Қозы Көрпеш – Баян сұлу (Қоңқабаев Мейірман)

Дүниені жарық қылған Күн мен Ай-ды, Жаратқан жанның бәрін бір Құдай-ды. Кешегі ноғайлының заманында Қарабай, өлең қылдық, Сарыбайды. Түйеден нар туады молтақ өркеш, Бұларды өлең қылдық ертеңді-кеш. Кешегі ноғайлының заманында Баянға ғашық болған Қозы Көрпеш. Қарабай Сарыбаймен аңға шықты, Екі бай аттанды деп даңға шықт...

Kazakh
Қозы Көрпеш – Баян сұлу (Қоңқабаев Мейірман)
Дүниені жарық қылған Күн мен Ай-ды, Жаратқан жанның бәрін бір Құдай-ды. Кешегі ноғайлының заманында Қарабай, өлең қылдық, Сарыбайды. Түйеден нар туады молтақ өркеш, Бұларды өлең қылдық ертеңді-кеш. Кешегі ноғайлының заманында Баянға ғашық болған Қозы Көрпеш. Қарабай Сарыбаймен аңға шықты, Екі бай аттанды деп даңға шықты. Екі бай бір жапанда келе жатса, Алдынан буаз марал аң қашыпты. Қарабай Сарыбаймен мерген екен, Алдынан буаз марал өрген екен. Қарабай Сарыбайға “сен ат” депті, – Күмәнді үйде зайып” деген екен. Қарабай Сарыбаймен мерген екен, Алдынан буаз марал өрген екен. “Қарабай сен атпасаң мен де атпаймын, Күмәнді біздікі де” деген екен. Қыстауы Қарабайдың Бөген екен, Тәшкеннен Ой қарағаш төмен екен. Жапанда Құдай айдап душар болдық, “Қайтеді досты болсақ” деген екен. Мінгені Сарыбайды көк-ті дейді, Салғанда айтқан сөзге бекті дейді. Жапанда Құдай айдап душар болдық, “Досты болсақ, болайық” депті дейді. Қыстауы Қарабайдың Бөген екен, Тәшкеннен ой қарағаш төмен екен. “Ұл туса екі бірдей зайыплардан, Қыламыз оны қалай?” деген екен. Мінгені Сарыбайдың көк-ті дейді, Салғанда айтқан сөзге бек-ті дейді. “Екі бірдей ұл туса зайыплардан, Ақыреттік дос болсын” депті дейді. Қыстауы Қарабайдың бөген екен, Тәшкеннен Ой қарағаш төмен екен. “Қыз туса екі бірдей зайыплардан, Оны қалай қыламыз?” деген екен. Мінгені Сарыбайдың көк-ті дейді, Салғанда айтқан сөзге бекті дейді. “Екі бірдей қыз туса зайыплардан, Бір күйеуге берелік” депті дейді. Қыстауы Қарабайдың Бөген екен, “Тәшкеннен Ой қарағаш төмен екен. Бірінен қыз, бірінен туса егер ұл, Оны қалай қыламыз” деген екен. Мінгені Сарыбайдың көк-ті дейді, Салғанда айтқан сөзге бекті дейді. “Бірінен ұл, бірінен туса егер қыз, Қосыңыз да қойыңыз” депті дейді. Жүргенде құлан аулап күн жауыпты, Қарабай ақылымен жол тауыпты. Екі бай құлан аулап жүргенінде, Зайыплар үйіндегі босаныпты. Құлан аулап жүргенде күн жауыпты, Қарабай ақылыменен жол тауыпты. Сарыбайдың қатыны қыз тауыпты, Қарабайдың қатыны ұл тауыпты. Қарабайдың қатыны мал сойыпты, Елі-жұрты жиылып, бір тойыпты. Бабай Түкті Шашты Әзіз әулие екен, Екі туған бала ат қойыпты. Үйде отырып той қылды екі қатын, Қарабайдың беріпті Құдай датын. Баян сұлу қояды қыздың атын, Қозы Көрпеш қояды ұлдың атын. Сиына бер, жігіттер, бір Құдайға, Ақсақалдар бата оқыр туған айға. Тойы тарқап болған соң екі кісі, Сүйінші тілей шабады Қарабайға. Сүйінші тілей екі адам келді дейді, Сүйінші тілей келгенін білді дейді. “Бәйбішеңіз ұл тапты” дегеннен соң, Сүйіншіге үш тоғыз берді дейді. Ер Қозыке бірталай өлең болды, Біліп айтқан кісіге өнер болды. “Бәйбішеңіз қыз тапты” дегеннен соң, Сарыбайдың көңілі төмен болды. Құлан аулап кез болды биік тауға, Жігіттер, өнер үйрен денің сауда. “Қырық жылқы, қалыңмалға, қырық нар ал”, – деп, Береді Айбас құлды қарғыбауға. Қарабай Құдай сүйген бақты дейді, Қалмысы Құдіретке жақты дейді. Қатынының ұл тапқан қуанышымен, Қарабай елге қарай шапты дейді. Сүйінші тілеп екі адам келді дейді, Үш тоғыз сүйіншіге берді дейді. Аты сүрініп, жығылып, мойны үзіліп, Қарабай ұлын көрмей өлді дейді. Қарабай ұлын көрмей өліп қалды, Жесір қатын, жетім ұл қарап қалды. “Жетім ұлға қызымды берем бе”, – деп, Сарыбай көшейін деп ойына алды. Қарабай ұлын көрмей өліп алды, Жесір қатын, жетім ұл қараң қалды. “Қызымды жетім ұлға бермеймін”, – деп, Бұзылып ой сарыпты үйге барды. Сарыбай қарап жүріп жаман састы, Бұзылып достығынан қара басты. “Қызымды жетім ұлға бермеймін”, – деп, Келді де қатынымен ақылдасты. Қаракөз жақтырмайды айтқан сөзін: – Жапанда бек сөйлесіп келдің өзің. Сөзіңді өзің айтқан өзің бұзсаң, Көрмессің ақыретте Құдай жүзін. Қаракөз ақырған соң шошып кетті, Өз елінен өзі үркіп, босып кетті. Қылады қанша қайрат қатын шіркін, Сабап үйін жықтырып, көшіп кетті. “Аякөз ақпай көшті өрлеймін” деп, “Қозыке жетім қалды көрмеймін” деп. Әкесін тумай жатып, жұтып салған “Жетім ұлға қызымды бермеймін” деп, Сарыбай күншығысты құлдай көшті, Үш ай жарым болғанша ұдай көшті. Дамылсыз кү нде көшіп бұ л Сарыбай Бойына Өлеңтінің келіп түсті. Он бір жыл Өлеңтіде өтті дейді, Сарыбай елден үркіп кетті дейді. Бұл ара бізге деген болмайды ғой, Әли Жаппар қоныстар депті дейді. Әли Жаппар қоныс қарап кетті дейді, Арада бірталай күн өтті дейді. Ауылдан алты қонып шыққаннан соң, Бойына