Kazakh
Қабанбай туралы жыр (Қыдырмолда Әділбеков нұсқасы)
Арыңдап сөйле қызыл тіл, Бөгеліп, тоқтап қамалмай. Нөсердей төгіп желдеші, Арқадан соққан самалдай.
Білімі көптің көбейді, Білмей қоймас бағаңды-ай.
Қалмақ пенен қазақ жау бопты, Бұрынғы өткен заманда-ай.
Дұшпаннан халқын қорғаған
Қаракерей Қабанбай. Қабанбайдан жеңіліп,
Таппапты-ай қалмақ амалды-ай.
Батыр болып туыпты, Балапандай қорғапты Алыс пенен жуықты. Белін шешпей белсеніп, Тыңдамас ыстық-суықты. Қазаққа тиген қалмақты Соққы беріп қуыпты.
Сөйлейін қаракерей Қабанбайдан, Атасыз адам пенде туар қайдан. Абылай, Қабанбайдың заманында,
Ешкімге бағынбайтын арғын, найман.
Халыққа батыр едің тиген пайдаң, Абырой бірдей болған ақыл-айлаң. Үш жүзге ұран болып даңқың шығып, Аруағың естілетін анадайдан.
Жау десе бастайтұғын өңкей сарбаз, Жиылар соғыс десе әлде қайдан.
Барлық ел пайда көрген қайрат күштен, Жақсының даңқы шығар әрбір істен. Қазақты дұшпандарға жегізбестен,
Халық үшін қан майданға талай түскен.
Ел болар ағайынды-абысынды,
Қабанбай жауға бермес намысыңды. Біреу кеп Қабанбайға хабар қыпты,
“Жау шапты жақын менен алысыңды”. “Елімді мен тіріде кім шапты?!”, – деп, Батырдың ашумен аз сағы сынды.
Батырдың кемелденіп жасы толған, Қару-жарақ, найзасы түспей қолдан. Қанша шапса болдырып талықпайтын, Құбақұс дейтін дүлдүл аты болған.
Тоқтатпас ел намысы мұндай ерді, Мінді де Құбақұсқа жолға жүрді. Кәрі-жас, ер-әйелді бірдей қырған, Келді де бұл соғысты көзі көрді.
Мынау қорлық қазаққа қарап тұрсақ, Езілген елді жоқтап көңіл бұрсақ.
Астында қара қазан бір ат қапты, Қойыпты мұның атын “Қарақұрсақ”.
Алты арыс хабар қылды Орта жүзге, “Ерінбей елдің қамын бәрің де ізде. Күнде кеп қалмақ қамап шабатұғын” Деймісің осал қазақ жалғыз біз бе?!
Ел үшін күйзеліпті ер Қабанбай,
“Қалмақтан қалам ба, – деп, – бір кек алмай”. Батырдың бұл хабарын естіген соң,
Келіпті Тоғас, Қосай, ер Дәулетбай.
Ер қосылар шын болса халық солай, Елдің шетін жау шапқан емес оңай. Хабарды жақын жерден бұрын естіп, Мұрыннан келді шауып ер Боранбай.
Жау шапса жоғалмай ма халық тоза, Шабу керек біреуден біреу оза. “Ерінбей ел намысын іздесем” деп, Шанышқылыдан келіпті Бердіқожа.
Жыр қылып жаза берсек ел назы көп,
Қалмаққа ел шабатын не жазып ек.
Халықтың қанын жоқтап, қамын жейтін, Келіпті қаз дауысты ер Қазыбек.
Бұл хабар кетті талай елге тарап, Халықта бар ғой батыр нелер қарақ.
“Жау шапты елдің шетін” дегеннен соң, Келіпті көкжарлыдан Көкжал Барақ.
Жұрт біріксе дұшпанға кетпейді кек, Батырлар басын қосты тұрмасқа тек. “Үш жүз түгел жиналды дегеннен” соң, Керейден іздеп келді ер Жәнібек.
