Қисса Мансұр әл-Халаж

Бисмиллаһир рахманир рахим Бастайын бір Алланың атыменен, Түзеткей өз құдірет затыменен. Бихамдулла, біздерді қылды инсан, Жайылар біздей құлдар хатыменен. Алланың заты – пәк, әуелі жоқ, Интаһа-ахирының өлшеуі жоқ. Біздерді адам қылып иман берді, Шүкір Алла, бұл жері көңілге тоқ. Бір қатра нұр жаратты Тәңірім бұрын, Со...

Kazakh
Қисса Мансұр әл-Халаж
Бисмиллаһир рахманир рахим Бастайын бір Алланың атыменен, Түзеткей өз құдірет затыменен. Бихамдулла, біздерді қылды инсан, Жайылар біздей құлдар хатыменен. Алланың заты – пәк, әуелі жоқ, Интаһа-ахирының өлшеуі жоқ. Біздерді адам қылып иман берді, Шүкір Алла, бұл жері көңілге тоқ. Бір қатра нұр жаратты Тәңірім бұрын, Сол деп айтар білгендер Досты нұрын. Ошал нұрдан жаратқан бұ ғаламды, Өзі айтпаса кім білер Құдай сырын. Әуелі нұр жаратқан Алла өзі, Он сегіз мың ғаламның жалғыз ізі. “Нұр Мұхаммед” ат қойған Тәңірім оған, Құранда мағлұм болды халыққа сөзі. Жаратты Хабибісін Азим Рахман, Екі ғалам үстіне сәруар қылған. “Уа ма арсәлнака илла рахматин лилғаламин” деп, Рахматын өзіменен бірдей қылған. Бір жайға қойды Тәңірім ошал нұрды, Қойды да рахмат жүзбен оны көрді. Нұр ұлғайып, тер тамды жеті қатра, Бойынан жаратыпты аспан-жерді. Төрт тамған тер шаһариар жаны болды, Дүнияға онан кейін ғылым толды. Бесінші – жанды-жансыз, реңі-түрі, Тағы да алтыншысы беренж болды. Жетіншісі – иманы мұсылманның, Аһл сүннет, жол мазһаб ұсынғанның. Солардың баршасына иқрармыз, Дініміздің қорғаны жол салғанның. Әуелі имам Ағзам дін қалғасы, Бұларсыз келіспейді сөздің басы. Шафиғи, имам Ахмед, имам Мәлік, Әбу Жүсіп, Ыдырыс жан жолдасы. Бұлардан соң сөйлейін бір хикаят, Рухтарын әулиелер қылайын жад. Үшбу қисса хақиқат ерлер сөзі, Оқыса ерлер көңілі болады шат. Бұ қисса бұрын нәшір парсы еді, Бір күні назым бопты хорезм тілді. Қазақи-түркімен жазайын деп, Жүсіпбектің көңіліне және келді. Бұ қисса шейх Мансұр хикаяты, Мекені Мысыр шаһары, уәлаяты. Жүсіпбек сөз қозғасын ер Мансұрдан, Алланың болса әгар ғинаяты. Шейх Мансұр жас жігіт, Көзге жастау болса да, Ақыретке бас жігіт. Дайым Хақтан қорқады, Екі көзден жас төгіп, Тағат қылұр Аллаға, Қағба сарыбас қойып. Тағаттан ғапыл қалам деп, Ұйқысы келсе әгарда, Басына жатар тас қойып. Қарындасы бар еді, Атын Әнал дер еді. Әйел болып туса да Дініне махкам ер еді. Шілтендерге қызмет қып, Қатты қорқып Алладан, Ақырет қамын жер еді. Кеш болса әгар күн батып, Шыбын жаннан кешеді. Кетеді екен түн қатып, Шілтендерге қосылып, Шараба таһур ішеді. Жүзін көрсең мысал хор, Заманында бітпеген һеш пендеге ондай түр. Қараңғы түнді жарық қып, Инесін тауып алады, Жарқыраған жүзі нұр. Күндіз көрген жігіттер, Бәрі ғашық болады. Түнде қалса таба алмай, Жүздері гүлдей солады. Дүние бірлән ісі жоқ, Ақиқат ерге барады. Кеткенін қайда біле алмай, Іздегендер қалады. Жүзін көрген Әналдың, Шұғыласына жарық еткен, Ұялып көзі талады. Патшалар, бектер баласы “Сұлу деген Әнал қыз” Баршасы хабар алады. Түндегі ісін есітіп, Жаман жолда жүр ғой деп, Көңілдері қалады. Әналдың жайын есітті Мысырдың бүтін қаласы. Әналды түнде аңдиды Өңшең бектің баласы. Атасы үлкен Әналдың, Бар еді анасы. “Әгар бүгін тағы да, Достына кетсе Әнал қыз, Айталық, – десті,– Мансұрға, Бос қалса орынханасы”. Ғашықтық түскен шаһзаттар Әналды бәрі аңдиды. “Көрінсе кетіп бара жатқанда, Өлтірелік тіке” деп, Қаруларын жайлайды. Аңдып бәрі отырып, Айырылып қалып Әналдан, “Бұ қалай?” деп дағлиды. Айырылып қалып Әналдан Жігіттер іші күйеді. “Білмедік-ау, деседі, Әлдекімді сүйеді, Бар екен деп бір досты”, Жігіттер ішке түйеді. Таң атқан соң Мансұрға Жиылып келіп жігіттер, Баланы таудай оятты. – Ей, Мансұр, жақсы, – дейді, – қарындасың, Батпайды, ісін айтсақ, ішкен асың. Түн болса кетіп қалар ойнасына, Бұл қоймаса, қор болар сенің басың. Сыртынан өзің аңды енді, – дейді, Бұл айтқан, рас білсек, ел-ді, – дейді. Жұрттың айтқан сөзіне шыдай алмай, Ашуы ер Мансұрдың келді дейді. Әналдың білуші еді Мансұр сырын, Ойлаушы еді сір жолға хақ деп бұрын. Көп жұрттың шағымына шыдай алмай, Қызартып, ашуменен бұзды түрін. Ойлады аңдиын деп Әналды енді, Қоймады ықтиярға, көп ел жеңді. Мансұр аңдып отырса, ел жатқан соң Әнал қыз орнынан тұрады енді. Алтын шашбау шашына байланады, Шәлі бүркеніп жүруге сайланады. Әнал жүрді, артынан Мансұр ерді, Бір тынырық мұрын тастан айланады. Сайды өрлеп жүре-жүре тауға кірді, Қарасын көре-көре Мансұр жүрді. Жеті қабат таулардан асқан шақта, Бір бітеу тастан соққан үйді көрді. Әнал барып ол тасқа кіріп кетті, Мансұр дағы есікке келіп жетті. Әнал кіріп барды да,ғар ішінде Сәлем қып шілтендерге тағзым етті. Есіктің Әнал іштен құлпын салды, Сығалап Мансұр батыр тыста қалды. Әнал қызмет қылады шілтендерге, Анықтап Мансұр бәрін көріп алды. Шілтенге қызмет қылды Әнал кіріп, Әналды құрмет қылды шілтен тұрып. Дүр-жауһар қолында кеселер бар, Есікте Мансұр тұрды бәрін көріп. Хас әулие Әнал қыз тапқан сауап, Қыларсыз мұндай жанның ізін тәуап. – Күндегіден үш сағат кейін келдің, Неге кеш келдіңіз? – деп сұрады жауап. Әнал айтты: – Айтайын кеш қалғаным, Мәлімет дұшпандардың іс салғанын. Сол істерді біліпті кереметпен, Халайық жала қылған сөз жалғанын. Дұшпандар ұйықтасын деп кешке қалдым, Басымды көп машақат іске салдым. Шілтендер айтты сонда: – Исі келді Көңілі харам ойлы бір адамның. Шілтендер айтты: – Әнал, бұ қалай? – деп, Мынау иістің келгені, не деген кеп. һешкім саған бұ жолда кез болды ма, Сізді сөзге қоспаймыз тап солай деп. Әнал айтты: – Тәңіріге жолым халал, Қылған жоқ, иншалла, һешкім залал. Есік ашып тысқары қарап еді, Мансұрды сол уақытта көрді Әнал. Мансұрды көріп Әнал қайтып кірді, “Бір