Kazakh
Сабалақ (Қисса)
Үлгілі өткен Абылай қазақ ханы,
Үш жүз түгел, алты алаш білген оны. Қазақ үшін рахаттан безіп кеткен, Алла әмірімен артықша туған жаны.
Жан еді бұл қазақта қолы жеткен, Үш жүздің баласына еңбек еткен. Атасы Абылайдың қанішер боп, Хандық үшін өкпелеп ауып кеткен.
Үргенішке жол тартып кеткен ауып,
“Нағашым Қайып хан” деп соны тауып. Жетім-жесір боп қалды сонда жүріп, Қиратып Қайып ханды қалмақ шауып.
“Ақтабан шұбырынды” аштық болып, Ел кетті бет-бетімен борбай тозып.
Жас бала Әбілмансұр жетім қалып, Жүдетті жалған құрғыр шырқын бұзып.
Жас бала талап қылып іздеді елді, Қыдырды кедейлікпен талай шөлді. Іздеумен ата-баба туған жұртын,
Түркістан Әбілмәмбет ханға келді.
Қасқайып хан алдына кіре алмады, Ол елеп ілтипатқа келе алмады.
Маңдайынан сипарлық болмаған соң, Орнығып Түркістанда тұра алмады.
Онан сырғып көп тұрмай жүре берді, Ұлы жүз Үйсін Төле биге келді.
Жыртылған үсті-басы далба-дұлба, Есіктен сәлем беріп кіріп келді.
Бір бала үсті-басы далба-дұлба,
Күрсініп дем алады анда-санда.
Көзі өткір, тікірейген сұрғылт сары, Ерекше ғып жаратқан Алла-Тағала.
Қой жүні жыртық күпі, сеңсең тымақ, Көзіне шашы түсіп кеткен тым-ақ.
Отырысы сұңқардың баласындай, Нәсілі Төле биге кеткен ұнап.
Сұрапты аты-жөнін Төле мұның:
– Бар ма, – деп, – әке-шешең, аға-інің. Адам болса ақ сүйек, құста сұңқар,
Байқасам келіседі соған сының.
–Ат қоярлық әкем жоқ бір баламын, Тегім түбім сөйлеуге арланамын.
Әке-шеше, ел-жұртым, туғаным жоқ, Атымды сіз кім қойсаң, құп аламын.
Алынбай көптен бері шашы да өскен, Сабалақ жыртық тымақ көзге түскен. Болған соң үсті-басы далба-дұлба,
–“Сабалақ” мұның аты болсын, – дескен.
Төленің қойын жайды қоржын салып,
Ойын-күлкі, жоқ тіпті бала қалып. “Болар бала боғынан” деген бар ғой, Төле де затты екенін білді танып.
Сабалақ түйе бақты қойдан шығып, Жанын аяп қалмайды жаудан ығып. Онан шығып жылқыға айналыпты, Шын асыл жата алмайды ойын бұғып.
Күндіз түйе, түн болса, жылқы бағып, Болат құрыш қап түбінде жатсын нағып. Хәлет жоқ, қылған ісі тиянақдай,
Көңіліне Төле бидің кетті жағып.
Ас болып кетіп еді би бір жаққа, Балаға сарқыт алды сынамаққа.
Келсе бала тал түсте ұйықтап жатыр, Сіресіп төрт борбайы төрт тарапқа.
Би келіп тамашалап бұған бақты,
– Айтамын ғой бұл бала текті затты. Жатқанын көрмеймісің жазып құлаш, Тірей туған ұлмын деп төрт тарапты.
Оятпай жолдасына басты берді,
Төле би өз үйіне кете берді.
Бас қолына тиген соң не қылғанын, Байқап маған айта кел деп жөнелді.
– Баланы оят, – деді де берді басты, Оянып оң жамбастап көзін ашты.
Құбылаға қарап тұрып керіліп ап,
Шақырды құрбы-құрдас, жар жолдасты.
Оларға кесіп берді көз, құлағын, Бір кесіп салды аузына езу жағын. Жолдасы Төле бидің сұрайды енді:
– Сабалақ, өзің жемей не қылғаның?
– Бірі – көз, бірі – құлақ жолдастарым, Беруге осы болды қолда барым.
Мен сеніп осыларға ұйықтап қалдым, Әйтпесе болмас па еді көңілім жарым.
Жолдасы түйе жақтан үйге қайтты, Көргенін бастан-аяқ Төлеге айтты. Көпшілік хас төренің қалыбы екен, Патша затты екен, – деп ішін тартты.
