Қаракерей Қабанбай батырдың әңгімесі (Қайырбек Омарұлы нұсқасы)

Әуелі сөз сөйлеймін Қабанбайдан, Атасыз адам пенде туар қайдан. Қайырдың мына заман заманы боп, Ұлысқа бодан болған арғын, найман. Шабарым, арғымағым, жүлде алғаным, Жолынан Арқа ауылдың күн шалғаным. Жиылса арғын, найман өңкей маңғаз, Сөз екен ер Қабанбай ұйғарғаны. Кей жаман аңырады сөз таба алмай, Шын жаман жан сақт...

Kazakh
Қаракерей Қабанбай батырдың әңгімесі (Қайырбек Омарұлы нұсқасы)
Әуелі сөз сөйлеймін Қабанбайдан, Атасыз адам пенде туар қайдан. Қайырдың мына заман заманы боп, Ұлысқа бодан болған арғын, найман. Шабарым, арғымағым, жүлде алғаным, Жолынан Арқа ауылдың күн шалғаным. Жиылса арғын, найман өңкей маңғаз, Сөз екен ер Қабанбай ұйғарғаны. Кей жаман аңырады сөз таба алмай, Шын жаман жан сақтамас мал баға алмай. Арғын – қаратекені қырғыз шауып, Қан құсты, қайғы тартып ер Қабанбай. “Намысын Қабанбайдың әперем” деп, Қанжығалы келіпті ер Бөгенбай. “Қабанбай Бөгенбаймен бас қосты” деп, Мұрыннан аттаныпты ер Боланбай. Қолында тәуір қыздың алған тарақ, Отырмас ел күйзелсе ері қарап. “Бас қосты ана үшеуі” дегеннен соң, Аттанды көкжарлыдан Көкжал Барақ. Ертістің арғы жағы күлдір самай, Қылышы Кене ағаңның көлдір мамай. “Бас қосты арғын, найман” дегеннен соң, Аттанды жұртқа бас боп төре Абылай. Айтамын мынау сөзді үптеп-жүптеп, Бітеді тауға сасыр, қойжелкен. “Бас қосты тамам батыр” дегеннен соң, Керейден іздеп кепті ер Жәнібек. Тауда жүр ойнақ салып арқар-құлжа, Жігітке артқанда ие түсер олжа. “Тамам батыр бас қосты” дегеннен соң, Аттанды Шанышқылыұлы Бердіқожа. Қабанбай жиып алды жамағатты-ай, Жауды көрсе шабады тізгін тартпай. “Тамам батыр құралды” дегеннен соң, Тоға, Қосай аттанды ер Дәулетбай. Жігіттер, заман қандай, заң қандай-ды, Қолында батыр туы бұлаңдайды. “Сақ еді қарауылға, шалдырмас” деп, Алдырды қарауылға Ақшабдарды. Қабанбай жиып алды жамағатты, Ағыны сонша жанның тастан қатты. “Тоқымын жүз кісінің алдырмайд” деп, Тумадан алдырыпты Шағалақты. Қабанбай жиып алды жамағатты-ай, Жауды көрсе шабады тізгін тартпай. “Тебінгіге бір шыдаса, сол шыдар” деп, Үйірден ұстап мінді Қубас атты-ай. Қабекең ұстап мінді Қубас атты, Батырлар күндіз жүріп, түнде жатты. Жеріне баратұғын өлшеу қылсаң, Бір айда Алатауға әрең жетті. Шеңгелің саспайтұғын сол емес пе, Сол тауда ат тойынтып бір ай жатты. Жылқыда ондай жылқы енді қайда, Екі айда бапқа Қубас әрең жетті. Батырлар азықтары әбден бітіп, Бес күндей тілін тістеп қарап жатты. Бір күні Барақ келіп: – Айтам, – деді, Қырғыздар алдырмапты, қайтем, – деді. Далада атым сойып қаңғырмаймын, Рұхсат бер, ер жақсысы, қайтам – деді. – Ата жөнін білмеген бала билер, Қатты шайпау төсекте арам жүрер. Тәубесі тоқ кісінің болмайтұғын, Біраз күн аш жүрсеңдер, аран