Kazakh
Қисса Бәдір
Жазайын бұл кітапты хамдуменен,
Пайғамбар Мұстафаға салауатпенен.
Салауат айтамын баршасына,
Табғин болғанға сахабаменен.
Пайғамбар Расул Алла көшіп кеткен
Меккеден, Мәдинеде мақам тұтқан.
Хижраттан екінші жыл болған уақыт,
Бәдір атты қариада соғыс еткен.
Жарандар, жазайын бұл соғысты,
Құрайыштардың болғанын керуенді.
Осының Шамнан Меккеге қайтқанын
Жазбасам да, көп кісі білер мұны.
Бұ керуен бастығы Әбу Суфиан,
Жолдасы қырық кісі және болған.
Осыларға Расул Алла тағриз қылған,
Нурани сахабалар және кеңес қылған.
Мұнан соң Расул Алла әзірленді,
Қасында барша асхаб әзірленді.
Керуеннің келе жатқан жол үстіне,
Рамазанның он үшінде қарсы шықты.
Бұл уақыт болыпты сенбі күні,
Білмекке жіберді керуен халі.
“Шам жұртының тарапына барыңыз” деп,
Хазіреті Талқы менен ол Сейітті.
Осында Расул Алла әзір болған,
Әскері үш жүз де он үш болған.
Сексен үші осында мұхажирин,
Қалғаны баршасы ансар болған.
Меқдат пенен Забир сахабадан,
Осында екеуі атқа мінген.
Басқасы сахабаның бұл соғыста,
Жетпістей түйеменен бірге келген.
Бұ соғыста баршасы сахабадан,
Төрттері бір түйеге бірге мінген.
Пайғамбар Расул Алла уа хазірет Әли,
Заид пенен үшеуі бірге мінген.
Осында Әбу Суфианға керуенбасы,
Расулымыздың шығуы мәлім болды.
Тездікпенен Меккеге ол жіберді,
Әмір ұғлы Зәмзәм Әлғифариді.
Осында сөз айтыпты кісісіне:
– Шықсынлар Бәдірдің тарапына.
Шықпасалар біздерді аһли ислам,
Баршамызды бір-бірден һәлак қыла.
Бұл заман Пайғамбардың әммісі,
Түсінде көреді бұл бір кісі.
Бұл кісі аттаныпты бір түйеге,
Түйенің үстінен һәм қышқырады.
Айтады: – Ей, адамдар, үш күннен,
Соғысқа әзір болың бар болған.
Әбу Қабистің тауына және мініп,
Қолына осында бір тас алған.
Бұл тасы Меккеде парша болған,
Жұрттардың үстіне атып салған.
Уақтанып бұ тастың кесегінен,
Әр жұртқа бірісі тиіп қалған.
Атакенің бұл түсі ол Меккеде,
Білінген Меккенің һәр халқына.
Әбу Жәһіл бұл түсті есіте салып,
Бір сөз айтты хазірет Аббасына:
– Сіздердің ерлеріңіз дәуи қыла,
Пайғамбар лек келеді деп баян қыла.
Жетпесе және де қатындар уа қыз,
Осындай түсті де дәуи қыла.
Бұ сөзді хазірет Аббас естіп еді,
Әбу Жәһілменен осында жанжал қылды.
Осылайша екеуі ұстасқанда,
Шам жақтан түйе мінген біреу келді.
Бұл кісі айтыпты: – Құрайыштар,
Соғысқа баршаңыз тез болыңдар.
Әйтпесе Әбу Суфиан ағамызды,
Исламдар ұстап алып һәлак етер.
Осылай деп бұл кісі қышқырады,
Айтайын аты Зәмзәм еді.
Мұнан соң Әбу Жәһіл жанжалдасып,
Зәмзәмнан дұрысын біліп еді.
Халықты соғысқа бұл қыздырды,
Баршасы мүшіріктің әзір болды.
Тоғыз жүз елу кісі бәрі болып,
Меккеден осылайша бұлар шықты.
Бұлардан жүз кісі атқа мінген,
Басқасы баршасы түйе мінген.
Бұл заман Пайғамбар расул Алла,
Шығыпты мүбәрак ол Меккеден.
Жолында Сафра атты бір ауылға,
Осы ауылдың қасына келгенінде,
Керуенді білер үшін екі кісі,
Жіберді бір хабарды кетірерге.
Сафраны қалдырып Расул Алла,
Жүреді қалдырып сол жағында.
Баяғы екі кісі қайтып келіп,
Берділер ол Нұрға хабар мұнда.