жетім тыста тұр” деп айтып кірді. “Далада жылап отыр үйге кірмес”, Деп айтып инандырды шілтендерді. Шілтендер айтты: – Оған да несібе бер, Құдай айдап келген-дүр, ахуалын көр. Әуелі өзімізге бергін, – деді, Құры қалса, ол біздерді әлдене дер. Әнал берді шілтенге шараптарын, Шарап беріп қандырды шілтендерін. Бұрын түгел жеткен соң, қалмаушы еді, Әбден ішіп бітіріп түгел бәрін. Бір кесе сонда ыдыста қалды артық, Кем емес бұрын және қалмас артып. Мейманға несібесі келген екен, Тәңірім өзі жіберген мұны артық. Кесеге құйып Әнал қолына алды, Әналға тағы Алла бір ой салды. “Бәрін берсем, мұны ағам көтере алмас” Деді де, өзі бір дем жұтып салды. Жалғыз ұрттам кеседе қалды сонда, Бергелі ағасына барды сонда. Бір ұрттамды Мансұрға беріп еді, Ақылынан ішісімен танды сонда. Ішкен соң жалғыз ұрттам ақыл танды, Оттайын іші-тысы күйіп-жанды. Не айтып, не қойғанын бірін білмей, “һуа – Хақ” деп ізіменен қайта салды. Әнал сонда жылады мұны көріп, “Не іске келді екен, – деп, – соңыма еріп”. Әнал қатты ішінен қайғы қылды, “Ағамды рәсуа қылдым неге беріп”. Мансұр айтты: – Әналым ақ екен, – деп, Қызметі бір Аллаға нақ екен, – деп. Олай болса мен де ақпын, – деп айтады, һәрқашан аққа Құдай жақ екен, – деп. Бұ сөзге қосып айтты “Әнал – әл-Хақ” деп, Өзін дағы қосады “мен – әл-Хақ” деп. “Қай жерде, қай пенденің ісі ақ болса, һәрқашан сол пендеге Құдай жақ”, деп. “Әна – әл-Хақ” деп айтады көкке бағып, Қызарып екі көзі көксін қағып. Ақыл-һұшын білмейді диуана боп, Бұрқырап ауызынан көбік ағып. Әнал да Хақ, мен де Хақ, әдет болды, Мансұрдың іші-тысы нұрға толды. Түнде ұйқы көрмеді, күндіз – күлкі, Тоқтаусыз кезіп жүрді шаһар-елді. Молдалар есітеді Мансұр сөзін, Әлдеқалай келтірсе Құдай кезін. “Әнал менен екеуміз Тәңірміз деп, Бұ қалай, кәпір қылған өзі-өзін”. Молдалар айтты: – Мансұр, айтпа бүй деп, Насихат айтқан сөзді ішке түй, – деп, Бұ сөзің қата сөз деп мұсылманға, Молдалар айтты сонда жиылып кеп. Молдалардың білмеді айтқан сөзін, Тыңдар еді, білмейді өзі-өзін. Фаруайы жоқ, айтады “Әна – әл-Хақ” деп, Жас артып, көкке қарап екі көзін. Ыза болды молдалар болмаған соң, Насихатын құлаққа алмаған соң. Бір күні үш жүз молда жиылады, Мансұрдың мына сөзі қалмаған соң. Үш жүз молда Мансұрды ортаға алды, “Бұ сөзді айтпағын” деп жауап салды. “Тәңірмін деген адам дінсіз болар” Деп, Құранды алдына жайып салды. Білмеділер молдалар, “Әна – әл-Хақтың” мәнісін. Есіткен жан таң болды, Мансұрдың сонда дабысын. Насихат қылса молдалар, Құлағына кірмейді. Танбайды Мансұр шабысын. Зар қылып Хаққа зарлайды, Өзі ғашық Тәңірге, Не қылсын жұрттың намысын. Кітабын ашып қарады Жиылған үш жүз молдалар, Кереметсіз надандар Хақ сырды қайдан танысын. Жұртқа теріс болса да, Мансұрдың көңілі Хаққа шын. “Не қылсақ мұны болар” деп, Молдалар қылды соғысын. – Баралық, – деді, – патшаға, Айталық мұндай рәуішін, “Әнал да Хақ, мен де Хақ” деп, Бұзады діннің қапысын. Патшаға айтты Мансұрды Айтқан сөзі жаман деп, Молдаларды ант ұрды. Қазы, мүфти, молдалар, Арыз қып бәрі олтырды. Діннен шықты Мансұр деп Арызға алдын толтырды. Жасауылдар жіберіп, Мансұрды патша келтірді. Мансұрды айдап келген соң, Патша көріп сынады. Фаруайы жоқ Мансұрдың, “Әна – әл-Хақ” деп жылады. Мұны көріп падишаһ, Тамаша, қайран қылады. Бұ сипатты адамдар Бұзбақ түгіл дініні, Таба алмас һәркез күнәһні. Ақылменен Мансұрды патша көрді, Есі жоқ, “Әна – әл-Хақ” деп Мансұр тұрды. Екі сағат падиша көріп сынап, “Бұ хақиқат ғашық” деп жауап берді. Мынау сөзбен бұл өзін дінсіз қылмас, Дінсіз деп айтар едім, ақылын білмес. Ақылы болса бір сөз айтар едім, Бұларға, сірә, хүкім қылып болмас. Молдалар шуылдады сонда тұрып: – Бұл жұртты ойран қылар мұнда жүріп. Өз тілінен бұл өзі діннен шықты, Ел-жұрт жаман үйренер мұны көріп. Қазы, мүфти, молдасы, бәрі ақымақ, Болмады ерегесіп өңкей шатпақ. Куәлік берді бәрі “бұ дінсіз” деп, Емес пе һәр нәрсені тілден таппақ. Патша айтты: – Олай десең, өздерің біл, һәрқайсың көңіліңе келгенін қыл. Дарға асып өлтіріп тастаңыздар, Күнәһ, сауап тапсаңдар өзіңнен біл. Патшадан жөнеледі жарлық алып, Дарға аспақ болды алып барып. Үш жүз молда дарға тартады енді, Кендір арқан мойнына тұзақ салып. Тартқанында майысты дар ағашы, Жылады жердегі шөп, таудың тасы. Дар дағы айтты “Әна – әл-Хақ” деп, Құданың құдіретіне қарасаңшы. Мансұрға әуен қосты дар мен арқан, Дарға Жаппар Егем қылды пәрмен. – Ол менім ғашық құлым, зарар қылма, Мас болып өз нұрыма жүрген дарқан. Жеті күн, жеті түн тұрды дарда, Дар ағаш, арқан, Мансұр – бәрі зарда. “Әнал да Хақ, мен де Хақ” – айтқан сөзі, Құданың құдіретіне амал бар ма? Молдалар көріп жүрді үш уақ келіп, Дарда Мансұр, аслан, қалмады өліп. Бұ іске барша халық болды қайран, Қасынан жүрген жандар бәрі көріп. Молдалар патшаға және барды, Қас болған молдалардың пейлі тар-ды. – Тақсыр-ау, әлі күнге өлгені жоқ, Не қыласыз ол дінсіз бәтшағарды. Патша айтты: – Дардан алдыр, – деді, Дарбазаға байлатып салдыр, – деді. Дарбазаға келген жан ұрып өтсін, Әй, залымдар, бәлеге қалғыр, – деді. Дарбазаға Мансұрды келді айдап, Қазық қағып мойнына қойды байлап. Хабаршыға бір адам және қойды, “Ұрып өт” деп айтуға болды айғақ. Қамшы, балта, таяқ пен мылтық, қылыш, Қолында қайсысы бар, кетпес тыныш. Мұныменен жеті күн және тұрды, Бірін залал Құдайым қылмады һеш. Және бір сөз риуаят Мен айтайын, құлақ сал. Кереметін көріңдер, Әні халім, әні хал. Жіберген тас, атқан оқ, Ұрған ағаш һәммасы “Әна – әл-Хақ” деп қылды зар. Мұны көріп молдалар Қатты қайран, болды дал. Шейх Зуннун дейтұғын Мансұрдың пірі бар еді, Өзі әулие, өзі кемел. Біздерше тағам ішпейді, һәрдайым жазда ауқаты Жасайды екен шөптен бал. Әулиелер