Kazakh
Қисса Жұмжұма
Жiгiттер, иманыңнан күдер үзбе,
Айтайын аз мәселе ендi сiзге.
Бұрынғы өтiп кеткен ер жұмжұма
Қылыпты қамқоршылық бұрын бiзге.
Жарандар, иманыңнан күдер үзбе,
Айтайын аз мәселе ендi сiзге.
Тақсыр Иса пайғамбар бiр күндерде
Сейір қылып шығыпты жапан түзге.
Ұстасаң рузенің пiтiрiн бер,
Шығарда хош болғай жаның сенiң.
Жапанда сейір қылып жүрсе Иса,
Алдында қубас жатыр бiр адамның.
Бөксесi, кеудесi жоқ қубас жатыр,
Жарымы су, жарымы құм болып жатыр.
Тамаша етiп қараса Иса батыр,
Бетiнде жақсы жазған жазу жатыр.
Бөксесi, кеудесi жоқ қубас жатыр,
Жарымы су, жарымы құм болып жатыр.
Адам басы екенiн таныған соң,
Асасыменен аударды Иса батыр.
Ендi Иса сиынды Алла бiр деп,
Қубасқа таң қалады «әлдекiм?» деп.
Құдайға көп мiнәжат дұға қыл[ды],
– Осы басқа тiл берiп, сөйлестiр, – деп.
Пайғамбар дұға қылып тiленiптi,
Аспаннан құлағына үн келiптi.
Құдайым тiлегенiн қабыл қылып,
Жәбiрейiл перiштенi жiберiптi.
– Қарның ашса Алладан тiле, – дейдi,
Тәубе қылмас тоқтықта, сiрә, – дейдi.
Қалағаның бар болса, достым Иса,
Қубастан қажетiңдi сұра, – дейдi.
Шыныңменен тiлесең иман берер,
Темiр үйге кiрсең де, Алла көрер.
Әй, Иса, қубаспенен ендi сөйлес,
Не сұрасаң сөзiңе жауап берер.
Жан берген соң қозғалды қубас ендi,
Құдайым не көрсетсе соған көндi.
Жатқан қубас иманға тiлi келiп,
«Әй, Құдайым, тәубе», – деп түрегелдi.
Тiрiлдi жан берген соң қубас ендi,
Құдайым не көрсетсе оған көндi.
Алланың әмiрi бiрлән жатқан қубас
Тiрiлiп Исаға сәлем бердi.
Қубас айтты: – Иә, Иса, тыңда, – дейдi,
Халiмдi естiп масқара қылма, – дейдi.
Алланың сүйер құлы достысың сен,
Алладан менi сұрап, тiле, – дейдi.
Иә, Иса, өткен iске күйме, – дейдi,
Құдай досты Иса, – деп зар еңiрейдi.
Өзiм көрген iсiмдi мен айтайын,
Сен, Иса, құлақ салып тыңла, – дейдi.
Әуелден өткен iске күйме, – дейдi,
Көрсең де жаман iстi бiлме, – дейдi.
Қубас айтты: – Иә, Иса, не сұрасаң,
Берейiн жауабыңды, сұра, – дейдi.
– Тiрiлдiң тiлегiмдi берген үшiн,
Алланың кiм бұзады қылған iсiн.
Қубасқа тiл бiткен соң сұрады Иса:
– Әй, Қубас, қатынбысың, еркекпiсiң?
– Әй, Иса, қатын емес, еркек едiм,
Тiрiмде бiр кiсiдей жомарт едiм.
Алланың әмiрi бiрлән мұндай болдым,
Шам шаhарын билеген патша едiм.
Шаhарым маған қарап тұрушы едi,
Не деген пәрменiме көнушi едi.
Жұртымды билеп тұрған заманымда
Өзiмнен сондай жаман қорқушы едi.
Төрт жүз құлым бар едi қызметкерлер,
Һәрбiрiнiң қолында сұңқары бар.
Шам шаhарын билеп тұрған заманымда
Дәулетiм сондай едi, әй, пайғамбар.
Және төрт мың өзiмнiң уәзiрiм бар,
Құдайға iс жақпаған болады қар.
