РАЙЫМБЕК

Райымбегім, асылым, Жауар күндей күркіреп, Жауына түскен жасыным. Қысылған кейбір шақтарда, Құтқарған елін, асылым. Шұғыла шашып жанына, Түсірген алысқа жарығын. Жаның міне, жай тапты, Бақыл болғын, асылым. Атадан асып туып ең, Атаның жолын қуып ең, Қасарысқан жауыңа, Қанменен кегіңді жуып ең. Бала жасыңнан шыңдалып, Е...

Kazakh
РАЙЫМБЕК
Райымбегім, асылым, Жауар күндей күркіреп, Жауына түскен жасыным. Қысылған кейбір шақтарда, Құтқарған елін, асылым. Шұғыла шашып жанына, Түсірген алысқа жарығын. Жаның міне, жай тапты, Бақыл болғын, асылым. Атадан асып туып ең, Атаның жолын қуып ең, Қасарысқан жауыңа, Қанменен кегіңді жуып ең. Бала жасыңнан шыңдалып, Ерлікке беліңді буып ең. Есесі кеткен қазақтың Елдігі үшін туып ең. Ақмойнақ атыңды ойнатып, Жауыңа сойқан салып ең, Жігеріңді жанып ең. Қазақтың намыс, кегі үшін, Қысқа күнде сан рет, Қалмаққа қарсы барып ең. Тізесі батқан залымға, Сұрапыл сойқан салып ең. Елің үшін қуанып, Елің үшін налып ең. Кейінгі өсер ұрпаққа, Өнеге, үлгі болып ең. Ақ бураң сенімді серік боп, Алшандай басып жүріп ең. Нарынқол мен Байынқол, Шәкірамбал, Кеген арасын, Жайлаған қалың қалмақты, Қойға шапқан қасқырдай, Бет-бетімен қуып ең. Ағанас нояннан айлаңды, Артық ойлап асырдың. Жалаңаш, Торайғыр жағына, Қалың әскерді жасырдың. Жайылып жатқан Көкпекте, Атой салып жауыңды, Жекпе-жекке шақырдың. Бірінші келген батырын, Тақымға басып сүйреттің. Екінші келген батырын, Қабырғасын күйреттің. Үшінші келген батырға Найзаның тілін үйреттің. Төртінші келген батырды Қалпақтайын ұшырдың. Бесінші келген жауыңның Қап-қара қанын құстырдың. Алтыншы келген батырды Найзамен іліп түсірдің. Жетінші келген батырды Саз, балшықтай иледің. Сегізінші келген батырдың Басын шауып түсірдің. Тоғызыншы келген дұшпанды Қайың сапты шоқпармен, Бір-ақ ұрып ұшырдың. Оныншы келген жауыңды Төбеден ұрып құлаттың. Он бірінші келген батырды Кескен ағаштай сұлаттың. Он екінші дұшпанды Найзамен іліп тастадың. Он үшінші жауыңнан Онша үркіп саспадың. Оны дағы найзамен, Тулақтай тіліп тастадың. Он төртінші батырдың Дымын лезде өшірдің. Он бесінші дөкейді Кіндіктен сұғып найзаңды, Ана дүниеге көшірдің. Он алтыншы батырдың Желкесін қиып тастадың. Он жетінші залымнан, Жаңа күш деп қашпадың. Ретін тауып оны да, Найзаменен шаншыдың. Ағанас ханның қыл мойны, Қылышыңа жем болды. Батырым сенің арқаңда, Қазақтың өсіп мерейі, Өзгелермен тең болды. Батырдың ерлік істерін, Келгенінше әлімнің, Мақамына салып әнімнің, Біраз баян етейін. Естігенім мен көргенді, Кейінгі жас толқынға Жырменен нақыштап кетейін: Кезекті бір ұрыста, Қалың қолы батырдың, Соғыса-соғыса қалмақпен, Іле бойына сырғыды. Садағын атып, қылышын, Кезене жау жылжыды. Мезгіл