Қабанбай батыр қиссасы (Түсіпхан Мағзиев нұсқасы)

Бір қисса сөз бастайын Қабанбайдан, Шын батыр болмаса сөз шығар қайдан. Соғысқан қазақ, қалмақ заманында Ерлігі жұртқа мәлім жарық айдан. Найманның бір руы – қара керей, Таралып халық болып қанат жайған. Руы Қабанбайдың байжігіт еді, Бақ қонған Қыдыр дарып осы жайдан. Қабекең талай жаудың тасын шаққан, Тұсында ер болды...

Kazakh
Қабанбай батыр қиссасы (Түсіпхан Мағзиев нұсқасы)
Бір қисса сөз бастайын Қабанбайдан, Шын батыр болмаса сөз шығар қайдан. Соғысқан қазақ, қалмақ заманында Ерлігі жұртқа мәлім жарық айдан. Найманның бір руы – қара керей, Таралып халық болып қанат жайған. Руы Қабанбайдың байжігіт еді, Бақ қонған Қыдыр дарып осы жайдан. Қабекең талай жаудың тасын шаққан, Тұсында ер болды ма одан асқан. Қабекең жауға шапса Қубас атпен, Қойша үркіп жау беттемей тұра қашқан. Қазаққа кең қонысты алып беріп, Беттетпей жау біткеннің алдын тосқан. Қабекең он үшінде жауға аттанған, Соғыста оты шығып қайраттанған. Болмаса ұлы ерлігі халық айтар ма еді, Артқыға сөз қалмас ед құр мақтаннан. Шұбарым, арғымағым жүлде алғаным, Басынан Арқа ауылдың күн шалғаным. Аузыма “ә” дегенде тола түсед, Сөзіне ер Қабекең ұйғарғаным. Қабекең сан соғыста ерлік еткен, Өтсе де талай заман бізге жеткен. Қабекең бір жорықта жүрген кезде, Қалмақ кеп бір руын шауып кеткен. Орта жүз арғын, найман алысыңды, Қалайша жауға берсін арысыңды. Батырдың Қабанбайдай заманында, Дұшпанға беріп пе еді намысыңды. Есітіп бұл хабарды ер Қабанбай, Қайғырды “қалам ба, – деп, – кек ала алмай”. Қайғылы ер Қабанбай дегенді естіп, Мұрыннан іздеп кепті ер Боранбай. Әр жақтан келіп жатыр батыр қалмай, Ұлы күш бола ала ма жұрт жиылмай. “Бас қосты тамам батыр” дегенді естіп, Келіпті қанжығалы қарт Бөгенбай. Жүрген жоқ батырлар да бекер қарап, Бұл сөзді не қыламыз жұрттан аяп. Есітіп бас қосқанын тамам батыр, Келіпті көкжарлыдан батыр Барақ. Жігітке мал да қанат, жан да қанат, Ұшырған қыран құсты құйрық, қанат. Есітіп жиналғанын көп батырдың Келіпті төртуылдан ер Баймұрат. Жерімде Арқа дейтін арқар-құлжа, Деген бар атқа түйе тегін олжа. “Бас қосты тамам батыр” дегенді естіп, Тумадан іздеп кепті ер Шынқожа. “Жиналды тамам батыр” дегенді естіп, Шанышқылыдан о да келді Бердіқожа. Сол кезде бір мылтық бар күлдір мамай, Ұл берген, сүйген құлға сары самай. “Намысын Қабанбайдың әперсін” деп, Қазаққа жарлық қыпты хан Абылай. Батыры сол заманның үйге жатпай, Шабады жау көрінсе тізгін тартпай. “Намысын Қабанбайдың әперем” деп, Аттанды Тоғас, Қасен, ер Дәулетбай. Сөйлесе қызыл тілден шығады өрнек, Ақынның міндеті ғой айтып бермек. “Бас қосты тамам батыр” дегенді естіп, Керейден о да келді ер Жәнібек. Қабекең ұстап мінді Қубас атты, Ағыны көп батырдың тастан қатты. Халықтың алды-артын жию үшін, Үш күндік ел шетіне шығып жатты. Қосыны батырлардың толып жатыр, Бәрі де жауға шапқан өңшең батыр. Жиналып қалмақ елін шауып алмақ, Белгісіз не болары істің ақыр. Осылай бас қосыпты өңкей ерлер, Бәрі де топ бастаған кемеңгерлер. Ақындар, балуандар мен шешендер бар, Өнерсіз осы топты деп жүрмеңдер. Ән, күлкі, ойын-сауық күндіз-түні, Өкінді бұл жиынға келмегендер. Құралған әр рудан тамам батыр, Шешендер сөз сөйлесе балдай татыр. Бірі олай, бірі бұлай гу-гу еткен, Бос сөз де арасында толып жатыр. Жарқылдап қылыш-найза, белде садақ, Кигені үстеріне темір жарғақ. Батырлар асығуда тез жетуге, Кейінгі елден шыққан күнін санап. Жүрісі ұлы дүбір той сияқты, Ән салған екі-екіден өңшең манап. Жол жүріп бір ай болды деген кезде, Жақындап Алакөлге келді таяп. Қалың қол жолда жүрді бір ай қатты, Қамшылап астарында мінген атты. Жетті де Алакөлге, қосын тігіп, Тапжылмай ат семіртіп бір ай жатты. Ап жүрген азық-түлік, қор таусылып, Бес күндей тамақ таппай қарай қапты. Батырлар амал таппай қиналады, Көп қосын азығы жоқ жиналады. Далада атты сойып қаңғыру ма, Біле алмай не қыларын ойланады. Бір сөзді сонда Барақ айтам деді: – Жауыңды алдырмайтын қайтем, – деді. “Елің тап есің барда” деген сөз бар, Мен тура, енді, елге қайтам, – деді. Қабекең: – Асықпалық, жөні болар, Сабыр ет, келешекті Құдай білер. Тобасы тоқ кісінің жүрмейтұғын, Ашықсақ аз ғана күн аран жүрер. Қабекең соны айтып күлімдеді, Жуықта жау қарасы білінбеді. Жел жоқ, құз жоқ, нақ талтүс мерзімінде, Ақ туы Қабанбайдың дүрілдеді. – Жігіттер, ат дайында, алды барла, Ақшабдар жау келетін жақты шарла. Бір шайқас не қылса да болғалы тұр, Киім таста, қару ал, қапыл қалма! Ақшабдар әр соғыста еретұғын, Күндіз-түн қарауылда жүретұғын. Қырағы көз, өткір адам еді, Түстіктен жау қарасын көретұғын. “Жау бар, – деп, – пәлен жерде” келе жатқан, Хабарды батырларға беретұғын. Ақшабдар “ал” дегенде тұра шапты, Қарауыл Тесіктастан қарай шапты. Қалмақтың өз ішінен бүлік шығып, Бір тайпа ел жақын көшіп келе қапты. Көшкен ел, жер қайысып келді қалмақ, Жау болса жіберердей түгел жалмап. Қосыны көш алдында іріктеліп, Батырлар келе жатыр алдын барлап. Көрді де жау қарасын тоқтай қалды, Бір қырғын міне қазір соғыс болмақ. Соғыста не жеңесің, не өлесің, Белгісіз екеуінің бірі болмақ. Батырлар қосныдарын сапқа түзеп, Кәрілер шапқылап жүр көшін қорғап. Жау күтіп, дайын тұрған қалың қазақ Қалмақты алды-артынан алды қоршап. Әтеке батыр Сарала сауыт алқылдап, Алтынды тұрман сартылдап, Қосыннан дара бөлініп, Жалғыз шапты бір қалмақ. Бес қаруын сайланып, Қылыш, найза жарқылдап, Тартынатын ер емес, Не қылса жаудан артылмақ. “Жекпе-жек қазақ шықсын” деп, Түз құсындай шаңқылдап, Көкторғай атты борбайлап, Найзасын қолда оңдайлап, “Жекпе-жек, қазақ, жекпе-жек”, Шауып келет айғайлап. Ер Барақ қарсы шапты көкжалменен, Көзіне батыр еді жанды ілмеген. Келді де Әтекеге найза салды, Соғыстың әдісі жоқ ол білмеген. Тигізбей Әтеке де қағып қалды, Дұшпанға бұ да батыр жол бермеген. Қылса да қандай қайрат, болар емес, Қайраты артық екен өзге ерден. Әтеке қайта оралып шоқпар ұрды, Көрмейді ер Барақты адам құрлы. Шоқпардың зардабынан басы айналып, Шыдамай батыр Барақ атын бұрды. Дәулетбай таяу жерде о да тұрған, “Қайтет, – деп, – Барақ ерді мына ант ұрған”. Ат қойды Әтекеге көре сала, Қарғытып көр торыны терең ордан. Қанталап екі көзін ашу қысып, Ұмтылды бір-біріне екі тарлан. Қылыш ұрып найзамен шайқасып жүр, Мұндайда өлдім құшар қапыл қалған. Дәулетбай орай тауып найза салды, Әтеке тигізбестен қағып қалды. Не қылса қапы кетпеу жанталасып, Істеп жүр соғыстағы барша амалды. Қабекең қарап тұр ед артын байқап, Әтеке Дәулетбайды қалды шайқап. Сауытты жыртып, етке найза батып, Шыдамай Дәулетбай ер шықты тайқап. Қайратын Әтекенің көзі шалды, Шақырып Шағалақты қасына алды. “Кәпірді не болса да көрейін” деп, Қубаспен Әтекеге өзі барды. – Әтеке, маған көрсет қайратыңды, Жау жеңген арыстандай айбатыңды. Кез болдың ажалыңа өзің бүгін, Оп-оңай қағып алам сайтаныңды. Сөз сөйлеп мұнан әрі керіспеді, Ұмтылды қылыш шауып өліскелі. Қалмады жұмсалмаған бес қаруда, Батырлар оңайлықпен беріспеді. Салған найза сынып жатыр бытырлай, Қояр емес бірін-бірі жапырмай. Қанталап екі көзі жұлысып жүр, Арты қалай болар екен япырмай-ай! Қылыш, найза оңды-солды қағысты, Қарулары қармақ болып қалысты. Шоқпармен де ұрды күшін аямай, Өлтірісіп бітірмекші соғысты. Бар қарумен не түрлі әдіс қылысып, Қолдан келген ойларын тауысты. Ат үстінен табандасып тіресіп, Қылыштары қайта-қайта шабысты. Екеуі де тайсалатын ер емес, Бірі-біріне өлмей бермес намысты. Шашақ та қолда, найза сабы тулы, Қубас ат шапқан сайын дамытулы. Көз қыры Қабекеннің түсіп кетсе, Сауыттың бас түймесі ағытулы. Найзаны “ә” дегенше оңдап алды, Дәл көздеп бұғанадан ұрып қалды. Өкіріп аттан қалмақ құлап түсіп, Құшақтап қара жерді жатып қалды. Қансырап аттан қалмақ құлаған соң, Жібермей астындағы атын алды. Қабекең әлі мықты бозбаладай, Кәпірді неге қойған бағанадан. Сүйсініп жауға қылған ерлігіне, Көргендер Қабекеңе болыпты таң. Әтеке жазым болды жекпе-жекте, Қалмақтың ауыр болды тұрған көпке. Қабаңа жекпе-жекке батыр шықпай, Бөгелді не қыларын білмей текке. Қиналды Әтеке өліп қалмақ қолы, Жеңілді Қабанбайдан болмай жолы. Шуласып не қыларға ақыл таппай, Қалың қол сеңше толқып дел-дал болды. Енді