Бір күні жылқы ішінде отыр еді,
Екі баран, бір қызыл атты келді.
Жас үлкен үш кісіні көргеннен соң, Ұшып түрегелді де сәлем берді.
Сөйтсе олар Қанжығалы қарт Бөгенбай, Келіпті Төле бидің аулын сұрай.
Қалмаққа жорық қылып барады екен, Қанша қол боп жүреді мұнан былай.
Сөйлесті түнде келіп Бөгенбайға:
– Мен бір құмар жан едім осындайға. Мені тастамаңыз осы жолдан,
Сізге еріп үйренейін амал-айла.
Жөнелді ертең Бөкең қасына ертіп, Төртеуі келе жатыр екпіндетіп.
Күні-түні қалмақтың ізіменен, Ел жата көп қосынға келді жетіп.
Бөкеңнің бала тұрды атын ұстап, Батырдың өзі кірді қайрат қыстап. Көп атты алып келді шертіп қана, Бәрі де кежімделген аламыштап.
Бала айтады: –Бөке, енді мен барайын,
Құбай берсе, бақ ашар олжа алайын. Атымды ұстап тұрыңыз біраз ғана,
Қайрат қылып, қалшылдап қармалайын.
Бөкеңе атын тастап бала кетті,
Бүкеңдеп қорасына барып жетті. Көр бала сықылды емес жаңа пері, Жымырылып барады тым-ақ епті.
Кешікті, таңның болды қараңғысы, Дүрсілдеген келеді екі-үш кісі.
Жолдасы қашты, Бөгенбай тұрып қалды,
Төзімді шыдамдылық ердің ісі.
Көрінген бөтен емес, екен бала, Тастамай келген екен істі шала. Екі түйе, үстінде артқан жүгі,
Батырдың қылып жүрген ісін қара.
Кешіктім көп түйеден түйе таңдап, Бір-екі сабаз атан таптым қармап. Жайдақ түйе алуға көңілім толмай, Жүк алдым кіріп үйге жеңгейге арнап.
Мұнан соң қайта салды елге таман,
Ел ішіне сәскеде келіпті аман.
Бөкең айтты балаға: –Сүйгеніңді ал, Мен олжаға тойғалы талай заман.
Бала айтады: –Бөке, мен мал алмаймын, Не қылайын, дүниеге көз салмаймын.
Шын пейіл ықыласыңмен батаңды бер, Сол бата қабыл болса, құр қалмаймын.
Қол жайып, бата берді қарт Бөгенбай! Астынан атын берді таңдап қандай!
– Жылқының Нар қызылым тұлпары еді,
Мен қартайдым, шырағым, соған орай.
Шырағым, көзі отты бала екенсің, Мінезің шын ақсүйек хан екенсің. Жазғытұрым қалмаққа аттанамыз, Соған жүр, керек болар жан екенсің.
Бастығы хан барады Әбілмәмбет, Атқара тіл болғанда қоямыз бет.
Шырағым, Нар қызылды таза сақта, Ер сынасар бір сапар, не қылсаң жет.
– Түсіндір, бұл сөзіңді түгел айтып,
Рұқсатсыз би атамнан кетем қайтіп. Егерім, биден рұқсат алып берсең, Мен онан тоқтамаймын бойым тартып.
Төлеге Бөкең қонды ақылдасып, Аңғал батыр олжаға көңілі тасып. Сабалақты жорыққа жібермекке, Бимен қайтты үйіне уағдаласып.
Жаз шықты, жер жүзінің нұры еніп, Бөгенбай жұртты жиды хабар беріп. Сабалаққа сәлемді үсті-үстіне,
Сабалап айтып жатыр жет деп келіп.
Қам қылды бала сонда жүрейін деп, Ұрыс, соғыс, төбелес көрейін деп.
Көп алдында жарқырап көзге түсіп, Жекпе-жек бір майданға кірейін деп.
Жаратып жүруші еді Нар қызылды, Найзаны толғамалы білекке ілді.
Құдай жалғыз, мен жалғыз, арман не деп, Шеру тартқан қосынмен жүре берді…
Екі қол ерте келіп қарсыласты,
Сабалақ көтеріліп көңілі тасты. Екі жақ жекпе-жекті ұнатысып, Ер таңдап шығаруға сөз байласты.
Бұл жолы қазақ кегін алмақ еді, Ерініп үйде бір жан қалмап еді.
“Ақтабан шұбырындыда” елді шапқан, Қоңтажы Уса Серен қалмақ еді.
