Kazakh
Ер Қабанбай (Ержан Ахметов нұсқасы)
Тұлпарым, арғымағым, жүлде алғаным, Басынан Арқаулының* күн шалғаным. Аузыма “ә” дегенде тола түскен,
Қабанбай, Кенесары ел қорғаным.
Қабекең артық туған есіл ерім, Олжаға қарық қылған ерген елін. Бір күні батыр Қабан жаусырады, Жидырды хабар беріп тамам елін.
Атады үлкен мерген арқар, құлжа,
Жігіттер атқа түйе тегін олжа.
“Ел жиды ер Қабанбай” дегенді естіп, Келіпті шанышқылы Бердіқожа.
Қабекең күттірмеді келген елді, Реттеп іріктейді өңкей ерді.
“Жиылды батыр сонша” дегенді естіп, Найманнан өзі батыр Жантай келді.
Бір хабар бар қазаққа кеткен тарай, “Батырлар қамданды”, – деп, – жауға қарай. “Жиылды батыр сонша” дегенді естіп,
Келіпті қанжығалы қарт Бөгенбай.
Ер Қабаң осы жолы бір алмақ кек, “Қырғызға дайынданған аттанам” деп. “Жиылды батыр сонша” дегенді естіп, Келіпті Шақшақұлы ер Жәнібек.
Сиынып бір Аллаға қылған талап, Өңшең ер жата ала ма босқа қарап. “Жиылды батыр сонша” дегеннен соң, Келіпті көкжарлыдан көкжал Барақ.
*Кейбір нұсқаларда “Арқарлының” делінеді.
Ағыны батырлардың тастан қатты,
Батырлар күндіз жүріп, түнде жатты. “Тепкіме осы менің жарайды” деп, Үйірден ұстап мінген Қубас атты.
Бесінде бейсенбі күн қосын артты,
Жиырма бес күн жол жүріп өңшең батыр, Қырғызға қырын тіккен жақындапты.
Қырғызға бұлар келіп жақындапты, Жиналған алты жүздей барлық халқы.
Қубас ат шабар күйіне келген екен, Лашкердің өзге аттары арықтапты.
Жиылған өңшең бағлан батыр ерлер Бір суда ат тойдырып дамылдапты.
Қабекең сонда мұртынан күлімдепті, Бұлар қырғыз өз жұрты білінбейді.
Бұлты жоқ, дауылы жоқ шаңқай түсте, Ақ туы Қабекеңнің дүрілдейді.
Батырлар сол арада сасып қалды, Қолына жүген алып атқа барды. Қабекең Қубас атқа жайдақ мініп,
Ақ туды жеті айналып айғай салды.
Көретін түстік жерден ер Шағалақ, Қарауыл кетіп еді ерте қарап.
Бөрте атпен шауып келіп хабар айтты, “Қалың көш келеді екен таудан асып”.
Ту ұстап тауға шықты батыр Қабан, Жөнелді көшке қарай қол самсаған. Тоқтатып көшті сайға иіре тастап,
Лашкерге қарсы шапты бір жалғыз жан.
Астында көк тұлпар бар қатқан жарап, Бір өзін шыға келді мыңға балап.
Айбатын шыққан ердің көргеннен соң, Шыға алмады ешкім бұған оңашалап.
Жібермей қолдың алдын иіреді, Батырлар ыза болып күйінеді.
Ұмтылды шыдай алмай Жантай батыр, Найзамен түйрей мұны жібермеді.
Қабекең кейін қалған жауды байқап, Батырлар бата алмай тұр бәрі тайқап. Келіп еді жекпе-жекке қарт Бөгенбай, Оны да жолатпады найза шайқап.
Қабекең кейін тұрған қолды бастап, Қырғыздың көрініп тұр өнері асқан. Ұмтылды таудан құлай ер Қабанбай, Ақ туды Шағалаққа бере тастап.
Бітеді суға балдыр басы бүрлі, Жебесі найзасының сегіз қырлы.