қол бастайтұғын батыр Серін, О дағы жау қиратқан кемеңгерің. “Жабыл” деп қалмақтарға бұйрық берді, “Қалма, – деп, – соғысқа енбей бірде-бірің”. Екі қол араласты опыр-топыр, Қараңғы шаң боп кетті қалың кәпір. Екі жақ қылыш, найза сілтесіп жүр, Зілзала болғандай-ақ ой менен қыр. Топырлап аттан түсті талай қалмақ, Бұл жолы қалмақтарға түсті салмақ. Қан ақты майдан жерде бұлақтай боп, Өмірін талай жастың ажал жалмап. Жарқылдап қылыш, найза оңды-солды, Қалмақтар бұл соғыста қырғын болды. Қалмақтың өлігінен ат жүре алмай, Сай-сала сансыз елік қанға толды. Қалмақтың қорқақтары көшке қашып, Соғысқан мықтыларын қырып болды. Тығылды көшке барып қашқандары, Біле алмай не қыларын сасқандары. Қазақпен қарсы тұрып соғыса алмай, Жан таппай бет-бетімен босқандары. Соғыстан хабар алды көштегі елі, Жеңіліп қырғын тапты қалың қолы. Әтеке, Серін батыр қатар өліп, Суалды қалмақтардың шалқар көлі. Өлгенін әкесінің естіген соң, Зар жылап атқа мінді қыздың өзі. Әтеке қызының қазақ батырларына аттануы Әтеке қызы Қабике Ойбай салып жылады, Көзінің жасын бұлады. Өлгенін естіп әкенің, Қайтып тағат қылады. Көк жорғаға мінеді, Қолына қамшы іледі. Ақбас нарды жетелеп, Батырларға жөнелді. Келе жатыр ойбайлап, Бетінің қаны тұр қайнап. Жасақты жауға жолығып, Келіппіз ойбай сер қайнап. Ақбас атан жетелеп, Келе жатыр төтелеп, Жаудан қорқып іркілмей, Зарлап келді “әкелеп”. Нарға жапқан кілемнің Шашағы жерде күлтелеп. Астындағы көк жорға Ұмтыла басып ентелеп. Қабекеннің келді қасына, Әкесінің басына. Омырауы боялып, Көзінен аққан жасына. Әкесін қыз келді де жоқтайды енді, Ақ туын Қабанбайдың шоқтайды енді. Естіп зарлап тұрған қыздың зарын, Қайрылып Қабанбай да тоқтайды енді. Үстінен жібек шапан шешіп алды, Апарып әкесіне жаба салды. Тайсалмай жауға келген батыр қызға Қабекең неткен ер деп аң-таң қалды. Қыздың жоқтауы: – Алакөл тасыр саяз боп, Ер сарғаяр малы аз боп. Елден шықтың бөлініп, Аз нәрсеге араз боп. Боялған үстің қан киім, Қайтейін, қайран әтиім. Қазақтан шықан Қабанбай Сүбеден баялап атуын, Әлгіде жүрген әтекем, Арыстай боп жатуын. Талауға салды түйеңді, Жұртың бір қалды иенді. Жесір қатын, жас бала Не болады күйі енді. Аузыңнан алды күлкіңді, Көзіңнен алды ұйқыңды. Қазақтан шыққан көп батыр Қуғынға салды жылқыңды. Ойылды мен қиылды Мұнша батыр жиылды. Қазақтан шыққан көп батыр Сойысқа салды қойыңды. Түйеден алды теңіңді, Алалмай өлдің кегіңді. Бітті ме өмірің, сорлы әке, Кетіріп Құдай ебіңді. Өлтірді сені Қабанбай, Қапысын қалдың таба алмай. Қара да сені басты ғой, Көкторғай атпен шаба алмай. Көтере алмай найзаны, Домалап түстің қояндай. Найзамен шаншып Қабанбай, Шағып түсті шаяндай. Қайранда-қайран әтекем, Сені іздеп қайдан табам-дай?! Қыздың Қабекеңе айтқан арызы: – Отырмайын, тұрайын, Енді амал қылайын. Қазақтан шыққан батырлар, Сіздерден сауға сұрайын. Үш атадан жалғыз ед Жеткізбеген Құадйым. Әкемнің бер сүйегін, Жаны болса бағайын. Жаны кетсе кеудеден, Арулап өзім қояйын. Батыр алса, басып жер, Орын жолды тосып жер. Бәрің де тудың анадан, Жетімнің көзжасын көр. Артқанда түйең нар шығар, Ішкенде асың бал шығар. Зарлатып қазақ еңіретпе, Мендей де қызың бар шығар. Судағы жүзген құндыз ем, Тауға да біткен жалбыз ем. Еңіретпе мені, қазақтар, Мен осыдан жалғыз ем. Сарыт мінсем, тағам жоқ, Қамқа кисем, жағам жоқ. Еңіретпе мені, қазақтар, Алдымда өскен ағам жоқ. Сөйлесем сөзге сапам жоқ, Көңілімде менің қапам жоқ. Еңіретпе мені, қазақтар Алдымда өскен апам жоқ. Қасқа бір жорға міндім көп, Қызық дәурен сүрдім көп. Зарлатпа мені, қазақтар, Артымда өскен сіңлім жоқ. Қайғының көрдім ауырын, Жайлаушек жердің сауырын. Зарлатпа мені, қазақтар, Артымда жоқ бауырым. Зорлықпен мені де аларсың, Еліңе алып барарсың. Қасіретпен зарлатып, Көзімнің жасын оярсың. Жауыма қатын бола алман, Сендермен өмір сүре алман. Өзімді-өзім өлтірмей, Жалғанда тірі тұра алман. Айырсаң әке-шешемнен, Өмірге көңіл бұра алман. Нелер батыр өтпеді, Шөлейтті қанмен суарған. Мен де соның бірімін Жас өмірім қуартан. Қыз айтқаны анық-ты Зарына қыздың қаныпты. Қабекең