Хабарды айтады бұл екеуі,
Әбу Суфиан Бәдірге жеткенін.
Құрайыштардың әскерінің қисабынан,
Білмеді Пайғамбар хабарын.
Пайғамбар расул Алла және айтқан:
– Бәдірде қалай екен Әбу Суфиан?
“Халын біліңдер” деп сахабадан
Әли, Забир, Сағитты арсал қылған.
Бұл заттар Бәдірге жақын келген,
Ұшырап екі бала тура келген.
Балаларды осында ұстай алып,
Пайғамбардың қасына алып келген.
Расул Алла сұрады балалардан:
– Қалайша тұрады Әбу Суфиан? –
Балалар айтыпты: – Әбу Суфиан
Соғысқа әзір тұр әскерменен.
Пайғамбар сұрады балалардан
Әбу Суфиан әскерінің қисабынан.
Балалар осында жауап берген:
– Білмейміз әскерінің қисабынан.
Расул Алла сұрады балалардан:
– Әр күнде қанша түйе соя Суфиан?
Осында балалар жауап берген:
– Әр күнде тоғыз түйе сойдыра Суфиан.
Мұнан соң фаһым етті Расул Алла:
“Әбу Суфиан әскері қанша бола?
Болса керек әскердің қисабтары,
Мың менен тоғыз жүздің арасында”.
Осында Пайғамбарымыз расул Алла,
Құрметті асхабпенен кеңес қыла:
– Қайсысын тілейсіз сіз осында?
Айтқанымды баршаңыз тыңдап қара.
Керуенге қарсы шықпақ тілейсіз бе?
Құрайышпенен соғыспақты тілейсіз бе?
Раббымыз Алла Тағала уәде қылды,
Біреуінде жәрдемді бермек-ті.
Осында асхабтан кейбіреуі,
“Керуенге тағризды қылың” деді.
“Керуенге қарсы бармақ бізге лайық”
Десіп, сырларын сөйлей берді.
Хазірет Әбубәкір Омар менен,
Соғысты екеуі лайық көрген.
Осында екеуі тұра салып,
Халықты соғысқа бір қыздырған.
Расул Алла осында – ол ансары
Хаттаб айтты: – Сіздер қалай бола?
Мағаз ұлы Сағдидің хазіреттері
Тұра салып осында жауап бере.
Айтыпты: – Иә, Расул, біз жолыңда,
Жанымызды қыламыз біздер пида.
Бұйырыңыз біздерге, иә, тақсыр,
“Алла Тағала сіздерге әмір қыла”.
Мұнан соң Пайғамбар расул Алла,
Осында соғысқа мамур бола.
Періштелерден әскер де қосылып,
Бұларға осында жәрдем қыла.
Осында үш жүз де он үш кісі,
Пайғамбармен баршасы қарсы шықты.
Бұл уақыт құрайыштар жиылыпты,
Баршасы тоғыз жүз елу кісі.
Осылайша үш жүз он үш сахабалар,
Бәдірдің қасына келіп түстілер.
Мүшіріктердің бастығы Әбу Жәһіл,
Олар да Бәдірдің жақын жеріне түстілер.
Осылайша екі әскер жақындасты,
Бұл уақыт рамазан шариф айы.
Он жетінші күні еді рамазанның,
Екі әскер саптанғанда жұма күні.
Осында Пайғамбарымыз расул Алла,
Мүбәрак таяғыменен ишара қыла.
Яғни түзік қылды әскерді:
– Бұйрығымнан басқа һеш біреуің соғыс қылма.
Мүшіріктердің жағынан шақырып алды,
Әтба, Уәлид пенен Шейбаны.
Екі саптың ортасына қарсы шығып:
– Қайсыңыз келеді бізге? – деді.
Бұдан соң Пайғамбар расул Алла,
Ансардан шығарды батырларға.
Сафаранам қатынның балаларын,
Ауф, Мағаз уа Хазраж қабиласынан Абдолла.
Әтба бұларға бір айтыпты,
– Қайсы қабиладансыздар?– депті.
Сахабалар айтқан соң “біз ансардан”,
– Келсін бізге құрайышымыздың батыры,– депті.
Әтба осылайша сөз айтады,
“Сіздіңменен соғыс қылмақ арлық” деді.
Әтба осылайша көп сөйлене,
Пайғамбар расул Алла бұйрық айтты.
Бұйрықты айтады бұл орында,
Құрайыштың қабиласынан шықсын мұнда.