жүрер. Соны айтып ер Қабанбай күлімдеді, Жуырда алар қырғыз білінбеді. Ақ туы Қабанбайдың шаншып қойған Талқан боп, жел жоқ, күн жоқ дүрілдеді. Батырлар сол арада сасып қалды, Жүгіріп батыр Барақ атқа барды. Қабакем Қубас атқа қарғып мініп, Ақ туды дүрілдеген жеті айналды. Ал, жігіттер, жігіттер, ал дейтұғын, Қарауылға Ақшабдар бар дейтұғын. Батырлар атыңды ұстап жеңілтектен, Бір соғыс шалқар түсте бар дейтұғын. Ақшабдар қарауылға шыға шапты, Бас бағыт тесік тасқа қарай сапты. Қару ап, қатар түзеп, бөлек шығып, Бір тайпа ел қырғыз болып келіп қапты. Бір тайпа ел қырғыз болып келіп қапты, Алды-артын қазақ қамап алып қапты. Қырғызда да бар екен не данышпан, “Жеке-жеке, қазақ” деп біреу шапты. Аспаннан қар жауады жерге жастап, Әкелді Құдай айдап, ажал бастап. Қанжығалы Бөгенбай кез келеді, Болмады Барақпенен қоса жайпап. Қабанбай туды ұстап тұр жауды байқап, Биік тау отырғаны үлкен ойқап. Көкжарлы көкжал Барақ кез кеп еді, Болмады Дәулетбаймен қоса жайқап. Қабанбай Шағалақты қасына алды, Ақ туды Шағалаққа бере салды. “Қозғалтпай туды ұстап тұр” деді де, Ақ найза алты қырлы қолына алды. Кірпік қақпай телміріп ашуланып, Жүгіртіп ол қырғызға таяу барды. Жақындап оң жағынан келіп еді, Қырғыздың бас сауыты ағытылды. Ер Қабанбай сол күн жас бозбаладан, Өтті қырғыз Барақпен екі арадан. Қубастың жанбасына жанып алып, – Қырғызды бұлғап алды бұғанадан. Қырғызды іліп алып жерге салды, Бөгенбай жердегі атты іліп алды. Батырдың жығылғанын көргеннен соң, Зар илеп қалың көштен бір қыз салды. Батырлар жатқан тауға қырғыз келді, Ол қырғыз түнде келмей, күндіз келді. Батырдың жығылғанын көргеннен соң, Ақбас атан жетелеп бір қыз келді. Ал батырлар сол жерге тоқтайды енді, Ақ туды қанға малып шоқтайды енді. Өліп жатқан қырғызды құшақтап-ап, Аз ғана қыз әкесін жоқтайды енді. Қыздың жыры: – Алакөл тасыр саяз боп, Ер сарғаяр малы аз боп. Қаның бір төгіліп аңырдың-ау, Ағайын елмен араз боп. Көшпе деп ем көштің бе, Үйдің бауын шештің бе. Мүкаммалың шаштың ба, Қазақтың қалдың астында! Аузыңнан алар күлкіңді, Көзіңнен алар ұйқыңды. Ерігіп жатқан көп қазақ Сиырып алар жылқыңды. Жылқыңнан алар асауды, Жүгіңнен алар жасауды. Түйеңнен алар теңіңді, Әлгінде жүрген әкем-ау, Ала алмай кеттің кегіңді! Жекеке шыққан Бөгенбай, Кеттің-ау, әкем, кек алмай! Майдандасқан Барағың, Қапыда қалдың, қарағым. Кейін келген Дәулетбай Шығарған еді бейнетті-ай. Қарсы келген Қабанбай Қапысын қалдың таба алмай! Ебіңді Құдай кетірді-ай, Көкторғай итпен шаба алмай! Біздің қырғыз найзасы – Қарағай ағаш, морт болды. Қабанбайдың найзасы – Емен ағаш, берік болды. Әлгінде жүрген әкем-ау, Ажалың неғып шорт болды?! Аяқ пенен табақтап, Сөз сөйлеймін сабақтап. Қазақтан шыққан Қабанбай Кетті ғой, ойбай, тамақтап! Аяқпенен үш-мұштеп, Малың