Қара өлең үлгілері
Шөп өсер, өспес бірақ нөсерден бой, Түбінде мал болмайды жөтелген қой. Өлеңді ақындықпен біз айтпаймыз, Көңілін көпшіліктің көтерген қой.
Search Interface
A research-first corpus interface built for annotation workflows, citation discipline, and cross-lingual reading
Шөп өсер, өспес бірақ нөсерден бой, Түбінде мал болмайды жөтелген қой. Өлеңді ақындықпен біз айтпаймыз, Көңілін көпшіліктің көтерген қой.
Өлеңді бар да айтады, жоқ та айтады, Себепсіз неге бастан бақ қайтады. Шабан ат, өтпес пышақ, жаман қатын— Үшеуі ер жігітті қартайтады.
Айта алмайды өлеңді арындаған, Өзін-өзі мақтамас дарынды адам. Бірін-бірі дос болмас кешірмеген, Туыс болмас бір-бірін сағынбаған.
Аққу көлден ұшады үйрегімен, Айдын көлге қонады түйдегімен. Асқан жүйрік сен болсаң арындаған, Бір қосылып қалайын бүйрегіңнен.
Отырады молдалар «бісміллалап», Отырады тойда кім босқа қарап. Топтан озған өлеңмен тұлпар болсаң, Қосылайын тұсыңнан қабырғалап.
Ән салсаң, өзімдей сал салғандай ғып, Өзгеге өткіз дүние армандай ғып. Шырқашы шаршы топта шарықтатып, Тамам жұрт таң-тамаша қалғандай ғып.
Ән салсаң, өзімдей сал баяулатып, Қалқаның құлағына таяулатып. Тұсынан ауылыңның ән салғанда, Шыдайды дәтің қайтіп ояу жатып.
Ән салсаң, өзімдей сал ширатылып, Жығылар кескен терек қиратылып. Барында оралыңның ойна да күл, Қалады өлгеннен соң жиған мүлік.
Дауысым әнге келмей қайраңдаған, Бір тұмау кез болды екен қайдан маған. Ауылы қалқатайдың кетіпті алыс, Гүл теріп көк шалғында сайрандаған.
Айт десе неге өлеңді айта алмаймын, Көңілін көпшіліктің қайтармаймын. Айтулы әріптесім кез келгенде, Жорғадай жолға түскен майпаңдаймын.
Ә дегенде өлеңді айта алмаймын, Жауыр болған торы аттай қайқаңдаймын. Алтын берсе өзгелер айтпас едім, Құдалардың көңілін қайтармаймын.
Жанасып өлең айтам жанабыңа, Қарап ап артық туған қарағыма. Ақ сүтін анашыңның ақтауды ойла, Ешкімге жақсы болсаң, жала қылма.
Айтайын айт дегенде өлеңімді, Қайтемін көптен аяп өнерімді. Бұлданып бүгін өлең айтпайтындай Білмейтін жан емеспін өлерімді.
Өлеңді айт дегенде ағып тұрмын, Торыны екі бірдей бағып тұрмын. Өлең айт тәуір сайлап, құрбыласым, Бұл жерде, сен болмасаң, неғып тұрмын?
Немене өлең деген білген құлға, Кім берер ақ теңгесін арзан пұлға. Кеткенде аулың алыс сенер болсаң, Қараймын шығып алып күнде қырға.
Өлеңді айтқан жақсы білген құлға, Кім берер ақ теңгесін қара пұлға. Әр үйдің қашан барса төрі дайын Сыйлаған ата-анасын адал ұлға.
Өлеңді той болған соң әркім айтар, Бәрін де тыңдаушы көп естіп байқар. Риза боп біреулерге таңдай қағып, Ренжіп біреулерге басын шайқар.
Өлеңді айтқан абзал оқталған соң, Болмайды еш мәнісі тоқталған соң. Жабырқап жасық неме айта алмайды, Жамағат жан-жағына көп толған соң.
Өлеңді айта бермес әркім мендей, Әлінің ат желмейді дүлдүліндей. Ойнап-күл, тіршілікте бұл дүние Болмайды өлгеннен соң бір күнгідей.
Өтеді бір өлеңнен бір өлеңім, Бір-бірлеп ауызыма кір, өлеңім. Өлеңді мұнда айтпаған қайда айтамын, Кез келді күндіз-түні тілегенім.
Browse authority entries and aliases used in corpus metadata.
Articles
Articles and research findings
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
This corpus was developed to preserve, study, and teach Kazakh folklore in a digital environment