Он алты мың құл едi сатып алған,
Бәрi де арыстандай [денесi] зор.
Ол жұртты биледiм мен патша болып,
Дiн күткеннiң жанына азабы жоқ.
Дәулетiм менен қайырым сондай үлкен,
Ойлаушы едiм ақыретте қор болман деп.
Ерiккенде аңды да аулар едiм,
Көрiнген дұшпандарды жаулар едiм.
Рузе, намаз күтпеген жазайымнан,
Жетi тамұқ түбiнде азап көрдiм.
Төрт мың құл алдымда тұрушы едi,
Һәр нешiк падишалар болушы едi.
Құлдарым ертеменен кiрiп келiп,
Алдымда қол қусырып тұрушы едi.
Әуел кәф пенен нунды жаратыпты,
Пенделердi ай мен күнге қаратыпты.
Шам шаhарын билеп тұрған заманымда
Қорқып менен жұрт бәрi тiтiрейдi.
Иса айтты: – Бұйрықпенен келдiм бүгiн,
Шам шаhарын билеген патша екенсiң.
Ақыреттiң азабын сен көрiпсiң,
Сұрасам, көргенiңдi айтармысың?
– Сұрасаң, көргенiмдi мен айтайын,
Бәрiнен де азап көргенiмдi айтайын.
Алланың сүйер құлы, пайғамбары,
Азаптан құтқара көр деп айтамын.
Сонша жұрт маған қарап жүрушi едi,
Қол қусырып алдымда тұрушы едi.
Жылаймын, тақсыр Иса, халiмдi айтып,
Қубасың тiршiлiкте сондай едi.
– Алланың әмiрi бiрлән тұрдың, – дейдi,
Бiздiңменен кеңестi құрдың, – дейдi.
Жұмжұма, салтанатпен жұрт билесең,
Неше жыл падишалық қылдың, – дейдi.
– Алланың әмiрi бiрлән тұрдым, – дейдi,
Сiздiңменен кеңестi құрдым, – дейдi.
Салтанатпен жұрт билеп тұрғанымда
Төрт жүз жыл патша болып тұрдым, – дейдi.
Алдыма пақыр, мiскiн келушi едi,
Керек-қажет нәрсесiн алушы едi.
Жүзiм нұрлы, айбатты падиша едiм,
Жүзiмдi көрген адам талушы едi.
Жұртымның бәрiн бiрдей көрушi едiм,
Хабарсыз һеш қорықпай жүрушi едiм.
Пақыр, мiскiн үлкеннен зорлық көрсе,
Шақыртып теңдiк алып берушi едiм.
Иланып, Алла бiр деп жүрушi едiм,
Рузе, намаз күтпейін тұрушы едiм.
Пақыр, мiскiн, мүсәпiр жиып алып,
Һәр күнде жүз дiлдәні берушi едiм.
Тiрлiкте сондай-ақ әдiл едiм,
Сол халде он мың қатын алып едiм.
Намаз бенен рузені тұтпасам да,
Қайырым бар, азапты көрмен дедiм.
Есiгiме мұңлылар келушi едi,
Не тiлегi болса да алушы едi.
Жылап келген адамдар күлiп кетiп,
Сондай-ақ разы болып кетушi едi.
Жалғыз қылды қақ жарған әдiл едiм,
Залымдығым жоқ едi, ғалым едiм.
Құданың бұйрығынан ғапыл қалып,
Сәжде қылып, рузені тұтпас едiм.
Сол халде ажал жетiп өлген едiм,
Өлген соң тыныштық бiр көрмедiм.
Ақ сұңқар, қазы-қарта жеген басым,
Жетi тамұқ iшiнде заhар жедiм.
Үш мың жыл қысым көрдiм, азап тартып,
Бiр өлiп, бiр тiрiлiп, жаным қинап.
Тiптi халiм қалмады сонан берi,
Неше түрлi тамұқта азап тартып.
– Дұғаны мен қылған соң түрегелдiң,
Құлағым сүйiнгендей жауап бердiң.