сәруары Мансұрға өзі қарайды. Сол уақытта жаз еді, Сейіл қып бақта жүр еді. Олардың тойға барғаны, Бақта сайран қылғаны. Бақтан алып бір гүлді, Қайтып жолға кіреді. Келе жатса шаһарға, Алдында Мансұр тұр еді. Мансұрға жақын келгенде, Күзетшілер айтады: – Ұр деді-ау,– деп,– Мансұрды. Әулие кейін тайқыды. – Иә, шейхім, әулие, Патшамыздың бұйрығы – Қолында не бар болса, Ұрсын, – деген, – Мансұрды, Сіз де ұрсаңыз қайтеді. Зуннун Мысри ер уәли, Ұрмас еді Мансұрын, Өзінде болса қиялы. “Қарсылық бар ма патшаға, Ондай болса ұралы” Деп қасына келеді, Мансұрдың халін көреді. Батин сарман ішінен Сөйлесе сонда береді. – Құтлық болсын дар, – деді, Уайым қылмақ бұ істі Сіздердей ерге ар, – деді. Не қылса тағдыр егесі, Жаратқан Тәңірің бар, – деді. Мұны айтып гүлменен Жылғап қалды ақырын. “Қатты тиді мұның” деп, Жылады Мансұр: – Иә, пірім, Неге ұрдыңыз сіз мені, Білуші едіңіз сырымды. Шоқпардай қатты тиді ғой Гүлменен мені ұрғаның. Жаман өтіп кеткен соң, Шыдамай жылап тұрғаным. Мынау жұрт бәрі залымдар, Білмес еді сыр-халім. Біле тұрып дертімді, Неге мені ұрдыңыз, Ақыреттік қорғаным?! Есіткен соң әулие Ер Мансұрдың сөзіні, Сынаптайын толықсып, Тыя алмай өзіні, Жүре берді қасынан Жылап сүртіп көзіні. Және тұрды жеті күн, “Әна – әл-Хақ” деп дем ұрып. Халайық бәрі көреді, Өлтіре алмады жан ұрып. Жол білмеген ғалымдар, Сырын білмес залымдар, Жүр еді бәрі таң көріп. Ұлық-кішік ахундар Жиылысып тағы да Падишаға бардылар, “Өлмеді” деп Мансұрды, Сөздерін баян қылдылар. Олай болса патша айтады: – Отқа салып күйдір, – деп, Әбден күйіп болған соң, Келіге салып түйдір, – деп. Ұндай майда болған соң, Ұшырып жібер желменен, Айтпаңдар енді маған кеп. Бұлайша хүкім қылады, Өлмес пе екен сонда да, Отыныңды жидыр, – деп. Халайықтар неше күн жиды отын, Жиып болып от қойды, шықты түтін. Мансұрға болысатын бір адам жоқ, Мысырдың шаһарында жүмлә бүтін. Ер Мансұр көрді сонда мынау кепті, “Күйермін, уа, дариға, енді” депті. Қол-аяғын босатып, отқа ап келді, Оларға сонда Мансұр арыз етті. – Піріме арыздасып кетейін мен, Армансыз дүниеден өтейін мен. Пірімді шақырайын осы жерге, Моде ғама мүддағама көңілдегі жетейін мен. Піріне кереметпен хабар қылды, Мансұрға пірі қазір жетіп келді. Әулие шейх Зуннун жетіп келіп, – Шырағым, хал-жайың қалай? – деді. Пірінің қойды аузын құлағына, Бұлардың болдым жаман сынағына. Піріне айтты Мансұр сырын: – Бұ сөзім, тақсыр, саған ұнады ма? Күйермін отқа мені салғаннан соң, Келіңіз жанып, күл боп қалғаннан соң. Мынау көлге тастаңыз сүйектерім, Қолыңа әбден жиып алғаннан соң. Жалғыз басым сүйегін қойғын сақтап, Кетеді елді сонда дария қаптап. Бас сүйегім майда ғып суға шашқыл, Халайық ғарық болмасын Құдай сақтап. Мынау көл онан кейін дария болар, Ақпай тұрса ол суға дүние толар. Залымдар кесапаты жұртқа тиіп, Бұ шаһар барша жұрты ойран болар. Мансұрдай отқа салды асыл ерді, Мансұрдың жарандары келіп көрді. Молдалар қуанады бәрі ақымақ, Сәждеде от ішінде жанын берді. Ер Мансұр жанып кетті отқа күйіп, Жаратқан ол ерлерді Құдай сүйіп. Шейх Зуннун әулие оттан келіп Сүйегін ер Мансұрдың алды жиып. Бастан өзге сүйегін салды көлге, Су тасып қарқын болып келді елге. Енді біраз кідірсе шейх Зуннун, Ол шаһар кетпек болды бәрі селге. Бас сүйегін ұн қылып қолына алып, Сонан соң суға шашты Зуннун барып. Құданың құдіретіне қараңыздар, Су жөнелді дария боп төмен ағып. Барша жұрт қалды аман, сау-саламат, Мансұрдан болды сондай бір карамат. Басының күлі ол суда көбік болды, “Дария Ніл” деп ол суға қойылды ат. Ол көбік “Әна – әл-Хақ” деп сөйлеп жүрді, Суға келген адамдар оны көрді. Бұрынғы көлден алған арықтар бар, Патшаның арығына ағып кірді. Патшаның ағып кірді шарбағына, Бармастан өзге арықпен жан-жағына. Бақ ішінде хауызға келіп түсті, Құданың құдіретін көр тағы да. Ол жердегі шаһары Халаб шаһар, Құдайым патшасына қылды қаһар. Патшасының бар еді жалғыз қызы, Тағатқа машғұл еді ләйлі-наһар. Шарбаққа барды ол қыз бір күн тұрып, Бақ ішін аралады кезіп жүріп. Бір ағаш саясында отыр еді, Бір қызға “су әпкел” деп қылды бұйрық. Бір қыз сонда жүгіріп суға барды, Қолына су алмаққа шелек алды. Суда жүр тостағандай жасыл көбік, “Әна – әл-Хақ” деп айтады, қайран қалды. Көбікті қыз қуады көргеннен соң, “Әна – әл-Хақ” деп сөз сөйлеп жүргеннен соң. Көбік қашып ол қызға ұстатпады, Жылады әбден шаршап өлгеннен соң. Қыз сонда хан қызына қайтып келді, Көргенін асып-сасып айтып келді. – Әй, ханша, тақсырым, хауыз ішінде Тамаша бір іс көрдім, көргіл, – деді. Хан қызы тұра сала өзі келді, Көбікті хан қызының көзі көрді. Көп қыздар жан-жақтан қол созады, Алдына ханшаның жетіп келді. Көбікті көрген қыздың іші күйді, Созғанда хан қызының қолы тиді. Көбікті алып аузына қағып салды, Сол уақта хан қызының бойы иді. Көбікті аузына салып жұтып қойды, Тәнінің бәрі балқып, қарны тойды. Құданың құдіреті таңғажайып, Хан қызы онан кейін хамле болды. Анасы қыздың халін бір күн көрді, Қызынан “не қылдың?” деп жауап сұрды. Қайран боп қыз бейшара үндей алмай, Алдында анасының жылап тұрды. – Әй, ана, өлсем едім мұнан дағы, Тәңіріге аян сыр-көңілім, жолым ағы. Бір күн мен баққа бардым хауыз басына, Қасыма қырық қызды алдым дағы. Әй, ана, бұ сөзімді білгіл рас, Суда көбік бар екен, елден сұраш. Айтады адамдайын “Әна – әл-Хақ” деп, Көрген соң ақылым танып, ұрдым құлаш. Алдыма жетіп келді, қолға тұттым, Қолыма түскеннен соң алып жұттым. Құданың құдіретімен жұтқан халде Бойым балқып, ақылым танып кеттім. Бұ дертті берді Тәңірі сонан бері, Ей, ана, өлтір мені, қойма тірі. Анасы құп данышпан адам екен, “Үшбу іс, – деді, – балам, Хақ тағдыры”. Қыз ұялып ел-жұрттан жылай берді, Көл қылып