Қазақтың айырлмасын жақын-жаты-ай, Жігіттер, белді буып енді қатай.
“Тамам батыр бас қосты” дегеннен соң, Келіпті атышулы тентек Матай.
Қалмақ күнде ел шапса кетер маза, Берелік дұшпандарға ауыр жаза.
“Дұшпанға ел намысын бермейміз” деп, Тумадан келіп қосылды ер Шынқожа.
Намысты, кекті батыр болмас жуас, Ел үшін елеуреген кәрі мен жас.
“Қаны сұйық қалмақты жайратам” деп, Үйсіннен іздеп кепті Сарышуаш.
Батырлар басын қосты талай-талай, Болады қандай заман бұдан былай. Хабарын батырлардан естіген соң, Төреден іздеп кепті хан Абылай.
Шатыр тігіп, тізіліп байланды ат, Қай күні болады деп көңіліміз шат. Жау десе жатпайтұғын жарамдылар, Төртуылдан келіпті ер Баймұрат.
Келмеген еш адам жоқ тұс-тұстан, Жиылып талай ерлер басын қосқан.
“Соқтыққан дұшпаныңды қырамын” деп, Қыржыдан да келіпті батыр Бостан.
Белгілі жақын жолдас сыр шаша ма-ай,
Өткен ғой талай жақсы көп жасамай. Жау жарағын дайындап, сайманданып, Тоқпақыдан да келіпті ер Қасабай.
Оңай емес халықтың басын құрау, Батырлар жау көрінсе дайын тұр-ау.
Көбіне ақыл айтып басқаратын Келіпті көп жасаған Бұқар жырау.
Кім білер келешекте болар халқы, Тапсырды бір Аллаға бас пен малды. Жасынан жарамды деп ертеді екен, Қабекең Шағалақты қасына алды.
Қабанбай жиды солай жамағатты, Жау келіп ел шапқаны жанға батты. “Қазақ сөйтіп жиылды” дегеннен соң, Шошынып қалмақтар да естіп жатты.
Бұл жерде қалмақ қалмай үркіп кетті, Жоңғардың қақпасынан көшіп өтті. Бұратола, Тақия, Майлы, Жайыр, Орқашар дейтін тауға барып жетті.
Бірқанша батырлармен жүріп кетті, Кегі кеткен жау жаққа түзеп бетті. Селікі, Борлы, Сарытау, Тоқта деген, Міне осындай тауларды басып өтті.
Жол тауып қиын таудан жүре алмады, Қалмаққа бара салып кіре алмады.
Тоқтады сол араға демін алып,
Жүргеннен аттың ерін бір алмады.
Көп батыр қамалыпты жол таба алмай, Дұшпаннан кете ме шын бір кек алмай. Ағаштарын қиратып, тас қопарып, Ашуланып кетіпті ер Қабанбай.
Жол шығарып қопарды талай тасты,
Қабанбай шығарып қопарды талай тасты. Қабанбай бастап келген кәрі-жасты.
Ат ерттеп, айылдарын мықтап тартып,
Жолы жоқ асқар биік таудан асты.
Биікке шығып тұрды тамам батыр, Соғыста бір-біреуі жүзге татыр.
Жылқышылар айдаған әнге салып, Көп жылқы тауға қарай келе жатыр.
Көрген соң шауып келді әлгі малды, Қамалап жан-жағынан қоршап алды. Ұрмай-соқпай өлтірмей ақылменен, Бес-алты жылқышыны ұстап алды.
– Жөніңді айтсаң біз сені байламаймыз,
Жылқыңды ұрыларша айдамаймыз. Қазақ елін шапқанның бастығын айт, Одан басқа момынды жайғамаймыз.
– Бастығымыз Қоңғыдыр жырық, – деді, Еш адам алмас мұны ұрып, – деді.
