Қисса ер Қабанбай (Алматы басылымы, 1991)

Бісмілла сөз бастайын Қабанбайдан, Атасыз адам пенде туар қайдан?! Үш жүзге ұран болған ер Қабанбай, Шақырған әруағын бүкіл найман. Өтіпті сахабалар иманы көп, Кең сарай имандығы болады деп. Ер екен артық өткен шарапатлы, Сиынар білген адам «Қабанбай» деп. Ерлігі Қабанбайдың жаннан өткен, Сол кезде қырғыз екен кегі кет...

Kazakh
Қисса ер Қабанбай (Алматы басылымы, 1991)
Бісмілла сөз бастайын Қабанбайдан, Атасыз адам пенде туар қайдан?! Үш жүзге ұран болған ер Қабанбай, Шақырған әруағын бүкіл найман. Өтіпті сахабалар иманы көп, Кең сарай имандығы болады деп. Ер екен артық өткен шарапатлы, Сиынар білген адам «Қабанбай» деп. Ерлігі Қабанбайдың жаннан өткен, Сол кезде қырғыз екен кегі кеткен. “Батырдың бірі қалмай аттансын!” деп, Үйсін мен орта жүзге хабар жеткен. Шұбарым, арғымағым, арыстаным, Сөз бермей ауыздыға қарысқаным. Жер келге екіталай ерегеспен, Болаттың суын тапқан данышпаным. Шұбарым, арғымағым, жүлде алғаным, Басынан Қаратаудың күн салғаным. Ауызға “ә” дегенде тола түскен, Сөзіне ер Қабанбай ұйғарғаным. Айтайын айт десең мен арысыңды, Қорғайтын қан майданда намысыңды. Қас батыр Қабанбайдың бір інісін Қырғыз шауып, батырдың сағы сынды. Жел соғар құбыладан бетке жұмсақ, Батыр жоқ Қабанбайдай ойлап тұрсақ. Қожағұл, Өмір, Дәулен бәрі де аман, Шабылған жалғыз ауыл Қарақұрсақ. Кей жаман айрылады мал баға алмай, Жарымес жаңылады сөз таба алмай. Арысын қырғыз шауып кеткеннен соң, Қан құсты қайғылы боп ер Қабанбай. Кейбіреу жоғалады мал таба алмай, Нас жаман айрылады сөз таба алмай. «Қабекең қайғыланды» дегенді естіп, Келіпті өзі батыр хан Абылай. Мінгені ханекемнің қара кер-ді, Еседі бейне желдей қара жерді. «Қабекең қайғыланды» дегеннен соң, Батырдың өзі тұстас бәрі келді. Қан құсты қайғылы боп ер Қабанбай, “Жауымнан қалам ба, – деп, – кек ала алмай!”. «Намысын Қабекеңнің әперем» деп, Келіпті қанжығалы ер Бөгенбай. «Жатушы ед елімізде сары қазы жеп, Шабатын біз қырғызға не қылып ек. Намысын Қабанбайдың әперем» деп, Керейден іздеп кепті ер Жәнібек. Мінгені батырлардың ақ пен көк-ті, Алты ай мінсе арымас тас пен көкті. «Бас қосты барлық батыр» дегеннен соң, Керейден өзі жәдік Жантай кепті. Қолына жақсы қыздың алған тарақ, Батырлар жиылған соң жатпас қарап. «Бас қосты барлық батыр» дегеннен соң, Келіпті көкжарлыдан Көкжал Барақ. Атыңнан айналайын, ер Қабанбай, Қырғыздан қаламыз ба кек ала алмай?! «Бас қосты барлық батыр» дегеннен соң, Келіпті мұрынтайдан би Мұрынбай. Жайлаған иен тауды арқар-құлжа, Жігітке атып алса тегін олжа. «Намысын Қабанбайдың әперем» деп, Келіпті шаншықұлдан Бердіқожа. Мінгені батырлардың көкше серек, Көрінген бауырынан тал мен терек. «Бас қосты сонша батыр» дегеннен соң, Келіпті байғанадан батыр Шүрек. Базардан алып келген сырлы ашамай, Батырлар өтіп кетті-ау көп жасамай. «Бас қосты сонша батыр» дегеннен соң, Тоқпақтан іздеп кепті ер Қасабай. Атыңнан айналайын, ер Қабанбай, Сиынған ең алдымен дер Қабанбай. “Бас қосты барлық батыр” дегеннен соң, Келіпті Тоғас, Қосай ер Дәулетбай. . . . . . . . . . . . . . . Келіпті Қаз дауысты ер