Аякөздің жетті дейді. Аякөз ағып жатқан жерді көрді, Ноғайлы қалың жатқан елді көрді. Өзен суы ағып жатқан қалың ел бар, Бұл ара бізге мекен болар деді. Әли Жаппар қоныс қарап қайтып келді, Аякөзді ағып жатқан айтып келді. Өзен суы ағып жатқан қалың ел бар, Тұруға мекен қылып артық деді. Дәулеті Сарыбайдың өсті дейді, Сарыбай бұл сөзді естіп көшті дейді. Дамылсыз кү нде көшіп бұ л Сарыбай Бойына Аякөздің түсті дейді. Бойына Аякөздің түсті дейді, Дәулеті жылдан-жылға өсті дейді. Өлеңге тоғыз ауыл қонғаннан соң, Ел-жұрты ноғайлының есітті дейді. Өзенге ауыл қонды, малы бар көп, Қазына неше түрлі табылар көп. Еліне көрген малшы айтып келді, Балқыған туған айдай қызы бар деп. Мінеді бай Сарыбай Қаракөк-ке, Бұл хабар естіледі төңірекке. Сұлтанғазы ноғайдың бастығы екен, Шақырды Сарыбайды ерулікке. Сарыбай Қозыкені жек көреді, “Баянды бермеймін” деп көп көреді. Шақыра ерулікке келген кісі: “Жүріңдер бірің қалмай”, – деп келеді. Сарыбай қыз кетіне бірге жүрді, Өкініп ұмытпайды өткен күнді. Сый екен ноғайлының сонан қалған, Алдына самауырмен шай келтірді. Қарагөз Аягөзді жерсінбейді, Молдығын Сарыарқаның көрсін дейді. Қырда жүріп үйренген ол бәйбіше Ноғайдың қант пен шайын менсінбейді. Ауылға ноғай келсе барушы едің, Қазына малға сатып алушы едің. Шай қылып жапырақты ішеміз бе, Қантты көз ауруға салушы едің. Бұл жұртты олай деме, көңілі қалар, Ноғайлар мұны есітсе ашуланар. Берелік қызымды осы елге, Ноғайдың толып жатқан мырзасы бар. Қаракөз бұл сөзді есітіп күйіп пісті, Өкініп ұмытпайды өткен істі. Малы жоқ ноғайлының беретұғын, Қылайын неге дәрі өңкей масты? Баян жас құйған шайды алып ішті, Өкініп ұмытпайды өткен істі. Шақ бақ байдың жалғ ызы Қодар мырза Төрде отырған Баянға көзі түсті. Баян жас, өзі сұлу көркем екен, Құдайым сонша көрік берген екен. “Баянды тойға келсе, көрейік”, – деп, Жиылып тоқсан мырза көрген екен. Баянды төрде отырған Қодар көрді, Көрген соң алайын деп ынтық болды. Баян сұлу үйіне қайтқанында, Қодар еріп соңынан бірге жүрді. – Ақ жүзің, Баян сұлу, бір көрермін, Мырзасы ноғайлының мен ерермін. Менсініп, сөйлеспейсің неге, Баян, Берсемде әке-шешем сені алармын. –Қомда жетелеген нарым бар-ды, Тимеймін ноғайлыға ерім бар-ды. Қодеке, қодаңдамай жайыңа жүр, Шоқ белбеу, алтын айдар жарым бар-ды. –Ішінде айтып көзін жұмды, Баян жас, сені көріп көңілім тынды. Бұл жерде мен көрмеген кім бар еді, Жарыңның менен артық, аты кім-ді? Баян: Сұрасаң, жарым аты – Қозы Көрпеш, Қызымын Сарыбайдың Баян еркеш. “Күн бар ма келер атты” деп жылаймын, Құдайдан мен тілеймін ертеңді-кеш. Баянның сұлулығын Қодар білді, Көрген соң “аламын” деп ынтық болды. “Баянды қалай қылсақ, аламыз”, – деп, Жиылып тоқсан мырза кеңес құрды. Жігіттер, әрне қылса, Құдай қылды, Жиылып тоқсан мырза кеңес құрды. “Сарыбай малын бақсақ, бере ме” деп, Жиылып тоқсан мырза жалға жүрді. Айбастың бір Құдайға ісі жақты Қодар құл ала айғырды іздеп тапты. “Жағымды Сарыбайға боламыз”, – деп, Құл болып, тоқсан мырза жылқы бақты. Айбас құл ерте тұрып, бетін жуды, Қодар құл ала айғырменен жылқы қуды. Құданың Құдіретімен таңғажайып, Қанатты қара бедеуден құлын туды. Тоқсан құл бір Баянға таласыпты, “Сыртынан аламыз” деп жанасыпты. Құлынның “Бақа айғыр” деп атын қойды, Биеден үш айдан соң бойы асыпты. Айбас құл Баянменен болды жуық, Жүреді Сарыбайдан көңілі суып. “Қозыкені Құдай қосқан іздеймін”, – деп, Жаратты Бақа айғырдың тілін буып. Баянды Қозыкемен Құдай қосты, Арада Айбас келіп жақындасты. “Жарыңды Құдай қосқан іздеймін”, – деп, Айбас құл Баянменен ақылдасты. Айбас құл қашайын деп ойына алды, Баянмен ақылдасып ұрын алды. “Жарыңа Құдай қосқан беремін”, – деп, Баянның шаш моншағын қолына алды. Айбас құл қашайын деп ойына алды, Азыққа бір құнан қой сойып алды. “Жарыңа Құдай қосқан беремін”, – деп, Баянның домбырасын қолына алды. Айбас құл қашайын деп ойына алды, Азыққа бір құнан қой сойып алды. “Құдай қосқан жарыңа беремін”, – деп, Алтын сандық, ақ жамшысын қолына алды. Айбас құл қашайын деп ойына алды, Баянмен ақылдасып ұрын алды. “Жарыңа Құдай қосқан беремін”, – деп, Баянның қарқарасын қолына алды. Бес бұйым сәлемдеме жиып алды, Бір жерге бұйымдарын жиып салды. Қызыл іңір болғанда жылқы аралап, Таба алмай Бақа айғырды қараң қалды. Айбас құл Бақа айғырды іздеп жүрді, Біреуі тоқсан құлдың оны көрді. “Айбас құл Бақа айғырды іздеп жүр”, – деп, Көрген құлы Қодарға хабар берді. Ақырып Қодар қосынан түрегелді, Айбасқа қатты даусы естіледі. Жылқыдан Айбас байғұс қашып келіп: – Дауысың неге шықты, Қодар? – деді. – Айбас құл, кетпек болсаң, мен нетейін, Бір салып қамшыменен еңіретейін. Тазшаға мені тастап, кетпек болсаң, Қолымнан амандасып жөнелтейін. Айбас айтты: – Тілімнен хат берейін, Сізден басқа құлдарды жат