Біз де оны жақсы адам дей алмаймыз, Талайдың қанын ішкен қырып, – деді.
Өзі бай, өзі мықты, өзі батыр,
Ақ үйінен бір бөлек тіккен шатыр. Қырық жігіт күзетеді күндіз-түні,
Төсекте әлі тұрмай ұйықтап жатыр.
Батырлар сырын ұғып келді жанап, Қалмақты қалмады-ау ду-ду қамап. “Бар, оят!” деп жіберді бір жылқышыны, “Армансыз соғысалық бірден санап”.
– Менің атым – Қабанбай, жолдасым көп, Кегім бар, келгенім жоқ бекерге тек.
Ұйықтап жатқан жеріңде аралассам, Қалмай ма арманда боп, “япырмай” деп.
Жылқышы шауып келді өңі қашып,
– Батыр-ау, оянсаңшы көзіңді ашып. Қабанбай батыр бастаған қалың қазақ Еліңді шабамын деп кепті-ау басып.
“Сені оят, армансыз қып шабам – деді, Соққы беріп жайыңды табам”, – деді. “Ұзын да өш, қысқа да кетті кегім,
Қазақтың қанын ішкен арам” деді.
Бұл өзі кеткен батыр асқалақтап, Қан басты қайда кетсін қашқалақтап. Атағын Қабанбайдың естиді екен,
Орнынан әрең тұрды сасқалақтап.
Қаны қашып кетірді беттен нұрды, Төсектен шошып кетіп қарғып тұрды. Қалмақтың жарамдысын жинап алып, Қазақпен соғысуға мойын бұрды.
Терең сай, келді қалмақ өзекпенен, Бұзақар ел бүлінер кезекпенен.
Сол заманда соғыстың ғадеті екен, Шығатын жекпе-жекке кезекпенен.
Қалмақтан біреу шықты еңгезердей,
Бұрыннан келеді екен ырық бермей. Найза алып, араласып кеткеннен соң, Қан толып кетеді екен көзі көрмей.
Бұқар тұрып Бараққа: – Бар!, – деп айтты, Бөгеліп тоқтап қалған ар, – деп айтты.
Аңғалдау, алаңғасар көрінеді,
Найзамен ішін түйреп жар, – деп айтты.
Тартынып тайсалмады, шықты Барақ, Сауыт киіп, асынып қару-жарақ.
Барды да қалмақпенен араласты,
Дұшпанды кетті салып тұрмай қарап.
Найза кіріп, өтпеді денесінен, Екі елдің еруледі егесінен.
Шойын қаққан шоқпармен ұрды Барақ, Қалқанын талқан қылып төбесінен.
Еңкейіп сонда қалмақ жерге бұқты, Бұрқырап аузынан миы шықты.
Ажал тұрса қорықпайтын батыр Барақ, Алпамсадай кәпірді жерге тықты.
Қалмақ шулап төгіпті көзден жасын,
Қарғып түсіп қалмақтың кесті басын. Ат сайманын тастамай алып келген, Бараққа берді Абылай ықыласын.
Ер Барақ барған батыр сүрінбеді, Қабанбай қайраттанып дірілдеді.
Ақ туы Қабанбайдың жел жоқ, құз жоқ, Өзінен-өзі тұрып дүрілдеді.
Қалмақтар қазаланып сырнай тартты, Шығыпты тағы бірі бұзбай шартты.
Бұл дағы бой бермейтін батыр екен,
“Бар” деп шулап шығарды Аспан қартты.
Қалмақтың басы сөйтіп қанасыпты, Батырлар күш сынасып, санасыпты. Қасабай, Боранбай мен Шыңқожалар,
“Мен барам, мен барам” деп таласыпты.
Жүр екен Қабанбайға құлақ түріп, Қалмақтан ол бұзылды сүттей іріп. Сайманын лақтырып, қол көтеріп, Аспанқарт қазақтарға кетті кіріп.
