Қара өлең үлгілері
Ағалар тойыңызды бастай келдік, Жақсыға жамандарды қоспай келдік. «Біздерге той бастамақ лайық» деп, Халқым рұқсат еткен соң қоштай бердік.
Search Interface
A research-first corpus interface built for annotation workflows, citation discipline, and cross-lingual reading
Ағалар тойыңызды бастай келдік, Жақсыға жамандарды қоспай келдік. «Біздерге той бастамақ лайық» деп, Халқым рұқсат еткен соң қоштай бердік.
Бұл тойды баста десең біз бастайық, Бәйгі алған жүйрік аттай ойқастайық. Тойына екі жастың келгеннен соң, Жел сөзден бір-екі ауыз біз қашпайық.
Жібек шашбау артына жай тастаған, Ұсынады бойжеткен шай тостаған. Той бастаған жай өлең айту емес, Ол да өнеге артқыға ой тастаған.
Бастайын баста десең тойдың басын, Көтерер «әумин» деп қойдың басын. Тойыңды «бісімілла» деп біз бастасақ, Алдыға адал болар қойған асың.
Аппақ мүйіз ақ серке қой бастаған, Қой алдында жануар ойқастаған. Сұрасаң арғы атамды қол бастаған, Қолдан қиын болып па той бастаған.
Қызыл ала төселген сырмағыңыз, Құтты болсын шымылдық құрғаныңыз. Той баста деп көпшілік өтінген соң, Бекер қарап жарамас тұрғанымыз.
Біз келдік той бастауға домбыра алып, Кетуші ек айғай салсақ топты жарып. Айтайын біраз өлең тойыңызға, Тыңдаса көп әлеумет құлақ салып.
Басталар оқу басы әліппеден, Тізілер сөз мәнісі әріппенен. Тойы бар екі жастың дегеннен соң, Жиналып біздер келдік халықпенен.
Жылқы айдаймын көшкенде дөненменен, Жақсы жігіт көрінер өнерменен. Кеше тойда кез болған, беу, құдағи, Танысайық сіздермен өлеңменен.
Мінгенім дәйім менің қызыл дөнен, Құйрығы жануардың сүзілмеген. Бағаңа бағаласам жан жетпейді, Қаракөк жеті атаңнан үзілмеген.
Көрінер бақша сұлу алмасымен, Соғады ұста темір балғасымен. Көп айдың көрмегелі жүзі болды, Аман ба аулың түгел мал-басымен?
Мінгенім дәйім менің сарқұлаша, Өлмей ме суда жайын жар құласа. Көп айдың көрмегелі жүзі болды, Жүрмісің есен-аман, жан құдаша.
Қарағым, айналайын, келдің қайдан, Ала үйрек алма мойын ұшар сайдан. Қарағым, мекеніңді айта отыршы, Адамның жат болмағы осындайдан.
Басыңда кәмшат бөрік оқалаған, Бел бумас айтысуға осал адам. Көп айдың көрмегелі жүзі болды, Жүрсің бе, әріптесім, есен-аман?
Құрбыжан, жасың қанша, нешедесің? Әркімнің ашсын Құдай пешенесін. Өлеңмен әзілдесіп күлісейік, Ұнатты бірін-бірі десе десін.
Алыстан атағыңды мен естимін, Ел сөзі шын болмаса, неге естимін. Анадан артық туған бір перизат, Қаракөктің тұқымы деп естимін.
Қарашы аспандағы айды деймін, Мінеді бай баласы тайды деймін. Анадан асыл туған сен перизат, Өзің ғана білесің жайды деймін.
Құралып бұлақ ағар тамшылардан, Жүреді өзен бойлап қаршыға алған. Анаңнан сені тапқан айналайын, Аппақ қып жұмыртқадай аршып алған.
Көзіңнен айналайын күлім қаққан, Жаралған жандайсың бір перизаттан. Бойыңа тал шыбықтай жарасып тұр Бастағы кәмшат бөркің үкі таққан.
Қайдан келдің бірдеме қуғандай боп, Кімді алдайсың көзіңді жұмғандай боп. Ойнап-күліп жайланып отырайық, Бір әке, бір шешеден туғандай боп.
Browse authority entries and aliases used in corpus metadata.
Articles
Articles and research findings
Short article sample inspired by UNESCO Dede Qorqud/Korkyt Ata page.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
This corpus was developed to preserve, study, and teach Kazakh folklore in a digital environment