Қалмақтан батыр шықты бір қасқа атты, Қазақтан барғандарды табандатты.
Жекпе-жектен онды алды жөремете,
Оған қарсы баруға жан батпапты.
Қазақтың бір қысылып қалған жері, Жекпе-жекте қалмақтың алған жері. Ақырды Әбілмәмбет қолға қарап, Шіркіннің құрыған ба арманда ері.
Құр ғана Бөгенбайдың сүлдесі тұр, Егде тартқан кеудесі соғады құр.
Сабалақ “мен барам” деп ыңғайланды, “Бөке, сен, батаңды бер, қызықты көр”.
Жетелеп атын жаяу ханға келді,
Жап-жас бала екен деп аяп тұрды. “Алатауға Қазығұрт не қылмақшы” Деп қалмақ ана жақта сақ-сақ күлді.
Жымыр тымақ байланған сұр шекпенді, Түйе жайған порым жоқ бұрынғы енді. Екі көзін қан басып, ашу кернеп,
Әбілмәмбет патшаға жетіп келді.
Сұп-сұр болып қалшылдап ұртын шайнап, Оң жеңін босатады, белін байлап.
Қыпша бел, жаурынды, биік қабақ,
Анда-санда қарайды жауға бойлап.
Пысқырып астында аты жер тарпиды, Тез жүрелік дегендей сөзді қойлап.
Қол жайып, бата берді Әбілмәмбет, Жұрт тұрды “әумин” деп, “а, Құдайлап”.
Қолда найза, белінде қанжар, садақ, Топтан шыға жөнелді “Абылайлап”. Қасқа атты бұған қарсы келді қалмақ, Жан екен бір кісіге о да салмақ.
Жыңғылдай өзі-дағы кәрі ит екен,
Айласы қиын екен, күшпен алмақ. Ол заманда кезексіз ұрысқан шам, Не қылса да біреуін түртті ғой қан. Қалмаққа кезек беріп қарап тұрды,
Батырым, күшің болса қалма деп қам.
Антұрған аямады, тура салды,
Қу екен қан қақсатқан талай жанды. Төс сүйекке шақ етті шар темірдей, Қалай өлмей қалды деп қайран қалды.
О да берді кезегін шіреп тұрып,
Толғанды түсірем деп қалай ұрып. Өңдіршектен найзамен табандатты, Жылт етіп көкжелкеден шықты керіп.
Қалмақты жерге салды қорқыратып, Жығылды өне бойы қанға батып.
Сүйекке қалмақ жақтан кісі шапты, Өз заңынша барабан даңғыратып.
Он кісі қалмақ келіп төбелесті, Қазақ, қалмақ күжірейіп дүрілдесті. Өңгеріп алып кетуге бермеген соң,
Ұстап ап айдарынан басын кесті.
Беліне байлап алды айдарынан, Тастамай ат-тоны мен сайманынан. Бұрынғы “Сабалақ” деп ойлар емес,
Қараса жан шошырлық айбарынан.
Түк қыла алмай қайтысты келген кәпір, Дүрілдетіп келеді біздің батыр.
Қолда жетек, қан болған үсті-басы, Бас жанында салпылдап келе жатыр.
Басты ап кеп хан алдына тастай берді,
Кім сыйламай тұра алар мұндай ерді. Үймелесіп жиылып қазақ біткен, Айран-асыр қалумен басты көрді.
Сонда бастың пішіні:
Аузы табақтай, азу тісі таяқтай. Құлағы жырта қарыс,
Мұрны қолағаштай,
Екі көзінің шүңірейген щұңғылдығы
Сусын қандырарлық аяқтай, – дескен екен.
Қасына батырларды ертіп алып, Ерлігіне шыдамай шын долданып. Қалмаққа “Абылайлап” қайта тиді,
Опар-топар, быт-шыт қып ойран салып.
Біраздан соң қалмақтар жөнеп берді, Сабекең көбін шаншып түсірді енді. Олжаға әбден кенеліп қазақ байғұс, Бір тарқатты іштегі қатқан шерді.
Қалмақтың осы батырының атын біреу “Сару” дейді, біреу Шарыш дейді, біреу Қалден Сереннің інісі еді деседі.
Жауға шапқанда “Абылайлап” шапқандығынан қанішер Абылайдың ұрпағы екендігін біліп, Әбілмәмбет ханның қорыққанынан жүрегі лүпілдесе керек?!