Адамзат айтса бiлер, ашса көрер,
Өлгенiңде недейiн бейнет көрдiң?
– Мен сондай өлгенiмде азап көрдiм,
Азапқа шыдай алмай бек сандалдым.
Ақыреттiң азабын бұрын бiлсем,
Шамам келсе анадан тумас едiм.
Бiр күнi үйден шығып сейір құрдым,
Сейірдан үйге қайтып бiр күн келдiм.
Үйiмнен бiр қатыным қарсы шықты,
Ол қатынды көрген соң судай ердiм.
Бiреуi түстi көзiме сонда тұрып,
Қатынға көңiл қылдым бойын көрiп.
Қатынменен қалжыңдап отырғанда
Бiр мүсәпiр үйiме келдi кiрiп.
Етушi едiм шариғаттың iсiн ептеп,
Һеш адам келмес едi маған беттеп.
Қатыныма көңiлiм түсiп отырғанда,
Мен айттым мүсәпiрге «шығып кет» деп.
Сол мүсәпiр үйiмнен шығып кеттi,
Нәпсi тiлеп, шариғат iстi қылдым.
Сонан соң моншада ғұсыл еттiм,
Құдайым сонда жаман дерттi бердi.
Сол моншаның iшiнде азан айттым,
Жанымнан қорыққаннан иман айттым.
Жыладым бiр бәлеге жолықтым деп,
Сонан соң басым ауырып үйге қайттым.
Үйге қайтып барған соң жұртым жидым,
Өлермiн деп жанымнан пiкiр қылдым.
Шыбын жанға бiр хайла бола ма деп,
Бақсы бiрлән молданың бәрiн жидым.
Сол халде көзiм жасын тыя алмадым,
Мәнiсiн үшбу дерттiң бiле алмадым.
Сонша бақсы, молданы жисам дағы,
Жаныма биттей дәрмен қыла алмадым.
Қолым менен жұртымды жидым ендi,
Жанымнан қорқыныш қылдым ендi.
Ауруым күннен-күнге қатты болды,
Сонан соң өлерiмдi бiлдiм ендi.
Айтайын көргенiмдi сiзге ендi,
Ойладым бұрынғыдан өткендердi.
Жан берерде қиналдым, тақсыр Иса,
Айтайын не машақат көргенiмдi.
Алладан пәрмен бiрлән әуез келдi:
«Бiздер түгiл бұрынғы өткен көндi,
Шерменде залым құлдың жанын ал, – деп,
Кешiктiрмей тез ал», – деп хабар келдi.
Аспаннан құдiретпенен әуез келдi,
Аздан соң Әзiрейiл жетiп келдi.
Әлсiреп қатты болып жатқанымда
Жәбiрейiл перiште бiрге келдi.
Құдайдың құдiретiнен әуез келдi,
Аузым тұтып, жандарым алып кеттi.
Гүрзiсi қолында оттан қылған,
«Жұмжұма, танырмысың бiздi?» – дедi.
Қышқырып гүрзiменен соқты, – дейдi,
Даусы сүйегiмнен өтiп кеттi.
Бiреуi гүрзiменен ұрғаннан соң,
Жаным тiтiреп, дәрменiм кеттi, – дейдi.
Күнәларым сызылып бiрге барды,
Кәпiр – антқа, мұсылман тiлге иланды.
Әзiрейiл жанымды аларында
Сондай-ақ қатты қинап жанымды алды.
Айтайын тағы бiр сөз сiздерге ендi,
Бiзден бұрын көп адам өтiп кеттi.
Алладан сондай қатты жарлық болды,
Шыбын жанды кеудеден сүйреп алды.
Жанымды Әзiрейiл алып кеттi,
Күнәларым бәрi де бiрге кеттi.
«Рузе менен намазды күтпедiң», – деп,
Жетi тамұқ iшiнде зар еңiреттi.
Хан болмай бiр мүсәпiр болсам едi,
Құдайға құлшылықты қылсам едi.
Перiштелер азапты қылғаннан соң,
Өкiндiм патша неге болдым ендi.
Айтайын және бiр сөз сiзге ендi,
Күнәларым жазасын көрдiм ендi.
