түйілген қолды көрді.
Төрт борбайын төрт жаққа жайып жатыр, Тегінде билейді екен оң мен солды.
Тегін емес бұл шығар асыл тектен,
Шамалап жүруші едім сынап көптен.
«Оянған соң қой басын қолына бер», – Деп тапсырып жолдасына тастап кеткен.
Сабалақ оянған соң басты көрді, Жанына бақташының бәрін жиды. Біріне құлақ, біріне көзін беріп, Құйқадан бір жапырақ өзі жеді.
Төле бидің жолдасы сөз сұрайды,
«Басқаға бәрін бердің – деп сұрайды.
Би берген ырым ғып, өзің жемей,
Аш қалып, бұл мырзалық кімге ұнайды?»
Сабалақ айтты би жолдасына,
«Мен тойдым бидің берген ықыласына. Жолдастың бірі – құлақ, біреуі – көз,
Дұрыс па оларға бас қимасы ма?
Отырмын соларға мен сеніп ұйықтап, Бақташы – өз алдына бұл да бір тап. Өзімшілдік жолдасқа жараса ма,
Тойдырсам өз тамағымды жанды қорттап?»
Би жолдасы көргенін биге айтты,
Би сынының шындығын анық тапты. Мал билік, жан билігін соған беріп, Күннен-күн Сабалақтың қадірі артты.
Сабалақ бір күндерде малға барды, Бақташылар көрісіп мәз боп қалды. Сабалақты сүйеді жұрттың бәрі, Бауырындай көрісіп ортаға алды.
Далада алқа-қотан отыр еді, Қарулы үш жолаушы жетіп келді. Екі қызыл, бір баран атқа мінген,
Ат та жат, кісі де жат жандар еді,
Келіп тұрған үш батырды Сабалақ көрді.
Қара сұр, жуан тұмсық, еңгезердей, Нарқызыл астындағы тұрған пілдей. Дулыға, сауыт-сайман, оқ пен қылыш, Құрсанған көк темірді көтергендей.
Атжақты, кең маңдайлы, сарыала көз, Кең иық , салалы қол, жауырын дөңес. Мінезі тәуекелшіл көпшіл екен,
Шықпайтын батырмын деп қыңыр кеңес.
Бұл адам – Бөгенбай деген батыр еді, Сол кезде елу жастан асып еді.
Ертістен келе жатқан қалмақ қолын, Шабуға қарсы келе жатыр еді.
Екінші ат – көкшіл қызыл құпия біткен,
Тар мықын, бөткеріншек тұяқ біткен. Қысқа мойын, ұзын бас, сүйріктей боп, Көзі жайнап аузынан көбік төккен.
Жарқабақ, қараторы, қыр мұрынды, Қайқы төс, өткір көзді, салпы ерінді.
Мұның да сауыт-сайман бәрі түгел, Құрсанған өне-бойы көк темірді.
Бұл адам – қанжығалы Жантай батыр, Нияз – абыз тұқымынан шыққан асыл. Бөгенбай Төле биге амандыққа
Көп қолды кейін тастап келе жатыр.
Үшінші ат – қаракер ат келген қайқаң, Сырты қысқа, бауыры жазық, басқан талтаң. Ақсары, қызылшырай, толық келген,
Бұл адам – Мәмбетұлы батыр Атан.
Бақташылар бұларға сәлем берді, Танысып, хал-жағдайларын сұрап білді. Бөгенбайды Сабалақтың естуі бар, Төле биге басшы боп алып келді.
Төле биде отырды қонақ болып, Мәжіліске жиналды халық толып. Екі күндей Төле би жібермеді, Тынықтырып батырды бие сойып.
Топ көріп жүрек қызды ер Сабалақ, Құдай жазса, жау жеңіп кегін алмақ.
Бөкеңнен оңашада қылды өтініш,
Биден рұқсат әперсе, болды бармақ.
Аттанарда сұрады Бөкең биден:
«Мен келдім амандыққа алыс жерден. Сабалақ балаңызды көмекке бер,
Уытты жігіт көрінед қайтпас берен».
Төле би амалсыздан қосын берді, Баласынан Сабалақ сүйікті еді.
Аттанып, амандасып, бата алып,
Сабалақ Бөгенбайдың соңына ерді.