көңлі бос екен, Қыз сөзіне қамықты. Қыз жылап, арыз айтып егіліп тұр, Елжіреп жас жүрегі бөгіліп тұр. Әкесі өліп, қырылып азаматы, Қан жұтып қабырғасы сөгіліп тұр. Сұл қыз бойын сылап өскен өзі, Он жеті, он сегізге келген кезі. Қыпша бел, алма мойын, жазық маңдай Дейтұғын перизаттың нағыз өзі. Қайғысы әкесінің жанға батып, Бозаңдап жүдеу тартқан нұрлы жүзі. Әйелде мұндай сұлу бола бермес, Демесең діні бөлек қалмақ қызы. Қыз кигені күймелі, Омырауы алтын түймелі. Шағалақ жүр жаутаңдап, Қыз бетінен сүйгелі. Әй, Шағалақ, Шағалақ, Неғып жүрсің жағалап?! Қолға келіп түсті деп, Қорлама қызды табалап! Үзбе қыздың түймесін, Суырма жалғыз инесін. Алладан келген бұйрық жоқ, Көзінің жасы тимесін. Осы қызға жолама, Жолап олжа бола ма. Көзінен аққан қанды жас, Сірә да бізді қоя ма. Қабекең сонда ақырды, Дәулетбайды шақырды. – Тоқтат ана қырғынды, Жылатпай мына пақырды! “Қатын, бала қырмақ жоқ”, Бұрыннан қалған нақыл-ды. Қарсыласқан жау болса, Көрсет заман ақырды. Ат, айғыр алсын, түйе алсын, Азық-түлік, бие алсын. Үй мүлкін талап зарлатып, Ұсақ олжа қылмасын. Қатын, қызын әкетіп, Орынсыз зорлық болмасын. Дәулетбай батырларға келеді енді, Хабарын Қабанбайдың береді енді. Тоқтатып жасақтарын қайтарып ап, Батырлар бұл жарлыққа көнеді енді. Бөгенбай ақыл айтты кәрі батыр: – Біткен жоқ әлі де жау толып жатыр. “Не ексең, соны орасың” деген мақал, Қызығып дүние боққа болма ғапыл. Алалық азық-түлік, күш, көлікті, Түгел ап малы-мүлкін қылмай тақыр. Қашаннан қайырымды ел емеспек, Күн көрсін жау да болса жетім-жесір. Осылай елге қайтты қазақ қолы, Кек алды жауды жеңіп осы жолы. Көңілі өскен жауын жеңіп қалың қосын, Ән мен күй, өлең-жырға орта толы. Қабекең қызға айтты: – Тұрма бекер, Зарладың бағанадан сол да жетер. Әкеңнің сүйегін ал, бердім саған, Егесте іс етер ем бұдан бетер. Қазақты әкең шапты жатқан текке, Ұрынды өзі келіп жанған өртке. Кеткен жоқ қапылыста жазым болып, Түсірдім күшім асып жекпе-жекте. Әкеңді ырза бол бергеніме, Сөзіңе жылап айтқан көнгеніме. “Тек жүрсең, тоқ жүресің” деген сөз бар, Кінәлі Әтеке өзі өлгеніне. Мен дайын, өлмей қалса кегін алсын, Мәз болмай, тірі қалса жүргеніне. Қыз кетті әкесін ап елге қайтып, Батырға құлдық айтып бергеніне. Қабекең ақ бас нарды бостап алды, Қайрылып кейін қалған қосқа барды. Жасақтың артын тосып өзі қалып, Қайтарды елге қарай басқаларды. Соңынан екі күнде Қабаң келді, Шағалақ жан жолдасы қасына ерді. Жетелеп малдан бөлек ақбас нарды, Келгенін батырлардың көзі көрді. Жазған хат ақ қағазға сызықты енді, Келбеті бұл түйенің бұзық-ты енді. Нар да емес, қоспақ та емес, сол жануар Батырлар мұны көрген қызықты енді. Баурынан ақ бас түйе ел көшкендей, Бойы зор бәйтерекпен тілдескендей. Мінезі сондай жуас, мыңқ етпейді, Бейнебір ботасынан бірге өскендей. Басы бас жануардың жылқы астаудай, Көзі бар жануардың тас бастаудай. Теректей төрт аяғы және жуан, Бір құлаш жерді алады бір басқандай. Дәулетбай келді сонда “ағам ғой” деп, “Қубастан басқа жылқы шабан ғой деп. Олжаға қалмақтардан келген бір мал, Сауғаға бір тайлақты алам ғой” деп. –Сұрайсың бұл түйені сөз деп айтып, Кетпесін бере алмасам көңлің қайтып. Сексеннің екеуіне жасым келді, Сұрама, мен жүрейін қосымды артып. –Айдаушең қайда қиын әліміңе, Артыңа мен даяр ем еруіме. Қалмақтың маған берсең бір тайлағын, Мақтанып апарайын келініңе. –Бардық қой осы жолға қару сайлап, Жауды алып, аман қайттық күліп-ойнай. Берейін өз малымнан жеті атанды, Көз салма менде қалсын ақ бас тайлақ. –Қабанбай, басшы болдың мың сан қолға, Батырлық атың шықты оң мен солға. Сауғаға ақ бас тайлақ берсең алам, Үйдегі жеңгем малын қылман олжа. –“Тайлақтың ынтық болдың сен несіне, Бір түйе кәрі ағаңда жүрмесін бе. Алмасаң үйден берген жеті атанды, Мұсыма менде міндім бермесіме. Көз жетті бұл түйені бермесіңе, Мен дағы ант етемін ермесіме. Қайсымыз қаза жетіп бұрын өлсек, Текілеп терең қазып көмбесіме. Батырлар бұл егеске қатты ойланды, Жәнібек келіспейді деп қой-қойлады. Устіқ ине сыдырым тасба алмастан, Дәулетбай Қосайды ертіп үйге салды. Көп