Қазыбек, . . . . . . . . . . . . . . . Үйсіннен іздеп кепті Райымбек. Қонғаны ауылымның қара торғай, Болса да өзге қиын, өлең оңай. «Бас қосты сонша батыр» дегеннен соң, Келіпті қаптағайдан Қарашоқай. Мекені еліміздің Тарбағатай, Сөзімнен жаңылдырма, Бектеу атай. «Бас қосты сонша батыр» дегеннен соң, Келіпті төрт қос атпен тентек Матай. Мінгені батырлардың қара ала аяқ, Шабады саяғына қарамай-ақ. «Бас қосты сонша батыр» дегеннен соң, Келіпті терістаңбалыдан Жалғыз қарақ. Қабекең ат тұяғын тағалатты, Жағасын Қара Емелдің жағалапты. “Тоқымды ат ерттесе аудармас” деп, Алыпты жан жолдасқа Шағалақты. Балалар заңың қандай, заман қандай, Басында батыр туып Бұлантайдай. “Сақ еді, қарауылға шалдырмас” деп, Үйсіннен алдыртыпты Ақшабдарды-ай! Бас қосып барлық батыр түгенделді, Батыр жоқ Қабанбайдай бұларда енді. Қолжазбада бір жол өшіп қалған. Қолжазбада осы жол оқылмады. Астына ауыр қоржын азық салып, Батырлар Ат тауына жөнелді енді. Аттанды тамам батыр үйде жатпай, Шабады жау көрінсе тізгін тартпай. Барлық пен Қызыл тұзды басып өтіп, Ілеге суыт жүріп тіке тартты-ай! Қабекем жиып алған жамағатты, Аға-іні тамам батыр тастан қатты. «Тепкіме бір жараса сол жарар» деп, Үйірден ұстап мінген Қубас атты. Батырлар күндіз жүріп, түнде жатты, Ат арып, арқасына ері батты. Бір айда Ат тауына әрең жетіп, Шеріктің жарым аты арып қапты. Батырлар бұл араға зорға жетті, Жауына жібермес боп орда кекті. Жануар шын тұлпардың өзі емес пе, Қубас ат дәл бабына сонда кепті. Бұл жерде ат оттатып бір ай жатты, Баспалап жау жағдайын сұрай жатты. Аш қалып саспайтұғын батырлар да, Союға тура келді шұрайлы атты. Бір күні Барақ тұрып айтам деді, «Жауыңды алдырмаған қайтем деді. Далада қаңғырмаймын атым сойып, Қоста бар ер жақсысы, қайтам» дейді. «...Атаң жақсы екенін анаң білер, Қатын шайпау болғанда адам жүдер. Тәубасы тоқ кісінің бойы тоғай, Сабыр қыл, аз ғана күн үзбей күдер». Қабекең бұл сөзді айтып күлімдейді, Іздеген жау бұл шеннен білінбейді. Жапанда жел жоқ мезгіл жатқанында, Ақ туы аспан кернеп гүрілдейді. Жігіттер «һай» дегенде «о» дейтұғын, Ақшабдар қарауылға бар дейтұғын. Бозбала киім тастап, жеңілдеткен, Қасқайып шаршы топқа сал дейтұғын. Абыржып бозбалалар сасып қалды, Жүгіріп жүген ала атқа барды. Қабекем Қубас атқа мініп алып, Туынан гүрілдеген жеті айналды. Ақшабдар қарауылға тура шапты, Қарауыл Тесік тастан сығалапты. Қырғыздың өз ішінен бүлік шығып, Бір тайпа ел сол араға келіп қапты. Екі жақ сайыспақ боп туын тікті, Найзалы, қаруы мол өңшең мықты. Қазаққа «жекпе-жекке келіңдер» деп, Қырғыздан жалғыз қара біреу шықты. Қырғыздар абыржиды сасқалақтап, Тұрған жоқ қапияда өзін баптап. Әтеке – осы келген жалғыз қара, Кес-кестеп ат ойнатып тұр бұлғақтап. Алдымен оған шықты ер Дәулетбай: “Қырғызды қайтпаймын, – деп, – жерге аунатпай”. Найзамен Әтекені ілемін деп, Жығылды аттан ауып ер қаумақтай. Әуеден қар жауады жерге жастап, Келіпті берейін деп Құдай бастап. Бөгенбай жекпе-жекке кез келгенде, Бөгемді қолға ілмеді түйіп тастап. Қабекең туды ұстап тұрды байқап, “Кірсем, – деп, – қолтығымның құршы тарқап”. Келгенде жекпе-жекке Барақ батыр, Оны да шыдатпады қырғыз