Кейін бөгеп тастаған қолға келген,
Он мың шама қол екен іріктелген. Қол бастаған Жәнібек, Малайсары,
Келеді екен мойны талып алыс жерден.
Келе жатқан қазақ қолын қалмақ сезген, Түйісіп соғысудан қалмақ безген.
Қашқан қалмақ сезініп, үйдей көшіп, Талқы асуымен Құлжаға бет түзеген.
Тарбағатай, Алтай, Сауыр, Ертіс басы, Талқы, Құлжа оңтүстік қабырғасы.
Арғы жағы – қалмақтың қалың елі. Соған жету қашқанның жанталасы.
Ол қашқан он мың шамалы қалмақ екен, Дүрбіт қалмақ жауынгер бір табы екен. Қол құрап жиналғанша арасы ұзап,
Көп қалмаққа тақалып қалған екен.
Жөнелді қазақ қолы сүрлеуменен, Ішінде Сабалақ бар – жаңа берен. Талқы – Құлжа асуынан аса жетіп,
Қолға түскен қалмақты қыра берген.
Сабалақ атақ алды қамал бұзып, Қандай қиын жерлерден кетеді озып. Кірген жері есік боп қала беред,
Қанды көзі қырандай-ақ шалқып созып.
Сол соғысқа қатысқан Бөгенбай батырдың жырау нөкері Үмбетбай батырдың осы жорығын кейін Бөгенбайдың өлімінде:
Кекіл жалы суылдап, Нарқызыл арғымақ астында,
Бөгенбай Талқыдан аса шапқанда. Құдия үйрек мойынды,
Құлан тұяқ көкше атпен Құлжаны жантай шапқанда.
Мәмбеттің ұлы ер Атан Қол сауырсын басқанда. Өз қолын өзі жау көріп, Ханбаба төре қашқанда.
Қалмақты шаптың, Бөгенбай, – деп жырлаған екен.
Қалмақты тас-талқан ғып шауып алды, Қалың қол қарқ олжаға батып қалды.
Он нарға тоғанақтап жасау артып, Сабалақ Бөкеңе әкеп тарту салды.
«Мынау он нар сізге арнап алып келдім,
Жасауым – жеңгем, келініңізге сәлемдемем. Мен олжаны алмаймын, батаңды бер,
Бір сапар соңыңызға еріп едім».
Бөкең айтты: «Олжаға талай тойдым, Әлі мүйіз шыққан жоқ, бәрін көрдім. Осы жолы еңбегің жұрттан асты,
Өзің ал – жаудың жеңген тырнақ алдың».
Сабалақ : «Алмаймын, – деп безектеді, Басым жас, тағы келер кезек, – деді, Алғашқы сапарыма батаңды бер,
Көпшіліктің батасы керек », – деді. Сонда Бөкең қолын жайып бата берді:
(Көпшілік:» Қабыл болсын! Әмин!» – деді) Сондағы Бөгенбайдың айтқан сөзі:
«Жылқының тұлпары еді – Нарқызылым, Шырағым, ырым қылып сен мін» , – деді.
Қарағым, уытты-отты бала екенсің, Мінез-құлқың тап-таза дана екенсің. Жазғытұры үш жүз боп жиналамыз, Сол жиынға керекті жан екенсің.
Мың бір жүз отыз бесінші жылында еді Осы жыл болды «Ақтабан шұбырынды». Қалың қалмақ қазақты қойдай қырған,
Уса-Серең дейтұғын қонтажы еді. Уса-Серең Қалданның інісі еді.
Ұйықтаған кісі шағатын у жыланға Қазақ елі Серенді теңеп еді.
Қонтайжы – қалмақшада хан дегені, Қалмақ шауып шұбырған қазақ елі. Сол жылы ауған елге жұт килігіп,
Қарыс, Хозар шұбырып барған жері.
«Ақтабан-шұбырынды болғанына,
Сегіз жыл сол апатқа толғанына. Қалмақтан осы кекті алмақ үшін, Келер жылы жиналамыз осы араға.
Әбілмәмбет ханымыз өзі келмек, Үш жүздің бар адамы соңына ермек.
Қыл құйрықты аты бар жан қалмасын, Үш Жүздің баласына хабар бермек.