көрейін. Құлға сенбе, Қодеке, жайыңа жат, Ертең сәске болғанда ат берейін. Қодар сеніп тіліне жатып алды, Айбас байғұс жылқыға қайта барды. Қызыл іңір кезінде жылқы аралап, Кешікпей-ақ айғырын тауып алды. Айбас құл Бақа айғырды мініп алды, Бұйымын сәлемдеме жиып алды. Үстіне Бақа айғырды мінгеннен соң, Құдайға шүкір қылып сыйынады. Айбас құл Бақа айғырды мініп алды, Бөгелмей күн-түн қатып тағы салды. Неше күн ұйықтамаған Айбас байғұс, Келді де асын ішпестен ұйықтап қалды. Болғанда ертең сәске жылқы келді, Тоқсан құл жылқы баққан бірге келді. –Түндегі мал күзеткен Айбасың жоқ, Табамыз енді қайдан Қодар? – деді. –Сіздерге Айбас сырды айтқан шығар, Ауылға таң атқан соң қайтқан шығар. Күзетте түніменен жүрген байғұс, Қорғалап бір шұқырда жатқан шығар. Жер жүзін тоқсан кісі іздеп жүрді, Шұбардан тобылғылы ізін көрді. Аққан су, томар, көлден түк қоймады, Таба алмай кербезіме хабар берді. Қодар құл ашуланып түрегелді, Жылқыда ала айғырды ұстап мінді. “Тілдесіп не де болса қаламын”, – деп, Сегіз құл он алты атпен қуады енді. Сегіз құл он алты атпен таяныпты, Жолықса өлтірмекке ойға алыпты. Құдайдың құдіретімен пәрмен болып, Айбас құл ұйықтап жатқан ояныпты. Айбас құл ұйқысынан тұрды дейді, Тұрып-ап Бақа айғырға мінді дейді. “Тілдесіп не де болса кетейін”, – деп, Қодарға қарсы қарап тұрды дейді. Қодар: – Айбас құл, неге қаштың, көрдің бе түс, Аласың алғыс алсаң көптен ырыс. Күймеде Баян сұлу ұйықтап, жылап жатыр, Барасың, қайда қашып, Айбас байғұс? Айбас: – Қодеке, шын тіліңе нанамын мен, Аузыма мейіз берсең саламын мен. Маған неге жыласын Баян сұлу, Жарына Құдай қосқан барамын мен. Қодар – Айбас құл жылдам үйге қайтшы деймін, Тіліңді майда қылып айтшы деймін. Жауабын мына құлдың есіттің бе, Садақпен, Әли Жаппар, тартшы деймін. Қодар құл оқ атуға оңдайланды, Біреуін қырық кез оқтың қолына алды. Әли Жаппар атқан оқ көкке шығып, Атқан оғы Қодардың жерге барды. Қодар – Айбас құл, жылдам үйге қайтшы деймін, Тіліңді майда қылып айтшы деймін. Баянмен ақылдасып кеңесің өскен, Айбас құл оғың болса атшы деймін. Айбас құл оқ атуға оңтайланды, Біреуін қырық кез оқтың қолына алды. Он алты сегіз құлдың атын атып, Сегіз құл айдалада жаяу қалды. Құтылып Айбас байғұс демін алды, Атын атып құлдардан кегін алды. Сегіз құлдың он алты аттары өліп, Әли Жаппар Қодармен үйге барды. Тоқсан құл бір Баянға таласыпты, Сыртынан аламыз деп жанасыпты. [Ел шолып, жер] көрмеген Айбас байғұс, Жолынан жүретұғын адасыпты. Айбас құл олай шапты, бұлай шапты, Бәрін де тамам жолдың оймен тапты. Баянның ақ сандығы түсіп қалып, “Алтын сандық, Ақша тау” сонан қапты. Айбас құл олай шапты, бұлай шапты, Бәрінде тамам жолдың оймен тапты. Жалындағы домбыра түсіп қалып, “Домбыралы, Моншақты” сонан қапты. Айбас құл олай шапты, бұлай шапты, Бәрін де тамам жолдың оймен тапты. Жанындағы жамшысы түсіп қалып, “Тоқырауын жамшылы” сонан қапты. Айбас құл олай шапты, бұлай шапты, Бәрінде тамам жолдың оймен тапты. Баянның қарқарасы түсіп қалып, “Қарқаралы” [тау аты] сонан қапты. Айбас құл онан шығып төмен жүрді, Жолда жүріп көргенін өлең қылды. Есіл – Нұра бойына келгенінде, Белі ісіп, Бақа айғырдың жауыр болды. Үш күн жатып, айғырын жазып алды, Ісіне Құдіреттің қайран қалды. Есіл, Нұра бойында осы күнге, “Жауыр тағы” деген тау сонан қалды. Атқа мініп Айбас құл тағы салды, Үш күн жатып айғырын жазып алды. Қарабай елі Жұпар қорығында, Бұқардың ар жағына барып қалды. Базардан бауша-бауша бөз келеді, Аузына ақындардың сөз келеді. Жұпардың қорығына келгеннен соң, Қойшыға көп қой жайған кез келеді. Айбас мойнын қойшыға бұрады енді, Сәлем беріп қасында тұрады енді. Амандасып болған соң Айбас байғұс, “Қай ауылдың қойы?” – деп сұрады енді. Бұзылмайды Баянның ойы дейді, – Тал шыбықтың бұралған бойы дейді. Қайдан жүрсің, жол болсын, Айбас-еке, Жайғаным Қарабайдың қойы? – дейді. Ауыл жөнін қойшыдан сұрап алды, Қонақ болып үйіне тура барды. Бақа айғырды белдеуге байлай тастап, Үйіне Қарабайдың кіріп барды. Мамабике: Түздегі асқа Айбас құл жарымайды, Ашаршылық көрсе де арымайды. Қайғыменен қартайған Мамабике, Өзі берген Айбас танымайды. – Неге менің жүрегім дүрсілдейді, Айнам, сен не жұмыста жүрсің, – дейді. Өңің қашқан жүдеген ұл екенсің, Ел жөніңді сұраймын, кімсің? – дейді. Айбас: – Мұнан бұрын үйіңе келіп педім, Өміріңде жүзіңді көріп пе едім? Аңда жүріп, екі бай құда болып, Айбасты қарғыбауға беріп пе едің? Жанның бәрін жаратқан бір Құдай-ды, Адамзатты бір Алла не қылмайды. “Атым – Айбас” деген соң, Мамабике Айбас құлға көрісіп, зар жылайды. Айбас келді үйіне Құдай айдап, – Жылағанын қояды күліп-ойнап. – Жолаушы боп бармасаң, танып қояр, Тазша құлмен жүргенде асық ойнап. Айбас, саған айтайын білгенімді, Менің жақсы көрмесең бөлгенімді. Сырыңды