шайқап. Қабекең айбаттана айғай салды, Ақ найза алты қырлы қолына алды. Ашумен кәрін төгіп ер Қабанбай, Жекпе-жек Әтекеге өзі барды. Тіресіп екі батыр айқасады, Қағысып найзаменен шайқасады. Ала алмай бірін-бірі ары-бері, Аңдысып, арбасады, байқасады. Найзалар қағысады, шарқылдайды, Тебінгі бір-біріне сартылдайды. Қаһарлы ер Қабанбай қайраттанып, Кекті ашу кеуде кернеп алқымдайды. Қабекең Қубас атты жанып алды, Кәпірді бұғанадан періп қалды. Құлатып Әтекені құрыстырып, Қаңбақтай үш көтеріп жерге салды. Жағалап Алатауды қырғыз келген, Ол қырғыз түнде келмей, күндіз келген. Көрген соң әкесінің мерт болғанын, Жетелеп ақбас тайлақ бір қыз келген. Қабекең ақ найзасын шоқтайды енді, Ойбайлап қыз әкесін жоқтайды енді. Ойбайлап қыз әкесін жоқтағанда, Батырлар құлақ салып тоқтайды енді. Келеді бір қыз төтелеп, Ақбас тайлақ жетелеп. Зарлаған даусы шығады, “Емеде қоқи, әке” деп. – Отырмайын, тұрмайын, Батырларға барайын. Сүйегін бер, – деп, – әкемнің, Қиылып сауға сұрайын. Көл тартылар таяз боп, Ер сарғаяр малы аз боп. Көшпе десем көшіп ең, Ағайыныңмен араз боп. Көшпе десем көштің бе, Үйіңнің бауын шештің бе?! Бастап келіп еліңнің Тақ түбіне жеттің бе?! Жатқызды сені Қабанбай, Қапысын қалдың таба алмай. Мінген атың Көкторғай Не қып қалдың шаба алмай?! Әлгінде жүрген Әтиім, Ажалың неге шорт болды-ай! Қашса да қоймай Бөгенбай – Қалдың ба, ойбай, кек алмай! Батырдың қалдың астында, Мүкаммалды шаштың ба?! Қабанбайдың найзасы – Қайың бір ағаш күрт болды. Әтиімнің найзасы – Қарағай болды, морт болды. Қазақтан шыққан Қабанбай Қақ жүректен атуын. Айналайын Әтиім, Арыстай болып жатуын. Аяқ пенен шөміштеп, Мал кетеді еңістеп. Қазақтан келген көп батыр Кетті ғой, ойбай, тегістеп! Аяқ пенен табақтап, Жасау жидым қадақтап. Қазақтан келген көп қасқыр Кетті ғой, ойбай, тамақтап! Ойыл менен Қиылды-ай, Керей, найман жиылды-ай. Қалың батыр жабырлып, Үлексе салды сиырды-ай! Мен білмедім ойыңды-ай, Қабанбай қылды тойыңды-ай! Мұнша батыр жиылып, Үлексе салды қойыңды-ай. Аузыңнан алды күлкіңді, Көзіңнен алды ұйқыңды. Мұнша батыр жиылып, Үлексе салды жылқыңды. Жылқыңнан алды асауды, Жүгіңнен алды жасауды. Өлтірдің менің иемді, Босаттың менің жүйемді. Мұнша батыр жиылып, Үлексе салды түйеңді! Түйеңнен алды теңіңді, Ала алмай қалдың кегіңді. Қабанбайдан жеңіліп, Неге алды Құдай ебіңді?! Сары ат мінсем, таға жоқ, Қазине кисем, жаға жоқ. Қайткенде адам болармын, Алдымда үлкен аға жоқ. Етік кисем, байпақ жоқ, Жейде кисем, шапан жоқ. Қайткенде адам болармын, Алдымда тұрған апам жоқ. Ойбайдан басқа күнім жоқ, Ой-жанымда тыным жоқ. Қайткенде адам болармын, Артымда өскен інім жоқ. Ағасы жоқ сұм қызбын, Інісі жоқ қу қызбын. Әуедегі жұлдызбын, Арманым көп бір қызбын. Жапандағы құндызбын, Су ішінде жалбызбын. Еңіретпе, қазақ, еңіретпе, Бір енеден жалғызбын. Ішкенде асың бал шығар, Артқан түйең нар шығар. Еңіретпе қазақ, еңіретпе, Мендей де балаң бар шығар. Отырмайын, тұрайын, Отырмай амал қылайын. Көңілі өскен көп батыр, Батырдан сауға сұрайын. Сауға берсең өзіме, Сөйлеп тұрған сөзіме. Тыңдашы менің мұңымды, Мұңымды шағам өзіңе! Сұрағаным сіздерден, Жалғыз қасық