Ашуланып Қоңғыдырдың өзі шықты,
Жан-жаққа аты шығып болған мықты. “Ер кезегі үшке дейін” дегені рас, Соғыстың шартын ойлап сырын ұқты.
Ақ ту тұр дүр-дүр етіп соқпастан жел, Соғыстың ақыры осы бір үлкен бел. “Осыған сіз ылайық” дегендей қып,
Қабанбайға жалтақтап қарайды ел.
Қабекең қорқар емес қылып қауіп, Құбақұс мініп еді атын тауып.
Түксиіп сақал-мұрты кеткен екен,
Кетіпті қалың қасы көзін жауып.
Қабанбай көпшілікке беріледі, Құбақұс құлаш жайып керіледі. Қаңтардағы бурадай көбік шашып, Айбары айдаһардай көрінеді.
Қалмаққа кезек берді келіп батыр, – Кісің өліп, адамың кетіп жатыр.
Батырым армансыз боп қимылдап көр, Соғыстың аяғы осы білсең ақыр.
Тұр еді қалмақтағы дайындалып,
Найзасын да түзеді қолына алып. Екі қабат киінген көк сауыттан Аямай қақ жүректен кетті салып.
Салғанмен ешнәрсені тыңдырмады, Найзасы көк сауытты сындырмады. Өлтіре алмай қалған соң шошып кетіп, Қалмақтың екі көзі бұлдырады.
Басқаны өлтіргенмен ұға ма адам, Қабанбай қатты қарап сығалаған.
“Сауыттың бір осалдау жері еді” деп,
Қалмақты кетті салып бұғанадан.
Шыңғырып Қоңғыдырдың даусы шықты, Найзасын қатты сермеп, нығап тықты.
Ат үстінен көтеріп әлсіретіп,
Жаны шығып болған соң жерге жықты.
Қалмаққа ажал беріп ұрғызды енді,
Жау жақтан жылап-жырлап бір қыз келді. Адамның сай-сүйегін сырқыратып,
Қыз сөзі батыр мойнын бұрғызды енді.
Қыздың жыры:
Қыз еңіреп жылайды,
Көзінің жасын бұлайды. Әкесінің сүйегін
Қабекеңнен сұрайды.
– Сүйегін берсең әкемнің, Оған неңіз құрайды.
Әкесі өлсе жыламай, Баласы қайтіп шыдайды. Арызымды ал Қабанбай,
Қапысын қалдық таба алмай. Ажалы жетті-ау әкемнің,
Айтулы атпен шаба алмай. Арманда қап атакем,
Қалыпсың жанды баға алмай. Қабанбайдың найзасы,
Тұрар ма саған қадалмай. Ақбас тайлақ әкелді,
Тарту қылып түйемді, Шулатып елін жетім қып, Өлтіріп кеттің иемді.
Соқтығып сенің еліңе,
Білмепті әкем киеңді.
Мақтанып айдап келушет, Құлынды жылқы биенді. Түйе емес, тайлақ нар еді, Айтқаным сізге зар еді.
Еліңді қырып шапқан соң, Ашумен көңілің тар еді.
Жылатпай бер әкемді, Мендей де балаң бар еді. Арызымды алмасаң,
Сізге де кейін ар еді. Соқтығып қазақ еліне, Әкемнің ісі қара еді.
Қабанбайдың сөзі:
– Сүйегін бердім, әкеңді ал, Шуламасын кемпір-шал.
Қалғаныңа тимеймін,
Жақсы тыңлап, құлақ сал. Қыз бенен тиме халыққа, Сендерге жетер басқа мал. Қоңғырдың жылқысын,
Тойғаныңша айдап ал. Біз тоқтап енді тұрамыз,
Қайтадан мойын бұрамыз. Қазаққа қайта соқтықсаң, Біріңді қоймай қырамыз.
Ел ашуланып, ерді өлтірмес, Дегендей тоқтам қыламыз”.