Шырағым, таза сақта Нарқызылды,
Есіңе ал кек алатын келер жылды. Бар күшін қазақ қосып бір түйіспек,
Қор қылмай тәңір ием ашса жолды», – Деп Бөкең жалбарынып жайды қолды.
Бөкең қонды Төле би қайта келіп, Сабалақты мақтайды алғыс беріп.
«Тегін бала демеңіз ,таза сақта, Жүр шығарсыз өзіңде сырын біліп.
Қалмаққа аттаныстан бұл қалмасын, Осындай күш көрсетер ер қалмасын.
Рұқсат бер балаңызға келер жылы, Қазақ жұрты беріп тұр ықыласын».
«Келер жылы барсын» деп уағда берді, Амандасып Бөкеңмен қала берді.
Жар салып Әбілмәмбет батырларға, Алты ай қыс даярлығын қыла берді.
Ат қаратіл болғанда жігіт сайлап, Қару-жарақ, ат-тонын жұрт даярлап. Ұлытауға үш Жүз боп қосылмаққа, Әр Жүздің адамдары уағда байлап.
Орта Жүзден Бөгенбай, Жәнібегі, Қошқарбай, Жантай менен Қазыбегі. Толыбай, Малайсары, Баян батыр, Төлек, Тулақ, Қабанбай-Найман тегі.
Кіші жүздің бастысы – Арал батыр, Тама Есет қол бастап келе жатыр.
Ұлы жүзден Жанысқа қол жиналып, Аякөз өзеніне құрды шатыр.
Орта Жүзден он мың қол – бәрі саңлақ, Он мың қол кіші Жүзден алған таңдап.
Он мыңды ұлы жүзден Жаныс бастап, Сауыт-сайман асынған қару-жарақ.
Балқашта батыр мен хан басын қосты. Тынықтырып аттарын, артын тосты.
Қалмақтың жай-жапсарын білмек үшін, Сыптығыр жігіт сайлап жіберісті.
Сабалақ Бөкеңе кеп қосылып елі, Нарқызыл қатып қалған сүмбідей еді. Сауыт киіп, қаруды белге байлап
Екі көзі жайнап кеткен оттай еді.
Барлаушыға епті адамын жұрт сайлады, Бөкең де Сабалақты ыңғайлады.
Бар топтан қырық жүйрік, қырық ерді Сабалақ бәрін де таңдап алды.
Қалмақ жауын білуге баршы кетті,
Талқы – Құлжа маңайына келіп жетті. Талқыда қалмақтардың күзетшісі тұр, Басқа асумен бұрылып, әрмен кетті.
Ұрланып қиын таудан ептеп асып, Биік таудан баспалап ел қарасып.
Қалмақтың қарауылшы он адамы, Жөнелді кез боп қалып, тұра қашты.
Ұстауға жабыла қуды қырық батыр, Жан сауғалап қашты ғой қалмақ кәпір. Нарқызыл шу дегенде жеке кетіп,
Айқасып он қалмақпен келе жатыр.
Найзаны арқасына салып өтті, Біреуі жаяулап ағашқа енді, Өлгені өлді, қалғаны қолға түсті. Қырық жігіт тірісін байлап алды,
Жөнелді қалың қолға қайыра апарды. Жаяу қалмақ бергенше еліне хабар, Талқының асуынан асып қалды.
Қалмақ та хабар алып тұрады екен, Қазақтың жиналғанын біледі екен.
Қалмақтың қонтайжысы Қалдан-Серең Әскер жия Тұрпанға кеткен екен.
Ұстап алған қалмақты алып келді,
Хан мен қара қалмақ жайын анық білді. Әскер күшін Қалдан-Серең жинағанша,
Айқасып қалу жағын мақұл көрді.
Бір мың қол мыңбасыға тізгін берді, Әбілмәмбет хан өзі бірге келді.
Әр тудың қол астында бір-бір мыңнан, Отыз мың қанаттасып шеру жүрді.
Талқы-Құлжа асуынан келіп асты, Қарауылшы қалмақтар елге қашты. Қамал жасап жиналған қалмақ қолы, Қорған қылып қалаған ірге асты.
Ұзыны жиырма шақырым ірге қорған,
Аржағында қалмақтың қолы тұрған. Айналдырған қорғанның өз жағы ашық. Екі ашық шетке мықты күшін жиған.