қаным ғой, Сіздерге жетпес әлім ғой, Бір Құдайға мәлім ғой. Бірің мені аларсың, Алып үйге барарсың. Қойың болса соярсың, Тойың болса қыларсың. Үнемі қатын мен болман, Орныңды сипап бір күні, Саныңды қағып қаларсың. Қыздың сөзі қанық-ты, Қазақтан да анық-ты. Ақкөңілшек Қабанбай Қыз сөзіне қамықты: – Ей, жарандар, жарандар, Бәрің маған қараңдар! Әрбіріңнің үйіңде Осы қыздай балаң бар. Осы қызды тонама, Тонаса олжа бола ма? Көзінен аққан қанды жас, Сірә да, бізді қоя ма? Есен болсам бір жолға Тағы да өзім бастайын, Қыздың сөзін қостайын. Астына қыздың ат беріп, Осы жерге тастайын. Айтқанындай бұл қызға Мінетұғын ат берді. Әкесінің сүйегін Көптен сұрап ап берді. – Ей, жарандар, жарандар, Бәрің маған қараңдар! Өзге көшке барыңдар, Көрінгенін алыңдар. Ұрғашыға тимеңдер, Еркегін қырып салыңдар. Өзгесі көшке барыпты, Көрінгенін алыпты. Ұрғашыға тимепті, Еркегін қырып салыпты. Ел сағынған көп батыр Елге қарай қайтыпты. Ерікпейтін Қабекем Шағалақты қасына ап, Қыз күзетіп қалыпты. Түн ортасы болғанда, Байқаса жоқ Шағалақ. Тыным тауып жата алмай, Барыпты қызға жағалап. Қазина қара бүрмелі, Отыз екі түймелі. Шағалақ жүр жағалап, Қыз бетінен сүйгелі. – Қарағым, қалқам, Шағалақ, Не қып жүрсің жағалап?! Үзбеші қыздың түймесін, Суырма қыздың инесін. Құдайдан келген бұйрық жоқ, Қыз бетінен сүймек жоқ. Қызды қорғап Қабанбай, Қоя берді жекелеп. Сауғасын алып қыз енді, Қайтты еліне төтелеп. Қабекең елге қайтады, Ақбас тайлақ жетелеп. Басы бар ақ тайлақтың жылқы астаудай, Көзі бар таудан аққан тас бастаудай. Бұтының арасынан ел көшкендей, Он кісі өркешіне мінгескендей. Жүрісі жануардың таңқалдырып, Денесі көкті тіреп күнде өскендей. Қолында моллалардың сызығы еді, Туады әңгіменің қызығы енді. Алдыңғы озып кеткен көп батырлар Қабаңның тайлағына қызықты енді. Дәулетбай сұрап келді “аға ғой” деп, “Қырғызды олжалаған заман ғой” деп. Қолқалап ағасына еркелейді: «Ағаның бір олжасын алам» ғой деп. – Дәулетбай, не деп тұрсың сөз деп айтып, Кетпей ме бермей қойсам көңілің қайтып. Жетпістің жетеуіне жасым келді, Жүрейін өле-өлгенше жүгімді артып. –Әрқайда жұмсаушы едің керегіңе, Артыңнан жақсы болсын еруіме. Жауыңның олжа берсең бір тайлағын, Қуана барар едім келініңе. –Дәулетбай, алған едің бірталай мал, Сөзіме менің айтқан құлағың сал. Ағаңның бір тайлағын не қыласың, Берейін үйден таңдап жеті атан ал. – Арқада қалың дейді арқар-құлжа, Жігітке атып алса тегін олжа. Жауыңның қия алмасаң бір тайлағын, Ол үшін ата малын қылман олжа. –Мұсама мінемін мен бермесіңе, Соңыңа бұдан былай ермесіме. Ажал кеп осы жерде өліп кетсем, Сенемін терең қазып көмбесіңе. –Мұсама мен де міндім бермесіме, Артыңнан ит болайын ермесіме. Кім өліп, кім қаларын Құдай білер, Ал өлсем қайғырасың сен несіне?! Бас қалқа – хан Абылай қой-қойлады, Дәулетбай Қосайды ертіп үйге салды. «Сынық ине, сыдырым таспа алман» деп, Түйесін өрістегі жия барды. Ағадан осылайша көңілі қалды, Түйенің үйге барар қомын салды. Жеті күн, жеті түнде үрдіс көшіп, Бойына Ащысудың жетіп барды. Арқаның ат суардым бұлағына, Еліктің ат жетпейді лағына. Дәулетбай Ащысуға кетті деген Шалынды батырлардың