көзінің жасын бұлай берді. “Тамам жұртқа масқара қылғаныңша, Жанымды алсаң нетті, Құдай” деді. Қызға сонда тоғыз ай жақындады, Жылаудан күндіз-түні бір тынбады. “Жұрт есітсе масқара болармыз” деп, Бұ сырды ханға ханым баяндады. Хан сонда мұны естіп жаман састы, Ханыммен қайтеміз деп ақылдасты. “Әгарда мұны өлтірсек қанын жүктеп, Мұнымыз Тәңірі алдында жарамас-ты. Әгар үйде тудырсақ, болады ұят, Есітпей қалмас, сірә, көп жамағат. Сандыққа сап, дарияға жіберелік, һеш адамға білгізбей, қылалық бат”. Хан мен ханым бұ істі мақұл көрді, Ұсталарды даярлап жидырды енді. Іші алтын, сырты ағаш үш кез сандық Үстіне терезе сап қылдырды енді. Жасатып ол сандықты болды дейді, Ішіне қызды алып кеп салды дейді. Көп нығмет, көп қазына бірге салып, Түнде алып дарияға келді дейді. Сандықтың махкам қылып аузын жапты, Су өтпес қып балауыз, мұндар жақты. Сандықты суға салып амандасып, Екеуі ата-ана үйге қайтты. Жылайды ата-анасы іші күйіп, Ұялғаннан жіберді көзі қиып. һеш адамға білгізбей қайтып келді, Жылап-жылап көзінің жасын тыйып. Сандықпен қыз кетеді жылай-жылай, “Қандай күйге салдың, – деп, – Жаппар Құдай”. Сандықтың үсті айна, іші гауһар шам, Барады ағып кетіп күн-түн тынбай. Неше күн сандық суда жүрді ағып, һеш бәлеге жолықпай Құдай қағып. Қыз “Алла һуа” деп Тәңіріге сәна айтады, Демейді бұлайша боп кеттім нағып. Сандықта қыз жатқалы көп күн болды, Сарғайып қайғыменен жүзі солды. Дарияның аяғында Бағдат шаһар, Тұсына сол Бағдаттың жақын келді. Ол шаһарда бір балықшы болушы еді, Қармақпенен балықты аулаушы еді. Қармақ салып һәр күні отырғанда, Құдайға мінәжат қып налушы еді. – Құдай-а, малым да жоқ, балам да жоқ, Менен өзге адамның көңілі тоқ. Ерлі-қатын бір балық ауқатымыз, Сенен өзге және панам да жоқ. Бұ күні дарияға тағы келді, Отырып дарияға көз жіберді. Үйдей болып жарқырап келе жатқан Көз ұшында дарияда нәрсе көрді. Қасына сандық келді жақын ағып, “Не нәрсе” деп қадалып тұрды бағып. Су шетіне жеткенше шыдай алмай, Балықшы дарияға түсті қарғып. Сандықты дариядан ұстап алды, Тұтқадан жіп өткізіп тыстап алды. Су шетіне шығарып абыр-сабыр, Арқалап үйге қарай тура салды. Бұрын бала жоқ, қатыны жүкті еді, Сандықты алып балықшы үйге келді. Келсе, қатыны босанып, ұғыл тауыпты, “Құдай-а, бергеніңе шүкір” деді. Сандықтың үстін бұзып аузын ашты, Бар Құдай пендеге нәсіп шашты. Қараса, күндей толқып бір қыз отыр, Қуанғаннан көзінен төкті жасты. Қыз қолында бір ұғыл бар, өзі нұрлы, Сандықта қазына көп һәрбір түрлі. Жалғыз сандық бағасы жүз жылқылық, Жасаған іші алтын неше түрлі. Қыз көбікті аузынан жұтып еді, Бойына сонда бала бітіп еді. Ұғыл тағы түсіпті ауызынан, Мансұрдан қалатұғын тұқым еді. Той қылып екі ұғылдың атын қойды, Дүниеге келді-ай, байғұс көңілі толды. Бар Құдай бір-ақ күнде жарылқады, Шүкір қылып қайғының бәрін жойды. “Әмір” қойды өз қатыны тапқан ұғлын, “Ат аспаннан” деген бар, мұны білің. Шаһ қызынан туғанды “Несіп” қойды, Екеуін құрдас қылды тағы жылын. Ойнап-күліп екеуі қатар өсті, Бірі-біріне жаман сөз айтпас, әсті. Әмірдің басы жара, таз болыпты, һешкімге көрсетпейді қотыр басты. Екі бала сегіз жасқа келіп жетті, Атасы оқытуға молдаға елітті. Екеуі қырық баламен сабақ оқып, “Әптиек” сүресіне келіп жетті. Бір күн Несіп Әмірге: – Аға, – деді, Менде жоқ осы күнде баға, – деді. Сіз боласыз Бағдаттың патшасы, Ұмытып осы сөзді қалма, – деді. Сіз патша боласыз жұртты басып, Мен диуана болармын көтімді ашып. Уа, Алла Тағалам, бұ сөздің қатасы жоқ, Өлтіресіз сіз мені дараға асып. Терімді өлгеннен соң сойдырасыз, Көзімді пышақпенен ойдырасыз. Теріме тұлып қылып сабан тығып, Қайтадан дарға асып қойдырасыз. Әмір сонда “аһ” деп түрегелді, Соңынан “иншалла” деп жауап берді. – Әгар мен патша болар заман болса, Жақыным сізден басқа кім бар? – деді. Тақтыда екеуіміз отырармыз, Көңілге махаббатты толтырармыз. Арызшылар келгенде алдымызға, Ақылдасып һәрнені келтірерміз. Мұны айтып Әмір тазша уағда қылды, Қасам ішіп сол жерде көп қынжылды. “Не болды, інім, маған сені өлтіріп”, Деп Әмір Несіп сөзін жалған қылды. Несіп сөзін қоймады күнде-күнде, Екеуі бірге жүреді күндіз-түнде. “Әйтеуір, сізден өлем” деп қоймады, Ажалға себебім жоқ, әсті, һешкімде. Ант ішіп Әмір сонда Құран қосты, “Өлем, – деп, – сізді өлтірмей” тастан ұшты. Ажалсыз адам һәр кез өлмейді екен, Жығылмай ойға барып тіке түсті. Онан жүріп келді де, үйге кірді, Бір диуана мектепке бірге кірді. Сабақтағы баланың бәрін көріп, “Бір әулие ұғыл бар” деп жауап берді. Ойланды молда соны білейін деп, Бір ақыл сынамаққа қылайын деп. Диуана кеткеннен соң түрегелді, Балаларды бір-бірлеп сынайын деп. Балаларға береді бір біз, пышақ, Балалар толып жатыр ірілі-ұсақ. Және бір боз, қолдарына тауық берді, “Жасырып бауыздап кел” деді қижап. Балалар бір-бір тауық алып кетті, Бәрі де жасырынып бауыздапты. һәрқайсы һәрбір жерде тасаланып, Бауыздап молдасына қайтып кепті. Несіп жоқ, өзге [бала] қайтып келді, “Бауыздадық, тақсыр” деп айтып келді. Балалардан сұрады: – Несіп қайда? “Бекер жүр” деп балалар жауап қылды. Сол уақта Несіп тағы келді жетіп, Соң келді, балалардан бұрын кетіп. Тауығы бауыздаусыз тірі келді, Сұрады молда сонда жауап етіп. – Әй, балам, – молда айтады, – тауық тірі, Тірі ап келген жоқ өзге бірде-бірі. Несіп сонда айтады молдасына: – Жоқ екен, аслан, Тәңірі көрмес жері. Жасырдым өзге жанға көрсетпей-ақ, Тауықтың алқымына пышақ таяп. Тәңірі көрмес бір жерді таба алмадым, Тақсыр-ау, келгенім жоқ тауықты аяп. Бұ сынақтан молдасы біле алмады, Әулие деп ықылас қыла алмады. Ол диуана тағы айтты жетіп келіп: –Әй, молда, бала қалай сыналмады?! Молда тағы ойланды бір ақылды, Балалардың бәріне жарлық