Kazakh
Әлім ата балаларының ру таңбаларын алуы (І нұсқа)
Әр рудың өз таңбасы болған. Ол таңба сол рудың малын бірден тануға мүмкіндік берген. Сырт көз жайылып жатқан түлікті көріп: «Мынау пәлен рудың малы екен», – деп таниды екен.
Рулық таңбалар Әлім аталарында да бар. Олар жайлы кішкене әңгіме-хикаят мынадай: Әлім балаларының алдына ат- тарды әкеліп: «Ал өз таңбаларыңды басыңдар!» – дейді. Сонда үлкен баласы Жаманақ аттың сауырына айқасқан қос шек (X) салыпты. Содан «Шекті» атаныпты дейді. Бұл таңбаны баласының аттың сауырына салғанын көріп, Әлім ақсақал: «Балам, сауырлы ел боларсың», – депті.
Енді кезек Ұланақ – Сасықбайға келеді. Ұланақ бір шетін жамбасқа, төменгі жағын шідерлікке келтіріп шақпақ таңба салады. Сонда Әлім ақсақал: «Балам, сен де жанбастан қалмайтын болдың ғой!» – депті.
Кезек Қарамашаққа келеді. Қарамашақ келеді де, таңбасын сызық етіп аттың қабырғасынан сүбесіне (бұны «көсеу таңба» дейді) дейін тартып жібереді. Сонда Әлім ақсақал: «Балам, қабырғалы ел болатын болдың», – депті.
Айнықтың таңбасы жоқ, ерте өледі. Ал Тегінболат – Қарасақалдың, Тойқожаның таңбаларын ұшырата алмадық.