қосын баяу жүріп кейін қалған, Дәулетбай үш күн бұрын елге барған. Түйені өрістегі жия барып, Кідірмей үйді жығып қомын салған. Дәулетбай күндіз көшпей, түнде көшті, Қабаңмен тайлақ үшін болып өшті. Үдеріп үш күн, үш түн тынбай көшіп, Түйенің Ащысу суда қомын шешті. Арқаның ат суардым бұлағына, Киіктің оқ тимесін ылағына. “Дәулетбай көшіп кетті” деген хабар Естілді Қабанбайдың құлағына. Батырлар түнде жүріп үдереді, Өкпемен Дәулетбай ер жөнеледі. Артынан жеті атанды бірдей беріп, Шынқожа мен Шағалақты жібереді. Жетелеп жеті атанды бұлар келді, Келгенін Дәулетбайдың көзі көрді. “Тастасын Дәулетбай ер өкпесін” деп, Қайнағаң келініне түйе берді. Дәулетбай жеті атанды көрмей қойды, Келсін деп шақыртып ед келмей қойды. “Атаң бір, енең бөлек ел едің” деп, Жіберген жеті нарды алмай қойды. Шынқожа Шағалақпен қайтып келді, Жетелеп жеті нарды тартып келді. “Алмады, не келмеді Дәулетбай” деп, Көргенін Қабанбайға айтып келді. – Бардық қой осы жауға қару сайлап, Жауды алып аман қайттық күліп-ойнап. Істеп ем байжігітке қанша өктемдік. Болардай оған өкпе жалғыз тайлақ. Әркімді сақта Құдай өз бетімен, Жақсылық, я жамандық ниетінен. Дәулетбай көшіп кетсе бара берсін, Маған да табылар қоныс ел шетінен. Соны айтып Қабаң көшті Сарыбелге, Байжігіт сәлем айтып қалған елге. Қазақтың қалмақпенен жер арасы Қыстады аулы барып ұлы көлге. Баянсыз солардан да өтті жалған, Екі бір түйе үшін кекті болған. Осы қыс Қабанбай жайсыз тиіп, Ұзаған ем қонбайтын дертті болған. Ауру басқаға сау, өзіне өтті, Найманға арғын менен хабар кетті. “Хал-жайын Қабанбайдың білейін” деп, Сексеннің сегізінде Бұқар кепті. Кәрі жырау Қабаң көңлін сұрай келді, Көргеннен Қабанбайды жылай келді. – Бір бидай арпа ішінде асылым-ай, Сені де көп көрді ме Құдай, – деді. Қазаққа тірек батырым, Қасыңа келіп отырдым. Ауырмақ үшін шикі ет, Қайырлы қылсын ақырын. Әулие туған қарағым, Сүйенішім, таяным. Кетеуің кетіп қалыпты, Қандай да болар тұрағың?! Себеп берсін жаныңа, Бір Құдайдан сұрадым. Күрік-күрік жөтелді, Шынашақтап басын көтерді. – Қанша батыр болсаң да Дүние шіркін бекер-ді. Ауру ап тұр алқымнан, Ажал жақын жетер-ді. Дәм біткен күні тірлік жоқ, Ақырғы өмір бітер-ді, Сексен екі жасымда Дүниеден білдім кетер-ді. Көп ед қазақ жаулары, Бітпей жүрген даулары. Мен кеткен соң дүниеден, Белгілі дұшман қаулары. Алмақ болып кектерін Аңдыған жаудың саулары. Берік бол, жауға алдырма, Баланы жетім қалдырма. Таптатып жауға жеріңді, Халықтың көлін қалдырма. Береке-бірлік кетіріп, Ауылды шетке қондырма. Өзіңе-өзің мықты боп, Жау құрығын салдырма! Ылағын жау алмасын, Барлық қазақ елінің. Жау баспасын топырағын, Туып-өскен жеріңнің. Жау ішпесін суынан, Айдын шалқар көліңнің. Айтуға басқа сөзді келмей шама, Талқысып жатты демін ала. Бір күнде топ бастаған қайран батыр, Ісіне Құдіреттің бар ма шара. Бұқар айтты: – Дәулетбай келмеген бе, Хал-жайын Қабанбайдың білемген бе?! Араз боп бір тайлаққа мүлдем безіп, Ауырған ағасын көп көрмеген бе?! Дәукеңе кісі жібер, барып келсін, Хабарын Қабанбайдың анық білсін. Қабанбай екі талай өмірде тұр, Көзінің тірісінде көріп қалсын. Тездетіп күндіз-түні тынбай жүріп, Қалайда Дәулетбайды алып келсін. Қабекең есін жиды біраз жатып, Барады дерт ауырлап жанға батып. Сонда да қайратты ер тілге келіп, Сөйлесті Бұқарменен аз тіл қатып: – Әуре боп Дәулетбайға жібермеңдер, Ант етіп көрмеймін деп кеткен айтып. Мен ырза Дәулетбайға келмесе де, Өзі білсін ырайына келсе қайтып. Дәулетбайдың әйелін Қыз күнінде көріп ем. Дәулетбайға айттырып, Болмай алып беріп ем. Ұнатып ақыл мінезін, Әйелден асқан ақылды, Болар-ау деп сеніп ем, Сәлем айт сол келінге. Құтты болсын жолы деп, Ақ батамды беріп ем. Ажал жақын, жас жетті, Кім құтылған өлімнен. Жетім бала, иен мал, Қиямет мақшар күнінде Алайын мен келіннен. Туысым десе Дәулетбай, Өкпесін қойып келсін де. Іздемей мені көрімнен, Қан үшін қазақ жері үшін Жан тәніммен берілгем. Ел шетіне жау келсе, Тайсалмай жалғыз көрінгем. Дүниені қолмен теңсеген Нелер мықты батырлар Жер астына көмілген. Бұқар: – Шағалақ күн-түн