Kazakh
Қабанбай туралы жыр (Бағыбай Мергенбаев нұсқасы)
Базардан боқша-боқша бөз келеді, Атқан оқ ажалдыға кез болады.
Жамағат, құлақ салып сөз тыңдасаң, Азырақ Қабанбайдан сөз келеді.
Шұбарым, арғымағым, жүлде алғаным, Арқа ауыл үлкен бауда күн шалғаным. Аузыма “а” дегенде тола түсіп,
Сөзіне ер Қабанбай ұйғарғаным.
Болғанда арғын, найман арысыңды,
Қабекең алып берген намысыңды. Батырдың Қабанбай заманында, Кетіпті қалмақ шауып арысыңды.
Қан құсты, қапаланды ер Қабанбай, Қалмақтан кетіпті кек алалмай.
“Намысын Қабанбайдын әперем” деп, Келіпті төмен түппен ер Абылай.
Жігіттер, жақсы қалай, жаман қалай, Жүреді қайда жаман мал бағалмай. Жалаңдар сөз білмейтін ел ішінде,
Жығылар нақақ дауға сөз табалмай.
“Жолда өзім еріп барайын” деп, Келіпті қанжығалы ер Бөгенбай. Жеріңде Арқа сауыр арқар-құлжа, Табылса атқа түйе тегін олжа.
“Бас қосты өңкей батыр” дегеннен соң, Келіпті әдейі іздеп Ажықожа.
Жігіттер, отырмаңдар бекер қарап, Жел сөзді неғылайын сізден аяп.
“Бас қосты өңкей батыр” дегеннен соң,
Аттанды көкжалдыдан Көкжал Барақ.
...........................................................
Қолжазбада бір өлең жолы өшіп қалған.
Қабанбай сонша батыр жігіт алып.
Батырлар жүрмек болды қарап жатпай, Жау көрсе шапқандай-ақ тізгін тартпай. “Бас қосты өңшең батыр” дегеннен соң, Аттанды Қосай, Мәмбет, ер Дәулетбай.
Жиылып өңшең батыр аттан етті, Айнала сонша батыр дастан қыпты. “Тепкіме қандай батыр шыдайды” деп,
Жылқыдан ұстап алды Қубас атты. Батырлар түнде жүріп, күндіз жатты. Жігіттер, жер мөлшерін қарай қойшы, Бір айда Алатауға әрең жетті.
Шеріктің жарым аты арық боп қап, Бабына сонда Қубас әрең жетті.
Шеңгелді ерікпейтін қарап қойшы, Сол жерде ат семіртіп бір ай жатты.
Азығы батырлардың таусылып қап, Бес күндей тілін тістеп қарап жатты.
Жол атын алып жүрген Құдайы айтты, Бір сөзді Барақ сонда айтам деген.
“Жауыңды алдырмайтын қайтем деген, Далада атым сойып қаңғырмаймын, Қоста бар ер жақсысы, қайтам деген”.
Қабанбай сонда сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді:
– Білмеген ата жөнді балаң білер, Төсегі жаман қатын арам келер. Табысы жоқ кісінің болушы емес,
Аш болсаң азғана күн, аран жүрер.
Қабанбай соны айтты да, күлімдейді, Ақ туы Қабанбайдың дүрілдейді.
Туынан дүрілдеген жеті айналып, Қабекең қосқа кіріп күлімдейді.
Жігіттер киім тастап жеңілшектеп, “Бір соғыс неғылса да бүгін” дейді. Көрінсе ал біреуді, ал дейтұғын, Ақшабдар қарауылға бар дейтұғын.
Ақшабдар қарауылға шыға сапты,
Қалмақтың өз ішінен бүлік шығып.
Бір тайпа ел көшіп жақын келіп қайтты, Үш қоршап қазақ елі қоршап апты.
Бар екен қалмақта да не данышпан, “Қазақ” деп жеке-жеке біреу шапты. Тұрады ол Қабекең жауды байқап, Бір кірсе қолтығымнан құшр борқап.
Бір жерде кез келіп еді Көкжал Барақ, Болмады Бараққа да найза шайқап.
Тұрады ол Қабанбай жауды байқап,
Бір кірсе қолтығынан құшар торқап. Бір жерде кез келіп еді ер Дәулетбай, Болмады Дәуекеңе түріп тастап.
Шақырып Шағалақты қасына алды, Ақ туын Шағалаққа бере салып,
Қабекең Қубас атқа қарғып мініп, Ақ найза толғамалы қолына алды.