құлағына. Дәулетбай барған жанға келмей қойды, Барғанға жылы жауап бермей қойды. Көңілі ағасынан қатты қалып, Беттерін барған жанның көрмей қойды. Айнала жел соғады Алакөлге, Алакөл сусын болған талай елге. «Әркімнің өз тілеуі өзіне» деп, Қабекең көшіп кетті Сарыбелге. Қабекең Сарыбелді қыстап шықты, Жабысып дерт қуықтан ұстап шықты. Қабанбай қатты науқас деген хабар Арғын мен алашқа да барып жетті. Кей жаман жоғалады мал таба алмай, Нас жаман аңырады сөз таба алмай. “Қабанбай науқас болды” дегенді естіп, Келіпті көңілін сұрай хан Абылай. Мінгені ханекемнің қаракер-ді, Асады бейне қаздай қара жерді. “Қабекең науқас болды” дегенді естіп, Батырдың өзі тұстас бәрі келді. Сексеннің сегізінде Бұқар келді, Көңілін Қабанбайдың сұрай келді. Болса да жасы жеткен үлкен адам, Солқылдап жас баладай жылай келді. Бұқар жырау жылайды, Көзінен жасын бұлайды: – Тоқсанға жасым келгенде, Басуға келмес аяғым. Арқам күнге күйгенде, Табаным жерге тигенде, Шәңкіштен алған таяғым. Айналайын Қабанбай, Жау келгенде жарағым, Алыстан асып дау келсе, Түрулі тұрған құлағым. Жақыннан жарым жау шықса, Белдеудегі пырағым. Мың жылқыны суарған Төскейден аққан бұлағым. Кеше түсте естідім, Қабанбай ауру дегенде, Жетімсіреп жыладым. Бір Құдайдан сұрадым: Арғыннан айттым жүз кісі, Найманнан айттым жүз кісі, Үйсіннен айттым жүз кісі – Үш жүз кісі болар ма Айналайын Қабанбай, Қара мойын лағың? Әулиенің арты едің, Бұл дүниенің қарты едің. Айналайын Қабанбай, Қайда болар тұрағың? Бұқар сонда тұрады, Тұрып бір кеңес құрады: – Бурылдай деген сауыт бар – Жағасы бар, жеңі жоқ, Ағайынды адамның Өкпесі бар, кегі жоқ. Дәулетбайға барыңдар, Ептеп-ептеп айтыңдар. Еппен алып қайтыңдар. «Елден кетіп қалдың» деп, Ежірейіп айтпаңдар. “Ауа көшіп кеттің” деп, Ажырайып айтпаңдар. Ептеп-ептеп айтыңдар, Еппен алып қайтыңдар. Қабанбай сонда сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: – Дәулетбайға бармаңдар, Барғаныңмен келмейді, Бетімді менің көрмейді. Қабекең сонда жөтелді, Шынтақтап басын көтерді. Айналайын елім-ай, Басымды бердім өлімге-ай! Дәулетбайды қайтейін, Үш қайтара сәлем де Сол үйдегі келінге-ай! Дәлетбайды сегізде Серуенге ертіп барып ем. Тоғыз жасар күнінде Қоңырат деген бір елден Айттырып беріп алып ем. Кекілік деген кезеңнен Аяңдап жүріп асқанда, Аяғын дік-дік басқанда, Қырық әйел ішінен Ізін артық көріп ем. Ұрғашының дегдары Болады ғой деп сеніп ем. Сөйткенде бір келінге Дұғай да дұғай сәлем де. Шағалақ мінсін Қубасты, Шынқожа мінсін Бөрте атты, Екеуі алсын төрт атты. Бір кідіріс болмасын, Күндіз-түні шабыңдар. Кеш батқанша шабыңдар, Таң атқанша шабыңдар, Ертеңінде және шауып, Ащысудың бойынан Дәулетбайды табыңдар. Шағалақ мінді Қубасты, Қубастай жылқы тумас-ты. Шынқожа мінді Бөрте атты, Екеуі алды төрт атты. Батпанда-батпан шабады, Түске дейін шабады. Түсте артына қараса, Үш күндік жер қалады. Батпанда-батпан шабады, Кешке дейін шабады. Ертеңінде және шауып, Ащысудың бойынан Дәулетбайды табады. Дәулетбайдың әйелі Дәулетбайға айтты: – Қу қашқын! Елді тастап сен неге, Қаңғырып Ащысуды астың?! Әтиіме бір кәдік, Тегін емес еліміз. Дәулетбай не қып жатырсың, Дүбірі