Мұхажирден Әбида, хазіреті Хамза,
Хазіреті Әли үшеуі шықты мұнда.
Бұлардың үшеуі де батыр болған,
Батырлықта ұқсастары нәдір болған.
Бұл үшеуден Әбида, Әтбаға,
“Ұрысам” деп бір-біріне қарсы келген.
Және хазіреті Хамза ол Шейбаға,
Және де хазіреті Әли ол Уәлидке.
Екі саптың арасында бұл батырлар,
Шабыстылар қатты мықты бір соғысқа.
Соғысты бастадылар бұлар мұнда,
Бәдір атты қарианың жақынында.
Хазірет Хамза ол Шейбаны
Қылышпенен тураған еттей мұнда.
Хазірет Әли ол Уәлидті
Зұлпықарын басына қойып жапырақтады.
Хазіреті Әбида Әтба менен,
Екеуі ешбірісі жеңісе алмады.
Бұдан соң хазірет Хамза, хазірет Әли,
Қасына Әтбаның бұлар келді.
Келе салып Әтбаның құлағынан,
Ұстай алып аспанға лақтырды.
Әбида соғысқанда Әтбаменен,
Қылыштан аяғы жарақаттанған.
Пайғамбар расул Алла шатырына,
Халі кетіп осында жетіп барған.
Әбида сұрады: – Бұл шатырда,
Өліп қалсам болам ба шаһид мұнда?
“Шаһидтердің қожасы боларсың” деп,
Осында шат қылды Расул Алла.
Расулдан бұл сөзді есіткенден,
Аяғының ауырғанын ұмытып қалған.
Соғысу күшінен келмесе де,
Халықты соғысқа бұл қыздырған.
Үш күннен кейін хазірет Әбида
Опат болған Мәдиненің жолында.
Мүшіріктердің батырлары үшеуі де,
Жапырақтай болып еді соғыстың майданында.
Батырларының үшеуі де өлгеннен,
Мүшіріктер осында қатты қысылған.
Қысылып баршасы жиылып келіп,
Исламдарға хүжімге шоруғ қылған.
Мұнан соң мұсылмандар жүгірісті,
Осында қатты соғыс болар басты.
Пайғамбар расул Алла шатырында,
Жаратқан Аллаға дұға басты.
Пайғамбар расул Аллаға білінген еді,
Алладан уәде келген еді.
Періштеден әскердің келешегін,
Расул Алла Пайғамбар білген еді.
Расул айтты: – Асхабым, ей, жарандар,
Бұ күнде қайсыңыз шаһид болғандар,
Фирдоус атты ол пейішті
Өзіне мәңгілік орын қылғандар.
Мұнан кейін сахабадан әр бірісі,
Қайратпенен осында бір соғысты.
Хазірет Хамза бұл соғыста,
Арысландай өкіріп қырар еді.
Хазірет Әли әскердің бір жағында,
Жалғыз мүшіріктерді бір қирата.
Періштелер аспаннан түсіп келіп,
Мүшіріктерді біткенше бір қирата.
Мұнан соң исламдар ғалаб болды,
Мүшіріктер қашарға жүзін тұтты.
Құрайыштардың осында өлгендерін,
Көбінесін исламдар қатыл етті.
Осында Әбу Жәһілді тіледілер,
Тұрармыз тұтып алсақ бір деділер.
Мағаз, Мағұз екеуі сахабадан,
Әбу Жәһілді осында қатты іздеділер.
Бұл заман Әбу Жәһіл байқасалар,
Араб жігіттерінің ортасында тұрып қалар.
Осында Әбу Жәһіл біраз тұрып,
Халықты соғысқа қыздырып тұрар.
Әбдірахман бин Ауф хазіреттері,
Әбу Жәһілді тұрған орнын ол көштірді.
Баяғы екі жігіт сахабадан
Әбу Жәһілді атынан жұлып алды.
Мағаз, Мағұз екеуі бұлар мұнда,
Әбу Жәһілді ұстадылар бұлар мұнда.
Мағаз қылышыменен шапқанында,
Әбу Жәһіл пара-пара болды мұнда.
Шапқанда Әбу Жәһіл бір айтыпты:
– Құрайыштан біреуі өлтірсе, – депті,
Жақсы көрер едім мен осында,
Аһ, енді Мәдине аһлындан өлдім,– депті.
Осылайша Әбу Жәһіл қышқырады,
Пайғамбар хабарды бір сұрады.
Абдолла бин Масудты бұ орында,
“Хабарды алып кел” деп бұйырады.