қылды. – Отсыз отын жандырса керемет, – деп, Бір-бір құшақ отынды ап кел, – деді. Балалар бәрі отын келтірділер, Медресені отынға толтырдылар. Суық пешке салады отындарын, Жанбаған соң ап тастап отырдылар. Несіп тағы келмеді көпке дейін, Сұрады балалардан оның жайын. – Отынымен балшықта аунап жатыр, Деп едің, – деді, – тақсыр, не қылайын. Балшық, су қып артынан Несіп келді, Молда алып қолынан пешке салды. Дүр етіп жанып кетті шөптей болып, “Керемет мұнда екен” деп молда білді. Несіптің білді ме ер екенін, Хақиқат ғашықтардың бірі екенін. “Хақиқат ғашық ер” деп білді молда, Қазірде жасы жетпей жүр екенін. Алланың қойған аты сәйід Насим, Көбінен әулиенің болды басым. Әуел аты – Несіби, соңғы аты – Насими, Енді барып молдадан сабақ алсын. Молдадан сәйід Насим сабақ алды, Алдына әптиегін жайып салды. “Инна фатахнаға” келгенде молдасына, “Мағынасы не, – деп, – тақсыр” тұра қалды. Молда айтты: – Мағынасын не қыласың, Өзің білмей, мағынасын сөз қыласың. Ашуланып бір салды шапалақпен,– Оқымай сұрама, – деп, – сөз мағынасын. Шапалақ жеді Насим молдасынан, Құдай оған білгізген о басынан. Жылап тұрып аятқа мағына берді, Жауһар тамды жылаған көз жасынан. – Сөз сұрасам ұрасыз, тақсыр, – деді, Қара қылып кеудеңнен басқыр, – деді. Түрегеліп ізінен топырақ алып, Жүзіңе мұны, молдам, жапсыр, – деді. Шашты да топырақты шығып кетті, Молданы тірі жерге тығып кетті. Мағынасын бастан-аяқ өзі айтып, Молданы ұрмай-соқпай сығып кетті. “һуа – хақ” деп тысқа шықты сәйід Насим, Айдады жапан түзге жалғыз басын. Елсіз күн, сыз далада жалғыз жүрді, һәркімді Тәңірім өзі асырасын. Диуана болды Насим хақиқат шын, Рахат қылып бір жатпады күні мен түн. Құлан менен киікпен бір жүреді, Мысалы, түзде жүрген пері мен жын. Құлан менен киікті бағып жүрді, Дертті болса, ем қылып қағып жүрді. Алланың ақиқат шын мағшұқ ері, Болмаса түзде бұлай нағып жүрді. Сәйід Насим диуана Жапанда жалғыз жүреді. Тағам, ұйқы ойламай, Алланың сүйген құлы еді. Құлан, киік ішінде Жайылып бірге түнеді. Жаралы, соны бағады, Құрттаса, дәрі жағады. Құлан, киік емізіп, Тәңірі қуат береді. Жалаң аяқ, жалаң бас, Екі көзден төгіп жас, Хақ зікіріне енеді. Үстінде женде кигені, Бір Алладан басқа жоқ Көңілінде һәр кез сүйгені. Егесіне ғашық боп, Бұ дүниені тәрк қылып, Іші оттай күйгені. Ғазал айтып тілімен, Аллаға ғашық ділімен, Кеудеге сыймай иманы. Кейде ақылын біледі, Кейде ақылын білмейді, Бір Аллаға ғашық боп, һешкімді көзге ілмейді. Ақиқат ер дейді оларды, Мас адамша жүреді, Кісімен ойнап-күлмейді. Отаны – тау, тас, шұқыры, Ел маңына келмейді. Нұрға толған іші-тысы, Татпағанмен тағамды, Аштан тіпті өлмейді. Күні-түні бір тынбай, “һуа Алла – хақ” деп жылайды. Ақылын білмес өзі мас, Алладан не сұрайды. Айтқаны Хақ зікір, Химмат қорын байланып, Белін бекем қынайды. Он бес жыл жүрді жапанда, Жад қылып Жаппар Құдайды. Он бес жылдың ішінде Көрген жоқ, тіпті, ел бетін. Танымас болды көрген жан Сәйід Насим келбетін. Мұрты мен шықты сақалы, Күнә жоқ һәр кез оларда, Арттырды Алла һимматын, Өзіне ғашық болған соң, Көтерді Алла мойнынан Қарыз, уәжіп, сүннетін. Сәйід Насим бір күні Ашты руай көзіні, Ақылы келіп басына, Білді сонда өзіні. Ойлады тұрып тағы да Әмірге айтқан сөзіні. Өз-өзінен ерсінді “Не қылад Әмір маған” деп. Қаңғып жүр өзі базарда, Өзі тазша жаман деп. Есегімен отын сатады, Күндік ауқат табам деп, Шаһарға келді сонан соң, Жүрем бе түзде һәман деп. Сол уақыттың кезінде Патшасы өлді Бағдаттың, Ел-жұрты қалды қайғы жеп. Жұрт рәсімі сол еді, Қоймаушы еді тағында Інісі менен ағасын, Асыранды бір құс бар еді, Дәулет құсы дер еді. Ұшырмаққа сол құсты Жиып алды қаласын, “Ұшырамыз құсты” деп, Жұртқа хабар салады. Жиылған соң барша халық, Сарайдан құсты алады. “Қайсымызға қонар” деп, Жиылған жұрттың һәммасы Үмітті болып барады. Тілек қылып көп адам, Малдарын айтып шалады. Құсты алып шықты жапанға, Үмітті болып халайық, Қайдан білсін адамзат, Құдайым кімді қалады. Әмір тазша сол уақта Есегінде отын бар, Соры ағып басынан, Кім алар деп отынын, Базарда жүрген қылып зар. Сата алмай жүр отынын, Үстінде жыртық бір тон бар. Дәулет құсын ұстап тұр, Қазы, мүфти, уәзірлер, Шаһ алдында бектері Үмітті болып тұр ойлап. Бисмилла деп құсты ұшырды, Халық ішінен қашырды, Жабыла келіп қудылар. Әмір тазша базарда Он тиынға отынын Сатып еді азарға, Сол уақытта басына Дәулет құс келіп қондылар. Әмір таздың сол халде, Дәулет құс қонды басына, Рахматы түскен Алланың Көзінен аққан жасына. Шошып қалды Әмір таз, “Не қылған құс, – деп, – бұл өзі”. Аяқ бауын ұстады, “Қонғаны не, – деп, – менің басыма”. Құсты қуған көп адам, Жасауыл менен бектері Әмірдің келді қасына. Іздеген құсын тапты бектер келіп, Әмірден құсты алды танып көріп. Тамам елден тазға кеп қонғанына, Бекзаттар өле жазды ыза болып. Бектер айтты: – Ғұссат боп заман азды, Заман азған белгісі – құс та жазды. Әгарда заманымыз түзік болса, Құс келіп қайдан тапты мына тазды. Құсты алып бектер сонда кейін қайтты, “Жиылыңдар ертең” деп хабар айтты. Бәрі де патшалыққа үміт етіп, Халайық үйді-үйіне барып жатты. Тағы жұрт ертең ерте тұрды дейді, Жиылып айтқан жерге жүрді дейді. Ел әбден жиылған соң тағы ұшырды, Құс қашты, жұрт артынан ерді дейді. Құс ұшып шаһарға кетті топ ішінен, Бірін де жаратқан жоқ бұл кісіден. Соңынан бектер шауып қуып келсе, Баяғы Әмірде тұр тап тұсынан. Бектер келсе, тазша тұр құсын ұстап, Жиіркеніп құсын алды жіп ұшынан. Патшалыққа тазды тұр Тәңірім қалап, Ел тұрған жоқ адамға оны балап. Тамам жұрттан тазға кеп қонғанына, Бектердің іші болды әлеп-жалап. Жиіркеніп құсты бектер әрең алды, “Бұ қандай іс болды” деп қайран қалды. Патшалықты тазшаға