шықты-ау Қубастың. Бұлардың сөзі түгемей, Шағалақ келді дүбірлеп. Дәулетбай айтты: – Бұл кім? – деп. Шағалақ сонда «мен» деді, Дәулетбай үрке үн қатып: –Не қып жүрсің сен? – деді. –Тас қорғаның бар еді, Босағасы құлады. Қос бәйтерек бар еді, Біреуі оның сұлады. Үш байжігіт баласы Төбеге шығып жылады. Қабықсыз қу ағашты Қатындар отын қылады. Үш арыстың баласы Кімді орын қып тұрады. Осыны айтып Шағалақ, Қамығып сонда жылады. Бірден сенбей Дәулетбай, Қайталап тағы сұрады. Қабекеңнің келіні Жылап бір кетті бай-байлап, Екі бетін ап салды, Бетінен қаны тыз қайнап. – Дәулетбай-ау, Дәулетбай! Отырсың не қып бүктеліп, Ақ бидайдай түктеліп? Сұрағаның құрысын, Бір тайлақ па еді ырысың?! Асқар белден айрылдым, Жасқан жездей майрылдым. Айналайын атам-ай, Қапыда калдым, айрылдым! Далаға шығып ақырды, Абысынын шақырды: – Ұйқыларың қанбайды, Сендерді Құдай алмайды. Шолпан туа көшіңдер, Ертерек қыл қамыңды. Түгендеп айда малыңды, Ақсақ-тоқсақ қалмасын. Әтиім жайын біліп қап, Артыңды Әтеке алмасын. Абдрасын ақтарып, Асыл бұйым ап салды. Теңін шешіп ақтарып, Тегіс бұйым ап салды. «Қуатым, күнім қайнағам, Жазыла гөр» деп салды. – Ей, Дәулетбай, Дәулетбай, Өкпелеттің ағаңды, Кетірдің менің бағымды. Жау келгенде көрермін, Мың кісілік шамаңды. Талқан етіп айырар Ертең-ақ біреу жағаңды! Ей, Дәулетбай, Дәулетбай, Бармаймысың бауырыңа, Иен қалған аулыңа. Өкпелеген түйе мал, Жатыр ғой, әне, иен мал. Иен малға, Дәулетбай, Енді барып ие бол! Ей, Дәулетбай, Дәулетбай, Отырсың не қып бүктеліп?! Атыңды алдыр, Дәулетбай, Кешікпей енді жүрелік! Дәулетбай енді тоспады, Әйелінің сөзін қостады. “Қайда қалдым, аға” деп, Бармағын жұлып тастады. Үш байжігіт баласы – Жұмық, Тоғас, Мәмбет Дәулетбай мінді жеке атқа, Төртеуі мінді төрт атқа. Батпан да батпан шабады, Таң атқанша шабады. Сарыбел көшіп кетсін бе, Таң сарғая таяды. Ауылдың шетіне ілініп, Қойшыдан жөн сұрайды. Бір қойшы тұрып “бар” дейді, Бір қойшы тұрып “һай” дейді. «Көк серкені айттым Құдайға, Шәй-шәй, қойым, шәй» дейді. – Кеше қойдан қалып ем, Қабекеңнің ауылына Көңілін сұрай барып ем. Сұлық жатыр Қабанбай, Екі аяғын жимайды, Кетуге сізді қимайды. Еріндерін жалайды, “Келді ме – деп, – Дәулетбай?” Есік жаққа қарайды... Қойшыдан өтіп Дәулетбай, Ауылға жетіп барады. Елін көріп қайғырған, «Уай, бауырым!» салады. Дауысын естіп бауырының, Қабанбай талып қалады. Бұқар сонда сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: – Ей, Дәулетбай, Дәулетбай, Ағаңның көңілін қалдырдың, Қалдырғанмен қоймадың, Қос атпенен алдырдың. Алдырғанмен қоймадың, Кегің бардай ойыңда, Нашар жатқан ағаңды «Ой, бауырымдап» талдырдың! – Жанымай асыл өтеді, Жалынбай жақсы кетеді. Туысқаны шын болса, Бір тілдеспей Қабекең Менімен неге кетеді?! Қабекең үнсіз жатқанда, Келіні келді қасына, Атасынан айналып, Тізесін қойды басына. – Айналайын атам-ай, Қолыңнан сарқыт жемедім. Басыңды сүйеп, жан атам, Қолымнан сусын бермедім. Қолымнан сусын берсем мен, Арманым бар дер ме едім! Қабекең сонда жөтелді, Шынтақтап басын көтерді. Ешнәрсені кек қылмай, Ниетін беріп сырласып, Бұрынғыдай отырды. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . – Әлсіреп барып талыппын, Мен жүректен қалыппын. Дәулетбай, едің қайратым, Қосай едің болатым. Мына отырған жеңгеңнің Мен бір сырын айтайын: Қолын жумас арам-ды, Ас бермейтін сараң-ды. Қиямет күні болғанда, Алайын сенен баламды. Құлынды бие мінгізбе, Жамаулы көйлек кигізбе. Жасымнан мінген төл атым, Қолынан алма Қубасты. Баяғы жүрген Қабанбай Қатыны мынау дегізбе! Бұл жерде үш өлең жолы түсіп қалған. Ауылыңды шетке қонғызба, Жылқыңды шетке салғызба. Жанашыр жақын балаңды Жау артынан қуғызба. Жау қолында кетсе егер, Қайтып елге жетер ме. Жете алмаса еліне, Ол сүйектен кетер ме? Мұңлықтың жайын айтайын: Ерде ақыл болар ма, Қонысынан ауған соң? Әйелде ас болар ма, Біреуден сауын сауған соң? Бұдан мұңлық өтер ме – Бұл сүйектен кетер ме?! Қорлықтың жайын айтайын: Жақыныңнан жау шықса, Айғырың қалар арқырап. Құлының қалар шырқырап. Бұдан қорлық өтер ме – Бұл сүйектен кетер ме?! Зарлықтың жайын айтайын: Қозысы өлсе саулық қой Артында қалар маңырап. Ботасы өлген түйенің Түгемес зары аңырап. Бұдан зарлық өтер ме – Бұл сүйектен кетер ме?! . . . . . . . . . . Қабанбайдың сол сәтте Шағалақ келді қасына. Жиылып алды көл бопты Көзінен аққан жасына. – Шағалақ-ау, Шағалақ, Неғып жүрсің жағалап? Аузы-басың жыбырлап, Қатындарша күбірлеп? Шыбын жан бойдан шыққанша, Жатырмыз ғой, мінеки, Бұл жерде бір өлең жолы өшіп қалған. Кірпігіміз қимылдап. – Жүгіріп шықтым белеңге, Қубас ат шөп жұлмайды дегенге. Қысылмасам хан батыр, Еңіреп сізге келем бе?! Әтеке ұлы Садыр қол басы, Мың кісімен Қаранұр Келіп түсті өзенге... Састым ғой, аға, састым ғой! Қабанбайдың көзі тірісінде Елін шабам дегенде. Мұны естіп Қабекең, Қабағат қатты сұстанды. Қатуланды керемет, Жапырардай дұшпанды. Қаһары қатты кісі екен, Қаһарланып кетіпті. Шашы ұзын кісі екен, Маңдайын жауып кетіпті. Кірпігі ұзын кісі екен, Бетін жауып кетіпті. Сақалы ұзын кісі екен, Кеудесін жауып кетіпті. Буырқанғанда сыртына, Түгі шығып кетіпті. – Арасанға ат айттым, Қорасанға қой айттым, Тәңіріме тай айттым. Құдай, маған дем салшы, Қубас атқа ер салшы. Әлсіреген денемді Түске дейін қатайтшы! Арасанға ат айтты, Қорасанға қой айтты, Тәңіріне тай айтты. Қабылдап Алла тілегін, Буынын әбден қатайтты. Құдай оған дем салды, Қубас атқа ер салды. Осы кезде Қабекең Батыр боп қайта туады. Өзгеден шапшаң Шағалақ Алты құлаш белбеуін Беліне әкеп буады. Шаттанып халық жиылды, Аспанды кернеп ұраны. Қабекеңнің ақ туы Желбіреп көкте тұрады. Сонда дейді Қабанбай: – Ей, Шағалақ, Шағалақ, Ертіп едім жасыңнан, Жүз кісіге бағалап. Қубас атты алып кел, Төрт аяғын тағалап. Шағалақ сонда Қубасты Қабекеңе алып келеді. Иесін танып жануар, Оқырана береді. Қубастың сырын Қабанбай Ежелден-ақ біледі. Төл атымен серттесіп, Соңғы рет жауға мінеді. – Жануарым, Қубасым, Тайыңда арда еміп ең, Тақталы торы болып ең. Құнаныңда арда еміп ең, Құндақтай торы болып ең. Дөненіңде арда еміп ең, Дөңбектей торы болып ең. Бестіңде арда еміп ең, Белгілі торы болып ең. Алтыңда арда еміп ең, Арғымақтай болып ең. Жеті жаста үйреттім, Жібектен арқан сүйреттім. Жер жасырған соғысқа Өзім мініп барып ем. Әтекенің қызын мен