Қамалға қарсы келді қазақ қолы, Бар армансыз соғыс қой осы жолы. Майданға жекпе-жекке ер шақырып, Қалмақтың бір батыры келді бері.
Ұлы жүз – аға елге кезек келді, Жаныстың Шақан деген інісі еді. Өзі мықты, майданға талай түскен,
Батырлық атақ алған бір кісі еді.
Жөнелді бата алып Шақан батыр, Қан майданға жан қиып келе жаыр. Қарақасқа аты бар, бурыл сақал, Еңгезердей айқасты қалмақ көпір.
Екеуі кезек-кезек найзаласты,
Қалмақтың Шақан ерден қаруы асты. Қылышпен кәпір қалмақ ұрғанында, Домалатып түсірді жерге басты.
Сүйекке екі жақ та шауып еді,
Денесін қазақ жағы алып еді.
Басын қалмақ әкетті найзаға іліп, Қуаныш қып айғайды салып еді.
Бағанағы қалмақ тұр ер шақырып, Қазақтың суы қайтты батыры өліп.
Еш адам бармайтұғын болғаннан соң, Сабалақ бата сұрады Бөкеңе кеп:
«Бата бер, хан мен қара, мен барайын, Құдай жазса, қалмақтан кек алайын.
Өлсем – шахит, өлтірсем – қазымын ғой,
Қазақтың намысы үшін жан қияйын!»
Қазақ тобы шуласып бата берді. Екі батыр майданда қарсы шауып, Найзаларын салысты оңды-солды.
Қан қайнап, дене дулап, күшін жинап, Айбатты арыстандай көзі жайнап.
Қақтырмай көк найзаны салды қалып,
«Лала лұқ!» – деп құлады аттан қалмақ.
Қалмақтар сүйегіне шауып еді, Сабалақ сирағынан алып еді,
Сүйреткен бойыменен жаны шықпай, Қалың топ ортасына барып еді.
Сабалақ жекпе-жекке тағы тұрды, Қара атты дембелше қалмақ келді.
Садақпен жақын жерден қалмақ атты, Шар айнадан оқ өтіп тоқтап еді.
Сауыттан оғы өтіп барып еді, Кеуденің етіне кеп дарып еді.
Сабалақ та садағын тартайын деп, Қорамсаққа қол салып қалып еді.
Шіреніп, ашуланып садақ атты, Оқ зулап, сауыт бұзып тиді қатты. Кеудені талқан қылып, ағып өтіп, Жүз қадам ар жағына тасқа батты.
Сүйегін алып қайтты қалмақ жағы.
Сынбай тұр, құдай сүйеп, ердің бағы. Сары атты, жарқабақты, иір келген, Қалмақтың бір батыры келді тағы.
Бұл келген – Уса-Серең інісі еді,
Қалмақтың батыр деген бір кісі еді.
Жиырмаға жаңа келген Сабалаққа Осыны жеңіп алу – бір күш еді.
«Мен – Усаның інісі Шарыш деген, Соғысқа бала екенсің дұрыс деген. Екі батыр өлтірдің қан қыздырып,
Мықты болсаң, менімен ұрыс », – деген.
«Аларыңды, ит қаламақ, құдай білер, Қан майданда демі біткен ажалды өлер. Уса-Серең інісі Шарыш болсаң,
Қазақты талай қырған сен белгілі ер».
Шарыш батыр ашуға мініп алды,
Мінген атын борбайлап найза салды. Найзаны ұрып түсірді, дарытпады, Көк найза ортасынан сынып қалды.
Қылышты ала ұмтылды шабамын деп. Қомсанды Сабалақты аламын деп, Қылышты қылышпенен қаққанында, Қылышы кетті жетеден шарт үзіліп.
Атуға қорамсаққа қол салғанда,
Ұмтылды Нарқызылмен аттырмауға
Омыраулап атының артын соқты, Айналды сары арғымақ жығылуға.
Енді атын бұрғанынша қалды салып, Басы түсті қалмақтың домаланып.
Шуылдап қалмақ тобы жылағанда,
Қазақ тобы: «Әруақ!» деп айғай салып.
