Қубас ат

Кім білмес наймандағы Боранбайды, Бес байыс боранбайлап ұрандайды. Қазақтың ұран шықса қаны қызып, Ер жігіт өз үйінде тұра алмайды. Үш жүзге байлықпенен аты шыққан, Естиміз асқан бай деп Бұланбайды. Бұлардың ата-тегі туысы бір, Кейбіреу нақ айтпаса біле алмайды. Байыстың елге әйгілі бес баласы, Үлкені Сарымырза – ер да...

Kazakh
Қубас ат
Кім білмес наймандағы Боранбайды, Бес байыс боранбайлап ұрандайды. Қазақтың ұран шықса қаны қызып, Ер жігіт өз үйінде тұра алмайды. Үш жүзге байлықпенен аты шыққан, Естиміз асқан бай деп Бұланбайды. Бұлардың ата-тегі туысы бір, Кейбіреу нақ айтпаса біле алмайды. Байыстың елге әйгілі бес баласы, Үлкені Сарымырза – ер данасы. Шүрентай Қаржыменен екі анадан, Сыбанның Ахметпен бір анасы. Айтылған Сарымырза алты бала, Белгілі бұл балалар жалпыңа да. Жолымбет, Бейімбет пен ер Жолбалай, Айтатын енді үшеуін артын ала. Берді, Көшен, Таңылбай бір анадан, Алтауы бір атадан емес дара. Әжіғұл, Жолымбеттің екінші ұлы, Біледі бастан-аяқ халық мұны. Туыпты Әжіғұлдан Дәуіт мырза, Ашылар қуа берсе тарих сыры. Атақты ұл болыпты Мырзаштан үш, Еліме нақ әйгілі бұл белгілі іс. Қалқаман, Мұлқаман мен Жауар дейді, Барлығы бір атадан өткен туыс. Міне, осы Мұлқаманнан Ұлан, Бұлан, Найманда бай болмапты асқан мұнан. Тұқымы Қалқаманның би Боранбай, Нәсілі ата қуса бірге туған. Найманға би Боранбай билік айтты, Артына әруақты болған ұран. Тұсында Абылайдың ақылшы боп, Серік боп ордасында қызмет қылған. Байыстың бәйбішесі аты – Мұрын, Мақта апай, Сарымырза туған мұнан. Байжігіт – Мақта апайдың жалғыз ұлы, Емес пе Байжігіттен Мәмбет туған. Мәмбеттен ер Қожағұл туған болса, Қабанбай шөбересі боп тараған. Ұрпағы бес Байыстың жиен дейді, Білген жан бұл араға қылмас күмән. Қабанбай – орта жүздің арыстаны, Жау сасқан даңқын естіп алыстағы. Қабанбай, ер Бөгенбай заманында, Кетпеген дұшпанына намыстары. Болған соң әрі жиен, әрі серік, Болады келісі мен барыстары. Қазақтың ескі жосын әдетінде, Арада арыс-беріс арыстары. Дәулетін бұланбайдың сөз етейін, Демеңдер сөз мазмұны алыстады. Мал біткен Бұланбайға дейді халық, Кезінде бақыт қонған, Қыдыр дартып. Қырық қос ірі қара болған екен, Қойының сексен қора болуы анық. Бітіпті бес мың жылқы, үш мың түйе, Бәріне Ұлан, Бұлан болған ие. Сиыры екі мыңнан асқан екен, Қалдырмай ұққанымды айтсам міне. Үстінде отыз мыңның қойы болыпты, Секілді мұнан да асқан жүре-жүре. Емес пе көргені аз бір адамның, Тарихты ұғынасың сұрап біле. Бұланбай елге жаққан беруімен, Елінің айрылмапты сенімінен. Біткеннін осы байға үш мың түйе Естідім бір шөбере келінінен. Әйгілі бұл әңгіме үлкендерге, Үлкендердің ішінде білгендерге. Қабанбай қолқалапты “бір ат бер” деп, Аулына Боранбайдың бір келгенде. Қазақта талай-талай шығыпты ер, Еліне жаудан қорған болыпты бел. Сайыста елді жаудан құтқаратын, Жігітке тұлпар атты серігі дер. Ғали мінген дүл-дүлді, Сейтбаттал мінген сары атты, Ерлерге сай тұлпарды Серік қып Алла жаратты. Қамбар мініп Қасқа атты, Ер Қосай мінді Торы атты. Ер Тарғын мінді Тарланды, Қарабек мінді Қара атты. Алпамыс мінді Шұбарды, Қареке мінді Ала атты. Дәл осындай ат керек, Ер жігітке талапты. Осындай бір ат шығар ма, Араласақ алашты. Араладым, таппадым, Байжігітті – Қарасты. Құнына шыдап алалық, Табылса бір ат жарақты. Алакөлдегі