кетті еңістеп. Қазақтан шыққан Қабанбай, Кеттің-ау, ойбай, тегістеп! Емеде қоқи айттым-ау, Арыстай болып жаттың-ау! Қазақтан шыққан Қабанбай, Бұғанадан аттың-ау! Отырмаймын, тұрайын, Белімді бекем буайын. Көңілің бір өскен Қабанбай, Батырдан сауға сұрайын. Сауға берсең өзін бер, Сөйлеп тұрған сөзім бер?! Қарайған қара басын бер, Қиылған қарқарасын бер?! Сіздерден болған өлім ғой, Бір Аллаға мәлім ғой. Елді шауып аларсың, Олжа қылып барарсың. Бір қойың сойып біреуің, Көңілсіз мені аларсың. Отырмайын, тұрайын, Белімді бекем буайын. Көңілің бір өскен Қабанбай, Өзіңнен ақыл сұрайын. Қара бір жорға мінгем жоқ, Қазина, торқа кигем жоқ. Қайтсем адам болармын, Артымда өскен сіңілім жоқ. Күндіз жүрсем күлкім жоқ, Түнде жүрсем ұйқым жоқ. Қайтсем адам боламын, Артымда бауыр, інім жоқ. Сары ат мінсем, тағам жоқ, Ақ сауыт кисем, жағам жоқ. Қайтсем адам болармын, Алдымда тұрған ағам жоқ. Тасқа бір қонған байғызбын, Бастауға біткен жалбызбын. Туысқан-туған менде жоқ, Мен бір сұмырай жалғызбын. Ішкен бір асың бал шығар, Артқан түйең нар шығар. Еңіретпе, қазақ, еңіретпе, Ұл да-қызың бар шығар. Қыздың сөзі қанық-ты, Қазаққа енді анық-ты. Ер Бөгенбай көңілшек, Қыз сөзіне қамықты. – Ей, жарандар, жарандар, Бермен маған қараңдар! Осы қызды тонама, Тонап олжа бола ма? Көзден аққан қанды жас, Ақыр да бізді қоя ма? Өлтірдің қыздың иесін, Босаттың жұрттың жүйесін. Қыз қолында лайық Алайын жалғыз түйесін. Ана көшке барыпты, Көшті шауып алыпты. Жоғары көшке барыпты, Түгін қоймай алыпты. Ерлікпенен Қабанбай “Біреуі мерт қып кетед” деп, Шағалақты қасына ап, Қыз күзетіп қалыпты. Қыздың аты – Қарашпан, Ақылынан адаспан. Қыздың киген киімі Үш жүз алпыс түймелі. Шағалақ жүр жаутаңдап, Қыз бетінен сүйгелі. – Ей, Шағалақ, Шағалақ, Неғып жүрсің жағалап. Жау баласын сүймеші, Үзбеші жалғыз түймесін, Сындырма жалғыз инесін. Қайдан білдің, шіркін-ау, Көз жасының тимесін. Шағалаққа тидірмей, Ақ бетін де сүйдірмей, Астына сүйеген ат берді, Атакеге хат берді. Әкесінің сүйегін Қыз алдына сап берді. Қыз кетті сонда төтелеп Батырлардың артынан. Өзі келді Қабанбай Ақбас атан жетелеп. Дәулетбай келді жетіп “ағам ғой” деп, “Қырғыздан олжа қылған заман ғой” деп. Дәулетбай өз пікірін айта салды, “Жақсы аға, осы олжаңды алам ғой” деп. Мұның несін отырсың сөз деп айтып, Бермей кетсем қалмайма көңілің қайтып. Жетпістің жетеуіне келді жасым, Өлгенше жүрейін де қосымды артып. Қай-қайда айдаушы едің өліміңді, Соңыңнан болсын тәуір ер сұ... Қырғыздың бір тайлағын маған қисаң, Апарып қуантайын келініңді. Сөз шықты бермейтұғын ат атанды, Дәулетбай бермеген соң көңілі қалды. – Қырғыздың бір тайлағын не қыласың, Алсаңшы өз тумамнан жеті атанды. Арқар деген тауыңда арқар-құлжа, Атқа түйе жігітке тегін олжа. Бір тайлағын қырғыздың