Сүйегін тағы бермей қазақ алды,
Жекпе-жекке еш адам шықпай қалды. Қамалдан қалмақ шықпай жансауғалап, Сабалақ қалың топқа қайта барды.
Шулады қазақ тобы алғыс беріп, Сабалақтың кетіпті түсі өзгеріп.
Ішіне қанын тартқан сұрғыл түсін, Қандыбалақ қырандай-ақ шалқып сүзіп.
Бір жұма қазақ тобы жатып алды,
Қамалға жолатпайды ешбір жанды. Талай әдіс қолданып қараса да,
Бұза алмай тас қорғанды жұрт сандалды.
Жақындаса, атады тастан бұғып, Талай ер, талай атты оққа жығып.
Қазақ енді ала алмай кейін қайтса, Жеңілгені деп атақ кетер шығып.
Қамалды бұзуға айла табыспады, Ажалға көре тұра шабыспады.
Бірі қайту, бір ісі шабайық деп, Бірінің бірі тілін алыспады.
Сабалақ айтты сонда қазақ батырына
«Беріңіз көпшіліктің ақылына. Бүгін аман қалдырсақ, ертең шабар, Қаламыз тағы қалмақ тапырында.
Құдай жазса, кәпірге шабу керек, Ескі кекті осы жолы алу керек.
Елге қайтып барғанмен тағы шабар, Қырылсақ, біржолата қалу керек.
Батырлар, қайда кеткен намысыңыз? Қырылған елді еске алысыңыз.
Ақтабан боп шұбырып жонда өлген, Бәріңнің емес шығар алысыңыз.
Қазақтың намысы үшін жан қияйын, Қамалдың арғы жағынан айналайын.
Отыз мың қол алдына мені салшы,
Басшы боп қарсы алдына мен барайын.
Қамалды қаумалаумен ортаға алсақ, Ажалсыз енгеніміз ойран салсақ.
Қарсы шыққан қай жанды тауысады, Жазасын бермейміз бе аман барсақ?
Еш адам қайтпасын шапқан беттен», – Бұл сөзге жұрты көніп, уағда берген. Барша қол Сабалақты басшы қылып, Не десе де көнбекке өмір күткен.
Ертең тұра шабуға сөз байлады,
Мың-мыңнан қолды бөліп, ыңғайлады. Ат айтып, атан айтып, тілек тілеп, Баршасы бір Құдайға зар жылаған,
Ерте тұрып жан-жағын аралады, Қай жағынан шабуын қарап алды. Сабалақ ақ ту алып, «Абылайлап»,
Баршы қол «Абылайлап!» айғай салды.
Көк те «Абылай», жер де «Абылай» – бәрі «Абылай»,
«Абылайлап» айғай салды бір жан қалмай.
Нарқызылмен жөнелді қарсы алдына, Ақ туды желбіретіп салып айғай.
Ешбір жан осы айғайдан қалмай шапты, Айғай, шаң көкке шығып араласты.
Екі жақ ашық тұрған даласымен, Қалмақтар ақыл таппай тұра қашты.
Алды қашты, қол қалды артын басып, Екі жақ кетті мидай араласып.
Қашқан жауда қарулы күш бола ма? Бастар қалды жертезек боп домаланып.
Сол қырғыннан дем ала алмай қыра берді, Аты озғаны қашумен бара берді.
Сабалақ алды-артын орай шауып, Көсілтті бүгінгі күн Нарқызылды. Қалмақтың құтылғаны аз-ақ болды, Көргені бәрісінің азап болды.
Қалмақты кешке дейін қырып-жойып, Бір жерге туын тігіп қол жиылды.
Қазақтан алты жүздей кісі өліпті, Қалмақтан он мың адам қырылыпты.
Бекінген қамалында бір жан қалмай, Бәрінің көзі бүгін жойылыпты.
Қазақ қолы қырық мыңдай қараны айдап, Тірісін алдына айдап, құл ғып байлап, Бәрін де қазақ қолы алған жинап.