Хан болмай, қара болып иман күтсем,
Мұндай мүшкiл басыма болар ма едi.
Аздан соң Әзiрейiл ашуланды,
Бетiмнен қорыққаннан қан қалмады.
Солардың айбатына шыдай алмай,
Бұ дүние қап-қараңғы болып кеттi.
Бастары жетi қабат көкте болып,
Аяғы жетi қабат жерде болып.
Әзiрейiл қышқырып жетiп келдi,
Түсi суық, айбаты үлкен болып.
Тек бергендей көрiп: – Уды iш, – деп,
Дүниеден ақыретке ендi көш, – деп.
Әзiрейiл бiр аяқ заhар бердi,–
Бұ өлiмнiң шәрбатын жылдам iш, – деп.
Басымды бiр көтерiп тұра алмадым,
Халiм нешiк боларын бiле алмадым.
Заhардың сондай түсi жаман екен,
Жаным шошып аузыма ала алмадым.
Жаным шошып аузыма ала алмадым,
Алақтап не қыларым бiле алмадым.
Бар екен Әзiрейiлдiң алты жүзi,
Мен ондай суық жүздi һеш көрмедiм.
Иса айтты: – Алты жүзiн көрдiң, – дейдi,
Жұмжұма, аңладың ба, қандай, – дейдi.
Әбден-ақ алты жүзiн көргеннен соң,
Сұрадың ба мағынасын, қандай? – дейдi.
Мағынасын сұраған соң айтты дейдi:
– Жарлығы бiр Алланың қатты, – дейдi.
Құдайым һәр тарапқа әмiр қылса,
Бұрыларға дәрменiм келмес, – дейдi.
Оң жүзiмменен алармын мүмiн жанын,
Сол жүзiмменен алармын кәпiр жанын.
Астымдағы жүзiме әмiр болса,
Алармын жер астында перi жанын.
Және бiр сөз айтармын құлақ сал дер,
Үстiмдегi жүзiмнiң мағынасын көр.
Пәруардигар Ағламнан әмiр болса,
Жанын берер көктегi перiштелер.
Жiгiттер, олай болса тудың, өлдiң,
Кiтаптан бұндай-ақ сөздi көрдiм.
Сөзiнен қорыққаннан Иса айтты:
– Тағы да өлiм жайын қандай көрдiң?
– Көр дегенiн Құданың көрдiм, – дейдi,
Айтайын өлiм жайын ендi, – дейдi.
Әзiрейiл перiштеге басшы болып,
Олар жетпiс перiште келдi, – дейдi.
«Екi қолын ұста», – деп бiреу айтты,
«Екi аяғын ұста», – деп бiреу айтты.
«Жанын оның тартқан соң үнi шығар,
Тiлiн де тұтың ендi мұның», – дейдi.
Қолымнан бiр перiште бек ұстады,
Қозғалмастай аяғымнан бiр от тұтты.
Сондай қатты жанымды қинап алды,
Тiлiмдi бiреу келiп тағы ұстады.
Көз көрмес көңiлменен не де бiлер,
Бұ сөзiм шариғатқа тура келер.
Тiлiн ұстап тұрмасаң қышқырғанда,
Қорқады дүниедегi мұсылмандар.
Қисабы жоқ көп едi малым, – дедiм,
Он алты мың бар едi құлым, – дедiм.
Қоштасып олар да сөйлеседi,
Азырақ аял бер маған, – дедiм.
Жан шығарда қиналып көп жыладым,
Бiр мысқалдай демалыс таба алмадым.
Сонша малын дүниенiң берсем дағы,
Ажалға һешбiр хайла таба алмадым.
Гүрзi соқты бiреуi «сөйлеме» деп,
«Рузе, намаз оқығаның сенiң жоқ», – деп.
Ұрғанын көрген соң қаным қашты,
Айбатынан сескендi менiң жаным.
Айбатынан сескендi жаным қатты,
Әзiрейiл гүрзiменен ұрып жықты.
Күнәлардан тәубенi қылсам дағы,
Қабырғам бiр-бiрiне араласты.