қимаған соң, “Тағы ертең ұшырайық” деп хабар салды. “Жиылып тағы ертең келгін” десті, “Құсты ұшырып көзбенен көргіл” десті. Тағы да ұшырмақ боп тарқасады, Құп көріп жиылған жұрт бұ кеңесті. Ертең жиылып келеді жұрт, Садақа-құдайысын береді жұрт. Күнде мал айтып сойып, қырып жатыр, Бәрі де патшалықтан қылып үміт. Құсты тағы ұшырды жиылған соң, Келетін жұрт аяғы сұйылған соң. Әмірге тағы барып қонады құс, Бар Құдай “бар” деп өзі бұйырған соң. Бектер келіп артынан құсын көрді, Алланың шын бұйырған ісін көрді. Жиіркеніп таздан халық қашса дағы, Тәңірі лайық қылған соң мүсін көрді. Дереу тазды моншаға салды дейді, Шаштараздар шашы-мұртын алды дейді. Киінген соң күндей боп толықсиды, Көрген халық сонда қайран қалды дейді. Сонсоң Әмір патша таққа мінді, Қимай жүрген бектері мойынсұнды. Есегімен отын сатқан тазша еді, Бір уа Бар құдіретімен патша қылды. Сол кезде сәйід Насим шаһарға келді, Аралап көрді сонда шаһар-елді. “Ташақ” деді көрінген молдаларды, Есіткен молдалардың қаһары келді. Бір тауға сәйід Насим барып жатты, Ғибадат Хаққа, тағат қылып жатты. Тауда жүрген бір-екі диуаналар Насимді жатқан жерде келіп тапты. Насим онан жүрді де пірге келді, Анау екі диуана бірге келді. Қол беріп шейх Атард әулиеге, Алдында қызмет қылып үш жыл тұрды. Сұрады пірден рұқсат Насим бір күн, Екеуі де тіледі дүркін-дүркін. “Сахараға шығайық деп ойлаймыз, Біздерге, – деді, – тақсыр, рұқсат бергін”. Сонда пірі қойнына қолын салды, Бір күлше қойнынан нанды алды. Оңды-солды шапалақпен нанды ұрып, Біріне берді оны, бірі қалды. Екінші қойнына қолын салып, Біріне берді қызыл алма алып. Енді құры қалғаны сәйід Насим, Жауапсыз тұрды бұлар қайран қалып. Тағы қызыл алма алды қойынынан, Ұстады салбыратып мойынынан. Ол алманың қабығын бітеу сойып, Баланың қызық қылды ойынынан. Ол қабықты үрледі тағы пірі, Насимнің сол уақта қашты түрі. Насимге берді онан соң ол қабықты, Тағзымдап алды Насим тасып нұры. Пірі фатиха береді қол көтеріп, “Әмин, тақсыр” деп тұрды бұл үш ғаріп. Пірінен рұқсат алып шыққаннан соң, Баяғы отанына тұрды барып. Сәйід Насим айтады жолдастарға: – Оның алма бергенін білдіңдер ме? Екі жолдас айтады: – Біле алмадық, Насим айтты: – Құлақ сал бұ хабарға. Жеті күннен соң ұстар патша сізді, Тәңірінің ажал уақты болұр изні. Жерге көміп қойдырып беліңізден, Атқылатып өлтірер өзіңізді. Нан ұрғанның мәнісі осы, – деді, Біздер болдық Тәңірінің досы, – деді. Сіздің жайды айтайын алма берген, Дүрмен қаның ағар жосы, – деді. Өз жайымды, құлақ сал, айтайын мен, Алланың пендесіне рахматы кең. Терімді бітеу сойдырар патша менің, Білмеймін падишаға жақпайды нем. Дарға асар теріме сабан тығып, Үш күн тұрар терімнен әуез шығып. Осылай деп айтты ғой жайларымызды, Пірадарлар, бұ сөзді алғын ұғып. Бұлай деп диуаналар мұңдасады, Ақырет қайғысын жиып жыласады. “Не болса Хақ тағдыры пендеге деп, Разымыз” деп бой ұсынып ұнасады. Не қылса, Хақ әміріне разы болды, Жүрді де ол жерінен шаһарға келді. Баршасын рухы көріп сәйід Насим, Айтады мінәжат қып бұ ғазалды. Ғазал сәйід Насим: Ғалымдықтың белгісі – Хақтың әмірін білгені. һидаят, һиммат қанжармен Жүрек-бағырын тілгені. Аллаға іңкәр келтірер, Дәруіштерге күлгені. Біз де келдік дүниеге, Аралап төрін көргелі. Халаб шаһардан пана болып, Бағдатқа келдік кіргелі. Үшбу-дүр әл-пәниден Бақиға тұрмыз жүргелі. Барсам екен кешікпей Атам Мансұр қасына. Қазы, мүфти, молдалар Көңілін басып жәһілдік, Хақты батил қылдылар, Жамандық қылып басына. Рақым етпес Бір уа Бар Олардың көзі жасына. Қайтіп сохан қылмаймын Ібілістің лағини лашына. “Сөзле” деді Хақ маған, Текрар етіп сөздерім. Надан сопы, молдалар Күпір айтып иманға, Қар етеді өздерін. Көргенсін қайтіп айтпайын, Имандығын көздерім. Қазы, мүфти, молдалар Ақаидты білмеш, Жетеген халге жәһілдер Бәрі іңкәр Тәңіріге, Қара қылып жүздерін. Насимнің сояр бір күні Қанжарменен терісін. Бізді есіткен дін қардаш Сүйегі мұздай ерісін. Алланың біз де құлымыз, Аллаға пенде болғандар Бізден неге жерісін. Насимның тәнін көрсетіп, Лағынет, азар еттірер Молданың бәрісін. Ей, Насим, аслан, қам жеме, Жаннатул мин, уай, ішінде Хор ғұлман, сірә, сен. Дүние саған не керек, Пенде кежман болсаң да. Мұнан соң неше күндер өтті дейді, Шаһарға тағы жүріп кепті дейді. Молдаларды көрген соң һәрқайсына “Бәрің де ташақсыздар” депті дейді. Молдалар естігені кейіді енді, Бір-бірлеп ғалғилаға жиылды енді. Молда көрсе бәрін де “ташақ” дейді, Насимнің бұ сөзіне күйінді енді. Бір күні жиылады бес жүз молда, Келмей молда қалған жоқ оң мен солда. “Бір диуана біздерді қор қылды” деп, Патшаға арыз айта барды сонда. Сол күнде Әмір еді падишасы, Асып тұр Бағдат шаһардан мәртебесі. Бес жүз молда патшаға арыз айтты, Бәрінің бір диуана – дұшпан-қасы. Патша айтты: – Жиылған молдаларым, Не іске сасып келдің мұнша бәрің. Арызыңды айтыңдар, есітейін, Баян қыл енді бізге ахуалдарың. Молдалар айтты: – Тақсыр, көп жыл болды, Бір диуана қор қылды тамам елді. “Ташақ” дейді көрінген молдаларды, Ішіміз құса болып дертке толды. Ол диуана қорлайды бәрімізді, Беттен ұят қоймады арымызды. Ташағына теңейді молда көрсе, Жасы түгіл, сыйламас кәрімізді. Көрсетті шариғат деп риуаятын, “Діннен шықты” деп берді жазып хатын. Патша молдалардың сөзін естіп, Көтере алмас болдылар көптің датын. – Бәріңнің осы болса айтқан сөзің, Ұстап ал жүрген жерден барып өзін. Дарға асып өлтіріп тастаңыздар, Обалы өздеріңе, жоғалтып көзін. Патшадан рұқсат алып кетті дейді, Көп молдалар Насимге жетті дейді. – Өз тіліңнен, диуана, діннен шықтың, Сені енді дарға асамыз, – депті дейді. Сәйід Насим тағы айтты “ташақтар” деп, Молдалар ұстап алды жабылып кеп. “Ташақ деуін