Шіркінді неге қылды бағанадан, Өтсеңші Барақпенен екі арадан. Кәпірге кірпік қақпай тұра шауып,
Тастайды іліп барып бұғанадан.
Сол кезде жиылысып қырғыз келді,
Ол қырғыз түнде келмей, түнде келген. Әлгі жау мына қыздың әкесі екен, Жетелеп ақ бас түйе бір қыз келді.
Ақ туын Қабекеңнің шоқтайды енді, Батырлар олжа алған тоқтайды енді. Баяғы қыз әлгі жаудың қызы екен, Әкесін бір азырақ жоқтайды енді:
– Алакөл тасыр таяз боп,
Ер сарғаяр мал аз боп. Көшпе десем, көштің ғой, Өзің үйді шештің ғой.
Жақпа десем жақтың ғой, Өзің бастап шықтың ғой. Бастап шыққан еліңді
Ал көлеңке тықтың ғой.
Сені өлтірді Қабанбай, Қапысын қалдың табалмай?! Тола түскір Көкторғай,
Неғып қалдың шабалмай?!
Әтиімнің найзасы,
– Қарағай болды, морт болды. Қабанбайдың найзасы,
Емен де болды, шорт болды. Қара ат мінсем, таға жоқ, Қазине кисем, жаға жоқ.
Қайткенде адам боламын, Алдымда өскен ағам жоқ.
Ағасы жоқ сұм қызбын, Сіңлісі жоқ қу қызбын. Мен-ай өзі білмеймін,
Осылай болған бір қызбын.
Ойбайдан басқа күнім жоқ,
Бір жанымнан басқа тыным жоқ. Қайткенде адам боламын,
Артымда өскен інім жоқ.
Тасқа біткен байғызбын, Суға біткен жалбызбын. Алдымда жоқ, артымда жоқ, Бір енеге біткен жалғызбын.
Артқанда шермең нар шығар,
Ішкенде асың бал шығар. Зарлама, қазақ, зарлама, Мендей де балаң бар шығар.
Сендерге жетпес әлім ғой, Сендерге біткен малым ғой. Сіздерден сұраған әкемнің Бір шыбындай жаны ғой, Бір қасықтай қаны ғой,
Бір Құдайға мәлім ғой.
Мені алып барасың, Ат көтіне саларсың.
Бір қойыңды соярсың, Қатын қылып аларсың.
Баянды қатын мен болман, Біріңді мініп қашармын, Орнымды сипап қаларсың.
....................................
Тонау олжа бола ма?! Көзімнен аққан қара қан,
Сірә, сені қоя ма, Жаныңды сенің қоя ма?! Зарлатпа, қазақ, зарлатпа. Қыздың сөзі қанық-ты,
Көңілшек екен-ді Қабанбай, Қыз сөзіне қамықты.
– Жарандар-ау, жарандар, Жарандар, маған қараңдар!
Осы қыздың мен өлтірдім иесін, Осы қыз босатты жаның жүйесін.
Тағы да жауға бастайын, Ана көшке барыңдар, Көрінгенді алыңдар. Ана топқа барыңдар, Топтан олжа алыңдар.
Ерігіп жатқан көп батыр, Үйге қарай салыңдар.
Ана көшке барыпты, Топтан олжа алыпты. Ерігіп жатқан топ батыр
Үйге қарай салыпты. Ерікпейтін Қабекең Қыз күзетіп қалыпты.
Шағалақ жүр сонда жағалап, Қыз бетінен сүйгелі.
Қыз үстінде кигені
Үш жүз алпыс түймелі. Шағалаққа сүйгізбей, Тірі жанға тигізбей, Қыз мінгедей ат беріп,
Қолжазбада бір өлең жолы оқылмады.
Әкесіне хат беріп, Әесінің сүйегін Алдына сап беріп,
Батырлар кетті төтелеп. Күншілік жерге барғанда, Артынан келді Қабекең Ақ бас түйе жетелеп.
Басы бар жануардың жылқы астаудай, Төсі бар жануардың төс астаудай.
Он кісі өркешіне мінгескендей,
Ортасы борбайының ел көшкендей. Кілемнің ат басындай сызықты енді. Жарықтық нар да емес, мая да емес, Батырлар сол түйеге қызықты енді.