демей барып келсін, Шынқожа тұлпар мініп қасына ерсін. Өзі де естіген соң шыдай алмас, Келінді Дәулетбаймен алып келсін. Хабарды Дәулетбайға бермей болмас, Тездетіп тіпті қазір жүрмей болмас. “Өзі жақсы жыласарға деген қайда” Келмесе Дәулетбайдың өзі де оңбас Шағалақ мініп барсын Қубас атты, Тоқтамай күндіз-түні жүрсін қатты. Басқа мал Қубас атқа ілесе алмас, Берейін Шынқожаға мен Бөрте атты”. Бұқар берді астынан Шынқожаға Бөрте атын. Бабы келген кезінде, Бөкенше бұ да жортатын. Ылдидағы шабыстан Қайқаңға келсе артатын. Шағалақ мінді Қубасты Жылқыдан мұндай тумас-ты. Мінгендері қос тұлпар Екі батыр жол басты. Қосар алып бір-бірден, Қаруларын жанға асты. Шыға шапты тоқтамай, Шапқанға тұлпар талмасы. Ертеңгі кешкі бесінде Қосар атын алмасты. Түн ортасы ауғанда, Аулына Дәуең жолғасты. Дәулетбай жатыр еді ұйқылы-ояу, Дүбірі қос тұлпардың келді таяу. – Түн қатып, тұлпар мінген ел ме, жау ма? – Деді де қылыш ұстап шықты баяу. Батырлар өз заманда бел шешкен бе, Үнемі даярлықта белдескенге. Ерттеулі тұлпарлары дайын тұрад, Бес қару қолдарында ергескенге. Келгендер сәлем берді Дәуең ерге, Боялып мінген аттар батып терге. Неғылса үлкен сұмдық болған шығар, Түн қатып жүрмеген де құр бекерге. – Асығыс түн ішінде жүріпсіңдер, Сайланып өңшең тұлпар мініпсіңдер. Қырғын сап, жау шапқаннан ел аман ба? Түрлерің тіпті асығыс келіпсіңдер. – Батыр-ай, жау келген жоқ әзір аман, Сөйтсе де іс болып тұр тіпті жаман. Қабекең қатты науқас әл үстіңде, Ағаңыз тез келсін деп айтты сәлем. Мұны естіп Дәулетбай ер кетті шошып, Сұрауға дәті бармай артын тосып. Біле алмай неғыларын тұрып қалды, “Көруге жазса екен, – деп, – Алла несіп”. “Тірегім, арыстаным, қайран ағам, Қас батыр ел қорғаны алтын жағам”. Дат қылмай құр еңкілдеп жылай берді. “Сақта, – деп, – ажалыңнан Қадыр Ием, Қашаннан ауру еді, халі қалай? Боп кетсе олай-бұлай болдым қараң. Құласа алтын терек оңымдағы, Оны іздеп тірі күнде қайдан табам”. Естіді үйдегі әйел бұл хабарды, Зарлады амал таппай неғыларды. Жүгіріп ойбай салып үйден шығып, Жетпей-ақ батырларға ралып қалды. Шағалақ тоқтау айтты жеңгесіне, Мықтылық керек қашан алласына. Қайнағаң әзір тірі, үйінде-бар, Сенеміз бүгін ертең өлмесіне. Дәулетбай отыр бүгіліп, Қабырғасы ойлап қайғырып, Көзінен жас төгіліп. Не болар деп заманым, Сүйегі бордай үгіліп. Әйелі келді қасына: – Отырсың, – деп, – неғылып? Бір тайлақ үшін ағаңнан Бөліне көштің қағынып. Несіне енді жылайсың, Көзіңнің жасы ағылып. Орныңнан тұр, қайрат қыл, Алласына бағынып. Аспандағы қыран да Торға түсер жаңылып. Қайта оралмай өткен іс Отырғанмен аңырып. – Онан да тез қамданып аттанайық, Даярлап қару-жарақ саптанайық. Белгісіз ажал деген қас қаққанша, Найқалып уақыт жоқ баптанарға. Әйелі Дәулетбайдың есін жиып, Сабыр қылды көзінің жасын тиып: – Қарағым ел қорғаны арыстаным, Барады-ау ойлағанда ішім күйіп. Бөлініп бір түйе үішн көшіп кеттің, Болмаса отырмас па ем сусын құйып. Бол қамдан, аттаналық қазір жылдам, Көмек жоқ құр жасуға қайғы мұңнан. Ағаңды тірісінде көрмей қалсаң, Өкініш болар саған тіпті жаман. Оятты абысынын “тұрыңдар” деп, Асығыс көштің қамын қылыңдар деп. Көшіңдер малын жиып ертең ерте, Үйді жық, жиналыңдар болыңдар деп. Қалмасын тай, тайынша, жетім тоқты, Басқаны көш қамынан қойыңдар деп”. Соны айтып үйге кіреді, Асыл таңдап ішінен, Жарай ма деп көреді. Абдырасын ақтарып, Алтын-күміс алады. Теңін шешіп ішінен Асыл бұйым алады. “Барғанда керек боп жүрер, Заманым қандай болады”. Толтырып қоржын асылға Көтеріп атқа салады. Олай-бұлай боп кетсе, Қайтып орны толады. Ойлап кетсе Қабаңды, Кейде есінен танады. Көп тұрмады айланып, Ішпеді тамақ жайланып. Атқа мінді асығыс, Жүруді ғана ойланып. Таңдап мінді тұлпарды, Азық-түлік байланып. Дәулетбай батыр келеді, Бес қаруын сайланып. Тоқтамай күндіз-түні жүріп келет, Қабанбай қандай халда Алла білет. Асығып дамылдамай келе жатыр, Аяң жоқ, бірде шауып, бірде желет. Суыт жүріп жақындап келді ауылға, Қой өріп, қойшы шықты қарауылға. Білмек боп Қабанбайдың халі-жайын, Дәулетбай асығуда, үнемі алда. Қойшыдан