айтсаң кетем деп бәле салар, Қозыкеге білдірме келгеніңді. Бақа айғырға Айбас құл мінді дейді, Мамабике қуанып келді дейді. Бақа айғырға Айбас құл мініп алып, Ойнап жүрген балаға келді дейді. Асық ойнар Қозыке сақа салып, Бар асығын тазшаның тартып алып. Айбас байғұс қасына жетіп келсе, Ер Қозыке таниды қарай салып. Ассалаумағалейкум, Айбас-еке, Қашан келдің бұл елге өзің жеке. Сен кеткелі көп заман болып еді, Аман-есен жүрмісің Айбас-еке. Айбас оған келгенін білдірмейді, Сәлем беріп, көрісіп үндемейді. Қарабайдан айрылып қалғаннан соң, Әлдеқайдан қаңғырып жүрмін, – дейді. Ойнағалы тағы да сақа салды, Бар асығын тазшаның тартып алды. Қылқа салып, асығын алғаннан соң, Ашуланып тазша құл айтып салды. Әулиенің ақ жүзін кен айтады, Өзі білген бар сөзін, кім айтады? “Асық ойнап, қор болып жүргеніңше, Жарыңды іздеп алсаңшы”, – деп айтады. Бұл сөзді есітіп Қозыке түңіледі, Ас-су ішпей Қозыке бүгіледі. Тазша құлдың жауабын есіткенсін, Шешесінен сұрағалы жүгіреді. “Тазша құл жарыңа бар” деп айтады, Өзі білген бар сөзін кім айтады. Ұтып алсам, асығын біз Аллалап, “Жарыңды іздеп алсаңшы” деп айтады. Сөзіне ерме адамның, тілімді алсаң, Тіліне ерсең, боласың әуре сарсаң. Шағыстырған көп дұшпан не демейді, “Жарың” деген ешкім жоқ, маған нансаң. Қозыке бір Құдайға сыйынады, Ішіне бір қайғыны іліп алды. Сегіз түйе сексеуіл көмір жағып, Ұсталардың бәрін де жиып алды. Темір соғып, ұсталар садақ қылды, Садақ атып, Қозыке талап қылды. Өрмек тоқып отырған бір кемпірдің Үйін атып, көшіріп мазақ қылды. Әулиенің ақ жүзін кен айтады, Өзі білген бар сөзін кім айтады? “Тіп-тік тұрған үйімді көшіргенше, Жарыңды іздеп алсаңшы”, – деп айтады. Әулиенің ақ жүзін кен айтады, Ақылы жоқ қу кемпір нені айтады? “Ақ үй тігіп берейін жан шешеке, Айтып берің анығын”, – деп айтады. Қарабай Сарыбаймен мерген еді, Бірін-бірі далада көрген еді. Екеуі аңда жүріп құда болып, Баянды саған балам берген еді. Қарабай Сарыбаймен мерген еді, Баянды саған іште берген еді. Сенің туған қуанышыңмен елге шауып, Аты жығылып, мойны үзіліп, өлген еді. Қарабай сені көрмей өлген еді, Сарыбай сонда көңлін бөлген еді. “Қалыңмалға қырық жылқы, қырық нар ал” деп, Айбасты қарғыбауға берген еді. Талай жан сенен бұрын ғашық еткен, Жолында “іздеймін” деп басы кеткен. “Қызымды жетім ұлға бермеймін”, – деп, Сарыбай жерін тастап көшіп кеткен. Қозыке бұл сөзді естіп, түңіледі, Қайғымен ас-су ішпей егіледі. Атып жүрген садағын жерге тастап, Шешесінен сұрағалы жүгіреді. Қозыке үйге таман кепті дейді, Түбіне шешесінің жетті дейді. Сұрланып қаны қашып, үйге келіп, “Шешеке, бидай қуыр”, – депті дейді. “Бидай қуыр, шешеке”, – депті дейді, Жастықпенен өмірім өтті дейді Қазанымды асайын қарағым-ау “Жаңқа теріп келе ғой”, – депті дейді. Ер Қозыке жаңқаға кетті дейді, Жаңқа теріп, үйіне кепті дейді. Қарным ашып барады, жан шешеке, “Жылдам қуыр бидайды”, – депті дейді. Қазанға қуырғалы бидай салды, Қазандағы бидайы пісіп қалды. Бидай деген хайласы Қозыкенің Көңліне бір қайғы түсіп қалды. Бидай пісер мезгілі жетті дейді, Қозыкенің көңілі кетті дейді. Қазандағы бидай піскеннен соң, “Аяқ ұста салайын” депті дейді. Еш адамға өзім де жалынбаймын, Сізден басқа кісіні танымаймын. Маған берсең шешеке қолыңмен бер, Аяқтағы бидайға жарымаймын. Қозыкенің көңілі кетті дейді, Шешесінің түбіне жетті дейді. Ыстық бидай қолына салып алып, “Тура сөйле, шешеке” депті дейді. Ыстық бидай қолына өтті дейді, Шешесінің түбіне жетті дейді. “Қолым күйіп барады, шырағым-ау, Қалыңдығың бар еді”, – депті дейді. Осы сөзім, қарағым, Аллаға аян, Аллаға аян сөзімді халыққа жаям. Атаң аты Сарыбай – Аякөзде, Жарың атын сұрасаң, сұлу Баян. Тілеп алған Тәңірден жалғыз балам, Сені жалғыз жаратқан Алла Тағалам. Ұлы-қызы шуласын мендей болып, Мұны саған сөз қылып, айтқан адам. Қозыкенің көңілі кетті дейді, Жастықпенен өмірім өтті дейді. “Әкем қосқан Баянды іздеймін”, – деп, “Рұқсат бер, шешеке”, – депті дейді. Сенен бұрын неше ашық өткен, балам, Бірі жетіп, бірі жетпей кеткен, балам. Баянды іздеп, сен кетсең, шырағым-ау, Күні нешік болады тапқан анаң. Кеткен бала қайыра келмей ме екен, Қайтып келіп, шешесін көрмей ме екен. Өзі жан ғып жаратқан Құдіретім, Екі ашық тілеуін бермей ме екен. Сен сабыр қыл, жалғызым, қыз көрейін, Байлап, матап, бір күнде мал берейін. Патша болсын, бай болсын, малын беріп, Елден таңдап бір сұлу әперейін. Не қылсаң да іздеймін Сарыбайды, Бұл сөзіңе көңілім жарымайды. Ноғайлыдан тоғыз қыз әперсең де, Әкем қосқан Баянға татымайды. Мен еркек пе шешеке, ұрғашы ма Қайтып тура қараймын сырласыма? Әкем қосқан Баянды іздемесем, Сөйлеп сөзім өтпейді құрдасыма. Ал, қарағым, міне гөр, атың сайлап, Мен қалармын артыңда, сорым қайнап. Барма десем, болмассың, шырағым-ау, Қодар