қимағасын, Сірә да, жеңгем малын қылман олжа. Түйенің қызықтысы пернесіне, Алланың көп қайғырма келдесіне. Атасаң өз тумаңнан жеті атанды, Мұсама шын-ақ мінемін мен бермесіме. Ер Жантай басу айтып, қой-қойлайды, Дәулетбай Кембайды ертіп елге салды. Олардан үш күн бұрын елге келіп, Тал түсте түйенің қомын салды. Түйенің үш күн, үш түн қомын шешпей, Бойына Қызылсудың барып қалды. Еліктің оқ жетпейді лағына, Шұршыт көл еру болды бұлағына. Дәулетбай Қызылсуды еру деген, Естілді ер Қабанбай құлағына. Жиылып тамам батыр түндейді енді, “Батыр жоқ Дәулетбайдай бүгін де енді”. – Шапшаң барып елге көшіріп әкел, – деп, Шағалақты Шыңқожа жіберді енді. Жетелеп жеті атанды екеу келді, Кісіге келмейтұғын бекер келді. Дәулетбай екеуіне келмей қалды, Жылы шырай екеуіне бермей қалды. Дәулетбай екеуіне келмеген соң, Қабекем онан арман көңілі қалды. Қолжазбада бір сөз өшіп қалған. – Өзім басы боп барып ем Алакөлге, Қанша өктем қылып ем осынша елге. Әркімді өзі Құдай сақтасын, – деп, Қабанбай көшіп кетті Сарыбелге. Екеуі екі басқа кекті болды, Аз күні өкпе шайған өтті болды. Бір қыстай Сарыбелді қыстап шығып, Айырылған қуығынан дертті болды. Қазаққа сау болса да, өзіне өтті, “Ауруға мен осындай шалдықтым” деп, Арғынға найманменен хабар жетті. Ауруы күннен-күнге төмендейді, Көруге іңкәр болды Дәулетбайды. “Көңілін Қабанбайдың сұраймын” деп, Сексеннің сегізінде Бұқар келді. Есіктен үйге кіре жылай келді, “Бір бидай арпа ішінде – асылым” деп, Көңілін Бұқар жырау сұрай келді. – Бір бидай арпа ішінде – асылым-ай, Сені де көп көрді ме Құдайым-ай. Қазағымның қалқаны Қабанбай, Зар болармын таба алмай. Өлмейді деп жүр едім, Мұбада сұмырай заман-ай. Сенің дертің аударып, Құдай маған берерме-ай, Көзімнің жасын көрерме-ай. Үлкен тауға шыққанда, Шәңгіштен алған таяғым. Арқамды күнге күйдірмес, Шәрден киген бояғым. Алыстан сөз келгенде, Түріліп жатқан құлағым. Қашқан жауды құтқармас Белдеудегі пырағым. Мың жылқыны суарған Қайнардан аққан бұлағым. Сен аурусың деген сөз, Кеш естідім, қарағым. Естідім де жыладым, Құдайдан сені сұрадым. Арғыннан айттым жүз кісі, Найманнан айттым жүз кісі, Үйсіннен айттым жүз кісі, Алшыннан айттым жүз кісі – Төрт жүз кісі зекет қып, Жалғыз сені тіледім. Құдай сені қояр ма, Көзім жасын көрер ме?! Төрт жүз кісі байладым, Төрт жүз кісі, қарағым Қара мойын лағың, Әулиенің арты едің. Қарағым, қалқам, Қабанбай-ау, Қай жерде өлсең тұрағың?! Қабекем күрк-күрк жөтелді, Шынтақтап басын көтерді. Бұқардан күнді сұрады, Сұрады да жылады: – Бүгін айдың нешесі, Күн қараңғы кешесі. Он үші айдың – дүйсенбі, Жанның бәрі күйзелді. Мен сауымда көргенмін, Дүйсенбі күні өтпекпін. Сүйегім ...