шайқасқа, Бердекең берді бір атты. Осы атқа мінген соң, Кең жайдым жауға құлашты. Сайысқа түсер майданда, Серігім осы тұрақты. Мың жылқыңа бермеймін, Бердекең берген Сұр атты. Бас ат мінсем желе алмас, Жау қарасын көре алмас. Ат жалында бомласа ер, Сазайын жаудың бере алмас. Екпіндеп алға шықпаса, Сермеуге келмес көк алмас. Бес қару толық болмаса, Дұшпанын жойып жеңе алмас. Елін келіп жау шапса, Ер жігіт қалай кек алмас. Жауын жеңіп жойғанша, Неше тәулік дем алмас. Үш тәулік шаптым – талмады, Алдына жылқы салмады. Болдырмаған бір жылқы, Осыдан басқа қалмады. Омақа асып, жер құшты, Жоңғардың талай қалмағы, Елі тозып күйзелсе, Еріне түсер салмағы. Болдырса да өз аты, Бердекең қай алмады. “Болмасын жаудан оқыс” деп, Өз басын маған арнады. Болдырып аты талай ер, Шайнаулы кетті бармағы. Ер жеңісі атта екен, Қажеті ерге қатты екен. Қор болып қолға түскенше, Майданда өлген жақсы екен. Оққа ұшып атым қалғанда, Жаздадым кете арманда. Бередкеңнің ерлігін Ұмытпан бұл жалғанда. Таңдаулы деген ат шыдар Бірнеше тәулік шабысқа. Шыбын жанын пида қып, Ер жігіт түсер намысқа. Дүркіреп жау тигендей, Өрт қойғандай қамысқа. Қалжырап дене болдырып, Қолыңның қары қарысса, Ерге серік ат екен. Арпалыста – алыста, Қамқоршым едің ақылшым, Үйреткен ақыл арысқа. Ақылшым әрі нағашым, Осындай бір ат қарайын, Табылса шыдап алайын. Берекең мына сөзге құлақ салды, Шақырып Үмбетбайды қасына алды. Хат жазып Бұланбайдан ат сұралық, Ат болсын, ерге лайық маңдай алды. Ат болсын ат болғанда елден ерек, Мүсіні, сыны ерекше болсын бөлек. Өзі айтып Үмбетбайға хат жаздырды, Тапсырды “осындай ат тауып бер” деп. Биіктігі өзіндей болсын, Местігі өзімдей болсын. Есіп жеткенде екпінінен жел есіп, Жүрісі Қазыбектің сөзіндей болсын. Құлағы қамыста болсын, Еріні талыстай болсын. Екі көзі ботаның көзіндей болсын, Шекесінің арасы қарыстай болсын. Қабағы бүркіттің қабағындай болсын, Шықшыты бураның сағағындай болсын. Жылқыңыздан осындай бір тай шығар, Мүсіні менің қойған талабымдай болсын. Жалы жібектей болсын, Қасқа тісі күректей болсын, Жігері бабына келген түлектей болсын. Белдемесі қанатты болсын, Жаясы жалпақ алапты болсын. Бір көргенде үш қаралық Осындай сұлу жарақты болсын. Сауыры құлындай болсын, Кекілі балаға қойған тұлымдай болсын. Егесте ердің серігі болсын, Өңі-түсі бірыңғай болсын. Тұяғы жұмыр болсын, Денесі шымыр болсын. Құтқармайтын қуғанды, Қайыспас мінсе тұғыр болсын. Құйрығы төгіліп тұрсын, Талданып сөгіліп тұрсын. Самсаған қалың жорықта, Мүсіні жұртқа көрініп тұрсын. Тілерсегі төмен, Екі бұты алшақ болып, Артынан қараса, Төс сүйегі көрініп тұрсын. Осындай талаппенен сұратты атты, Болсын деп жылқы ішінде бек сымбатты. Қол қойып, аяғына мөрін басты, Туыстас замандасы Бұланбайға Жіберді бір жігіттен осы хатты. Қолына алып келіп тапсырған соң, Қағаздың Бұлан мырза бетін ашты. Қағаздың мәнін ұқты оқып көріп, Отырды әр сөзіне ой жіберіп. “Сыншының оймен жазған қиялындай Жылқыдан шығар ма деп мұндай көрік. Ойлады болады деп ерег серік. Сыны бар діл жиырма жеті жерде, Табылса бір жылқыдан түгел келіп”. Өзі оқып Бұланбайдың хатты болды, Шешенге мұны жазған көңлі толды. Ұққан соң қонақ үшін керектігін Табылса, неғылса да бермек болды. Хатты алып екінші рет Әбіш көрді, Осы еді бітіретін әр істерді. Жылқыдан бес жарым мың