Дәулетбай: “Қабанбай бірге туған ағам ғой деп, “Қырғызды олжа қылған заман ғой деп, Ағамның бір тайлағын алам ғой” деп,
Дәулетбай үйдеп айтып,
Кетеді бермеген соң көңілі қайтып.
– Жетпіс жетіге келді менің жасым,
Жүретін өле-өлгенше көшімді артып.
–Жұмсайсың қай-қайдағы өлімге Соңыңнан жақсы болсын еруіме.
–Қырғыздың бір тайлағын қисаң маған, Апарып қуантайын келініңді.
Дәулетбай уәдеден енді танды, Бермеген соң ағадан көңлі қалды.
–Қырғыздың бір тайлағын неғыласың, Берейін өз түйемнен жеті нарды.
Жерінде Арқа сауық арқар-құлжа,
Осысы сараңдық қой, Әділ қожа. Қырғыздың бір тайлағын қимаған соң, Өлгенше жеңге малын қылман олжа.
Дәулетбай осы арада демейсің бе, Қабекеңнін көзі жетті бермесіне.
–Алмасаң өз түйемнен жеті атанды, Мұсама мен де міндім бермесіме.
–Мұсаңа сен де мінсең бермесіңе, Соңныңнан ит болайын ермесіме.
Қайсымызға өлім жетіп, өліп кетсек,
Тесе алып, топрақ салып көмбесіме.
Батырлар сол арада қайғы ойлады, Ер Жантай босалқалы айғайлайды. Тал түсте түйенің қомын салды, Дәулетбай кірмей кетті ана дуға.
Жақсылар мас боп жатыр малды буға. Түйенің үш күн, үш түн қомын алмай, Қоныпты Алакөлді ашты суға,
Қайнардың ат суғарды бұлағына, Еліктің оқ тимейді ылағына.
Дәулетбай Ащысуға кетті деген Естілді Қабекеңнің құлағына.
Жиналып өңшең батыр түгелденді, Батыр жоқ Дәулетбайдай біздерге енді. “Көшіріп шапшаң барып алып кел” деп, Шағалақ Шынқожамен жіберді енді.
“Көшіріп келейік” деп екеуі барды, Кісіге келмейтұғын бекер барды.
Кеуілі шынымен қалған екен,
Дәулетбай түзу жауап бермей қалды.
“Барып бекер бастап Алакөлге,
Қылып қанша өктемдік осынша елге. Әркімді қайда жүрсе Құдай сақтар , Көшейін мен де былай Сарыбелге”.
Қабекең Дәулетбаймен өшті болды,
Екеуі келмейтұғын алыс жерге көшіп қонды. Бауырын Сарыбелдің бір жыл қыстап, Айрылған қуығынан дертті болды.
“Айырылып қуығынан болды дертті, Болса да қазаққа сау, өзіне өтті.
Жолықты бір нәрсеге осылай” деп, Арғынға найманменен хабар етті.
Сексен сегізінде Бұқар кепті,
Ол Бұқар келсе дағы жылап кепті. – Қарағым, қалқам, шырағым, Сені ауру дегенді
Кеше естіді құлағым.
Мың жылқыны суғарған Сарқылмас қайнар бұлағым. Қашқан жауды құтқармас,
Белдеуде тұрған пырағым. Жел жағымда
Жайылып жатқан саяғым, Ұлытаудың тасына Сүйенетін таяным.
Еменнен біткен таяғым, Арқамды күнге күйдірмес Шәрден алған бояғым.
Арғыннан айттым жүз кісі, Керейден айттым жүз кісі,
Өзімнен айттым жүз кісі – Осы жиған төрт жүздің
Басы өзім боламын.
Қара мойын қағынды Айтатұғын ылағың.
Сағымнан біткен Қабанбай, Қайдан да болар тұрағың?
Тағы да Бұқар жылайды, Қайғырып қатты жырлайды: – Ақберен деген сауыттың
Етегі бар, жеңі жоқ. Ағайынды кісінің Өкпесі бар, кегі жоқ. Ауру жатқан Қабекең Адам болар кебі жоқ.
Шағалақ мінсін Қубасты, Шынғожа мінсін Бөрте атты, Екеуі алсын төрт аты.
Түске шейін шабыңдар, Түстен кейін босатып,
Ана екі атпен шабыңдар. Келіп жатар уақытта, Ащысудың басында Дәулетбайды табыңдар. Дәулетбайды қатынымен Тезірек алып қайтыңдар.
Қабекең күрк-күрк жөтелді,
Шынтақтай басты көтерді.