кетпекпін. Қапыда менен қалмаңдар, Арманда болып кетпекпін. Тағы да Бұқар тұрды енді, Әңгіме дүкен құрды енді: – Шағалақ пен Шыңқожа, Бермен таман келіңдер, Жатқан ерді көріңдер. Жалғаннан батыр өтеді, Сендер маған сеніңдер. Ақберен деген сауыттың Етегі бар, жеңі жоқ. Ағайынды кісінің Төбелессе кегі жоқ. Бұл жерде бір сөз өшіп қалған. Мен кісі танысам, Қабанбайдың адам болар кейпі жоқ. Шағалақ пен Шынқожа, Дәулетбайға барыңдар, Барып хабар салыңдар. Мына ағасын көрсін де, Өз қолынан көмсін де. Ақыретте қайтеді, Араздасып қоштасып, Ризалық берсін де. Қабанбай күрк-күрк жөтелді, Шынтақтап басын көтерді. – Бұқардың сөзін алмаңдар, Менің тілім алыңдар, Дәулетбайға бармаңдар. Барсаң дағы келмейді, Келіп мені көрмейді. Кетерінде атаған, “Өлсең сені көрмен деп, Терең қазып көмбен” деп. Сегіз жасар күніңде, Сені де жолға ертіп ем, Тоғыз жасар күніңде, Қоңырбөрік деген үйсіннен Қоймай айттырып беріп ем. Түскенде үйде жоқ едім, Бір сапардан келіп ем. Екі қыз бар қасында, Желегі бар басында. Бес белеңнен асқанда, Аяғын тық-тық басқанда, Ұрғашының дегдары Боларсың ғой, – деп едім. Сүйткен қайран келінге Дұғай да, дұғай сәлем де. Тағы да Бұқар тұрды енді, Тағы бір кеңес құрды енді: – Өлінің тілін қызы алмасын, Тірінің тілін ұлы алмасын. Шынымен кетті Қабанбай, Енді бізге тұра алмасын. Шағалақ, мінші Қубасты, Шыңқожа, мінші Бөрте атты, Ал қосарға төрт атты. Сол шапқаннан шабыңдар, Қызылсудың бойынан Дәулетбайды табыңдар. Араз екен демеңдер, Араздасып айтпаңдар. Өтірік екен демеңдер, Ел бүлдіріп қайтпаңдар. Осылай-осылай деп, Ептеп бір алып қайтыңдар. Шағалақ мінді Қубас атты, Шыңқожа мінді Бөрте атты. Төрт атпенен түн қатты, Түске дейін шауыпты. Түсіп артына қараса, Үш күндік жер қалыпты. Ел жататын уақытта, Қызылсудың бойынан Дәулетбайды тауыпты. Екеуі барды дүрірлеп. Сол заманда төсекке бел шешіп жатпақ екен. “Тыста елді дүбірлеткен бұл кім?” деп дауыс белгі берген екен. Шағалақ айтты: – Мен, – деді, – Апырмай, нағып жүрсің сен? – деді. Қубас аттың үстіне Төрт атқа қомды теңдеді. Төрт байыстың баласы Төбеде қалып еңіреді: – Тас қорғаның бар еді, Бір шекесі құлады. Қос бәйтерек сен едің, Мінеки, бірі сұлады. Қабығы жоқ қу ағаш Қуарып жерге түскен соң, Қатындар отын қылады. “Қанжауғырым не айтад?” деп, Дәулетбай қайта сұрады. “Сұрағаның құрсын” деп, Дәулетбайдың қатыны Төсектен ұшып тұрады. Түрегелді ойбайлап, Бетінен қаны тым қайнап. Абдырасын ақтарды, Асыл бұйым ап салды. “Қарағым, қалқам, қайнағам, Жаратпадым” деп салды. – Тірі күнде көрмедім, Сыбағаңды бермедім. Есік ашып енгізіп, Қағып сырмақ салмадым. Су құйдым ба қолыңа, Қайырлы бата алмадым. Атыңды шешіп белдеуден, Аттандырып артыңнан, Қуанып-күліп қалмадым. Қарағым, қалқам, қайнағам, Бөтен емес, өз ағам. Қанатымнан айрылдым, Жасыған жездей майрылдым. Ашпа көзіңді, Дәулетбай, Қандай да күні айрылдым. Тысқарға шығып