маусым ортасы, Шақырайған жаз еді. Қазақтар сан жағынан, Қалмақтан мүлде аз еді. Осы аздықты қалмақтар, Әп дегеннен біледі, «Үріккен қойдай сорлы» деп, Миығынан күледі. Тоғытамыз деп Ілеге, Білекке қанжар іледі. Сәт сайын сиынып Сүлдеге, Мол олжа, жеңіс тіледі. Райымбек батыр жасағы Ілеге әбден енгенде, Күлімдеп тұрған жаз күні, Қоңыр көлеңке оранып, Күрсініп батып кетеді. Қалмақтың ханы қағынып, Мойнына алқа тағынып, Қалың әскердің алдында Құйындап сөйлеп отырды. Дастарқан жайып молынан Алуан асқа толтырды. Екі-үш тостаған боза ішіп, Екпіндеп келіп сөйледі. Сөйлегенде бүй деді: – Қазақтың хас батыры, Таусылып барлық амалы, Тығырыққа тіреліп, Жар басына қамалды. Арғы жағында Іле бар, Одан тегі өте алмас. Бергі жағында біз бармыз, Одан тегі өте алмас. Ұшқан құс болса амал жоқ, Өзге болса кете алмас. Қабат-қабат қоршаңдар, Жоңғардың тас қамалы Қазақты тегіс құтқармас. Оған алаң болмаңдар. Дәл қазір түстеп қарасам, Қазақтар тегі сормаңдай. Бағы күйіп ақыры, Үзілген гүлдей солғандай. Әруағы қолдап Сүлденің, Жоңғарлар бүгін озғандай. Таң атқанша той тойлап, Ән салып, шалқып ойнаңдар. Таң ағарып атқан соң, Алтын сәулесін шашқан соң, Қойдай шулаған қазақты, Апанда аш қалған көкжалдай, Қырамыз да тастаймыз. Бізге қызық, оларға Қиямет күнді бастаймыз, Осылайша ол көпірді, Қызған сайын шарапқа, Қорқабы ұстап құтырды. Нақақ, жазықсыз қан тілеп, Жаралы жыртқыштай жұтынды. Қазан-қазан ет асып, Жалыны оның шалқыды. Қызыққа батып көп қалмақ, Буыны босап балқыды. Бір топ бетке ұстар еріне, Жаңа атақтар сыйлады. Ендігі бір тобына, Асыл заттарды тартады. Сый көріп, атақ алғанның Мәртебесі артады. Дабыл қағып, хұрнаны Тоқсан құбылтып тартады. Топтасып кейде би билеп, Толассыз әндерін айтады. Осылайша көп қалмақ, Өзінше мәз болып жатады. Көптен күткен қызықтың Тұңғиығына батады. Қаша ығысып азайып, Қалғанын қазақтар сезеді. «Ілеге тіреліп өлдік» деп, Кейбірі босаңсып күйзелді. Райымбектей бас батыр, Дәл осы кез сөйледі: – Жағдай онша мәз емес, Уайымдаған да жөн, – деді, – Тағдырдың салған тезіне, Тас түйін болып көн, – деді, – Әуелі бас құрап алайық, Не істеуге боларын Ақылдың үстіне салайық. Одан кейінгі құқайды Тағдырдан күтіп алайық. Атаңа нәлет ит қалмақ Жеңдім деп шулап жатқандай, Ботана судай былғанып, Боздағы шығып аққандай. Әйтсе де олар ұтқан жоқ. Біз шығатын жолдар бар. Ас ішіп, бәрің әлденіп, Қуаттанып алыңдар. Әруақтарға сиынып, Мияттанып алыңдар. Айыл-тартпаны бос тартып, Атыңды мінер сайлаңдар. Ақылмен іс істелік, Қапыда тіптен қалмаңдар. Әрбіреуің қос бау қып Қамысты қиып, байлаңдар. Ердің екі жағына Тең қылып, түзеп артыңдар. Тәуекел деп одан соң, Соңымнан менің еріңдер. Бәріміз қарсы жағаға Шығамыз