Қырғызға жеке тұрған келсе жетіп, Сауыттың тамақ түймесі ағытулы.
Жетпістің жетеуіне келген Қабан, Сол күнде қимылы артық бозбаладан.
Қамшыны Қубас атқа жанып-жанып, Қырғызды іліп түсті бұғанадан.
Найзаны өлер жерінен бұлғап салды, Жығылып ат артында қырғыз қалды. Көштегі көріп тұрған елден шығып, Жетелеп ақ бас түйе бір қыз салды.
Қыз түріне қарасаң, Оймақтай аузы қара көз. Келген жерден егіліп,
Сөйледі сонда мұндай сөз:
– Айналайын әтиім, Арыстандай боп жатуын.
Артыңда шулап жылап тұр Құрбы да құрдас татуың.
Шығып елден салақтап, Ендімде қайда барармын, Екі көзім алақтап.
Қасықтап жиған қайран мал, Төгілді бүгін табақтан.
Қазақтан қасқыр шыққан да,
Кетті ғой бүгін тамақтап. Жиылған өңшең батырлар, Көзімнен аққан жасты көр. Әйелге олжа салсаңдар, Әтекемнің басын бер.
Қыздың іші күймелі, Алпыс екі түймелі.
Шағалақ жүр жаутаңдап, Қыз бетінен сүйгелі.
– Батыр-ау, мені аларсың,
Алып та елге барарсын. Орнықты қатын болмаспын, Орнымды сипап қаларсың.
Қабекең сонда тұрып кеп айтады, Алдында қыздың қамын жеп айтады:
– Алыңдар көшпен, елден барынша олжа, Қыз бас маған ерік деп айтады.
Батырлар мұны естіп шапты көшті, Даралап алды-алдына олжа үлесті. Сүйегін әкесінің қызға беріп,
Қабекең “қыз өзі аман қайтсын” депті.
Қуанды қыз мұны естіп Қабан ерден,
– Жоқ едім мұндай ерді көзім көрген. Шабынды қолға түскен бір әйелге Таңдатып екі басты бірдей берген.
Ақ түйе қыз әкелген нарбас таудай, Басы жануардың жылқы астаудай. Тік тұрған адамдай бар екі өркеші,
Арасынан төрт аяқтың ел көшкендей.
Дәулетбай келді сонда “ағам ғой” деп,
Келді де ақ түйеге бұйда тақты, “Ағамның бір олжасын алам ғой” деп.
–Дәулетбай өзге малдың бәрін сен ал, Жететін екеумізге бар ғой көп мал.
Өлгенде сүйегімді артам бұған, Әуре боп бұйда тақпа, көңлің қалар.
–Көп дәулет керегі жоқ малдың маған, Ағаке, берсең осы тайлақты алам.
Таласып бір тайлаққа қолым қақсаң, Қайтейін түсте* дей кете барам.
Қабекең сол түйені шын бермепті,
*анық оқылмады
Қол кешке бір түбекке келіп жетті. Қасына оншақты адам ертіп алып, Тоқтамай ер Дәулетбай жүріп кетті.
Тоқтамай сегіз күнде елге жетті,
Қабанды көрмеймін деп айтты сертті. Таң ата ауылының көшін артып, Дәулетбай кіші жүзге ауып кетті.
Дәулетбай сол кеткеннен кете барды, Екі ерге жалғыз тайлақ іріткі салды.
Есітіп бұл хабарды елге келіп, Өкініп батыр Қабан қайғыланды.
Осымен өтті арада бір жаз, бір қыс, Дәулетбай қайда кетті бұл белгісіз. Болғанда келесі жыл күзгі маусым, Ауырып ер Қабнбай болды халсіз.
Жидырды молла менен қожаларды, Қабекеңе жиылып демін салды.
Науқасы меңдеген соң батыр Қабан, Шақырып Шағалақты қасына алды.
Қабан бір сонда сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді:
– Дәулетбай кетті алысқа Енді мені көрмейді.