қастық қылмасын, жолың байлап. Қодар деген немене, құл ма, сірә? Жатқанымнан тұрмайын өлсем, сірә. Ат арытып іздемек сүйген жарды, Бұрынғыдан – соңғыдан қалған мұра. Сан жылқыдан Қозыке ат қарады, Қарабайдың қыстауы шат қарады. Сылдыратып жүгенін келгенінде, Арда күрең тай екен жалт қарады. Ай қараңғы сол күні тұман болды, Ер Қозыке Баянға құмар болды. Арда күрең тай екен жалт қараған, Басына жүген ілген соң, құнан болды. Ер Қозыке бірталай өлең болды, Іліп айтқан кісіге өнер болды. Құдіретінің Құданың пәрмен болып, Ер тоқымын салғанда дөнен болды. Қозыкенің күреңге көңілі толды, Алды-артынан қарайды оңды-солды. “Бисмилда” деп Қозыке мініп еді, Арда күрең сол жерде бесті болды. Арда күрең бестіге жетті дейді, Қозыкенің көңілі кетті дейді. Арда күрең бестіге мініп алып, Үйге таман Қозыке кепті дейді. Қарабайдың дәулетін бөлмек болды, Алланың не салғанын көрмек болды. Кетпей көңілі Қозыке тоқтар емес, Шешесіне қоштасып жүрмек болды. Шешесі айтты: – Жалғызым, кеткенің бе, Қалған ғұмырым қайғымен өткенің бе? Бір өзіңе жетер мал бар еді, Қыдырыңды басына тепкенің бе? Сөйлей берсең, таусылмас тіл мен жақ бар, Жәрдем болсын біздерге жалғыз Жаппар. Кеткен бала қ анына келмей ме екен Менің үшін қайғырма, Тәңір сақтар. Қозыкенің көңілі кетті дейді, Шешесінің түбіне жетті дейді. –Сан жетпеген жылқың бар, қарағым-ау, Оны кімге тапсырдың, – депті дейді. –Не қылса да адамға Құдай қылар, Баян жасқа теңім деп болдым құмар. Мен кеткенде бар Құдай сақтамай ма, Жылқы баққан Жидебай бағып тұрар. Қозыкенің көңілі кетті дейді, Шешесінің түбіне жетті дейді. –Мыңнан артық түйең бар, қарағым-ау, Оны кімге тапсырдың, – депті дейді. Жүрмек болып көңілім кетті дейді, Шешесінің түбіне жетті дейді. –Мыңнан артық түйеңді жан шешеке, Алакүлік өктесін, – депті дейді. Қозыкенің көңілі кетті дейді, Шешесіне бір қайғы бітті дейді. Тоғай толған сиыр бар, қарағым-ау, Оны кімге тапсырдың, – депті дейді. Қозыкенің көңілі кетті дейді, Шешесінің түбіне жетті дейді. –Тоғай толған сиырды, жан шешеке, Салаумәлік өктесін депті дейді. Қозыкенің көңілі кетті дейді, Шешесінің түбіне жетті дейді. –Қора толған қойың бар, шырағым-ау, Оны кімге тапсырдың, – депті дейді. Қозыкенің қөңілі кетті дейді, Шешесінің түбіне жетті дейді. Қора толған қойыңды жан шешеке, Араласын ақша бөрі, – депті дейді. Қозыкенің көңілі кетті дейді, Шешесінің түбіне жетті дейді. – Ақ сүт беріп, асыраған анаң едім, Мені кімге тапсырдың, – депті дейді. Қысым көрсе азғана ел, ұлын жақтар, Қара салып, байы өлсе, қатын жоқтар. Кеткен бала қанына келмей ме екен, Менің үшін қайғырма, Құдай сақтар. Қарабайдың қыстауы таудан дейді, Ат жүрмейтін шалғыны қаудан дейді. “Жалғызымнан айрылып қалам ба”, – деп, Екі емшегін аспанға сауған дейді. Жүрмек болып көңілі кетті дейді, Шешесінің түбіне жетті дейді. Ақ сүт берген шешесін зар жылатып, Баянды іздеп, Қозыке кетті дейді. Баянды іздеп, Қозыке кетті дейді, Шешесінің түбіне жетті дейді. Ер Қозыке ауылдан шыққаннан соң, Айбас байғұс артынан жетті дейді. Он күн жүріп, екеуі түзде жатты, Таң сарғайып, күн шығып әбден атты. Айбас байғұс сол жерде бетін ашып, Баян берген тапсырды сәлем хатты. Шаш ал десе, Қозыке бас алады, Хат көрген соң көңілі босанады. Сәлем хаттың жазуын көргеннен соң, Пердеменен көзіне жас алады. Сәлем хаттың жазуын оқып білді, Сөзін есітіп, Баянның көңілі тынды. Сәлем хаттың ішіне Баян сұлу Дұшпан болған жазыпты тоқсан құлды. Тоқсан құлдың бастығы Қодар, – депті, Сені көрсе көңілі толар, – депті. Тілер жемес асынан дәметеді, Бір көрмеген жүзімді құмар, – депті. Осы хатты жалғызым көрсін, – депті, Алға хабар Айбастан білсін, – депті. Әкем мені Қодарға бергелі жүр, Тірі болса Қозыке, келсін, – депті. Атқа мініп екеуі жөнеледі, Дамыл қылып арада бөгеледі. Қодар құлдың хабарын естіген соң, Езу тартып, Қозыке бір күледі. Күн-түн қатып, екеуі кетті дейді, Бірнеше күн арада өтті дейді. Үш айшылық жол екен екі арасы, Он үш қонып арада жетті дейді. Бауша-бауша базардан бөз келеді, Ажалдыға атқан оқ кез келеді. Ел шетіне екеуі ілінген соң, Көп қой жайған қойшыға кез келді. Сол екеуі қойшыға тура келді, Сарабайдың қойы екен таниды енді. Сәлем беріп, сәлемін алғаннан соң, “Қай ауылдың қойы? – деп сұрайды енді. – Батыр жауға шабады жеке-жеке, Жүрген жері жақсының той-мереке. Сен кеткелі көп заман болып еді, Сен танымай тұрмысың, Айбас-еке. –Біз келеміз еліңнің дәмін тата, Бір Құдайдан өзгенің қата. Айбас деген кісіні біз білмейміз, Қай ауылдың қойы бұл, атын ата?! –Бұзылмайды Баянның ойы дейді, Талшыбықтың бұралған бойы дейді. Сен айтпасаң, айтайын мен жөнімді, Сарыбайдың баққаным қойы, – дейді. – Ажал жетсе, ер құлар жалғыз оққа, Көп алданып мұсылман дүние боққа. Бұзылмайды Баянның ойы