Осы жорықтан қайтқан соң, “бақ та өзіңдікі, тақ та өзіңдікі, жүр, Түркістанға” деген екен. Бұл да ол сөзге иланып Түркістанға бармапты. Әбілмәмбетке сенбеген соң, Төле биге де сенбей, қасында бір Оразауық деген сарт жолдасы бар, Сарыарқаға шығып кетсе керек.
Қанішер Абылайдың әз Тәуке ұрпағына естен қалғысыз қылған залалкерде болғандығын ол да, бұл да айта берген соң, елеусіз болып қашып кетіпті.
Өлеңмен сөйленген сөз, бұрыңғы заманның шайырлары сөйлеген сөз болса керек.
Ауызға ерте ілініп, көзге түсті,
Ісі көп талай жерде көкей кесті.
Әбілмәмбет Төлемен үйлесе алмай, Орта жүзге шығуға көңілі көшті.
Көп жаңғалақ әр қайда көңіл бөлді, Шын жанашыр таба алмай жұрттан енді. Оразауық деген сарт жолдас болып, Сарыарқа салқын самал қырға келді.
Қыдырма қонақ болып әр ауылға, Малға бай, пейілге кең бар ауылға. Шын пұсырман пейілі кең екен деп, Орнығыпты Атығай-Қарауылға.
Аямай жау дегенде шыбын жанын, Талайдың бұрқыратып бастан қанын. Қолына құрық алып баға берді, Қарауыл Дәулеткелді байдың малын.
Жылқыны түп көтере қалмақ алды, Қазақ біткен аттанып қуып барды.
Қалмақтың қамалы мен шебін бұзып, Тағы да Абылайлап топты жарды.
Көрініп жұрт көзіне түсіп қалды,
Қалмақты тып-типыл ғып шауып алды.
Қуанды қазақ біткен судай тасып, Таптық деп қолға түспес асыл бақты.
Қазақтан қыбырлаған қалмады жан,
Бұ сөзімде жалған жоқ, шын бұған нан. Атығай – Қарауылдың ортасына,
Алты орда ақ үй тігіп көтерді хан.
Алты үйге орнатыпты алты қатын, Түгел қып хандық сәулет, салтанатын. “Құтты болсын” десіпті қариялар, Мөр басып бекіткендей Абылай атын.
Қаракерей Қабанбай батыр басы, Қанжығалы Бөгенбай үй жолдасы. Ақсақалдар қол жайып бата берді, Қазақтың бірден шулап кәрі-жасы.
Бақ құсы бала жастан басында екен,
Оразауық деген сарт қасында екен. Уылжыған уыздай бала күні,
Дәл сол күнде жиырма жасында екен.
Қол бастап аттанғанда талай жауға, Қазаққа көп түсірді олжа-сауға.
Хан ордасы болуға лайық жер деп, Қондырды жұрт көтеріп Көкшетауға. Өстірді қойдай бағып күң мен құлды Жиылып түпсіз, тексіз кісі болды. “Тереңкөт” деген сөзден Төлеңгіт боп, Ел болып алды-алдына халық толды.
Тіпті жоқ ол уақытта қожа, молда, Ер қаруы бес қару тегіс қолда.
Жалаңаяқ Әздер мен Нияз қожа, Кереметпен көрініп шыққан сонда.
Бұл қазақ тәубасынан жаңылмаған, Басқа жұртқа бас иіп бағынбаған.
Хат танып, хат жазатын хатшылыққа, Иісі қазақ ұлтынан табылмаған.
Сарт, ноғайдан жалдама хатшылар орыс патшасына, шүршіт патшасына жазған хаттарында басқа патшалардан пара алып, солардың пайдасын келтіре берген. Сонан соң оларға сенбейтұғын болып, Сыр бойындағы Қарақалпақтан хатшы таптырып алдырған екен.
Сарт, Ноғайға сенбеген жүрген шарлап, Бұралқы бұзады деп жұртты қарлап.
Хатшысы Қарақалпақ Сыр бойынан, Аттай таңдап, атандай алған арнап.
Садақ белде дап-даяр, найза қолда, Ат белдеуде тұрады, түйе қомда.
“Елді – қортық”, – деген сөз, – қойды – шартық”, Жұрт аузында мақал боп қалған сонда.
Шүберекке түйілген жан болыпты, Ұйықтап жату жігітке шам болыпты. Сөйтіп Абылай артылып алапаты,
Қырық сегіз жыл қазаққа хан болыпты.
Кімге тұрған баяндап дүние жалған, Әруақты ердің артында аты қалған.
Алпыс сегіз жасында жұма күні, Құса болып жарылып дүние салған.