Бүгінгі күн дүйсенбі, Дүние беті күйзелді. Мен жан берем Шағалақ, Бейсенбі күн бесінде,
Бабам аян бергенде. Өзің мін сен Қубасты,
Қубастай жылқы тумас-ты. Жолдасың мінсін Бөрте атты, Және алыңдар төрт атты.
Бұл шапқаннан шабыңдар, Жатар орын болғанша.
Сары судан өтіп кетпесе, Дәулетбайды табыңдар. Ер Шағалақ қамданып Отырсың ба паңданып.
Мінезі қатты Дәулетбай,
Тірі десең келмейді.
Жаназаға шақырып,
Келдім деп хабар салыңдар.
Таңертең ерте жөнелді, Қош айтысып ел қалды. Шағалақ мінді Қубасты,
Қубастай жылқы тумас-ты. Жолдасы мінді бөрте атты, Екеуі алды төрт атты.
Сол шапқаннан шабады,
Түс әлеті болғанда, Артына бұлар қараса,
Айшылық жерге кеп қапты. Тоқтамай тағы шабады,
Жатар орын болғанда, Сары судың бойында Дәулетбайды табады. Жетіп келді дүбірлеп,
Жүгіріп шықты “Бұл кім?” деп, Дәулетбайдың қатыны.
Шағалақ сонда: – Мен, – дейді,
–Неғылып жүрсің сен, – дейді.
–Арыстандай айбынды, Алатаудай айдынды.
Таудан орғып жол салған, Егескен жауға қан жауған Ер Қабекем жол тартты, Келіп ем хабар бергелі.
Бейсенбі күн сәтіне, Жамбасы жерге тиеді.
Өксіп келіні жылады, Көзінің жасын бұлады:
– Арысым, қайран ағакем, – деп, Етпетінен жерге құлады.
Естіп мұны Дәулетбай, Үш ұмтылып орнынан, Әрең зорға тұрады.
Шағалаққа жақындап, Қайтадан қайта сұрады. Дәулетбайдың қатыны
Келді байының қасына. Жылап тұрып сөйлейді, Қара салып басына:
– Неге отырсың иіліп, Аш күзендей бүгіліп?!
Бармаймысың баурыңа, Адыра қалған аулыңа. Ағакем, ойбай, кеткен соң, Дұспан мінер саурыңа.
Дәулетбай сонда тұрады,
Бұл сөзге мойын бұрады. – Тірі ме – деп – Қабекем? Қайырып қайта сұрады. Шағалақ жауап береді, Бұл дағы сондай ер еді:
– Мен кеткенде тілі жоқ,
Қолымен әркімге бірдемені дер еді. Қалпетіне қарасам,
Сені күтіп жатқандай, Қабекем түрі бар еді.
Әйелі Дәулетбайдың ақылды екен, Хабарын Шағалақтың “мақұл” деген. “Жөнелтем әтекемді қолымнан” деп, Тең шешіп екі тоғыз жасау бөлген.
Қубасты Дәулетбай өзі мінді, Бөрте атты қатынына ерттеп берді.
“Таң ата түндік бауын шешіңдер” деп Әйелі мен екеуі түнде жүрді.
Кетеді қос тұлпармен бұлар шауып, Көре алмай қалам ба деп қылды қауіп.
Ауылдан қой жаңа өріп шыққан кезде, Ауылын Қабекеңнің алды тауып.
Қойшы кеп Дәулетбайға сәлем берді,
– Қабекем тірі ме? деп сұрайды енді.
Шал байғұс, “Қабекем-ай” деп кемсеңдеп, Айта алмай арғы жағын жылайды енді.
. *
..................................................................
Сусын берсем ішпейді,
Төменгі ернін тістейді. Күркіреп демін алады, Жағалай көзін салады. Сені тосып жатқанға Мен білсем сол ұқсайды.
*Қолжазбадағы екі өлең жолы оқылмады.
Қабекем аулы осынау, Қойым да кетіп барады.