Сауырыңа салып ем. Жануарым, Қубасым, Бір Құдайға мәлім ең. Мен келдім жетпіс сегізге, Сен келдің отыз сегізге. Сенен басқа ат мінсем, Мінгендей болдым өгізге. Сені мініп шапқанда, Тартынбай түстім теңізге. Ей, Қубасым, Қубасым, Қабанбай өлді дегізбе. Төрт арыстың баласын Енді ешкімге жегізбе. Сақалымның ағында, Өлерімнің шағында, Өнерің болса аяма! Қадаған қамыс құлақты, От орнындай тұяқты, Шаба алмасаң саған серт! Қан майданда қасқайып, Жайратпасам маған серт! Топты жармай тұйғындай Қолауласаң саған серт! Қарсы келген жауыма Қара тамақ найзамды Қадамасам маған серт! Қайратқа мінген Қабанбай Садақ жетер жерлерді Тартып кетіп барады. Қылыш жетер жерлерді Қырып кетіп барады. Ұстарадай жау тобын Тіліп кетіп барады. Жекпе-жек келсе, найзамен Іліп кетіп барады. Өлексесін жауының Үйіп кетіп барады. Алпыс аттан әр жерге Түйіп кетіп барады. Жетпіс аттан әр жерге Жиып кетіп барады. Кез келгенін құлатып, Орып кетіп барады. Ойсыратып дұшпанын, Торып кетіп барады. Шын жүйрігі астында, Дулығасы басында. Қол бастап келген осында Дәл он алты жасында. Көріп қалды Қабанбай Садыр деген баланы. Еңістен төмен желеді, Көңілін тоқсан бөледі. Жайратып жауын Қабанбай, Балаға таман келеді. Жасқанбай сонда бала да, Батырға қарсы тұрады. Ашулы жүрген Қабанбай, Балаға мойын бұрады. Бұғанадан найза жеп, Бала жерге құлады. Қасындағы Абылай: – Кесейін, – деді, – басыңды, Құртайын, – деді, – жасыңды. Қабанбай айтты: – Абылай, Өлтірмеші баланы, Ұлғайтпашы жараны! Бұл да біздей ер екен, Он алтыда қайран жас Ерігіп шығып жүр екен. Көнбеді бұған Абылай: – Ұрысты бұзып жылқы алған, Күймені бұзып қыз алған, Қынадай қырып еліңді Бұл жоңғар не қылмаған?! Бала айтты: – Мен сетермін, Ордаңды талқан етермін. Тез өлтір мені, тез өлтір, Өлтірмесең қолыңмен Кейін қалған еліңнің Нақ түбіне жетермін! Қынынан хан Абылай пышақ алды, Атынан сырт айналып түсе қалды. Сөзіне Қабекеңнің қарамастан, Баланы қақ жүректен ірей салды. Өлтірді он алтыда қайран жасты, Батырлар қанын ішіп мауқын басты. Қолбасы өлгеннен соң, қалған қырғыз Соққыға шыдай алмай тұра қашты. Аяғы тайып сонда үзеңгіден, Хал кетіп Қабанбай да қатты састы. Жанына Дәулетбайды шақырып ап, Есіл ер ел-жұртымен арыздасты: – Ей, Дәулетбай, бері кел, Бері кел де, мені көр. Амалмен құрған қақпанды Ақылды пенде баспайды. Тәңірім жазған жазудан Өлшеулі ғұмыр аспайды. Тез жеткіз мені үйіме, Түсе алмаспын күйіме. Жас бала, жесір қатынды Тапсырамын кіміме?! Өкпелеген тайлақты ал, Тайлақ тұрғай аймақты ал. Өкпелеген биенді ал, Биең тұрғай түйеңді ал. Қалды ғой саған иен мал, Арманда менен қалмаңдар. Арманың болса айтып қал! Ертеңгі күн дүйсенбі, Сендерді қайғы еңсерер. Жұрт күйзеліп қабағат, Жердің жүзі теңселер. Арқаға арнап бейіт соғып, От орныма қойыңдар. Таратып тегіс ас беріп, Ту биені сойыңдар! Мен өлген соң қырғыздар Сүйегімді ұрламақ. Сондықтан мен өлген соң, Күзетіп үш күн тұр қарап. Дүйсенбі күні өтпекпін, Үш күннен соң Мекеден Сүйегімді алуға Ақбас атан жетпек күн. Алыс-туыс демеймін, Кәпір-мұсылман демеймін, Кім бұрын атымды атаса, Соны қолдап кетпекпін!
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.