– Бұқардың тілін алмаңдар, Дәулетбайға бармаңдар.
Тіріде айтқан “көрмен” деп, “Өлсе де ақ арулап көмбен” деп.
Тағы да Бұқар жылайды, Тағы да кеңес құрады:
– Менің тілімді алыңдар, Дәулетбайға барыңдар.
Араз кісі демеңдер, Адырайтып айтпаңдар. Өкпелі кісі демеңдер, Өкімдік қып айтпаңдар.
Ептеп-ептеп айтыңдар, Ептеп алып қайтыңдар.
Қабекең күрік-күрік жөтелді, Бұқардан қүнді сұрады,
Сұрады да жылады.
Бұқар айтты: – Құдай білер, Бүгін айдың он екісі – жексенбі. Ертең айдың он үші,
Күнің аты – дүйсенбі. Бүгін болса жексенбі,
Жанның бәрі теңселді. Ертең болса дүйсенбі, Жанның бәрі күйзелді.
– Ертең түсте өтпекпін, Ақмойнаққа қойыңдар.
Мекеге сүйегім кетпейтін, Сүйегім Меке кетпесе, Жоқ болғаны тілегім,
Не болады бұл елім?! Кәпір көрсе етімді,
Дәріш қылар өтімді.
Жемтік қылып кетеді-ау Артымдағы жетімді.
Жауда өлсем қазымын, Байжігіттің азымын.
Құмнан түлкі қоймаған “Құмарлан” деген тазымын. Бұқардың тілін алсаңдар, Дәулетбайға барсаңдар,
Дәулетбайды нетейін,
Дұғай сәләм келінге.
Бұл жалғаннан не алайын, Ол жалғанға барайын.
Жесір бала, жесір қатынды Сол келіннен алайын.
Сегіз жаста күнінде, Серуен құрып жүргенде, Керуен жолдың үстінде Алып беріп ем ініме.
Желегі басында,
Сыртынан бір-ақ көріп ем. Жәй таңда жайжаңтарыңда, Жайтаңдар алып келіңдер. Шағалақ мініп Қубасты, Шынқожа мініп Бөрте атты, Екеуі алған төрт атты.
Түске шекті шауыпты, Кедей жатар уақытта, Ащысудың бойында Дәулетбайды тауыпты.
Жетіп келді дүбірлей,
Бел шешпек күн жоқ екен,
Дәулетбай жүгіре шықты бұл кім? дей.
–Шағалақ атты мен, – дейді,
–Даусы белгілі ер шешен, Неғып жүрсің сен? – дейді.
–Жүрейін неғып мен, – дейді, Бізді Құдай жөндейді.
Қубас аттың бауырына Төрт қап күміс теңдейді.
Бес байыстың баласы Төбеде тұрып еңрейді.
Қабығы жоқ қу ағаш
Қатындар отын қылады. Қос бәйтерек бар еді, Біреуі соның сұлады.
Тас қорғаны бар еді, Бір шекесі құлады. Қабекеңнің ақ туы
Кімдер ұстап тұрады,
Кімді ұран қылады?
“Қанжауғыр-ау не деген?” деп, Дәулетбай қайта сұрады. “Сұрағаның құрсын” деп, Дәулетбайдың қатыны
Үйде отырып жылады.
Шыға келді ақырып:
– Осы ауылдың қатындары оңбайды, Ұйқылары қанбайды,
Айтса тілді алмайды.
Шолпан тұра үйің жық, Таң сарғайа жүгіңді арт. Ақсақ-тоқсақ қалмасын, Жасауылды қалың сал, Артыңды қалмақ алмасын.
Үйіне келсе,
Дәулетпай отыр бүктеліп, Ақ бидайдай түктеліп.
Дәулетбай-ау, Дәулетбай, Неге отырсың бүктеліп,
Ақ бидайдай түктеліп?
Бармайсың ба баурыңа, Қараң қалған аулыңа.
Өкпелеген түйеңді ал, Түйең түгіл,
Қалды ғой саған иен мал. Көшпе десең, көштің ғой, Өзің үйді шештің ғой.
Таласқан түйең құрысын, Мың кісілік ағаңды
Кетірдің көшіп бағамды. Бағаламай ағаңды,
Қара жерге тықтың ғой. Өзің емес, қазақты Қайстырып жықтың ғой. Алды ажал ағаңды, Ағаңнан қалып не болдың, Көрінген жыртар жағаңды. Көремін-ау, батырым, Сонда сіздің шамаңды.
