Kazakh
Қарға мен бүркіт
Бір күні ақымақ қарға жар басында қонып отырса, бір бүркіт келіп, сайда жайылып жатқан қойдың ішінен бір қозыны іліп алып тасқа шығып жеп отырыпты. Мұны көрген қарға «Мен де бүркіт сияқты біреуін іліп алып, жемеймін бе? – деп ойлапты да мен алсам қозыны алып не қылам, үлкен қошқарды алмаймын ба», – деп бар күшін жинап, қанатын қомдап, жартастан еңкейіп түйіліп барып бір қошқарға түсіпті. Қарғаның шілбиген жіңішке саусақ тырнақтары қошқардың қалың жүніне ілініп қалып, қошқарды алғанды қойып, өз тырнағын шығара алмай, қошқардың үстінде далпылдап жатқанда, анадайдан қарап отырған қойшы келіп,қарғаны ұстап алып, баласына ойыншық қып беріпті. Осыдан бастап «Қарғаның қошқарға түсуі сияқты» деген тәмсіл ел аузына тарапты.