Он жеті қатын, отыз ұлды болған, Бір көшке сыймайтын құлды болған. Қазақта Абылайдай хан болған жоқ, Орыс пенен шүршітке құнды болған.
Кенже тоқал баласы Қасым еді, Басқасынан сідігі асыл еді.
Кенесары, Наурызбай, ер Саржандар, Кеше Абылай әруағын шашып еді.
Қазақтың алты ауызды аласынан, Көше қашты Сарыарқа даласынан. Өрісі ұзай алмай қырғын тапты, Алатауда қырғыздың баласынан.
Хан Абылай үйге тіреу, сырық болған, Ұрса шоқпар, ұстаса құрық болған.
Қырғызға Сәдір бала хан болғанда,
Алты ұл бар Әтеке жырық болған.
Сонда ол Сәдір бала мақтанған екен:
–Таз Мәмекті алдым, Әлібек шолақты алдым, Көк жалды Барақты алдым, жалғыз көзді Қарақты алдым, Арқада Абылай деген кәрі сарты бар дейді. Ол маған не қылады, – деп.
Абылай хан бұл сөзін естіген соң, үш жүзге жар шақыртып, “Алаш” ұранды қазақтан жан қалдырмай: “Қыл құйрық” деп аттанып, Шу мен Таластың бойына барып, Сәдір балаға елші жібереді дейді:
–Қара болса қатынша бұғып қалсын, хан болса қасқайып шықсын, – деп.
Сонда Сәдір бала мәулет сұрады дейді.
–Әр рудан басты-басты кісіні алып, бәлен айдың бәлені күні өзім көрісуге (көрініске) барайын. Тарту-таралғысы мен қонағасын беріп қайырайын, – деп. Жатып жастық, иіліп төсек болып елшілерді қайырады да, қырғызға жиылсын деп кісі шаптырады. Бұлар елдесуге келді ғой деп бейғам жатқанда қара құрттай қыбырлап, құмырсқадай жыбырлап, жалғыз күнде қырғыздың үйіліп-төгіліп келіп қалғанын бір-ақ біліп, сасайын деді.
Сол күнде қазақтың өзінен шыққан Кіші жүз керейт Сарысопының баласы Жалаңаяқ Әздер деген дуана Созақта жүреді екен.
Абылайдың алдына оқтай ұшырап қалғанда:
–Жалаңаяқ, бұрын олай жүрсем, бұлай жүрсем мынау Түркістанда Әмір Темір жасатқан ақ күмбездің иесі – Әзіреті сұлтан ғой деп, соған сыйынып жүруші едім. Бұрынғының “өлінің мыңына сыйынғанша, тірінің біріне сыйын”, “Мың өліден – бір тірі артық” деген сөзі бар еді. Көрсет кереметіңді,
–дегенде, Жалаңаяқ Әздер: – Қырғыз Сәдір бала болам ғой, – депті. Абылай ол бала да, мынау қазақ мүритің ғой, қаны біргі ұлтың ғой. Бір қырғыз қалай, көп қазақ қалай дегенде. – Болмас, болмас сөз тапқанға қолқа жоқ деп еді деп, Жалаңаяқ Әздер... Оң саусақтағы сұқ қолын ұртына тығып, қырғызға қарап үш атыпты:
–Ал, шаба бер, бәлемнің өзіне бықбырт тиді, – депті.
Қырғыз бықбырт, топалаң тиген қойдай ұйлығып қаша беріпті де, қазақ көтінен қуып, Қарабалта Соқылықтың асуына жеткізбей көбін қырыпты. Сонда қырғыз Әтеке жырық қолға түскен алты баласының бірде-бірін қайырылып айырып алуға жарамаған. Сәдір бала басын саудалаумен әзер айырып алған. Абылай Қарабалта Соқылықтан асып барып шаппақшы болған. Мұны естіп Сәдір бала елші жіберген:
–Абылай Қарабалта Соқылықтан аспаймын деп уәде берсін, біз бір тайпа қырғызды ақ үйліге берейік, шаппасын, – депті. Қырғыздың Сәру деген бір тайпа елін көшіріп, Абылайға ақ үйліге бергенде, “Қарабалта Соқылықтан аспаймын” деп Абылай хат-мөр берген.
“Абылай аспас асу” атанғаны солайша дейді. Қос басына бір үй қырғыздан батырлар үлес сыбаға алыпты, әр дуандағы Арғын ішіндегі қырғыздар солар дейді. Сол қырғыздың көбі Үйсін ішінде қалыпты...