дейсің, Қодар құлға Сарыбай берген жоқ па?! – Қодар құлға көнбейді бергеніне, Баян ырза онан да өлгеніне. Бақа айғырмен хабарға Айбас кеткен, Қозыкенің қарап жүр келгеніне. Біліп тұрмын сіздерден қылып үміт, Иман сүйсең жігіттер, дініңді күт. Танып тұрмын сізді мен, Айбас-еке, Ер Қозыке болмасын осы жігіт. Таздың басын сол жерде қағып алды, Бір Құдайға Қозыке сыйынады. Таздың басын сол жерде қағып тастап, Таз кебінін басына киіп алды. Боран қылып, сол жерде күн жайлатты, Айбас байғұс далада жалғыз жатты. Таз кебінін үстіне киіп алып, Қой қайтарып, Қозыке үйге қайтты. Борандатып Қозыке келе жатыр, Құдіретінсіз Құданың болмайды ауыр. Күн боранын көрген соң, бай Сарыбай, “Мал қайдалап” ауылға салады ауыр. Балқаймақты, Баянжан, алшы дейді, Сөз айтамын құлағың салшы дейді. Мұндай жаман міне күн боран болды, Қой алдына, қарағым, баршы дейді. Әкесінің Баян жас тілін алды, Сулық киім үстіне киіп алды. Өзі жалғыз далаға шығушы емес, Әкесіне қарайлап тұрып алды. Сіз биік тау, әкеке, біз бір шынар, Қозыкені көре алмай болдым құмар. Өзіңменен әкеке бір жүрмесем, Ноғайлының жігіті мазақ қылар. Әкесімен Баян жас бірге жүрді, Ұмытпайды өкініп өткен күнді. Қой қайтара Баян жас келген жерде, Қоныр тоқты алдынан душар болды. Езу тартып Баян жас күлмес екен, Үйден шығып жүз қадам жүрмес екен. Қоңыр қойдың баласы қоңыр тоқты Баянменен туғалы тілдес екен. Қоңыр тоқты алдынан маңырайды, Оның тілін Баян жас жаңылмайды. “Сүйінші бер, сіз бізге, Баян апа, Ер Қозыке келді” деп аңырайды. Текеметке есті қыз түр салады, Баян сенбей сөзіне теріс алады. “Ойбай, күйген жанымды күйдірме” деп, Қамшыменен құйрыққа бір салады. Қоңыр тоқты шыдамай керіледі, Сөйлесуге Баянмен ерінеді. Қамшыменен құйрыққа салған екен, Жырымшақ боп құйрығы бөлінеді. Тазша болып Қозыке ақыл тапты, Қой қайтарып, Баянға жақындапты. Қыздың соққан қамшысы кесел екен, Қойдың жырым құйрығы сонан екен. – Үшбу сөзім, Баян жас, Аллаға аян, Аллаға аян сөзімді халыққа жаям. Ақша бетің тілінсін мендей болып, Мені неге жазықсыз соқтың Баян? Қоңыр тоқты тіліне сиынады, Желкесінен бір жүнін жұлып алды. “Айтқан сөзің ылайым шын болсын” деп, Арқасына қолымен сипалады. Баян жастың тілегін Құдай берді, Қозыкені есітіп жылай берді. Қой қайтара Сарыбай кеткен екен, Тазша болып Қозыке қызға келді. –Бері таман, Баян жас, келші, – деді, Менің айтқан сөзіме ерші, – деді. Айбас пенен Қозыке келді бүгін, Қане, маған сүйінші берші, – деді. –Қозыке еді Құдайдан сұрағаным, Ертеңді-кеш көрсем деп жылағаным. Қозыкені көрсетер заман болса, Тазшам байғұс, ала гөр қалағаның. Төбелдің мойнында екі құлып, Сөзімді есіт, Баян жас, тоқтай тұрып. Қалағаным берсеңіз, Баян сұлу, Ақ бетіңнен сүйгізші мойның бұрып. Баян сұлу қозғалмай тұрып алды, Тазға таман мойынын бұрып алды. Тазша болып Қозыке қызға келіп, Ақ бетінен Баянның сүйіп алды. Кез келтірді екеуін Құдіретім, Баян жастың Қозыке көрді бетін. Күйеулігін Баянға білдіргелі, Сонда тұрып шығарды, айдар шетін. Қозыкеге көңілі қанып қалды, Алтын айдар белгісін танып қалды. Алтын айдар белгісін таныған соң, Баян сұлу сол жерде талып қалды. Тұра келді аздан соң есін жиып, Қозыкенің бетінен алды сүйіп. Екі ғашық сол жерде жолыққан соң, Кете алмайды бір-бірін көзі қиып. Кете алмайды бір-бірін көзі қиып, Ала алмайды көзінің жасын тиып. Екеуі шыр айланып тұрған жерде, Бай Сарыбай келеді қойын жиып. Баян сұлу көреді Қозыке ерді, Екеуінің тілеуін Құдай берді. Қой қайтарып, Сарыбай таянған соң, Екі айрылып екеуі жүре берді. – Тазша болып жүре бер қой көтіне, Алтын күйме тіктірем қой шетіне. Ақырында тілеуді Құдай берсін, Көнбеймісің Құдайдың құдіретіне. Баян сұлу күйеуін көреді анық, Түнде алтын күймеде жүрді дарып. Қой шетіне құрдырды алтын күйме, Алтын табақ қояды мейіз салып. Қойды бағып, Қозыке үш ай тұрды, Түнде алтын күймеде дәурен сүрді. Тазша келіп күймеге кірген жерді, Сарыбайдың тезекші күңі көрді. Қара күңнің көргенін Баян білді, Ұйқылы-ояу сескеніп тұра келді. “Барып әке-шешеме айта ма” деп, Сезіктеніп бұл күңді өлтіреді. Бері жатып, Баян жас: “Тұршы, – деді, Үйге таман қарағым жүрші деді. Әке-шешем қуансын күйеуім, – деп, Ал шымылдық кәдесін құршы, – деді. Баянменен Қозыке бірге жүрді, үйге кірді, Шам жаққандай қараңғы үй жарық болды. Жарық сәуле бетіне түскен екен, Ұйықтап жатқан Қаракөз мұны көрді. Ұйықтап жатқан Қаракөз мұны көрді, Ұйқысынан оянып тұра келді. “Менің жалғыз шырағым келген бе?” деп, Қозыкенің қасына жетіп келді. Бір Құдайға Қарагөз сыйынады, Бар ақылын бойына жиып алды. Шымылдықтың ішіне кіріп келіп, Қозыкенің бетінен сүйіп алды. Қашан келдің, қарағым, шыныңды айтшы, Кешіктірмей ұзатып алып қайтшы. Қойды бағып, қор болып жүргеніңше, Көтеріліп көңілің жылқы бақшы. Қаракөздің еркектен ақылы