Хазірет Абдолла бара жатса,
Әбу Жәһіл бір жерде құлап жатыр.
Осында Әбу Жәһілдің сақалынан,
Тұтып алып мойнынан мініп баса.
Абдолла айтыпты: – Ей, Алланың дұшпаны,
Кесемін басыңды мұнда енді.
Осылайша айтқанда Әбу Жәһіл
Көзін ашып бір көрді бұл халды.
Осында айтыпты Әбу Жәһіл:
– Ей, рағы, алғаным бұ орның жоғары-дүр.
Қайсы жақ күшті болды бұ орында?
Айт-сәна,– деп сұрайды Әбу Жәһіл.
Осында ибн Масуд жауап айта:
– Исламдар әскеріңізді бір қырмақта.
Осында Әбу Жәһілдің ол басын,
Қылышпенен мойнынан бір кеспекте.
Осында басты кесіп алып,
Пайғамбардың қасына келді алып.
Расул айтты: – Бұл үмбеттің перғауыны,
Өлгеннен қалыпты жақсы болып.
Әбу Жәһіл осылайша бір өліпті,
Мүшіріктер мұнан соң қысылыпты.
Осында бытырап баршалары,
Исламдардан тым қатты жеңіліпті.
Осында мүшіріктердің кей біреуі
Исламдар қолына тұтқын түсті.
Бұлардан бұл соғыста кей біреуі
Шыдамай бір жаққа қашып кетті.
Құрайышта Үммәйе менен ұғлын
Асир етті Әбдірахман хазіреттері.
Үммәйе хазірет Хамза соғысқанын,
Көре салып “Бұ арыслан кім-дүр?” деді.
Осында Ибн Ауф жауап берген:
– Хамза-дүр соғысқан бұл арыслан.
Осында Үммәйе ойбай салып,
Айтады: – Осы екен біздерді һәлак қылған.
Айтайын Үммәйенің сипаттарын,
Меккеде исламдарға жәбір қылған.
Азаншы хазіреті ол Біләлді
Үммәйе Меккеде аза қылған.
Хазіреті Біләл Үммәйені
Осындай халде көріп еді.
Куффарның фужресі Үммәйені,
“Өлтіріңіз жылдам” деп айқай салды.
Мұнан кейін Мағаз бенен бір ансары
Келе салып, өлтірді Үммәйені.
Осында ақылдасып бұл екеуі
Және де өлтірділер ұғлыны.
Осында құрайыштың әскерлері
Жеңіліп, баршалары бір бытырады.
Аз ғана қалған басқалары
Меккеге қашарға рауан болды.
Осында исламдар насрат тапты,
Бәдірдің қариасында тұрып қалды.
Осында милләт ислам тарқысы,
Күннен күн артарға бір басланды.
Айтыпты көп кісі яхудиден:
“Бұл Мұхаммед – пайғамбары ақырзаман”.
Осылайша инанып баршалары,
Пайғамбардың қасына келіп мұсылман болған.
Мүшіріктер қайтқан соң ол Бәдірден,
Қарасалар көп кісі өліп қалған.
Осында жыласып баршалары,
Бәдірге барғанға өкініп қалған.
Бұл заман Меккеде екен Әбу Лаһап,
Осыдан тұрыпты қайғылы болып.
Бір жұма шыдай алмай Әбу Лаһап,
Жаны жаһаннамға кеткен қойып.
Жарандар, енді келдім бұ орынға,
Ойладым қысқа ғана бір жазарға.
Жазсам да қысқа ғана бұ кітапты,
Қарадым тахқиқпенен сөйлегенге.
Кітапты жазушы Кашафидин,
Ұстазы Маржани Шаһафидин.
Насибатта айтады “сулуки” деп,
Қарқаралы келіп еді Қазан жақтан.
Енді болды алты жылдар келгеніне,
Балаларға дәріс-сабақ бергеніне.
Асыл жәдидесі тәртіпті екен,
Қуанды балалар білгеніне.
Кашафтың оқытқаны балаларға,
Біліңіз, қайда туды Расул Алла.
Айтайын туған жерін бұ Хабибтің,
Мекені шаһары-дүр Арабстанда.
Айлардан бұ Хабибтің туған айы,
Рабиғ әл-әууәлінің он екінші күні.
Мың жылдан күні-түні жанып тұрған,
Балауыз шам бұл күнде сөніп қалды.
Туған күні Расулдың дүйсенбі күн,
Атасы Абдолла жазып айтам.
Анасы Әмина Уахап қызы
Опат болғаш, Халима сүт емізген.