қорықпастан бәрімізді, Бұ сорлы ойламайды-ау өлемін” деп. Молдалар ашуланып күле алмайды, Мағынасын ташақ сөздің біле алмайды. “Тысы ақ, іші қара” дегені екен, һеш адам әулиеден тіл алмайды. Молдалар ер Насимді дарға асты, Сонда да ташақ дерін қоймас әсті. Дар менен сәйід Насим бәрі зарда, Наласы көкке барып араласты. Жеті күн сәйід Насим дарда тұрды, “һуа Хақ” деп бір Тәңірге нала ұрды. Дар Насимге һеш зиян қылмағанын, Молдалар күнде-күнде келіп көрді. Насимнің ол дардан фаруайы жоқ, Жаратқан Егесі бар көңіліне тоқ. Дарға Жаппар Егем пәрмен қылды, “Ғашық құлға һеш зиян қылмағыл” деп. Бұ сырды көрді көп молдалар, Өлмегенге тамаша болды анлар. Дарға тартқан тұрмайды жарым сағат, Насимге қайран болды барша жандар. Молдалар патшаға және барды, Сөйлейді диуанадан бұ хабарды. – Және бір хүкім қылғыл, тақсыр, – деді, Өлмеді, амалменен, қойғыл дарды. Патша айтты: – Олай болса, түсіріңдер, Тағы да бір алуан іс қылыңдар. Терісін бітеу сойып, сабан тығып, Терісін қайта дарға астырыңдар. Молдалар шығып кетіп, дарға келді, Қазысы жаллад алып бірге келді. Насимді дардан түсіріп алып, “Сойғыл” деп жалладтарға әмір қылды. Екі дөңбек ап келіп ағаш салды, Насимнің қол-аяғын махкам таңды. Етпеттен ағашқа таңып қойып, Насимге жалладтар кеп пышақ салды. Сол уақта сәйід Насим ашты көзін, Тажалы нұр ішінде көрді өзін. Араққа мас болғандай бойы балқып, Сөйлейді сонда Насим шаттық сөзін. –Ей, ақымақтар, тезірек сойғыл, – деді, Қанымды жалап ішіп, тойғыл, – деді. Тезірек Дост уәсілін табайын мен, Бұ пәниден көзімді жойғыл, – деді. Ғазал Насими: Қазы, мүфти, жалладтар, Тезірек сойғыл, кетейін. Шаһид болып жазықсыз, Достыма шапшаң жетейін. һеш қызығы жоқ маған Бұ жалғанды нетейін. Табанымнан жарыңдар, Төбеме … сойындер, Тезірек жолдан өтейін. Тапсам талап уисалын, Сүйерімнің жамалын, Борышымның камалын, Досларға медет айтайын. Сонда тұрып жалладтар Табанынан жарады. Кегі бітіп молдалар, Тамаша қылып қарады. Терісін бітеу сойдырып, Төбесіне барады. Сыпырып алды терісін, Тәннәсі жерде қалады. Дарға қайта асады, Сабан тығып пұстына, Қандары ағып тәнінен, Жүгіріп барды рухтары Ақиқат ғашық Достына. Диуананы өлтіріп, Дегеніне келтіріп, Молдалар жетті қастына. Дарда тұрып терісі, Нала қылып сөйлейді Разы боп Тәңірі Достына. Мінәжат қылды Аллаға Дарда тұрып терісі. Қайран болды бұ іске, Көрген жанның бәрісі. “Бекер кісі емес” деп, Көрген жандар жылайды. Жасы менен кәрісі Құлақ салып тыңдаса, Хаққа сәна айтады. Сәйід Насим өлгелі, Арадан үш күн өтеді. Ауға шығып сол күні Қасынан патша өтеді. Сөйлеп тұр дарда адам, Есітіп тұрып кетеді. Дар басында тірі тұр, Мінәжат қылып Тәңіріге, Құлақ салып тыңдаса, Разы-дүр Хақтың әміріне. Қысасы бар аз-ақ Молдалар қылған жәбіріне. – Арманы айтқан жол, – деді, Кірмедім қабіріне деп, Көзімнен ағар қанды жас. Датыма һәр кез жетпедім, Ит-құс жеп жатыр етімді. Рухым ғарышқа кетпеді, Арманым менің сол болды, Қабірге кіріп жатпадым. Тәнімді көзім қимайды, Хор уа ғұлман ішінде Рахатқа қызық батпадым. Қазы, мүфти, молдалар Пышақ ұрдылар. Жүрегім менің дерт болды, Шат болып олар тұрдылар. Жалладтарға сойдырып, Масаллахын құрдылар, Жерде, көкте періште Наласына Насимнің, Баршасы фариад ұрдылар. Риазатсыз пендеге, Аслан, рахат болмайды. Молдалардан қаныңыз, Ғарасатқа барғанша, Ажырап, сірә, қалмайды. Әмірге арызым жеткенше, Сөйлеуден рухым танбайды. Пірлерінің рухтары Не болды екен, иә, Алла, Медетін неге салмайды?! Ауға өтіп кетеді, Бұ сөздерін падиша Ілтипатқа алмады. Кешке тағы падиша Шекардан үйге қайтады. Дарға жақын келгенде, Әруағын Насим шайқады: – Айа, Әмір падиша, Арызымды тыңда, – деп, Дауыстап қатты айтады. Шақырғанын дарда терінің, Дауыстап қатты айтқан соң, Патша аңлап байқады. Құлағын салып “не айтар” деп, Атының басын тартады. Қасында көп бектері Бәрі тұра қалады. Дардағы тері сөзіне Баршасы құлақ салады. Дардағы тері сөйлейді Аллаға қылып наланы. – Бағдаттың Әмір тазшасы, Уағдаң кәне айтқан, – деп, Патшаға салды жаланы. Хаққа уәсіл мен болдым, Уағдаңды естен шығарып, Арқалап қалдың бәлені. Айтып едім баста сырымды, Уағда қылдың, ұмыттың. Таһаратсыз сопыларға Хүкіміңменен сойдырып, Көңілімді менің суыттың. Шаһимардан Әлидің Әулетін шаһид қылдырып, Махшар күні қан жұттың. һәм шариғат, һәм тариқат аулалакум, Өлдім деп арман қылмаймын, Мүнкәр болды бұ фақиһтар. Ахуалы қандай, білмеймін, Өзім шаһид, қамым жоқ, Шақырсаң да келмеймін. Сәйід Насим – өз атым, Шаһимардан әулеті. Нақақ мені өлтіріп, Сіздерді шайтан баулады. Әмір патша сөзге азып, Інісін неге жаулады?! Әмір патша сол халде, Бұ сөзді естіп аңлады. “Уай, бауырым” деп зар жылап, Көзінен жасы саулады. Есіне түсіп сол халде Дат, фариад әйлады. “Қарағым, Насимбісің” деп, Атынан түсе жүгірді, Үш жығылып, [үш] тұрып, “Уай, бауырым” деп өкірді. “Қарағым, бауырым, сіз бе ең” деп, “Білмедім” деп аһ ұрды. – Айналайын, жігерім, Өзім жалғыз ділгірім, Сіздің үшін дүниеден Көп қасіретті шегерім. Неше мәрте жығылып, Қасына келді зорғалап, Баса алмай екі аяғын, Тізесіменен жорғалап. “Жалғыз інім, бауырым” деп, Бажылдайды патша “аһ” ұрып. Көзінен жасы сорғалап, Дал-дал қылды жағасын. “Не болар енді күнім?!” деп, Құшақтады аяғын. “Қарағым, жалғыз інім” деп, Табанынан сүйеді, “Қарағым, жаным, тәнім” деп. “Патшалық Алла бергенде, Дерегін һешкім айтпады-ау Пәлен жерде білдім” деп, Бір-бірлеп жұлды сақалын. “Қасымда біраз тұрмадың, Жайқалған қызыл гүлім” деп, Аңырай берді падиша, Өксігін аслан баспады. “От болып жанып барам” деп, Киімін жұлып тастады. “Қайда жүр едің, бауырым” деп, Құшақтап тұрып қақсады. “Жүзіқара қылдың, қалқам” деп, Ғажайып сөздер бастады. – Бес жыл болды, Насимжан, Мен