ақырды, Абысынын шақырды. – Сендерді Құдай алмады, Ұйқыларың қанбады. Шолпан туа үйді жық, Таң сарғая түйені арт. Ақсақ-тоқсақ қалмасын, Жасауылды қалың сал. Артыңды қырғыз алмасын, Қатын сүйтіп шөптеп жүр. Төрт атты ұстап ерттеп жүр. Дәулетбай отыр қасында бүктеліп, Ақ бидайша түктеліп. – Көрмейсің бауырыңды, Иен қалған ауылыңды. Ертең біреу талқандап, Жыртады шіркін сауырыңды. Мінбеймісің атыңа, Жеткізді Құдай антыңа. Ертең біреу олжа қып, Салады шіркін артына. Көрмеймісің ағаңды, Алысқан жыртар жағаңды. Үйбай-ау, сонда көрермін, Ағаекемсіз бағаңды. Қатынның сөзін қостады, Қайтадан екі ат ұстады. Атқа мініп Дәулетбай, “Уа, дариға, ағам” деп, Білегін жұлып тастады. Олар алды төрт атты, Сегіз тұлпар түн қатты. Түн бойынша шауыпты, Таң мезгілі болғанда, Елдің шетін тауыпты. Күн шығатын уақытта, Ел шетіне кеп жетіп, Үш қойшыны тауыпты. Келіні бұрын жетіпті: – Қарағым, қалқам, қайнағам, Тірі ме? – деп сұрапты. Бір қойшы айтты “ай” деді, Бір қойшы айтты “шай” деді. Бір қойшы айтты “бар” деді. – Кеше кеште мен бардым, Көзімізбен күзеттік, Қолымызбен түзеттік. Сендерге қарап жатыр ғой, Есіктегі сәулеге Жалтақ-жалтақ қарайды. “Қорай да, қорай, көк серке, Қойым да кетіп барады”. Қойшыдан өте салады, Ауылға шауып барады. “Ой, бауырым” сала Дәулетбай, Ауылды үш айналдыра шабады. Кетексі бауыры келген соң, Талықсып батыр құлады. Кіріп бір келіп келіні, Құшақтап басын алады. Аузынан аққан сілекей Айналдыра жалады. – Айналайын жақсы аға, Күйіп ішім барады... Тағы да Бұқар тұрды енді, Жылап бір кеңес құрды енді: – Туысқаның құрысын, Тірідей көңілін қалдырдың. Қалдырғанмен қоймадың, Қос атпенен алдырдың. Туысқан сендей жан жоқ қой, “Ой, бауырым” салып талдырдың. Қорлыққа-қорлық, Қабанбай, Зарлықта-зарлық Қабанбай, Зар болармын таба алмай. Еділ менен Жайықтан Ерігіп шауып өтпейді. Ту көтеріп атқа мін, Әруағы болса Қабанбай, Бір тірілмей кетпейді. Қабанбай күрк-күрк жөтелді, Ұшып басын көтерді. Жасынан ерген жолдасы Абылай келді өтерде. Шағалақ жүр тысқарда, Ауызы-басы жыбырлап, Әрбіреуге сыбырлап. – Ей, Шағалақ, Шағалақ, Нағып жүрсің жыбырлап, Қатынбысың сыбырлап. Бері маған алып шық, Мен отырмын тыншықпай, Көкіректен жан шықпай. Зорға-зорға қыбырлап, Шағалақ келді қасына, Тізесін қойды басына. Кіргенде көл болды, Көзінен аққан жасына. – Айналайын Қабеке-ау, Көзің тірі жатқанда, Қорлық деген осы ма?! Мың кісіге бас болып Әтеке жырық баласы Садыр бала келіп тұр. “Көзі тірі жатқанда, Көңіліне нық болсын деп, Елін шауып кетем” деп, Кекілік дейтін кезеңде Мәмбет хабар беріп тұр. Талып бір жатқан Қабанбай Ұшып басын көтерді. – Әулиге ат айтшы, Пайғамбарға бата айтшы, Қорасанға қой айтшы, Өліп бір жатқан денемді Сау кісідей қатайтшы. Ертең сәскеге дейін жаным қой, Жаудан кегімді алайын! Жаудан