Расул Алла қырық жасына келіп еді,
Бір күні Жәбірейіл келіп көрді.
– Жаратқан Алла Тағалам айтты сәлем,
“Халықты иманға үнде,”– деді.
Пайғамбар болған соң бұ дүниеде,
Жиырма үш жыл тұрыпты бұ дүниеде.
Бұл жиырма үш жылдың заманында,
Құран еніп Расулға тамам болды.
Бұл Құранды Пайғамбар ей, жарандар,
Құрметті сахабаларына үйреткенлер.
Сахабалар үйретті бұл Құранды,
Кім болса да, үмбеттен білмегендер.
Және де жазайын көптер айтты,
Бір кеш Расул Алла миғраж ұшты.
Меккеде уақытында бір кеште,
Жәбірейіл періштеменен Құддыс барды.
Құддыстан бұл екеуі аспан ұшты,
Алла Тағала тілеген барын көрді.
Тез заман ішінде бұл екеуі
Осылайша жүріп көріп Мекке қайтты.
Мұнан кейін баян етті халықтарға,
Хақ ислам дінін қабыл қыла.
Осылайша жас келді алпыс үшке
Мұнан кейін көшіп кетті дарулбақиға.
Расул айтты: – Жақсы кісі пейіш кірер,
Пейіште арғымаққа бұлар мінер.
Тілесе тамақтан қандай керек,
Бәрісін бір-бірден жеп жүрер.
Адамнан кім болса да ізгілерден,
Рахатты көрер анда көз көрмеген.
Кісінің құлағы һәм естімеген,
Қызығы адам көңіліне бір келмеген.
Пайғамбарлар баршасы уағыз қылған,
Ізгілікке әр бірісі айтып кеткен.
Баруды біздердің жанымызға,
Рахаттық ләззатты талап еткен.
Осылайша жаратты Алла Тағалам,
Ізгілерге бұ жұртты ұжмақ деген.
Мүбәда қылсаңыз ізгі амал,
Кірерсіз бұл жұртқа мәңгі болған.
Бұл дүние үш күндік өтер-кетер,
Бәрімізге бір ажал келіп жетер.
Жаратқан Иләһымға қылың құлдық,
Қылсаңыз ізгілікті қабыл етер.
Мүбәда біреу болса жаман кісі,
Жаратқан Аллаға жүрсе қарсы.
Оған да жаратты Алла Тағалам,
Орнын етеді тозақ оты.
Бұл жұртты айтады көп кітаптар,
Қараңғы, уытты жыланы, шаяны бар.
Осында зұбанылар ол жаманды
Қазанда қайнатып азап етер.
Жарандар, айтайын және сөзді,
Әр түрлі ілімнен зинһар оқы.
Ғылымның турасында Расул айтқан,
Қытайда болса да естіп оқы.
Қырық нәрсе, жарандар, зиммамызға,
Илһам парыз еткен бұл дүниеде.
Оның да бірісі ілім оқымақ,
Ілім шариғатты білгеннен соң.
Өнерден-санаидтан оқың бәрін,
Және де фәләкиат қарасаңыз,
Анықтан білерсіз Алла барын,
Оқымаған түседі баяғы жұртқа.
Және де білсеңіз хият ілімін,
Осыныңменен боларсыз ғалым болған.
Ғазали айтады хият ілімін,
Білмеген саналы ғанин болған.
Қараңыз таснифатын Ибн Сина,
Қалай болған ілімменен бұл дүниеде.
Осылайша көтереді ілім деген,
Мәртебесін білгеннің бұл дүниеде.
Және де келейік Еуропаға,
Әртүрліден оқиды медреседе.
Осылайша оқып шыққаш медреседен,
Әр түрлі өнерден біліп ала.
Жарандар, оқыңыз ғылым әллисан
Оқысаңыз білерсіз мағнаи Құран.
Құранның мағынасын білмейінше,
Қалайша болады амал қылған.
Құранда айтады осы жерді,
Жүреді дүниеде тоқтамайды.
Байқасақ болмай ма осы сөзден,
Уахисыз Расул Алла қайдан білді.
Әрине айтыпты уахименен,
Пайғамбарлық дәлеліне осы да болған.
Бұл заман біледі микроскоппенен,
Бұл жердің жүргенін һәрекетпенен.
Илһам бұл жерге бұл дүниеде,
Қиашты мәркәз еткен, біліп қара.
Жер менен қиаштың арасын,
Отыз үш миллион шақырым деп біреу жаза.