лықсып жатқан Бір тайды таба алмауды намыс көрді. Әбіштен енді хатты Қолбай алды, Мырзалар аты шыққан маңдай алды. Ұрқынан Мұлқаманның қайтсе шығар, Бұ дағы намыс көрді малды алуды. Үшеуі ақылдасты аттың сынын, Көрмеген пайым етіп бұдан бұрын. “Жиырма жеті түрлі порымы бар, Жылқыдан туа ма деп мұндай құлын”. Сұрады шақырып ап Өсербайды, Білетін жігіт еді жылқы сынын. Қасында қысы-жазы болғандықтан, Жөні бар білетұғын жылқышының. Әр түрлі ер басынан өтер майдан, Табылар ізденбесе бекер қайдан? “Бар ма, – деп, – жылқымызда осындай ат?” Сұрады қос бастығы Өсербайдан. Өсербай аз отырды жауап қатпай, Бірі жоқ отырғанын таңдай қақпай. Сәйгүлік жылқыдағы саңлақтарды Ойланды ой жүгіртіп аспа-саспай. Сынға сап, таразылап ой жүгіртсе, Ойына олқы келді бәрі жақпай. Ойына арда емген дөнен түсіп, Қуанды “таптым-ау, – деп, – жаза баспай”. Аздан соң байға қарап жауап қатты: – Ойға алдым тола ма деп талай атты. Жуас-ау жылқыңызда бір пырақ бар, Көңіліме сынға толып осы ат жақты. Жануар былтыр құнан, биыл дөнен, Отырсыз аттың жайын сұрап менен. Желіде жеті күндей жатпап еді, Шын тұлпар мынау өссе болар деп ем. Енесі содан бері туғаны жоқ, Жануар жүйрік еді бөлек ерен. Бұл дөнен содан бері сүт емеді, Мінгізбей қазіргіше күтіп келем. Бір жеті өткен жылы жуасыттым, Белгілі құлынынан жылқы деген. Шабысы желісінен бейне сағым, Асырмай һәм кемітпей айтсам нағын: Ат желіп аяңына жете алмайды, Алдына жылқы салмас тапсаң бабын. Бір тұлпар ерге серік бола ма деп, Болжап ем өз ойымша болашағын. Хаттағы айтқан сипат табылады, Шындыққа әрқандай іс бағынады. Бара алмай ешнәрсенің байыбына Кейбіреу айдаладан шабынады. Шықпаса шежіренің қойған сыны, Өсербай жылқы бағып неғылады?! Бай айтты: – Рақмет, Өсербайым, Емессің бекер жігіт қарапайым. Көрелік барлығымыз түгел көзбен, Келер күн осы араға болсын дайын. Жолаушы, жиендер кеп дәм татсын деп, Қонаққа Бөрекеңді шақыртайын. Ел келіп жайлауына орныққан соң, Деп жүрем қонақ қып дәм татырайын. Әкелді келесі күн соны барып, Ұқсады сынағанда порымы анық. Өлшепті сыншы айтқан әр белгіні, Байқаса нағыз тұлпар болуы анық. Шабысы, желісі мен жүріс жағы Тұр екен бұл үшеуі толып алып. Құлашың жаясына әрең жетер, Өлшеді бозбалалар соны барып. Барлығы атты сынап көрді көзбен, Келмейді жоқ барлыққа айтқан сөзбен. Салпы ерін, ұзын тісті, тостаған көз, Кеме емес артылмаса басы көзден. Жібек жалды, сал мойын сала құлаш, Сыншының болып шықты айтқаны рас. Шу асау секілді емес, мінезі кең, Сымбатты сырты сұлу, мүсінді еді, Қойғандай қолмен жасап пішінді енді. Көпшілік жануарға разы боп, “Қоя бер, жылқы да еркін жүрсін деді”. Сонымен бұл арадан тарасыпты, Сол кезде мұндай дәурен жарасыпты. Найманда бұдан мырза болған емес, Бұл байды найман тұр ғой, Алаш ұқты. Шақырып Берекеңді кетті Қолбай, Жарлығын байдың айтқан екі қылмай. Қасында екі жігіт атқосшы бар, Тайпалып астарында жорға жылмай. Мырзалар қонақ үйге келіп түсті, Мөлшерлер келсе керек талмау түсті. Беруге биге сәлем келгендер де, Отырып көппен бірге қымыз ішті. Айтысты “биге сәлем береміз деп, Дидарын ақсақалдың көреміз деп. Кеп жатқан Байжігіттен жиендерді Қонаққа шақыруға келеміз” деп. Мырзалар сәлем берді биге келіп, Отырған Қабанбайлар үйге келіп. Орнықты жаулаға кеп біздің ауыл, “Жиендер қонақ болсын бірге келіп”. Арасы