Қалмақтар шулап жылады, Тоқтамға осы ұнады.
Соқтықпасқа қазаққа,
Осындай тоқтам қылады. Кегін алып қалмақтан,
Қазақтың көңілі тынады. Қоңғырдай батыры,
Бас ұрып жерге сұлады. Қалмақпен тоқтам жасады, Әлгі таудан асады.
Қуанысып батырлар, Қайтуға аяқ басады. Еншідей жылқы бөлісті,
Олжадан кімдер қашады.
Қабанбай:
– Батырлар жылқы айдадың, Қоңғыдырды жайғадың.
Бәріңдағы жарайсың, Соғыстан бірің таймадың.
Тату қып қыздың әкелген Көрдіңдер ғой тайлағын, Разымысың бәрің де,
Тайлақты маған байладың.
Олжаны бөліп беруге
Абылайды сайлайды. Абылай сонда: – Жөн, – деді, Олжаны бөлген мен, – деді. Мен көргенде дүниеге, Мұндай түйе келмеді. Өлгеніңше қосыңды арт,
Таласа қоймас ел, – деді. Әлі де сіздің олжаңыз, Мен байқасам кем, – деді.
Бұқар тұрып:
– Разы емеспін мен, – деді,
Төресініп отырып, Теңгермейсің пендені.
Шын айтып көтерелік көңіл татып, Білемін Абылайдың төре затын.
Ұсынбай үлкен-кіші жолдастарға,
Өзі алған Қоңғыдырдың мінген атын. Абылай айтты: – Бұқар-ау, қалай айттың, Билікті менен бұрын талай айттың.
Бұл жерде пәлен дерлік жұмыс емес, Қызығып ләпсіңе қарай айттың.
Бұқар айтты: – Абылай, Жөніңді айтшы кім едің,
Қалмақ шауып жүдедің. Төле бидің үйінде Малын баққан құл едің.
Көтеріп халық хан сайлап, Сонда біраз үдедің.
Көңіліңді көтерме, Адамның сен де бірі едің. Көрсетіп сен де қараңды,
Ілесіп көпке жүр едің. Еліңді қалмақ шапқанда, Өлмей қалған тірі едің. Қабанбайдан сен қашан,
Бұрын жауға найза тіредің.
Шауып келді бұларға, Қаз дауысты Қазыбек: – Жақсы болар тегінде, Айтқан сөздің азы деп,
Жолымыз боп қайтып ек,
Жауға кетпей намыс кек. Қалай алсаң жетеді,
Осы жолы табыс көп.
Байқап тұрсам мынау сөз, Сендерге емес ылайық.
Ала болмай өзіміз, Береке-бірлік қылайық.
Өз малымды бұйырат деп, Бір Алладан сұрайық.
Өкпелеспей тату боп,
Ел болып басты құрайық. Бәріңді халық айтады Ылғи асыл құрыш деп. Мен айтпасам сіздерге,
Кім айтар мұның бұрыс деп.
Қазыбектің бұл сөзін, Батырлар айтты “дұрыс” деп. Жау соқтықса бір жақтан, Құлақтарыңды түрыс деп.
Қабанбай разы етті талай елді,
Үш жүздің баласына енші бөлді. Бұрыннан мекен етіп жүреді екен, Ащысу, Есіл Нұра, Сарыбелді.
Қоштасып батырлармен айырылысып, Үйіне аман-есен қайтып келді.
Бастаған ер Қабанбай талай қолды, Жетпістің жетеуіне жасы толды.
Қалмақты қазақ жеңіп болған кезде, Ауырып ер Қабанбай науқас болды. Қатайды ауыруы жанға батып,
Қайран ер атқа мінбей қалды жатып.
Үш жүздің баласына бірдей еді,
Қазақты көрген емес жауға сатып. Қорғаған елді жаудан қайран батыр, Кім болар бұл кеткен соң іске татыр. Жолығып сәлем беріп, көңілін сұрап, Атын білген адамдар келіп жатыр.