асты, Жаппар Алла, көрсетші екі жасты. Қозыкені көзімен көріп алып, Ертең тұрып Сарыбайға ақылдасты. Жақсы-жаман баршасын бір көрелік, Қой бағуға, біреуге пұл берелік. Бір Құдайдың бұ дағы құлы емес пе, Тазша құлды жылқыға жіберелік. Бұл айтқанын Сарыбай мақұл деді, Бір табылған бұ дағы ақыл деді. Бақса бақсын жылқыны бұ да байғұс, Тазша құлды бір үйге шақыр деді. Шақырған соң тазша құл үйге кірді, Сарыбайға келді де сәлем берді. Сәлем беріп, сәлемін алғаннан соң, “Жылқы бақсаң қайтеді, балам”, – деді. “Мақұл”, – деді тазша құл Сарыбайға, Сыйынады ішінен бір Құдайға. “Жылқы бақпақ болдым” деп ер Қозыке, Жылқыдағы келеді Қодар байға. Бұл келген соң Қодар құл қабыл алды, Бұл келген соң тынығып дамыл алды. Ұзақ таңға бір көзі ілінбейді, Қодар құлға әбден-ақ жағып алды. Құдай берсе, пендеге кім бермейді, Жақсы кісі жамандық тілге ермейді. Қодар құлға әбден-ақ жағып алды, Құрға салса асауды жібермейді. Айтқан сөзін тазшаның шын көреді, Өзге құлды бойына мін көреді. Қызметі тазшаның жаққаннан соң, Тазша құлды ауылға жібереді. Баян отыр үйінде гүл-гүл жайнап, Барған сайын қайтады күліп-ойнап. Бұрынғыдан көңілі жақсы болды, Сыйынып жүр ішінен “а, Құдайлап”. Тазша барып, ауылдан келе жатыр, Қарсы шықты алдынан Қодар батыр. Қодар мырза қодаңдап келген жерде, Сәлем берді, жымиып тазша батыр. –Қашан барып ауылдан келдің, – деді, Не қызмет ауылдан көрдің? – деді. Кешіктірмей шапшаң айт, тазшам енді, Баян не сәлемдеме берді? – деді. –Талдай бойы Баянның өсіп отыр, Баян шашын тарқатып есіп отыр. “Көрмегелі көп айдың жүзі болды, Келмеді ғой Қодекем” десіп отыр. –Бұл жалғанның қызығы – жақсы қатын, Жақсы қатын шығарар ердің атын. Кешіктірмей шапшаң айт, сорлы тазшам, “Не” деп отыр тағы да біздің қатын. –Баян да ай Қодеке, десіп отыр, Баян шашын тарқатып есіп отыр. “Құдай қосқан өзімнің жарым келді, Аулақ жүрсін, Қодар құл! десіп отыр. Бұл сөзді есітіп Қодар құл ашуланды, Іші-бауыры өртеніп оттай жанды. “Өзім ауыз Сарыбайдан сұраймын”, – деп, Қодар салып жылқыдан үйге барды. Елге қайтты Қодар құл іші күйіп, Бір сұмдықты келеді іші түйіп. Елге таман Қодар құл келе жатса, Бай Сарыбай жүр екен түйе жиып. Сарыбайға келді де сәлем берді сәлем, Аманбысың, – Сарыбай, деді – балам, Малыңды жақсы қарап, жақсы күтсең, Бақыт берсін өзіңе Алла Тағалам. Сарыбай пейілің жаман, болдың сараң, Көп жылқыңды бақсам да күнім қараң. Тазшаменен ойнас боп, кәміл алыпты, Күймеде Баян деген жүзі қараң. Алтын күйме ішінде Баян жаным, Шашбауының шашағы қырық бір талым. Сен тұрғанда ешкімге бере қалман, Жылқың бақ та жүре бер, Қодар жаным. Қодар сеніп сөзіне қайтып кетті, Ертеңгеше жылқыға тағы жетті. Қодаңдаған күші бар Қодар құлдың, Айла тауып ақылмен білмейді епті. Дәмелі боп, Баяннан өмірі өтті, Ақыл тауып айламен білмейді епті. Ала қыстай далада жылқы бағып, Жаз шыққан соң, ауылға бірге кепті. Айбас құлға бұйырды: “Жылқы бақ, – деп, Кер төбелдің мойнына тұмар тақ, – деп. Қодар мырза ауылға бие байлап, Қозыкені шақырды желі қақ” теп. Мықтылығын Қодарға білгізеді, Ақылменен Айбасты жүргізеді. Қолағашын Қодардың лақтырып, Белін қазыға қолымен кіргізеді. Сарыбайдың дәулеті көпті дейді, Тоқсан құлға жылқысы жетті дейді. Міне тазшаң күшті екен, Әли Жаппар, “Аударыспақ ойналық”, – депті дейді. Ер Қозыке бұл сөзді есітті дейді, Құдай берген қайраты күшті дейді. Қысыр емген телторы тайға мініп, “Аударыссаң, келсең кел”, – депті дейді. Қозыке сөз сөйлейді серілікпенен Көңілі қорқар емес ерлікпенен. Қодар құлға қайратын көрсеткелі, Бір құлды жібереді терлікпенен. Ер Қозыке бірталай бастады істі, Қозыкеге бір Құдай берген күшті. Қатқан терлік тиген соң жіберген құл, Терлікпенен домалап бірге түсті. Ер Қозыке бастады бір жарысты, Көрсетеді Қодарға талай істі. Терлікпенен бір құлды ұрып жығып, Әли Жаппар құлменен аударысты. Торы тайға Қозыке мініп алды, Бір Құдайға ішінен сыйынады. Әли Жаппар құлменен алысқанда, Ат үстінен тымақтай жұлып алды. Қодар құлға мойынын бұрып алды, Жекпе-жектеп сол жерде түйіп алды. Қысыр емген Телторы тайға мініп, Қодар құлды ала аттан жұлып қалды. Қодар күліп “ойын” деп ыржақтайды, “Оң қолмен Қодеке қайда жүр?”, – деп, Баладай алақандап салмақтайды. – Міне, тазшаң, Әли Жаппар, түпке жетті, Мені аударып алғ ан соң көңілі біт Тайға өңгеріп, ойнаған ойының құрсын, Ердің қасы, қу тазша, ішіме өтті Қызылжардай бұл жақта қала бар ма, Қозыкенің ойында ала бар ма? Қодар құлды атына қайтып салды, Тышып қойса, сол жерде шара бар ма? Баян сұлу күймеде жатыр еді, Терезеден ойынды көзі көрді. “Менің мұндай жалғызым болған екен, – Баян сұлу, – Құдайға тәуба” деді. Жұрттан асқан Сарыбай салтанатты, Баян менен Қозыке ойнап жатты. Сұлтанғазы ноғайдың бастығы екен, “Тойым бар” деп сол елге сауын айтты. Қозыке