жақындап кеп сөз сұрады, –Қабекең халі қалай, тірі бар ма?! –Батырай, түні бойы сонда болдық, Қалған жоқ үйде отырып жанды қарға. Төмнедеп сағат сайын бара жатыр, Тосқаны келер-ау деп сіз болар ма. Үнемі есік жақта екі көзі, Дәулетбай келе ме дейт барлық сөзі? Мұны естіп тағат таппай Дәулетбай ер, Жылады жас сорғалап екі көзі. Ауылға тұра шапты шыдай алмай, “Болдым, – деп, – сор маңдайдың анық өзі”. Ауылды үш айналып шауып шықты, Алам деп садағасын өзінше ұқты. Қабаңа келген пәле маған келсін, Болайын садағасы құрбан тоқты. Дәулетбай аттан түсіп үйге кірді, Ауырған ағасының жайын көрді. “Кешір, – деп, – ағаттығым сізге қылған”, Құшақтап екі аяғын жылай берді. Келіні сәлем етіп о да келді, Келгенін келінінің Қабаң білді. “Қайнағам сілекейін ап қалам” деп, Қабаңның ауыз-мұрнын жалайды енді. Қабекең талып кетті көргеннен соң, Келгенін Дәулетбайдың білгеннен соң. Бұқар айтты: “Жылауды тоқтатыңдар, Кеудеде жан барында келгеннен соң!” Бұқар айтты: – Дәулетбай, Қабаңның көңлін қалдырдың. Ат шаптырып іздетіп, Өзіңді зорға алдырдым. Оныменен қоймадың, Айнала шауып ауылды, Әлсіз жатқан адамды Міне тағы талдырдың. Қабекең біраз жатып есін жиды, Дәулетбай да көзінің жасын тыиды. Кешіріп Дәулетбайдың қаталығын, Тапсырды халқыменен қалған үйді. – Дәулетбай, қалқам, бері кел, Жақын келіп мені көр. Өкпелеген түйеңді ал, Түйе тұр ғой артымда, Қалды ғой әне иен мал. Қосай еді қанатым, Дәулетбай еді қайратым. Басқаға жаман болса да Мына отырған жеңешең, Жасымнан жолдас тұл атым. Жеңгеңнің жайын айтайын, Әйелден шыққан қылап ет. Қара керей байжігіт, Аузына қарап ет. Мына отырған жеңгеңе, Жыртық көйлек кигізбе. Құлынды бие мінгізбе. “Әкесі өлген жетім” деп Ел қыдырып баламды, Ауыл үйге кіргізбе. Соны айтып талықсыды көзін жұмып, Қайратты ер жатыр әзір есін біліп. “Қайнағам оң батасын ап қалам” деп, Келіні зар жылап жүр сусын құйып. Әтеке батыр Қабанбайдың найзасының зардабынан оңалып, тірі қалып Қабанбайдан қалай болғанда кек алу мақсатымен қазақ ішіне жансыздарын жіберіп, үнемі аңдысып жүреді екен. Әтеке үнемі аңдып жүретұғын, Жансыз сап, хабар алып білетұғын. Ішінде мұздай қатқан ескі көкті Күн тосқан демін тауып алатұғын. Жансыздан хабар алды барып келген, Аралай қазақ ішін жүріп келген. Қабанбай әл үстінде қатты ауыру, Анық деп хабарлады көріп келген. Әтеке елін жиып салды хабар: “Ел басы батырларға ақыл табар. Қабанбай ауру дейді әл үстінде, Уақыт келді, міне, елін шабар. Кеудеде жан жатқанда елін шабам, Зердесі көкірегінде кетсін мұндар. Еркектен сойыл соғар жан қалмасын, Қазақта бекер өлмес қарсы тұрар”. Бурадай қаңтардағы қалшылдайды, Көпіріп жоқты шатып былшылдайды. Қалмақтан же қайысып жиналды қол, Алдында не болар деп қымсынбайды. Қыз білді соғысатын бұл хабарды, Алдына әкесінің жетіп барды. – Қалайша Қабанбаймен соғыспақсың, Жинап ап жасақталып елде барды. Қабанбай сені өлтірмей тірі берген, Есітіп жылап айтқан қайғы зарды. Сені өлтіріп мені әкетсе не істер ең, Көрмедім, әке, сендей пейілі тарды. Қазақты жеңу қиын, батыр халық, Көңіл бұр айтқаныма құлақ салып. Соғысып қазақпенен көріп ең ғой, Жеңілдің батыр болсаң сонда нағып?! Бекерге қырғызасың қалмақ елін, Жылайды қатын, бала жесір қалып. Құйрығын жатқан жылан өзің бассаң, Қайрылып у тілімен алар шағып. Бұл жолға тілімді алсаң барма деймін, Тыныштықпен отыралық малды бағып. Барма деп әкесіне көп айтады, Әкесі тыңдамаса қыз қайтеді. Есіне қыз кеңесін алмақ тұр ғой, Қосынын онан әрмен көбейтеді. Тыңдамай қыздың сөзін жүріп кетті, Еліне Қабанбайдың бұрып бетті. Дамылдап жол ортада тынбай жүріп, Бір жеті мөлшерінде келіп жетті. Жақындап ел шетіне келіп қалған, Жұрт көрді жер қайысқан қалың топты: Жар салды елге шауып хабаршылар, “Аңдысқан Әтеке жау өзі кепті. Ауырып Қабаң жатыр әл үстінде, Кім бастар жауға қарсы мына көпті?! Шағалақ үйге кірді асып-сасып, Біле алмай неғыларын өңі қашып. Білдірмей Қабанбайға жасақталды, Бұқармен кәрі жырау ақылдасып: – Дәулетбай, қаруыңды ал, халқың баста, Дұшманмен айқасқа шық қарсыласып. Қабекең тағы азырақ жиды