Сарыбел аулы қонды блағына, Бұл науқас қайран ерге ұнады ма.
“Қабанбай қатты ауырып қалыпты” деп,
Естілді қалмақтардың құлағына.
Қалмақ айтты: Мынау сөз жақсы-ақ, – деді, Көзі тірі жатқанда шапсақ, – деді.
Тірідей елін шауып, малын айдап, Ордасын талқан қылып шапсақ, – деді.
Бұрынғы кеткен кегін ойға салды,
Жақсылап саймандарын қолына алды. Қабанбай Сарыбелде деп еститұғын, Дүрілдеп бес жүз қалмақ келіп қалды.
Қатты ауырған ұшынып,
Жүргелі жатқан ұсынып. Қалың жауды көрген соң, Жылады халқы қысылып. Үйреніскен Шағалақ,
Әр іске қалған ысылып.
Қабанбай айтты: – Шағалақ, Нағып жүрсің жағалап.
Ауыз басың жыбырлап, Айталмай бір сөз ағалап. Жағаламай қайтейін,
Келіп тұр қалмақ қамалап.
Сіз мұндай болды деген соң, Келгені ғой табалап.
Сіз сау болсаңыз шіркін-ай, Қиратпаспа едің бағана-ақ. Ақ ордаңыз шағылса, Саудырап қалар сағанақ.
Тауға шапса таймастай, Асылмен атын тағалап,
Қоңғыдырдың баласы
Қожығыр мошқа келіп тұр. “Қарсы келер жан жоқ” деп, Өзіне-өзі сеніп тұр.
Сіз сау болсаңыз сөйтер ме ек, Көңілдің оты сөніп тұр.
Қабанбай басын көтерді, Қақырынып жөтелді.
– Тірі күнде кім білген, Келер менен кетерді.
Алып келіп ерттеші,
Құбақұс дүлдүл сетерді.
Маңдайы терлеп батырдың, Өне бойын су басты.
Жердің беті мұнарып, Түнере тепей бу басты.
Халықтың қанын жоқтайтын Осындай батыр тумас-ты.
– Ақсарбас сойып бата айтшы, Бір Аллаға ат айтшы.
Шын Қабанбай ғып жаратсаң,
Буынымды Алла қатайтшы. Төрт түліктен тағыда,
Бір-бір түрлі зат айтшы.
Шынқожа мен Боранбай, Көңілін сұрап кеп еді, Амандасып жолығып, Тәуірсіз бе деп еді.
Абырой беріп бір Алла, Ауылда қонақ кеп еді. Үзеңгі жолдас сау күнде,
Біріне-бірі сеп еді.
Орнынан қарғып тұрады, Алладан көмек сұрады.
Ақ туын алып айғайлап, Қалмаққа мойнын бұрады.
Қожығыр қалмақ қарсы кеп, О дағы қайрат қылады.
Найзамен шаншып Қабанбай, Көтеріп жерге ұрады.
Боранбай мен Шынқожа,
Бұлар да жауды қырады.
Қалмақтар шулап қашыпты, Қабанбайды көрген соң.
Қашпай шыдап тұра ма, Өлтіре соққы берген соң.
Ес қалмады қалмақта, Ең бастығы өлген соң. Қара бұлттай Қабанбай,
Қан жауғызып төнген соң.
Құбақұс аты құсша ұшып,
Қуғанын басып жетіпті. Науқастығы білінбей, Атқа орнығып бекініп, Сақал-мұрты түксиіп,
Бет аузын жауып кетіпті.
Қазақтан қалмақ қашықтап, Әр өзендерден өтіпті.
Талайы жерге бас ұрды,
Қалмақтың тобын қашырды. Қазақтың айдап жерінен,
Ерентаудан асырды.
