Kazakh
Сары бел (І нұсқа)
Бір ауылда жасы тоқсаннан асқан бір қария болыпты. Ауыл адамдары бұл қарияны қадір тұтып, үнемі алдына барып аман- сәлем жасап, амандық сұрап тұрады екен.
Бір жолы ауыл ағалары барып көңілін сұрап:
– Ақсақал, хал-жайыңыз қалай? – дегенде, төсегінде жантайып жатқан ол басын көтеріп:
– Е, қарғаларым-ай,
Кәрілік келіп қалды кезіменен,
Қарайды келін жаман көзіменен.
Қолындағы көсеумен ұрмаса да,
Ұрғандай боп кетеді сөзіменен, – депті де, төсегінің іргесінде сүйеулі тұрған домбырасын алып:
– Жастықтың жалыны қайтқан, кәріліктің қарымы батқан, сарғайып сары белде отырғаным. Ал тыңдаңдар, – депті де домбырасынан бір түрлі мұңлы, күмбірлі күй төгіпті. Сонан «Сары бел» атты күй тарапты.
Бұл күйді кей білетіндер Отарбай Дүйсекеұлының қартайғанда шығарған күйі деседі.