аман, сеніңдер. Алла ақты қорғайды, Осы сөзіме сеніңдер. Сенімнің ұлы тізгінін, Қолыма менің беріңдер. Өстіп батыр толғанып, Әулие-әнбиені ойға алып, “Әумин!” деп Алладан Ақ, адал жолды тілейді. Қабыл болғандай тілегі Атқақтай соқты жүрегі. Батырдың айтқаны жөн болды, Қалың әскер қозғалып, Бетке алғандай оң белді. Қамысты орып қиялап, Аттарына тендеді. «Ойлап қарасақ ақылмен, Батырдікі, тегі, шын» дейді. Ақмойнақ атты орғытып, Ор қояндай сырғытып, Батыр жетіп жағаға Өз атын өзі айғайлап, Іледен өткел сұрады. Ақмойнақ атын емінтіп, Сауырға қамшы ұрады. Ақмойнақ сырғып сынаптай, Су бетінде жүзеді. Қарсы жақ, жазаң жағаға, Бағытын тура түзейді. Бір шыны шай ішер мезетте, Іледен өтіп кетеді. Құмдауыт, құба жағаға, Дін аман, мінсіз жетеді. Қалың әскер шұбырып, Жалғыз адам шет қалмай, Бәрі өтіп кетеді. Жағаға аман жеткен соң, Іледен тегіс өткен соң, Қалың жасақ қуанды. Мың алғыс айтып Тәңірге, Жаны жай тауып жұбанды. Таң ағарып атқанда, Шығар күннің сәулесі Әлемге нұрын шашқанда, Қалмақтың ханы ит болып, Жер сипалап қалады. Тиісерге жан таппай, Көп байбалам салады. Қабағынан қар жауып, Жауар бұлттай түнерді. Өзеннің арғы шетінде, Лапылдатып от жаққан, Еркіндік атты өңірде, Сауық құрып, мәз болған, Қалың жасақты көреді. Санын соғып, опық жеп, Амалсыз кері қайтады. Райымбектей хас батыр Жиекке аман жеткен соң, Жалғыз тал жас шыбықты, Құба жөннің үстіне, Қос қарыс жерге қадайды. Мерейі өсіп жан-жаққа, Мейірін төгіп қарайды. Екі күн қатар дем алып, Қалың жасақ мәз болып, Елді-еліне тарайды. Арада жылдар өткен соң, Өз мезеті жеткен соң, Батыр қадаған жас шыбық, Мәуелеп өсіп ұзарды. Құла құмның үстінде Құдіретпен нәр алды. Айтақыр құмның үстінде Алып шынарға айналды. Өзегін өрлеп су ағып, Бұтақтарынан төгілді. Иесі болып ақ жылан, Баяу жүзіп, керілді. Ниеті бұзық жан болса, Жуытпайды ағашқа. Құдай деген пендені Саясына алады. Тілегін жеткізіп Тәңірге, Алғысын арқалап қалады. Батыр бөгелген осы ара, “Аяққалқан” болып атанды. Қысы-жазы ел барып, Емделіп, сиынып жатады. Батыр от жаққан қара тас, Сипаған жанның көңілін Күндей етіп ашады. Бұтақтан төгілген суды ішкен Адамдар айығып дертінен, Қуанып еліне қайтады. Ел тыныққан бұйрат құм, Іші толы ән болды. Бұны естіген пенделер, Аузын ашып таң қалды. Айтқан сөзі наз болған, Райымбегім арысым, Бақыл бол, мәңгі бақыл бол! Ерлік пен елдікті тең ұстап, Саналы ғұмыр өткердің. Дүние қуған пендені, Жаратылысынан жек көрдің Ақбура болды серігің. Елім деп алған бетіңде Адастырмады сенімің. Айналайын Ақбура, Айналақтап жаныңнан, Алысқа ұзап шықпады. Жорықта жүрсең түс қашып, Қасыңа келіп ұйықтады. Жанашыр болса серігің, Тілеулес көзбен қарады. Жау болса егер серігің, Табанына салады. Желкеден