Қара өлең үлгілері
Ауылым көшіп барады таудан асып, Таудан асқан бұлтпенен араласып. Ауылың алыс кеткенде, беу, қарағым, Әлдекімге кетерсің бауыр басып.
Search Interface
A research-first corpus interface built for annotation workflows, citation discipline, and cross-lingual reading
Ауылым көшіп барады таудан асып, Таудан асқан бұлтпенен араласып. Ауылың алыс кеткенде, беу, қарағым, Әлдекімге кетерсің бауыр басып.
Ауылым көшіп барады Алмалыға, Кім көнбейді Алланың салғанына. Кішкентайдан бірге өскен сәулем едің, Екі көзің жәутеңдеп қалғаның ба?
Ауылым көшіп барады Көлмеккөлге, Алыс дейді Көлмеккөл көрмегенге. Алыс болса Көлмеккөл көрмегенге, Күн жарқырап, ай туар өлмегенге.
Ауылымның қонған жері боз бетеге, Бір үйде қыз бес болса, тон жете ме? Көңілің расымен болса менде, Шық түнде, мен ерейін, сен жетеле.
Биік-биік тауларға шыққым келді, Биігіне сүйеніп ұйқым келді. Биігіне сүйеніп ұйықтап кетсем, Құрбы-құрдас бірге өскен түсіме енді.
Әулиеге ұраңқай тиіп тұрар, Өзге таудан еңсесі биік тұрар. Сен есіме түскенде, сүйген сәулем, Сыртым жалын, ішім от күйіп тұрар.
Жайлауы біздің елдің Құланөтпес, Бөріге ит қарғысы, сірә, жетпес. Жігітке қыз қарғысы майдай жағад, «Ішің кепкір» десе де, еш нәрсе етпес.
Хан тауының басына құрт қайнаттым, Алтын күрек соқтырып, ат байлаттым. Түлкі ішіктің жағасын атқа жауып, Өлең білмес құрбымды сартқа саттым.
Басында бұл Күртінің бір топ мия, Келемін кер бестімен жылқы жия. Болғанда келу оңай, кету қиын, Қалғаның кете алмадым көңілін қия.
Үштөбе, Жартытөбе, Балатарлан, Балдысу, Қарабұлақ, Шолаққорған. Хантағы, Қатынқамал, Қытай, Шылбыр, Ауылым Ишанкөлді құрсай қонған.
Өлеңді білген де айтар, білмес те айтар, Су ішіп Ақжайықтан жылқым қайтар. Өлеңді біле тұрып айтпай кетсем, Жақсының мың теңгелік көңілі қайтар.
Шудан арман басталар Бетбақ дала, Жайлауы ауылымның сала-сала. Құс қанаты күйетін ыстық шөлге, Мал бағып, сап түзеттік жаңа қала.
Жуантөбе, Тасты мен Шу жайлаған, Бірге өсіп құрбыммен, бірге ойнаған. Әрбір күнім бергісіз бір ғасырға, Тамаша, қызықты өмір гүл жайнаған.
Басың биік, Алатау, бауырың жазық, Қағулы тұр басыңда алтын қазық. Дауысыңды сыртыңнан естіп, біліп, Қалқатайым, атыңа болдым ғашық.
Басың биік Алатау тақиядай, Шалғыныңды ел басып жапырады-ай. Оралыңның барында ойна да күл, Өтіп дәурен барады қапияда-ай.
Көріп пе ең сен қырғыздың Алатауын, Басында бұлт ұялап, күнде жауын. Алыста аңсап жүрген ағайынның, Жөн болар біліп жүрген есен-сауын.
Тау көрінер алыстан мұнарланып, Ойнайды екі ғашық құмарланып. Оң жағында шіркіннің жатар ма еді, Ақ иықтай түлкі алған жұмарланып.
Самалы Сарыарқаның желпиді оңнан, Жайлайды жылқы сауыр, сиыр жоннан. Майы шығып түгінен тарлау жесе, Жарылар қой құйрықтан, түйе қомнан.
Қаратау, Қасқамұрын қалдың бізден, Шалғыны Мыңбұлақтың келер тізден. Өзіңе, тірі болсам, оралармын, Әзірге, айналайын, күдер үзбен.
Біздің ел қара Ертісті қыстайтұғын, Шағимен түлкі тымақ тыстайтұғын. Ей, тағдыр, мен не қылдым, сен не қылдың?! Осынша шыбын жанды қыстайтұғын.
Browse authority entries and aliases used in corpus metadata.
Articles
Articles and research findings
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
This corpus was developed to preserve, study, and teach Kazakh folklore in a digital environment