өлсем шейтпін, Жерге қойсаң бейітпін. Көзім тірі жатқанда, Қорама келіп кейіттің. Байжігіттің тазы едім, Таудан түлкі қоймаған. “Құмарлан” деген тазы едім, Сәскеге дейін жаным қой, Жаудан өлсем шейітпін. Қара қазан Садыр бала, Тартынбай шап, бол, бала! Жар болғай бабам дұғасы, Сарт болмасаң бір қара! Алладан пәрмен сұрады, Орнынан ұшып тұрады. Тұрғанын біліп батырдың, Жабықта тұрған ақ туы Желбір қағып байқасаң, Көтеріліп барады. – Ей, Шағалақ, Шағалақ, Он алтыңда ертіп ем Бір өзіңді, қарағым, Жүз кісіге бағалап. Алып бір келші Қубасты, Төрт аяғын таймастай істеп тағалап. Ноқта-жүген қолға алып, Жүгірді атқа Шағалақ. Бестідегі күніндей, Безеңдеді Қубас ат. Жүреді екен жағалап, Ноқта, жүген ілген соң, Аяғын алды тағалап. Батырға алып келеді, Хайуан да болса жолдасы, Батырды танып Қубас ат, Оқыранып береді. Елу бестегі күніндей Ұшып атқа келеді. Маңдайынан бір сипап, “Аллалап” атқа мінеді. Тақымы ердің тиген соң, Лып беріп Қубас жөнелді, Маядай мойнын созады. Тарта-тарта батырдың Алақаны тозады. Көк айыл болып көпірді, Жер басқаннан озады. Ауыздықты басады, Езуден көбік шашады. Кекілік дейтін тік кезең Қубаспен шауып асады. Ақбөрте аты астында, Дулығасы басында, Садыр деген бір қырғыз Келген екен дәл сонда, Дәл он алты жасында. Ұрадан төмен желеді, Елін тоқсан бөледі. Қайтатұғын ер емес, Қарама-қарсы батырға Талмай ұшып келеді. Қабанбай биік өрісі, Бойына түсті перісі. Найзаменен салды енді Болмайтұғын баланы. Қақ жүректен салады, Туы қолдан ұрады. Тыпырлатып Қабанбай, Найзамен түйреп тұрады. Абылай түсе жүгірді, “Кесейін, ұлым, басыңды, Құртайын, – деді, – жасыңды”. Ер Қабанбай көңілшек, – Ей, Абылай, тұра-тұр, Бұ да өзіңдей ер екен. Өз елінде сері екен, Жас өспірім бала екен. О, дариға, дүние-ай, Жекеге шығып жүр екен. Абылай хан өкпелеп: – Қабеке, – деп, Жау мұнда не қылмаған біздің елге, Қысымы сен жатқалы өтіп еді, Аядың ер, Қабанбай, мұны неге? Өлтіріп мұны тынбадым, Бәйбішемді күң қылған, Бозбаламды құл қылған, Өрісімді бұзып мал алған, Күймемді бұзып қыз алған. Аямадың мен енді, Өлгенше көрмен сені, – деп, Өкпелеп тұра жөнелді. Жерде талып бір жатқан жас бала Өстіп басын көтерді. – Қабанбай, мені тез өлтір, Аясаң мен кетемін, Артыңда қалған жұртыңның Мен түбіне жетемін. Қолына төре Абылай пышақ алды. Атынан ашуланып түсе қалды. Сөзіне Қабекеңнің қарайламай, Басынан қақ жүректің есіп алды. Өлтіріп он алтыда қайран жасты, Абылай қанын жұтып, мауқын басты. Батырым мың кісіні өлтірген соң, Ит қырғыз туы құлап, бәрі қашты. Жабылып ол қырғызды бәрі қуды, Жете алмай арттан өріп қалды енді. Ол жерде тоқталмастан қырғыз қашты, Қабекем Қубас атқа қамшы басты. “Сен жауды кәрі мұндар құтқардың” деп, Кекілік ылдиында арыздасты. Тайыңда арда еміп ең, Тегі торы деп едім. Құнан