Иманың – екi иiнiңде жанған шырақ,
Үстiне мiнетұғын аты пырақ.
Сөйлерге халiм келмей жатып қалдым,
Бiр Құдайым, бiр өзiң жәрдем бер-ақ.
Иса сұрады: – Азабы қатты ма екен,
Көрдiң бе ұжмақ исi тәттi ме екен?
Жан шығуға келгенде, әй, жұмжұма,
Шыбын жанға со жерде батты ма екен?
– Iшiңдi пышақпенен жардырғаннан,
Басыңа мың қылышты салдырғаннан,
Мың қазанға су құйып қайнатқаннан,
Жан бермек тiптi қатты сол айтқаннан.
– Жұмжұма, азап көрдiң өлгеннен соң,
Ел-жұртың жиылып көмгеннен соң.
Қабiрiңде не жауап берiп салдың,
Мәңкүр, Нүңкiр перiште келгеннен соң?
– Ел-жұртым жиылып көмдi, – дейдi,
Құдайым қатты азап бердi, – дейдi.
Ел-жұртым қырық қадам кеткеннен соң,
Басыма екi кiсi келдi, – дейдi.
Айтайын көргенiмдi, Иса, – дейдi,
Иман кетер сертiнен тайса, – дейдi.
Екi кiсi тұрғызып алды дағы,
«Әй, жұмжұма, күнәһың қанша?» – дейдi.
Сонан соң ептеп сөз сұрайды,
Жауапты «мән Раббың?» деп сұрайды.
«Уа ма дiнiң?» деп дiннен сөз сұрайды,
«Тезiрек бер жауабың» деп сөз сұрайды.
Сол жерде жауап бермек қиын екен,
Қылған iсiм һәр жерде жете ме екен.
Туғалы менiң қылған күнәһымды
Перiштелер хатқа жазып қойған екен.
Перiштелер хатқа жазып қойған екен,
Аллаға iсiм мағлұм болған екен.
Сол күнәмды алдыма алып келдi,
Өз-өзiнен ұялған жаман екен.
Туғалы ұрлық пенен қарлық қылсам,
Кiсiге, бiр адамға зорлық қылсам,
Соларды алып келдi көз алдыма,
Бетiмнен отым шықты маған нансаң.
Азап көрдiм анадан азып туып,
Ит аталдым тұрған соң дүние қуып.
Артынан бiр перiште және келдi,
Сондай үлкен, қап-қара, түсi суық.
Ол келдi жоғарғы ернi көктi тiреп,
Шақырды төменгi ернi жердi тiреп.
Аяғы зор, аузынан оты шыққан,
Көрген соң шошып кеттi пақыр жүрек.
Әбден-ақ қалжырадым халiм қалмай,
Мен көзiмдi тайдырдым шыдай алмай.
Жетi қабат қара жер тiтiрейдi,
Солардың айбатына қарар қылмай.
Қара жер оттай болып өртенедi,
Құдайым маған бердi қиын жөндi.
Алланың әмiрi бiрлән перiштелер
Күнәһымды алдыма алып келдi.
Бiр ауыз жауап тауып бере алмадым,
Сонан қиын нәрсенi көре алмадым.
Ақылымнан адасып талып қалдым,
Құдайымды көңiлiме алып жаттым.
Мен көрдiм патша болып төрт жүз елдi,
Сұраушылар тар жерде жаман қысты.
Гүрзiменен перiштелер соққаннан соң,
Сүйегiм бiр-бiрiне араласты.
Әуел баста анадан тумасамшы,
Мұндай үлкен падиша болмасамшы.
Дүниеде батырлықты қылмасамшы,
Рузе менен намазды қоймасамшы.
Оттан зiнжiр қолында бiреу келдi,
«Залымды, бейнамазды тұтың», – дедi.
Мойныма оттан зiнжiр салып алды,
Жетi тамұқ iшiне сүйреп келдi.
Бар екен iшi оттан жетi тамұқ,
Iшiнде жылан-шаян түсi суық.
Тамұққа алып келдi ендi жуық,
Су сұраса бередi заhар ағуқ.
