Қара өлең үлгілері
Базардан алып келген қызыл кіліт, Шығады күн батарда қызыл бұлыт. Кеткенде ауылың алыс, ей, қарағым, Елесің көз алдымнан болмас ұмыт.
Search Interface
A research-first corpus interface built for annotation workflows, citation discipline, and cross-lingual reading
Базардан алып келген қызыл кіліт, Шығады күн батарда қызыл бұлыт. Кеткенде ауылың алыс, ей, қарағым, Елесің көз алдымнан болмас ұмыт.
Базардан алып келген білте шам-ай, Бидай өңді, ақ құба құдашам-ай. Сірә, менің көңілім басылар ма, Сақиналы қолыңнан ет асамай.
Қолымда бір қамшым бар таспалаған, Атыма жүген салдым қасқалаған. Бергенде өзің көңіл, әттең, қалқа, Көремін өзіңді артық басқа жаннан.
Қолымда бір қамшым бар ырғайдан сап, Өтпесе қойың судан құрайлап бақ. Сарғайып сені тосып отырғанда, Келмесең дәл сол күні Құдайдан тап.
Қолымда бір қамшым бар өрілмеген, Біреуге өріп бер деп берілмеген. Жөніңді айтшы, қалқатай, танысайық, Қандай жансың көзіме көрінбеген.
Қолымда бір қамшым бар алтындаған, Ажарың ақ жамбыдай жарқылдаған. Сексен қыз серуенге шықса дағы, Ішінде сен қоңыр қаз қаңқылдаған.
Қолымда бір қамшым бар жез бауырдан, Кірсем шыққым келмейді қызды ауылдан. Ауылың алыс кеткенде, қарағым-ай, Жақсы көрдім өзіңді бір бауырдан.
Қолыңа кездік бердім май тура деп, Қолыңды кесіп алмай жай тура деп. Сұраймын өткеннен де, кеткеннен де, Ауылы ақ еркенің қай тура деп.
Жылқыда ұстатпайды ұзын құла ат, Өзеннің екі жағы малға суат. Кеткенде ауылың алыс, ей, қарағым, Сала жүр осы әніме дәтке қуат.
Жылқы деген мал жақсы аман болса, Жігіт неге бағады жаман болса. Өзіңді ойлап, жан сәулем, жүргенім ғой, Ат үстінде көңілім алаң болса.
Жылқыда ұстатпайды мұз көк ала, Сала алмас осы әніме өзге бала. Қыл өтпес арамыздан тату едік, Айырылдық арадағы сөзге бола.
Жылқыда екеу едік сыбызғылы, Салдырмас нелер күйге қыз қылығы. Көңілің шыныменен менде болса, Терең сай үйдің арты тобылғылы.
Жылқы ішінде жүрелік домбыра алып, Бір шеберге тиегін жондыралық. Шын көңіл, шын пейілің менде болса, Екі ауылды бір жерге қондыралық.
Жылқымды айдап салдым шөпті көлге, Жаюшы ек үкі тағып бесті керге. Кеткенде ауылың алыс, беу, қарағым, Бармайды айтуға аузым кетті дерге.
Жылқы бақтым сары жон белесіне, Етектегі түседі ел есіме. Сары белден шырқаған даусымды естіп, Сүйген сәулем, қасыма келесің бе?
Жылқысы біздің елдің ала мойын, Су ішіп айдын көлде салады ойын. Сүйеніп тал құрыққа тұрғанымда, Қалқада әрқашанда болады ойым.
Жылқыда екі торы сор жалаған, Аяғын ақсай басып жорғалаған. Кеткенде ауылың алыс, ей, қарағым, Қойныма көзім жасы сорғалаған.
Жылқыда ұстатпайды сұлу сары, Кетпейді қысы-жазы жонның қары. Кеткенде ауылың алыс, ей, қарағым, Өтпейді тамағымнан жалғыз тары.
Жылқыда ұстатпайды қара бедеу, Шөп шығар тақыр жерге елеу-селеу. Кеткенде ауылың алыс, ей, қарағым, Дегенің «қош-есен бол» о да медеу.
Жылқы бақтым айқайлап қысы, жазы, Қалқамның құлағымда айтқан назы. Шалқыған дарияға қанат қағып, Сен едің ерке жүзген қоңыр қазы.
Browse authority entries and aliases used in corpus metadata.
Articles
Articles and research findings
Short article sample inspired by UNESCO Dede Qorqud/Korkyt Ata page.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
This corpus was developed to preserve, study, and teach Kazakh folklore in a digital environment