Қара өлең үлгілері
Аспанда бір жұлдыз бар айдан жақсы, Арқада бір кедей бар байдан жақсы. Жаманға бір сөз айтсаң, қорс етеді, Балқыған қорғасындай қайран жақсы.
Search Interface
A research-first corpus interface built for annotation workflows, citation discipline, and cross-lingual reading
Аспанда бір жұлдыз бар айдан жақсы, Арқада бір кедей бар байдан жақсы. Жаманға бір сөз айтсаң, қорс етеді, Балқыған қорғасындай қайран жақсы.
Көзің қара ағаштың көміріндей, Бойың түзу мылтықтың теміріндей. Жақсыменен отырған жарты сағат, Өтіп кеткен жаманның өміріндей.
Қырғауыл аңға шықсаң, атқан тәуір, Бал болса, жанай өтпей, татқан тәуір. Жаманмен құшақтасып, бір жүргеннен, Жақсының аяғында жатқан тәуір.
Баспадым жардың шетін құлай ма деп, Ішпедім арық суын лай ма деп. Жаманмен дос болуға жасқанамын, Күн туса, ердің құнын сұрай ма деп.
Өмірді аңсай туып, асық өскен, Дүниеге адам қонақ, түней көшкен. Ер туып, ел қорғаған ата-бабам, Солардың ізі жатыр, тозаңы өшкен.
Жастық шақ өте шығар, ескен желдей, Алыстан бұлдырайсың, асқар белдей. Құлазып көңіл шіркін толғанады, Қоныстан қопарылып көшкен елдей.
Өмір деген ойласам, шолақ екен, Бір-біріне адамдар қонақ екен. Қызғалдақтай жайнаған қызық өмір, Қазан ұрмай, қар жаумай солады екен.
Екінің бірі жомарт тасқан жерде, Күніңе ер жарайды сасқан жерде. Жаманға жазатайым күнің түссе, Қабысып қалады екен аспан жерге.
Жабыны жауға салма жалды екен деп, Жаманмен жолдас болма, малды екен деп. Баласын қазанаттың бақпай қойма, Қан түсіп аяғынан қалды екен деп.
Үлкендігі алмадай, Сырты жанған қызыл от, Ішін жарып қарасаң – Майда, майда қызыл шоқ. (Анар)
Қышқыл қызыл бытыра Тығып алып ұртына. Тымырайып тұрғаны, Түк шығармай сыртына. (Анар)
Алма дерсің, түсіне қарап, Жүгері дерсің, ішіне қарап, Татсаң, тәтті, бал шәрбәтті. (Анар)
Кішкентай ғана құтша, Іші толы мықша. (Анар)
Бар еді бір жұмбағым аты бүрлен, Шіркінді нәпсі қойып шешіндірген. Ішінде бір нәрсе бар дүмбірлеген, Оны аламыз деп қылдық талап. Алалмай бір қыдыру тұрдық қарап, Отыз кісі жиылып алсақ қарап, Нәрсесі ішіндегі доп-домалақ. (Өрік)
Ас, Астың ішінде тас, Тастың ішінде және ас. (Өрік)
Мәуе ішінде тас, Тас ішінде ас. (Өрік)
Қозыларым көгендеулі күн ұзын, Су ішкенмен шөп жемейді бір үзім. (Қияр)
Кішкене қозымның асы дәмді. (Пісте жаңғақ)
Алыстан қарасам, әңгір-күңгір, Қасына келсем, қаптаулы темір, Ашып қарасам, аппақ, Жеп қарасам, тәп-тәтті. (Жаңғақ)
Асты тас, үсті тас, Шағып жесең, піскен ас. (Жаңғақ)
Browse authority entries and aliases used in corpus metadata.
Articles
Articles and research findings
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
This corpus was developed to preserve, study, and teach Kazakh folklore in a digital environment