Жаныңда мен тұрмадым, Жағымды бата алмадым. Қолда келін болмадым, Қолынан бата алмадым. Қайткенде мен оңалам, Қайынағамның қолында Келін болып қалмадым. Мен бір ғайып құс болдым, Тірі болмай өмірден,
Қайтсем дағы жоғалам.
Абдырадан ап салды Асыл бұйым заттарды. “Айналайын атама Жаратамын” деп салды. Теңді, бұйым заттарды “Айналайын Әтиге Жаратамын” деп салды.
Қатынның сөзін қостады, Тап жүрерге келгенде, Дәулетбай “ой, баурымдап”
Білегін жұлып тастады.
Олар да алды төрт атты, Бұлар да алды төрт атты, Керуен жолымен түн қатты. Екі ортасы иендей,
Үндемей кетті-ау атты. Таң атты күн шыға,
Келіп жетті қойшыға Дәулетбай. Қойшыдан барып сұрады,
Сұрады да жылайды.
Қойшы сонда сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді:
– Неше барып көңілін сұрап ем, Таң атқанша күзеттік,
Аяғын оңдап тұзеттік.
Сіздерді тосып жатыр ма, Есіктен түскен сәулеге
Жалтақ-жалтақ қарайды. Шөлдеп жатыр ғой деймін, Сусын берсе ішпейді,
Астыңғы ернін жалайды. “Құрай да-құрай көк серке”,
Қойым кетіп барады,
Айтсам бір жағым талады. “Аулы баурымның анау” деп, Қойшы кетіп қалады.
Ауыл төбесін көрген соң,
Дәулетбай “ой, баурым” деп шабады. Дәулетбай екенін білген соң,
Қабекең талып барады.
Дәулетбайдың қатыны “Айналайын Әтидің
Сілекейін алам” деп, Аузын келіп жалады.
Келіні екенін білген соң, Онан сайын талып барады. Бұқар сонда сөйледі, Сөйлегенде бүй деді:
– Дәулетбай-ау, Дәулетбай, Ағаңның неғып жүрсін,
Тіріде көңлін қалтырдың. Онымен де қоймадың, Қос атпенен алдырдың.
Дәулетбай сонда сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді:
– Еділ менен Жайықтан Ерікпей шауып өтпейді. Туысқаны менімен
Рас болса Қабекең,
Бір сөйлеспей кетпейді.
Ерлік те ерлік, Қабанбай, Ерлік қалай, Қабанбай?! Қорлықта-қорлық, Қабанбай, Қорлық қалай, Қабанбай?! Зорлық та зорлық, Қабанбай, Зорлық қалай, Қабанбай?! Мұңлық та мұңлық, Қабанбай, Мұңлық қалай, Қабанбай?!
Қабекең күрк-күрк жөтелді, Шынтақтап басты көтерді.
Дәулетбай қалқам, келдің бе?
Өкпелеген түйеңді ал.
Түйең түгіл қалды ғой саған иен мал.
Мына отырған жеңгеңнің бір мінезі бар, Айтамын, айтпағанда қайтейін,
Апасын да тыйып ал.
Қолын жумас арам-ды, Тамақ бермес сараң-ды. Мен өлген соң сорлының Көрген күні харам-ды,
Онысын да тыйып ал.
Ақырмай жұмса баламды, Ойымда жүр харам-ды.
Мен өлген соң сорлының Көрген күні қараң-ды.
Екі емшегін көрсетіп,
Жыртық көйлек кійгізбе.
Қаңырағын түтетіп, Құлынды бие мінгізбе, Құрау-құрау дегізбе.
Бес байыстың баласын Сыртқы жауға жегізбе. Ерліктің жайын айтайын, Айтпағанда қайтейін.
Жылқыңды шетке салғызба, Жылқыңды жаңа жау алса, Сүйекті болар бозбала,
Жау артынан барғызба. Айғырың жүрер орқырап,
Құлынтай жүрер шарқырап.
Өз малыңды көргенде,
Сай-сүйегің кетер сырқырап, Бозбалаң жүрер жиылып.
Көңілі өскен сұм қалмақ Сұрасаң жауап бермейді, Артына қарап бұрылып. Сонан қорлық өте ме Сол сүйектен кете ме?!
Зорлықтың жайын айтайын, Айтпағанда қайтейін.