екі ауылдың шалғай емес, Қарасын дөңге шықса тұрар көріп. Қолбайлар түстігін жеп аттаныпты, Күтпек боп қонақтарды үйге келіп. Арнаулы көкорайға тігілді үйлер, Қонаққа Қабанбай мен келді билер. Әңгіме ат туралы естіген жұрт Ағылып көбеймесе, емес сирер. Жігіттер қонақтарды жатыр күтіп, Жайлауы атшаптырып бәрі бір жер. Күн-түні ойын-сауық тамашада, Мәз болды ұлан-асыр жиылған ел. Кезекпен қонақтарға сәлемдесіп, Қол берді Қабанбайға көрмегендер. Даңқына Қабанбайдың көп ел қанық, Отырды дидарласып бүгін танып. Кәрілер жасы ұлғайған әсіресе, Жүргендер ынтық болып құмарланып. Боранбай барлық жұрттың ел ағасы, Түзеткен сан қисықты жөнге салып. Кәні боп әділетті билігіне, Алдына жылап келген аш пен арық. Бұланбай – ел ырысы жомарт еді, Кем толып, аш тоғайып болған қарық. Жаяуға ат, жарлыларға ас болыпты, Аңызда осылай деп айтар тарих. Жылқыдан Әбіш мырза өзі ұстатып, Араға арда емгенді келеді алып. Биігі өркеші жоқ нардай екен, Таң қалды кескініне көрген халық. Бір атты жиеніне әкелді деп, Айтыпты қонақтарға біреу барып. Көруге арда емгенді бәрі келді, Жақсыны көрмек үшін деген анық. Сүйегі арда емгеннің жардай екен, Жылқының сол кездегі маңдайы екен. Мақтауға айта берсе не сыймайды, Кейбіреу айтып жатыр: нардай екен! Аянына лекілген ат желеді, Жүрісі жануардың желмая екен. Арасы екі аяқтың екен алшақ, Сыншының айтқан сөзі емес жаңсақ. Ұнатты Қабанбайдың серіктері, “Тұлпардың өзі десіп жүрген аңсап”. Алдымен бұған мініп желіп көрді, “Байқа” деп желе жортып ерік берді. Басы болып Әбіш, Қолбай байдың ұрқы, Жылқыдан өздері алып ерік келді. Жылқыға біте бермес мұндай мүсін, Таныды ел сымбатынан қайрат-күшін. «Ер туса, ердің аты бірге тумақ», Жаралған жануар ғой батыр үшін. Сал мойын, сом денелі, етсіз басы, Шығыңқы белдемелі омыртқасы. Сол жерде көрген халық мақтанысыпты, Болғандай жануар деп ер жолдасы. Көрсетті Боранбайға “қараңыз” деп. “Арда емген әлі де еміп жүре берсін, Жібертті – суалғанда аламыз” деп. Ішінде бұл келгеннің ақсақалы – Барлығы құрмет етер ағамыз деп. Бірден ат, барлығына шапан берді, “Жолы үлкен біз нағашы ағаңыз деп. Осы атты алты жаста алған екен, Ауысқан бірден-бірге жалған екен. Келгенше алты жасқа сүт емген соң, «Арда емген» деп аңыз боп қалған екен. Даңқына сан сайыста кір жұқтырмай, Осы атпен жауға ойран салған екен. Талай жыл Қабанбайға серік болған, Жылқыдан бөлек туған саңлақ екен. Жоғарғы Боранбайдың жазған хаты Кезі екен жүріп тұрған елге дәті. Айтады кейініглер аңыз қылып, Осы деп Қабанбайдың Қубас аты. Өмірдің бұл бір шындық айғағы екен, Болатын ерге серік һәм қанаты. Ерлерді өткендегі ауызға алу, Қазақтың тарихтағы салт-санаты. Бұл шындық Қабанбайдың ат алуы, Демейді тарихшылар қате мұны. Енесі суалған соң сүтпен бағып, Ұдайы алты жылға апаруы. Емеспіз арда емгеннің өз иесі, Ұқтырған осылай деп сөз жүйесі. Таралған аңыз болып алғашында, Оны айттым басқы сөздің жалғасында. Маусымбай осылай деп айтқан екен, Ескіше өз қолымен жазбасында. Біз қазір естігеннің мұрагері, Өтіпті талай заман содан бері. Түзетер не толықтар деп ойлаймын, Бірі болсақ нақ білетін бізден гөрі. Айырар білімпаздар жалған, нағын, Ұққаным бұл тарихтан менің шағым. Дастан қып естігенді баяндадым, Болымсыз Қабанбайдың бір бұтағын.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.