Асығып айбат бiрлән жылан келдi,
Қасыма жақындап шаян келдi.
Терiмнiң арасына енiп кетiп,
Етiмнен жылан-шаян шыға келдi.
«Қайыр, зекет, садақа бердiң», – дейдi,
«Бiр намаздан басқаны қылдың», – дейдi.
Тағы да Құдайымнан әмiр келдi:
«Жанын алып, тозаққа салың» – дейдi.
Тозаққа алып барды менi, – дейдi,
Мекенiм жетi тамұқ түбi болды.
Бiреуi бiреуiнен азабы үлкен,
Бәрiсiнiң азабын көрдiм, – дейдi.
Жетi тамұқ бар екен, көрдiм бәрiн,
Төрт бұрышы жанып тұр, бәрi жалын.
Сол тамұқтың iшiне салғаннан соң,
Отқа күйген шаладай болдым жалын.
Сол тамұқтың iшiнде күйiп-жандым,
Биттей халiм қалмады жатып алдым.
Жылан-шаян етiмнен тiстеп едi,
Құлындай даусым шығып ойбай салдым.
Сират деген көпiрдiң жолын көрдiм,
Дiнiн күткен ерлердiң жөнiн көрдiм.
Үш мың жыл дәм татпастан жатып алдым,
Тамұқтан зақұм деген жемiс көрдiм.
Жаныма батқан соң мен жыладым,
Қылмысым . . .* мен еңiредiм.
Тамұқтың iшiнде бiреуiнен
Сол зақұмның бiреуiн мен сұрадым.
Жалғыз зақұм әпердi, жедiм, – дейдi,
Жеген соң iшiм күйiп кеттi, – дейдi.
Заhарына шыдай алмай iшiм күйiп,
Бiр қасық су сұрадым ендi, – дейдi.
Бiр қасық су бермейдi сұрасам мен,
Бермеген соң зар қылып жыладым мен.
Жылаған соң бiр қасық суды бердi,
Iшкен соң онан жаман қиналдым мен.
Бiр қасық су iшкен соң, реңiм кеттi,
Iшiм оттай өртенiп күйiп кеттi.
Осы күнде заhары кеткенi жоқ,
Жаңа туып, жаңадан өлдiм, – дейдi.
Жаңа туған баладай болдым ендi,
Алпыс түрлi азапты көрдiм ендi.
Жетi түрлi тамұқтан шығарған соң,
Бiр үлкен тауға алып барды, – дейдi.
Секрат деген бiр тауға алып барды,
Болар-болмас iлiнiп жаным қалды.
Сол таудың ең үстiне шығарған соң,
Менi бiр арықтағы суға салды.
Ол таудың iшi сондай заhар, – дейдi,
Құдайым салғаннан соң көнер ендi.
Арықтағы сол суға салып едi,
Көрмеген азаптарды көрдiм, – дейдi.
Иманды құл қабiрi жарық-тағы,
Бұл сөзiм бiлген құлға анық тағы.
Тақсыр Иса сұрайды жұмжұмадан:
– Сол судың аты кiм-дүр арықтағы?
– Құдайға жетер ме екен пенде заты,
Бұ сөзiм ғалымдардың Құран хаты.
Тақсыр Иса, сұрасаң мен айтайын,
Азабан деген су екен оның аты.
Сол арыққа салған соң қайнадым көп,
Отқа күйген шаланы шайнадым көп.
Жетi түрлi тамұқтың азабынан
Арықтағы сол судың азабы көп.
Жаныңды қинайды екен қысым қылып,
Сол азапты көргенмiн мен бiр ғарiп.
Арықтағы сол суды естiген соң,
Иса қорқып жылайды қайғы қылып.
Күнәға ендi батпай өлсем екен,
Көретұғын азабым таудай екен.
Тақсыр Иса айтады жұмжұмаға:
– Тағы да тамұқ iшi қандай екен?
– Тамұқтың асты да – от, үстi де – от,
Илансаң оң жағы – от, сол жағы – от.
Iшi оның қараңғы болады екен,
Қорек қылып жегендей биттей дәм жоқ.