жаста арда емдің, Құнтай торы деп едім, Дөнен жаста арда емдің, Дөңбектей торы деп едім. Алты жаста арда емдің, Арқан тағып қойып ем. Жеті жаста арда емдің, Жер қайысқан қол бастап, Алакөлге барып ем. Осы келген қырғыздың Елін шауып алып ем. Жалғыз қызын қырғыздың Ат көтіне салып ем. Ақ түйесін қолынан Еріксіз тартып алып ем. Сені мінген күнімде Қайықсыз түстім теңізге. Сенен басқа мал мінсем, Болушы ем мінгендей өгізге. Сен келдің отыз сегізге, Мен келдім жетпіс сегізге. Қартайған екен қос кәрі ит, Құтқарды жауды дегізбе. Ал Қабанбай осыны бастайды енді, Келсе қанша қырғызы саспайды енді. Қайраты әуелгідей бойға түсіп, Бес жүз бозды сәтке қырып тастайды енді. Қабанбай қардай борады, Бестідегі күніндей. Мың кісінің алды-артын Қубаспен шауып ұрады. Тік жібермей Қабанбай, Ерін қоймай қырады. Бір жылғаға салады, Жұрт олжаны алады. Ертең сәске уақыт болғанда, Уағдалы күн таянып, Аяғы үзеңгіден шығып барады. Жалын құшып Қубастың, “Аллалап” барып Қабанбай, Еңкейіп барып тұрады. Ағасының көңілін Дәулетбай, Дәл сол жерде келіп сұрады. Дәулетбайды көрген соң, Ер Қабанбай жылады, Көзінің жасын бұлады: – О, Дәулетбай, бері кел, Бері кел де мені көр. Өкпелеген түйеңді ал, Түйе түгіл қалады Міне, қатын, иен мал. Апар мені үйіме, Түсе алмаспын күйіме. Қиналды менің жаным-ай, Кәпір, қазақ асын ішкен Он бес құлақ қазаным. Бір биені сояды, Қазанына салады. Бірі қалмай алдына, Жұрты жиылып барады. Келінін танып Қабанбай, Сонда азырақ сөйледі: – Әйел де болсаң тапсырдым, Қара құрсақ Мәмбетті Қара Емелге жи, – деді. Қорлықтың жайын айтайын, Еркекте ақыл болмайды, Қонысынан ауған соң. Ағайынға өкпелеп, Ел шетіне барған соң. Ауылды шетке қонғызба, Жақсы көрер баласың, Жау көтінен қуғызба. Ат-айғыр жүрер оқырап, Құлын-тай жүрер шырқырап. Бозбала жүрер өріліп, Ат-айғыр жүрер қырылып. Онан қорлық өте ме, Ол сүйектен кете ме?! Азарлықтың жайын айтайын, Әйелден ақыл қалмайды Біреуден сауын сауған соң. Көшін жөнекей ұрысып кеп, Қолынан жұлып алған соң. Әркімге барар шермеңдеп, Бермесе көңілі көр болар, Қайтады көзі телмеңдеп. Одан зарлық өте ме, Ол сүйектен кете ме?! Дәулетбай еді қанатым, Қосай еді қайратым. Мына отырған сұм жеңгең Жас күнінен мінген төл атым. Екі емшегін көрсетіп, Жамаулы киім кигізбе, Құлынды бие мінгізбе. Байжігіттің баласы Шет найманға жегізбе. Жеңгеңнің жайын айтайын Аса кесір сараң-ды, Қолын жұлмас арам-ды. Қош, Дәулетбай, аман қал, Қарасатынға тапсырдым Қатын менен баламды. Мен сауымда көргенмін, Дүйсенбі күні өтпекпін. Өткен күні ғайыптан, Ақ түйе маған жетпектін. Үш күнде көрде мен тұрсам, Сүйегімді қырғыз алып кетпектін. Кәпір, қазақ алыс-жуық демеймін. Әруағымды кім бұрын ауызына алса, Соны қолдап кетпекпін.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.