Еркек зарлық, малы жоқ, Қатың зарлық, бала жоқ, Құдайға қылар шара жоқ. Еркекте ақыл қала ма,
Қонысынан ауғанда. Әйелде ақыл қала ма,
Біреуден сауын сауғанда.
Көшкенде көлігін тартып алғанда, Туырлық жұртта қалғанда.
Содан зорлық өте ме,
Сол сүйектен кете ме?! Мұңылықтың жайын айтайын, Айтпағанда қайтейін.
Жазы-күзі дертті ғой, Алып келген бақсысы Дауасын таппай кетті ғой. Сонан мұңлық өте ме, Сол сүйектен кете ме?!
Соны айтты да Қабекең, Әрең жатыр қимылдап.
Есік жақта Шағалақ жүр,
Бірдеңе деп ауыз-басы жыбырлап.
Қабекең сонда сөйлейді: – Шағалақ-ау, Шағалақ, Неге жүрсің жағалап?!
Боламысың жыбырлап, Қатынбысың сыбырлап. Еркек адам секілді
Қатты-қатты-айтпаспа, Сартылдатып жүрмес пе.
Мен іліктен қалдым ба?
Шағалақ сонда сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді:
–Әр не ойға төніп тұр, “Көзінің тірісінде шабам” деп,
Әтеке жырық мың кісімен келіп тұр. Қабекең күрік-күрік жөтелді, Шынтақтай басты көтерді.
–Құдай-ау, маған дем салшы, Қубас атқа ер салшы!
Бүгін түсте өтпекші ем, Кешкі сәске кең салшы! Тәңіріме тай айтшы, Құдайыма қой айтшы. Бүгін түсте өтпекші ем, Бие сауым тым болса, Көңілімді қатайтшы!
Жаудан өлсем шейітпін, Жерге көмсе бейітпін.
Көз тіріңде көрдің бе,
Мына тұрған Жырық ит. Тәңіріне тай айтты, Құдайына қой айтты. Өлгелі жатқан Қабекең Сау кісідей қатайды. Күрік-күрік жөтеліп,
Шынтақтай басты көтеріп, Жеңін тағы сұғынып, Қынай белді буынып, Шығарға шықса Қабекең,
Қубасын ерттеп қойыпты.
– Қубасым-ай, Қубасым, Біліп едім алаштан Сендей жылқы тумасын. Тайыңда арда еміп ең, Тағы торы болып ең.
Құлында арда еміп ең, Құла торы болып ең. Дөненіңде арда еміп ең,
Дөңбектей торы болып ең.
Бестіңде арда еміп ең, Бесті торы болып ең. Алтыңда арда еміп ең, Арқан тағып қойып ем. Жетің және еміп ең,
Жер жасырып қойып ем. Сегізіңде ұстап мініп ем, Алатауға барып ем.
Мына тұрған сары иттің Кенже қызын алып ем,
Сауырыңа салып ем.
Меке деген жеріңе
Төрт барып-ай, бес қайттым, Біреуінде бос қайттым.
Сені мінген күнімде, Қайықсыз түстім теңізге. Сенен басқа мал мінсем,
Мінгендей болушы ем өгізге. Сен келдің отыз сегізге,
Мен келдім жетіпіс сегізге.
Батпанда-батпан батпандай,
Батпандап таң атқандай. Ат құйрығын түйіп ап,
Қабекең айғай сала шапқанда, “Ойбай, Қабанбай тірі” деп, Қалмақтар жөнін табады.
Е, дегенше болмайды, Мың кісіні мұнара қып, Бір төбеге үйеді.
Бұ да сіздің заман ғой,
Айта қалсаң ұран ғой.
Олжасын тірі жанды тастамай, Үлестіріп тегіс береді.
– Ай, Дәулетбай, Дәулетбай, бері кел, Бері кел де, мені көр.
Кетті ғой менің кетерім, Үйіме қайтіп жетемін. “Құдай-ау, саған нетті” деп, Не деген ажал жетті” деп, Үйіне сүйеп әкетті.
Көкқасқасын қойыпты, Бір шөбін аузына салады. Тірі жанды тастамай,
Тегіс үлестіріп берді.
– Ай, Дәулетбай, Дәулетбай, Бүгін мені күзетпе,
Қатын балам жүдетпе. Қане, тұршы сөздерің, Жылатпашы өздерін. Бетіне перде ұстай берді
Сүйтті де өткен Қабанбай Қалдық қой, міне, таба алмай, Тамам, тамам.