Әйелі Дәулетбайдың түсті аттан, “Ауылға барамын деп қайтіп атпен”. Бір жігіт Дәулетбайды көзі көріп,
Келді деп Қабекеңе хабар еткен.
Дәулетбай аттан түсіп үйге кіріп, Қайғырып ағасы үшін күңіренді:
–Күнәмді кеше гөр, – деп, – менің қылған, Бас ұрып аяғына жылай берді.
Қабан бір сонда сөйледі, Күрік-күрік жөтелді, Шынтақтап басын көтерді:
–Дәулетбай қалқам, бері кел, Бері кел де, мені көр.
Көтерейін басымды, Қолтығымнан сүйей бер. Сөзіме менің құлақ сал, Иесіз мынау қалың мал, Өкпелеген түйеңмен Соның бәрін қосып ал. Қалған мынау жас жеңгең Жыртық көйлек кигізбе. Мұқтаж қылып дүниеге Үй қыдыртып жүргізбе.
Кешегі батыр қатыны Кетіпті жүдеп дегізбе.
Даладан Шағалақ келді үйге кіріп, Алдына Қабекеңнің тағзым қылып.
–Келініңіз ұлықсат сұрайды, кірсін бе үйге, Қалайын дейді қолымнан сусын беріп.
–Ұлықсат, кірсін, – дейді батыр Қабан, Келіні үйге кіріп сәлем қылған.
–Кеше гөр ықыласыңмен, жан ағаке, Менің де сізге істеген болса күнәм.
– Бәрін де кештім, – деді, – екеуіңе, Абыройын берсін Тәңірім екі дүние. Ақылынан ашуы бұрын еді
Қашан да ақылшы бол Дәулетіме –
Деп Қабан екеуіне бата берді
Бәрі де көрген жанның зар еңіреді. “Қолымнан ағакеме дәм татқызам” деп, Келіні тостағанмен қымыз берді.
Шағалақ тыстан кірді үйге, Жағалап батыр, билерге
Бір нәрсе айтып сыбырлап, Сасқан түрмен тұрды үйде. Қабекең сонда сөйледі:
–Ау, Шағалақ, Шағалақ! Неғып жүрсің жағалап, Қатынбысың сыбырлап, Өлейін деп жатқанда,
Кірпігім менің қимылдап?
–Ауылды қырғыз келіп тұр Қабанбайды өзінің
Тірісінде шабам деп. Мың кісіге бас болып,
Әтеке жырық келіп тұр.
. *
– Өлгелі жатқан жанымды Ит қырғыз келіп кейітті.
Қубас атқа ер салшы, Молдалар маған дем салшы! Әулиеге ат айтшы,
Қорасанға қой айтшы.
Өлгелі жатқан денемді Сау кісідей қатайтшы! Ит қырғыздың қазасын Берейін қолдан жазасын! Тұрып Қабан киінді, Арыстандай жұлынды.
“Ғайып ерен, қырық шілтен, Әзірет Әлі, Үрістем,
Бүгін мені қолда” деп, Аруақтарға сиынды.
“Мен келдім жетпіс сегізге, Сен келдің жиырма сегізге. Осынау жауға шаба алмай, Қартайды Қубас дегізбе”.
Серттесіп атыменен ер Қабанбай,
*жол бос қалған
Ақырған шығып даусы арыстандай. Қабекеңнің даусын естіген соң,
Жөнелді қырғыз қашып шыдай алмай.
Артынан аш бөрідей тиді жалғыз,
Қырғынға қалды батып келген қырғыз.
Бес жүздей келген жаудан өлтіріпті, Ер бар ма Қабанбайдай ойласаңыз.
Бір дөңнің басына кеп түсті Қабан,
Шақырды Дәулетбайды “кел” деп маған. “Басымды сүйей бер” деп иман айтып, Сол жерде ер Қабанбай дүние салған.
Шығардым қисса біраз бәйіт,
Болсын деп аз әңгіме жұртқа жайып. Бұрынғы өткен ерлерге дұға қылшы,
“Әумин” деп қол көтеріп көп халайық.