падиша болғалы. Сонан бері атырапқа Қоймастан кісі жібердім, Сізді іздеп хабар алғалы. Жүзіқара қылмақ па ең Қасыңда жалғыз ағаңды, Жаһаннамға салғалы, Қайда жүрдің білінбей, Шерменде мені қылғалы. Неге қаштың осынша, Қарағым, сәйід Насим-ау. Мұны айтып падиша, Етпетінен құлады. Қасындағы бектері Матам тұтып олар да Қосыла шулап жылады. Қасындағы бір бегі Бауырына көтеріп, Басын сүйеп тұрады. Есін жиып падиша, Тағы да фариад қылады. – Қарағым, сәйід Насим-ау, Әли Арыслан қамқор болған үмбетке, Хақ Расул бабаң бар, Таңда сұраса не деймін, Басымда үлкен қатам бар. Дерегіңді білгізбей, Осынша мені қылғаның. Қайғылы қатты матамдар, Шаһид болып өзіңе Ақыреттен жол таптың. “Қанымды бер” деп сұрасаң, Сонда не деп жол таптым. Қашып жүріп, шырағым, Ақыры мені зарлаттың. Жүрегімді қан қылып, Көңілімді қайран таң қылып, Басыма қайғы, қан жаптым. Мұны айтып падиша, Қайғысын қайта сөйледі. – Қата қылдым, иә, Алла, Насимнің қанын жүктедім, Кешірерсің не қылсам?! Жәһілдер сөзін құптадым, Йаумул махшар болғанда, “Қанымды бер” деп сұраса, Не айтарға жауап таппадым. Айтып едің жасыңда-ақ, Уағдама неге жетпедім?! Мен жазықты құлыңды Алдыма келтір дегізбей, Ақылым алдың, Иләһим. Тексеріп жауап сұраман, Менмендікпен отырып, Басымнан асты күнәһым. Інімнен тағы айырылдым, Қаныңа өзім себеп боп, Көкке жетер бұ аһым. Таһаратсыз фақиһтар Насимді алдап өлтірді, Сұм рақибтар сөздері Маған залал келтірді. Хұндар болдым әләйка, Мұдам мені жылатып, Көзіме жасты толтырды. Шапағат қылса үмбетке Хақ Расулы махшарда Қатардан мені қалдырды. Осылай екен әзелде Жаратқан Тәңірі жазуы. Кешулер күні болар ма, Пәруардигар Иләһим, Мен құлыңның жазығы, Молдаларменен маң болдым. Та жаннатқа барғанша, Сәйід Насим азығы Қанша жанға іздеттім. Жүрді екен қайда сол уақта, Көрінген адам “жоқ” деді Ініңіз сіздің бұл жақта. Жаратқан Жаппар Иләһим, Інімді өзіме өлтіртіп, Салдың ба екен сынаққа?! Көтерілмес мойнымнан Ол дүниеде азабың, Не айтамын алса сұраққа. Екі қайғың бірікті, Шапағаттан ноумид қып, Кеттің бе, бауырым, жыраққа?! Дүниеде аз күн бір жүрмей, Насимжан, сізден айырылдым. һәм ағайын менде жоқ, Жалғыз қалдым адасып, Қанатымнан қайырылдым. Інім бар деп, әйтеуір, Тіріңде қуат қылушы ем, Мұныңа тағы қайғырдым. Қаныңды артып мойныма, Даулы боп кетіп өзіммен, Шапағатыңа зар қылдың. Мұны айтып падиша, Сабыр қылды ақыры, Тағдырың һәмма деп білдім. Патша айтты: – Құдай-а, тәубе қылдым, Құдіретің күшті екен, анық білдім. “Әт-тақдир лә табдил” деген хадис, Тәубе қылып құдіретіңе, қарар қылдым. Деді де орнынан түрегелді, Дар ағаштан терісін түсірді енді. Терісіне сүйегін жиып салып, Жаназасын оқытып дәфін қылды. Жеті күн мұныменен тұрды дейді, Жеті күнде жетісін берді дейді. “Бұ диуана патшаның інісі екен” Деп, бектер көзіменен көрді дейді. Әмір патша тағы бір пікір қылды, Алланың бергеніне шүкір қылды. Ішінен “молдаларды қырсам” деді, Өзімді қарап жүрмей кәпір қылды. Ойлады “диірменге тартайын” деп, “Обалдарын мойнына артайын” деп. “Молдаларды тарттырып диірменге, Сөйтіп ашу-құмарым тарқайын” деп. Шақырды молдаларды “келсін” деді, “Біздерден инғам-ихсан алсын” деді. “Диірменге тарттырып молдаларды, Қысасым көңілдегі қансын” деді. Неше күндей жиылды сансыз молда, Алмақ боп падишадан бәрі олжа. Бір молданың есегі ақсақ еді, Жете алмай ақсақ молда қалды жолда. Молдаларды сарайға қаматтырды, Диірменге он құлақ су ақтырды. Диірменге тарттырып молдаларды, Қашан жаны шыққанша шулаттырды. Қан болды диірменнен шыққан ұны, Біткенше қарап жатыр түні-күні. Бір-бірлеп тастап тұрды диірменге, Бәрінің бір күнде екен ажал күні. Қырылып келген молда кетті дейді, Қысасы Әмір шаһтың бітті дейді. Есегі ақсақ еді бір молданың, Үш күннен соң ол дағы жетті дейді. Шаһардан қайтқан біреу кез болды оған, – Тақсыр, – деп тұра қалып сөз қылды оған. Молдалар бәрі инғам алып болды, Инғам жоқ енді берер, – деді, – саған. Инғамды осы жерде алдың, – деді, Олжа алмаққа анталап салдың, – деді. Осы жерден қайтыңыз, жаның олжа, Ажалдан Құдай сақтап қалдың, – деді. Ол молда кейін қайтты сол арадан, Қалған ғалым сол болды бір фардан. “Патша білсе, мені де өлтірер” деп, Қашып кеп мекен қылды Бұхарадан. Саламат ақсақ молда қалды жаны, Хикаят кітабынан көрдім оны. Сол молда себебінен болды дейді “Бұхарада, – деген сөздер, – ғылым кәні?” Бихамдулла, бұ қисса болды тамам, Жазғаным осы, қабылда, келіп шамам. Қариб қалған уақытымда тәсниф еттім, Айыптама, оқыған, болса жаман. Бұйырды “жазыңыз” деп Ахмет Кәрім, Оны жақсы жаратқан Самад, Кәрім. Жас уақытта жалған сөздер көп жазып ем, Кешіргей фазылы бірлән Бір уа Барым. Айтқасын Ахмет Кәрім тәсниф еттім, Мұны да қисса жазбақ кәсіп еттім. Қисса жазған һәр жерде адамдар бар, Баршасын, иншалла, басып кеттім. Жүсіпбек һәрбір түрлі қисса жазды, Жасында тағат қылмай жолдан азды. Иә, Алла, фазылың бірлән ғафу әйла, Тамұқтан өзіне-өзі құдық қазды. Көп жаздым қызық қылып жалған сөзді, Азапты, бекер іске салып көзді. Жас уақта күнәһ істен тартынбадық, Жарылқар күн бола ма Тәңірім бізді. Жарылқа біз құлыңды, Кәрім, Ахад, Көп жазып күнә істер қылдым бейхад. Құда “пендем”, Мұхаммед “үмбет” десе, Хашрул йаум болады көңілім шат. Қартайдық, жастық кетіп, шаш ағарып, Қызық деп жалған сөзге болдым ғаріп. Не айтамын Құдайыма солар үшін, Тамұққа салса әгар мені апарып. Жарандар, мұның үшін қыламын зар, Разы емес күнәһыма Пәруардигар. Көп мұсылман “рахмат” деп дұға қылса, Мүміндер дұғасынан үмітім бар. Қайтпадым күнәһ істен жаста бұрын, Не қылса Тәңірім білүр пенде сырын. Мұсылмандар, дұғаңнан үміт қылам, Иншалла, қабыл қылар көптің бірін.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.