Қабанбай теңдес батырлар Өткізді сондай ғасырды.
Артына тарих қалдырып, Сырларын қашан жасырды.
Батырлар сондай тасқынды, Тастады қуып қашқынды.
Қабанбайдың зорығып, Науқасы қайта асқынды.
“Жақсылап үйге жеткізіп,
Жұмсақтаңдар астымды. Өлгелі жатқан батырдың Бұқар көңілін сұрайды.
Бейнесін көріп шошынып, Ойға түсіп мұңайды.
Сегізінде еді сексеннің,
Кемсеңдеп Бұқар жылайды. Қабанбай сөйтіп жатқан соң, Жыламай қайтып шыдайды.
“Әлде қалай болар?” деп,
Бұқар байқап сынайды. “Қимады сені бізге” деп, Аузына алды Құдайды.
– Сен науқас деп, батырым, Естіді кеше құлағым.
Аманыңда көрсем деп, Келгенше әрең шыдадым.
Сөйтсе дағы, шырағым, Халің қалай өзің айт.
Ел шетіне жау келсе,
Ерттеулі тұрған пырағым. Шөліркесем ыстықта, Көлеңкелі құрағым.
Қу заманға сенім жоқ,
Қай жерде болар тұрағың?! Арғын менен найманнан Алты кісі айттым жолыңа, Қара мойын мен сенің Құдайға айтқан ылағың.
Айналайын Қабанбай,
Сендей жақын адамды Енді қайдан табармын?!.
– Алладан келген әмірге, Разы болып тұрамын.
Мынау қатты науқаста, Табарсың, аға, қайтіп ем. Молдаларды шақыршы, Аузыма иман салсын дем. Кешіріңдер бәріңде,
Сөзімде болса артық-кем.
Қолдарыңнан кетемін,
Ит пен құсқа болмай жем. Жүректен өрлеп қу науқас, Қысты ғой мынау алқымды. Арыздасып қоштасам,
Шақырып берші халқымды. Сусын беріп, есік аш,
Келтіріп маған салқынды. Үш жүздің ұлы, бұзбаңдар, Береке-бірлік қалпыңды,
Жауға бермей қорғаңдар, Қазақ деген халқыңды. Зират соғып, нәзір бер,
Біледі халық даңқымды.
Неше күндей күзетті, Қолдарымен түзетті. Қайсысын жоқтап зарладық, Батырдың мұндай жүзі өтті. Өзі тұр ғой батырдың,
Артында қалмай ізі өтті.
Құстөсек, жастық жайға қап, Жамбасынан сыз өтті.
Ажал, шіркін, аямай, Айырды бүгін елінен.
Қаз-үйрек қалды қаңқылдап, Аққу ұшып көлінен.
Айтулы қайран арыстан, Ажал оқ тиді белінен.
Қазаққа қоныс ап беріп, Қалмақты қуған жерінен.
Орын алар ондай ер, Бейіштің жақын төрінен. Көлеңкелі бәйтерек,
Ажалы жетіп құлады. Қазақтың биік шығары,
Бас ұрып жерге сұлады. Кешегі жүрген көп батыр Жетім қалып жылады.
Итіскен қандай адамдар, Өлген соң бітіп тынады.
Жаратқан аманатын тәненн алды, Қабанбай қазақ ерә дүние салды.
Татымды тасқорғаны құлағаны,
Алты арыс, төрт төңірек жетім қалды.
Батырға сөйтіп тағдыр жеткен екен, Қу өмір талай жаннан өткен екен.
Қай жылдарда өткенін біле алмады, Жетпістің жетеуінде кеткен екен.
Қабанбай кек әперген талай жолда, Атын білмес адам жоқ оң мен солда.
Ұранын ұрулардың атап кеттім, Әруағы батырлардың, өзің қолда. Ескілікті тарихтардан жинап тауып,
Өлең қып жырлап берді Қыдырмолда.