Заhардан басқа дағы дәмi де жоқ,
Сондағы шыбын жанға тыныштық жоқ.
Үш мың жыл азап тартып жатып едiм,
Қайыр-кәдай бiр жақсылық көргенiм жоқ.
Әй, тақсыр, алпыс түрлi азап көрдiм,
Құдайым салған соң ақыр көндiм.
Азаптың бәрiн тартып болғаннан соң,
Тағы да әмiр қылды бiр Құдайым.
Бiр тәуекел бұрынғылар оған қылды,
Ол Иса тiл тебiрентiп дұға қылды.
Исаның тiлеуiн қабыл қылып,
«Жанын оттан шығар», – деп жарлық қылды.
Құдайым перiштеге пәрмен қылды,
Жанымды тамұқтан қоя бердi.
Тамұқтан шыбын жаным шыққан бүгiн,
Жақсылық, тыныштық бүгiн болды.
Үш мың жыл азап тартып, қысым көрдiм,
Сiздер дұға қылған соң рахат көрдiм.
«Бұ дүниеге тiрiл», – деп жiберген соң,
Мен дағы сiзге бүгiн жауап бердiм.
Бисмилла – тамам сөздiң басы, – дейдi,
Жiгiттiң ең жақсысы – досы, – дейдi.
Үш мың жыл азап көрiп, сонан берi
Көрiп тұрған тыныштығым осы, – дейдi.
Өлiм сондай деген соң, Иса қорықты,
Жалғыз қылды қақ жарып әдiл болды.
Отыз күн рузесін жақсы күтiп,
Бес уақыт намазына берiк болды.
Жұмжұма тiрiлген соң иман күттi,
Отыз күн рузе тұтып, намаз оқыды.
Бес уақыт намазын қаза қылмай,
Көңiлiн ақтап, көкiрегiн таза қылды.
Жұмжұма тiрiлген соң шүкiр қылды,
Бұ маған дәулет деп сана қылды.
Отыз күнде аузын бiр-ақ ашты,
Құдайға құлдық қылып, тәубе қылды.
Жұмжұма ақыреттiң халiн бiлдi,
Үш мәртебе дүниенi талақ қылды.
Алланың әмiрi бiрлән бұ дүниеде
Бiр жоқтамай сексен жыл тәубе қылды.
Жұмжұма сексен жыл жүрдi дейдi,
Жаныменен ибадат қылды дейдi.
Сексен жыл болғаннан тағы өлiп,
Ұжмаққа тура барып кiрдi дейдi.
Жұмжұма тiрi күнде жұртқа жақты,
Өлген соң отқа жақты алтын тақты.
Сәждеге басы тимей азап тартып,
Жұмжұма өлгеннен соң иман тапты.
«Залыммын» деп дiнiңдi күтпей қойма,
«Ғалыммын» деп асылық тағы қылма.
Сират деген көпiрдi өткенiңше,
Тәуекел жақсы-жаман баршаңызға.
Надандық деген бұ бәле не қылмайды?
Жетiк ғалым жатқа айтса да жаңылмайды.
Ерiк өзiңде тұрғанда дiнiңдi күт,
Өлген соң мынау кеңдiк табылмайды.
Өле салып, тiрiлiп келгенiм жоқ,
Естiгенiм болмаса, көргенiм жоқ.
Болмасаңыз өздерiң ашық көңiл,
Надандардың бұ сөзге нанғаны жоқ.
Шайтанның жетегiне өзiң барма,
Рузе менен намазың, сiрә, қойма.
Әй, жiгiттер, бұ сөзiм кiтапта бар,
Ағалар, қалжың сөз деп ғапыл қалма.
Күнiнде туған да бар, өлген де бар,
Өзiңнен жақсы да бар, жаман да бар.
Құран менен кiтаптан естiп алдым,
Өзiмдi үйреткен молдам да бар.
«Жұмжұма» кiтабым тамам болды,
Сызуға қамыс қалам жаман болды.
Түн ортада кiтапты сызып болдым,
Қалам таппай көңiлiм алаң болды.
Таммат тамам.