алып лақтырып, Қорғағанына батырды, Мерейі өсіп қалады. Айналайын, Ақбура, Райымбектей еріме, Қорған болдың ұзақ жыл! Ақыры міне, батырдың, Тәнін жәннатқа ап жүрдің. Талай күн бойы су ішпей, Талай күн тұғырға шөкпедің. Елшісіндей болып бақидың, Апыр-ай, Ақбура, не білдің! Қарасаздың жерінен, Қаз қонған қалқып елінен, Қайыспай өттің, шөкпедің. Айналасын даң қылған, Геген Тайшының қақпасын, Қайыра шауып шаң қылған. Ерлігіңді ел ән қылған, Кегеннен өттің, шөкпедің. Қанды шайқас куәсі, Көкпектен өттің, шөкпедің. Бұғытыдан өткенде, Сөгетіге жеткенде Қалың ел шықты алдыңнан Аял қып тұрдың бөгеліп, Аяқ бүгіп шөкпедің. Шелектен өттің тоқтамай, Қалың қазақ жиылып, Батырды айтып жоқтайды-ай! Айналайын, Ақбура, Бұл жерге де шөкпеді. Апырай, бұнысы неткені? “Қызыл оба” қырғынын, Бүкіл Албан ән қылды. Қып-қызыл тасы жалын боп, Жанарымда жаңғырды. Қабанбайға серік боп, Жарқыл құйдың жанына. Екеуің қатар жүргенде, Күн шыққандай ед маңына. Екеуің қатар шапқанда, Көмілді дұшпан шаңына. Абылай ханға әрдайым, Ақыл қосып тұрып ең, Ақ орданың ауласын Алдаспанмен қорғап жүріп ең. Қарасы көрінесе көп жаудың Қасқая қарап тұрып ең. Отыз жасында атой сап, Қалмақтың ордасын бұзып ең. Қырыққа жасың жеткенде, Қыннан шығарған қылыштай, Қайрауың жетіп қылып ең. Мұздаған елдің жүрегін Шілденің нұры боп жылтып ең. Елуге жасың жеткенде, Елің жайлы ойланып, Күніне тоқсан толғанып, Ертеңін шыңдап ойлап ең. Екі қазақ біріксе, Ел болар деп күліп ең. Алпысқа жасың жеткенде, Асқар таудың шыңына, Айналдың дара тұлға боп. Жетпіске жасың толғанда, Замананың дәулеті, Кемеңгерліктің сәулеті Басың бақ боп қонғанда, Бүкіл қазақтың ары боп, Арысы боп тоқтадың. Сексенге жасың келгенде, Айналдың алып еменге. Алтын шырақ боп нұр шаштың Иісі қазақ көгіне. Қайталанбас ерлігің Шырақ боп жанды кеудемде. Райымбектей ұл берген, Сүйсіндім дарқан еліме. Жеңіс тойына желпінген, Сүйсіндім байтақ жеріме. Дұшпанды қалай жеңудің Көрсеттің небір үлгісін. Сан жылдар бойына жаңғырар, Ғажайып сенің ұлы ісің. Айналайын Ақбура, Алатаудың етегі, Амалы қыстаққа келгенде, Жап-жасыл шағын тепсеңге, Шайқала басып жеткенде, Ақырың болып осы жер, Ақыр осында тоқтадың. Күндіз-түні зар илеп, Өлеңмен өзіңді жоқтадым, Райымбегім, арысым, Жәнатта болсын мекенің. Әруағыңа бас иіп, Өзіңе мінәжат етемін. Сенің ұлы ісіңді, Аңыз етіп ел айтар. Сенің ұлы ісіңді, Жекпе-жектегі күшіңді, Ызың етіп жел айтар. Аққан бұлақтың тілімен, Айналайын жер айтар. Көкірегі күрсініп, Көбігін шашып көл айтар. Қайталанбас ғасырда, Бір туар ұлым деп айтар. Жәннатта болсын тұрағың, Сарқылмас әнім, бұлағым, Райымбегім, асылым, Бақыл бол, мәңгі бақыл бол!
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.