есін, Уақыт таяп қалған ұлы бесін. – Айтыңдар күбір-сыбыр бұл не деген, Түсті ме бастарыңа үлкен қысым? – Бір ауыр іс болып тұр, Жақындап дұшпан келіп тұр. Шабамын деп ауылды, Мың кісіге бас болып, Әтеке батыр келіп тұр. Ақыл таппай ел, жұртың, Қысылтаяң болып тұр. Құдай-ау, маған дем салшы, Қубас атқа ер салшы. Ұлы сәскеде алушы ең, Күн батқанша кең салшы. Арасанға ат айтшы, Қорасанға қой айтшы, Әлсіреп кеткен денемді Күн батқанша қатайтшы. Арасанға ат айтты, Қорасанға қой айтты. Талқысып жатқан Қабаңның, Денесін Тәңірім қатайтты. Ұшып тұрды ақырып, Аруағын шақырып. Көрсет дұшман қай жақта, Кетейін деп жапырып. Үйдей шықты ойланып, Бесқаруын байланып. Қубастың келді қасына, Асықпай басып жайланып. Дайын Қубас тұр екен, Ер-тоқымы сайланып. – Ей, қубасым, қубасым! Жауға серік жолдасым. Ерге серік сендей ат Білемін енді тумасын. Соңғы рет жауға шабамын, Болдырыу сенде болмасын. Байжігіттің баласын Бөтен жауға жегізбе, Ел шетіне кіргізбе, Аруағыма тигізбе. Сені мінген күнімде, Тартынбай түсіп кетушем Еділ менен Теңізге. Басқа жылқы мінгенде, Мінгендей болушы ем егізге. Тайыңда арда еміп ең, Тайлақтай торы болып ең. Құнаныңда арда еміп ең, Құнылы торы болып ең. Дөненіңде арда еміп ең, Дөңбектей торы болып ең. Бестіңде арда еміп ең, Белгілі торы болып ең, Жетіңде арда еміп ең, Жер жасырған қолменен Алакөлге барып ем, Жайратып жауды салып ем, Бір Құдайға мәлім ең. Соны айтып атқа мінеді, Алла деп жауға жөнеді. Жер қайысқан қалмақтың, Тобына жалғыз енеді. Оң келгенін оңынан, Сол келгенін солынан, Қойға тиген қасқырдай Қиратып жалғыз жүреді. Жаудан қорқып тайсалмай, Егескен дұшман Әтеке Оғанда жетіп барады. Сөзге келіп тұрмады, Мойнында бұрмады. “Қақ жүректің басы деп, Өлер жерің осы” деп, Толғамалы найзамен Толғай түйреп алады. Суырып найзаны алғанда, Қаны ішіне толғанда, Қимылдарға дәрмен жоқ, Әтеке аттан құлады. Дұшманына қас батыр, Өз еліне бас батыр Қорқырап жатқан қалмақтың Басын кесіп алады. Қалғандарын қашырып, Белден-белге асырып, Кіші бесін кезінде, Жайратып жаулы тынады. Күн батуға жақындап, Мерзімді уақыт толады. Әзер жетіп ауылға Қабанбай батыр талады. Қубас аттан түсіріп, Көтеріп жерге салады. Айрылдық деп батырдан, Халқы шулап жылады. Біраз есін жиған соң, Үйіне алып барады. Халқыменен қоштасып, Иманын Хақтан сұрады. Айтар сөзі көп еді, Дем қысқарып барады. Сонда да сөзге келіп біраз жатты, Күшейіп ауруы жанға батты. “Мен кетем дүниеден қош болыңдар, Өмір сүр ағайындар тату-тәтті. Тоздырып ел бірлігін жауға алдырып, Келтірме аруағыма жаман атты”. “Халқыңа өсиетіңді айтып кет” деп, Қабаңа жиналған топ арыз айтты. – “Менен ақыл сұрадың, Жүрегімді бұрадың. Жеткізбесе амал не, Тірліктегі мұрадың. Дұшманыңа жеңіліп, Шыбын жаннан түңіліп, Қайратың кетіп бойыңнан, Азамат қаны төгіліп, Күшің кетіп қолыңнан, Қан жұтсаң қабырғаң сөгіліп. Жеріңді жауға таптатпа, Еріксіз көнсең беріліп. Олжаға түсіп қыз, келін, Зар жыласа егіліп. Талауға түссе мал-мүлкің, Құтырған дұшман желігіп. Бірлік кетіп еліңнен, Құт шайқалып жеріңнен. Қол бастайтын ерің жоқ, Ел бастайтын биің жоқ. Қожа болса көрінген, Қайрат қылып дұшманға, Шыға алмасаң үйіңнен. Қосылмаса бастарың, Қайырлмаса достарың. Сен қиналып жүрсеңде, Болмаса ісі басқаның. Мұнанда қорлық өтерме, Зейіл болып дұшманға Бас имендер бөтенге. Соны айтып ер Қабанбай жұмды көзін, Тауыса алмай көкейдегі айтар сөзін. Жөнелді бұл пәниден бақи жаққа, Зар қылып қалғандарға басқан ізін. Айрылып Қабанбайдан болды қиын, Болар ма бұрынғыдай ұлы жиын. Жан кетіп шамшырағың сөнгеннен соң, Өлгенге керегі не дүние бұйым. Бұқар айтты. – Дәулетбай, есіңді жи, Тірілмейт өлген адам Қабаңды қи. Досың аз, дұшманың көп бұл бір заман, Сөзімді менің айтқан есіңе түй. Дәулетбай, білек сыбан, белді буын, Кім ұстайт Қабанбайдың қалған туын. Қара керей ауыртпағы сенде қалды, Қарсы тұр қайраттанып, Хаққа сиын. Осылай Бұқар жырау бата берген, Қалғандар Дәулетбайдың соңына ерген. Қабанбай осылайша өтіпті деп, Естиміз бұрынғыдан қалған сөзден.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.