Қуанып, кек алдық деп қазақ қайтты, Талқыдан қайра бермен арқаға асты. Батырлар хан алдында жиналысып,
«Абылайлап» шапқан сөздің мәнісін айтты:
Көк те «Абылай», жер де «Абылай» – бәрі шапты,
«Абылай» деген атақты қайдан тапты. Сұраса, мұның жөнін жан білмейді,
«Кім айтты?» – деп бір-біріне бірі жапты. Ту ұстап «Абылайлаған» Сабалақ ер,
«Абылайлап» шауып кетті көп қалың қол. Көпшілік сөз сұрады Сабалақтан,
Сабалақ не деп жауап айтқанын көр:
«Қалмақ шапқан – «Ақтабан шұбырынды», Қалған мал Шу бойында жұтқа ұрынды.
Осы жолы көргені естен кетпей,
Кек алуға отыз мың қол жиналды.
Кейін қарай қазақ шаппай, қайтпақ болды, Кейін қайтса, қазақтың намысы өлді.
Қазақ үшін жанымды құрбан қылдым, Ақ туды алдыма сап маған берді.
Көркем Уәли төренің баласы едім,
Жетім қалып қаңғырып қырға келдім. Төле бидің қолында бала болып,
Мал бағып, құрметінде жүре бердім. Менің атым әуелде – Мансұр еді,
«Сабалақ» деп Төле би атым қойды. Бөкеңнен былтырғы жыл бата алдым, Ырым ғып Нарқызылды маған берді.
Атам менің – атақты Қанішер – Абылай. Аруағымды шақырып салдым айғай.
Тәуекелдеп қамалға қойып кеттім, Денедегі тірлігімнен сезік қалмай.
Құдай сүйеп қазақтың жолы болды, Ескі кекті қайтарып, көңіл тынды. Енді бізге көтермес қалмақ басын,
Оншақты мың адамын қазақ қырды».
Сабалақ осыны айтып сырын шешті, Үш жүздің адамының басын қосты. Қазақтың баласына кек әперген,
«Өзі –хан, аты – Абылай болсын», – десті. Бұл сөзге бәтуәсын берді халық,
Ендігі жыл келмекке сөз байланып. Баянаула Сабынды көл басында,
Үш жүзге шықты Абылай хан сайланып.
Мың бір жүз қырық алтыншы жылында еді.
Үш жүздің басын қосқан жиын еді.
Мәжіліс күткен сыйы, құрмет еткен жері – Қанжығалы Абыз – Шомақ ауылында еді. Алты ата Ажыбайдың Шомақ бірі,
Бай болған шаруа мүлкі өте ірі. Тоқсан бие сойыпты сол жиынға,
Қазақтың той тойлаған шаттық күні. Темір сандық ауызын жайып ашқан, Кең мырзалық сол күні зор тасыған. Сый тартқан Үш жүздің баласына,
Қасқа мен жайсаңдарға топтан асқан. Сол сыйдан бос қалмаған ешбір адам, Өзінің абыройымен олжаланған.
Үш жүздің басты адамы айтысыпты, Жөн емес қой бос қалу осы жолдан.
Шомақ айтты: «Ерте алғанмын сый-құрметті, Қажеті жоқ сый алуға маған тіпті.
Бос қалды деп ойлама, жақсыларым, Сол алғаным мәңгілік болып жетті».
Сонда жұрт: «Ол не? – депті, – алғаныңыз?
Мейіріңіз соны алудан қанғаныңыз», – Білуге бір ауыздан сұрақ қойды,
Деп айтып: «Білуіміз – арманымыз!»
Шомақ айтты: «Қазақ халқы басын қосқан, Үш жүз боп жиналысып әрбір тұстан.
Хан сайлапты Абылайды қаулы қылып, Танысып не маңғаздар жолығысқан.
«Сондағы ауыл – Шомақтың ауылы еді, Қанша мал сойып, бие сауып еді», –
Деген атақ – мәңгілік алған сыйым, «Бай бопты» деген атақ қалар еді...»
Абылайдың уақиғасы осы болған, Жан еді қазақ үшін еңбек қылған. Орыс патша, Қытайдың арасында, Ешбіріне бағынбай жайлы тұрған.
Қалмақты Сарыарқадан тазалаған, Қазақтың дұшпандарын жаралаған. Қағусыз қазақ халқы еркін өсіп,
Сол кезде мал мен басы лықып толған.
Қазаққа кәмәл толған ол да бір кез,
«Толған нәрсе төгілер» деген бір сөз. Еркін өскен, ерке өскен, ерлік өскен,
Болар ма енді бізге де сондай бір кез!