мен Баянды Құдай қосты, Айбас келіп арада жақындасты. “Жұртпен бірге барамын жиынға” деп, Қозыке Баянменен ақылдасты. Сен жылқыдан, жалғызым, қалма, – деді, Садағыңды жаныңнан салма, – деді. Асқа тойған тоқсан құл мазақ қылар, Жұрттан жалғыз жиынға барма, – деді. Баян жастың Қозыке тілін алды, Сан жетпеген жылқыда жалғыз қалды. Ер Қозыке – жылқыда, Баян – үйде, Өзге жаннан жан қалмай асқа барды. Баян жатыр күймеде гүл-гүл жайнап, Айбас қалды жылқы да “а, Құдайлап”. Өзге жаннан жан қалмай асқа барды, Қозыке жүр ауылда бие байлап. Жұртсыз менің немене көрген күнім, Көңіл ашып сайраған қызыл тілім. Жылқы ішінде Баянмен тілдес екен, Қызыл бие баласы – буырыл құлын. Құрықпенен қақ басқа құлынды берді, Енесіне емізбей азар берді. Қозыке жылқы ішінде күн жайлатып, Ноқтаменен құлынды буындырды. Дауысын естіп, Баян жас есік ашты, Құлын көріп желіге қадам басты. Қадам басып желіге келген жерде, Алтын айдар Қозыке құшақтасты. Құшақтасып екеуі бірге жүрді, Жүріп алтын күймеге келіп кірді. Келіп алтын күймеге кірген жерде, Екі қатын ауылдан оны көрді. Тоқсан құлдың бастығы Қодар деді, Бір Құдайдың жазғаны болар деді. Тойы тарқап болған соң ноғайлының Бұрын озып ауылға Қодар келді. Қодар желіп күймеге көп келеді, Қозыкеге Баянды көп көреді. “Жылқы баққан далада тазшаға” деп, Тамақ үшін апкелдім өкпе деді. Қодар желіп жылқыны аралады, Қозыкені жылқыдан таба алмады. Қозыкені жылқыдан таппаған соң, Қодар желіп ауылға қайта салды. Қайта келіп ауылдан сұрады енді, Аң-таң қалып, Қодар құл тұрады енді. 1010 Қайда екенін біле алмай тұрғанында, Екі қатын “көрдік” деп хабар берді. – Тазша сенен Баянға жақын, – деді, Сенің бар ма кеудеңде ақыл, – деді. Немене сен сұрайсың аң-таң қалып, Тазша құлың күймеде жатыр, – деді. Қодар желіп күймені үш айланды, Баян менен Қозыке бек жайланды. Неше оқталып қодаңдап келсе дағы, Қозыкеден кіруге бата алмады. Іші күйіп, Қодар құл қайғыланды, Не қыларын біле алмай, үш айланды. Қозыкеден кіруге батпаған соң, Сарыбайдың алдынан қайта салды. Сарыбайдың алдынан шауып барды, Түсінен айырылып ауып барды. Шұнақ құлдың ақылы әуелден жоқ, Жас баладай өкіріп зар жылайды. –Пейілің жаман Сарыбай кәпір, – деді, Қызың болды күймеде қатын, – деді. Нағып шыдап келесің, а, Сарыбай, Қызың бірге тазшамен жатыр, – деді. –Алтын күйме ішінде Баян жаным, Шашағы шашбауыңның қырық бір талым, Сен тұрғанда ешкімге бере қалман, Жылқың бақта жүре бер, Қодар жаным. Ашуланып Сарыбай қиналмайды, Қодар жылап, балаша ыржаңдайды. Қаракөзден сұрайды бай Сарыбай, Қодар құлдың тіліне иланбайды Сол арада Қаракөз жауап берді, Қодар құлдың Сарыбай тіліне ерді. –Қодар құлды, қайтесің, қаңғып жүрген, Құдай қосқан Қозыке өзі келді. Жыламаса, Қодарды Тәңірі алсын, Иманды құл ұжмақтың дәмін татсын. Бұрынғыдай сөйлеме құлға тартып, Құдай қосқан Қозыке жатса жатсын. Бұл сөзді естіп, Сарыбай ашуланды, Іші-бауыры өртеніп ду-ду жанды. “Мен ырза бұл сөзге болмаймын” деп, Ноғайлының баршасын жиып алды. Ноғайлының бәрін де жиып алды, “Ұстасам, өлтірем” деп ойына алды. Ноғайлының қаншасын жиып алып, Алтын күйменің жан-жағын қамап алды. Айбас байғұс жылқысын бағып жүрді, Сарыбайдың көңіліне жағып жүрді. Арда күрең, Бақа айғыр бір тұр екен, Мұны көріп, Айбас құл зар жылады. Арда күрең тұр екен қасынысып, Жетіп келді Айбас құл асып-сасып. Арда күрең талтүсте желіп кетті, Айбас қалды жылқыда зар жыласып. Қамағанын ноғайдың көзі көрді, Бір сұмдықтың болғанын іші білді. “Бұған енді не айла қыламыз?” – деп, Бір тал қылын күреңнен тұтатты енді. Елге таман күрең ат жүріп келді, Қысылғанын Қозыке біліп келді. Айналайын, Қозыке, жау қамап тұр, Алтын күйме қалқалап кіріп келді. Үш ауыз сөз Баянға айта алмады, Арманы сол үш күн, үш түн жата алмады. Атқа мініп талтүсте желіп кетті, Қамап тұрған көп ноғай бата алмады. Баян жылап күймеде уанбады, Көздің жасы көл болып суалмады. Атқа мініп талтүсте желіп кетті, Қамап тұрған көп ноғай қуа алмады. Баян сұлу күймеде зарланады, Қозыкенің ісіне арланады. Ертең тұра Сарыбайдың ауылы көшті, Баян сұлу тұра алмай жұртта қалды. “Тұрғызам” деп Сарыбай қарамады, Баян сұлу тұра алмай жұртта қалды. Жұртта қалған күймені көзі көріп, Қодар жылап қасына жетіп барды. Баян жастың қалғанын біліп келді, Анадайдан қуанып, күліп келді. Алты құлаш ала атты байлай тастап, Алтын күйме ішіне кіріп келді. Шұнақ құл, қолыңды тарт, неге енесің, Бүйтіп жүріп, дүниеден не көресің? Кімдер жемес асынан дәметеді, Мен де өлемін, Қодар құл, сен де өлесің. Көнбейтінін Баянның іші білді, Сол арада Қодардың көңілі сынды. Көнбейтінін Баянның түрін көріп, Ала атына Қодар құл қайтып мінді. Атқа мініп, Қодар құл жөнеледі, Күймесінде Баян жас күңіренеді. Болмайтұғын Баянның түрін көріп, Сол арада көңілі түңіледі. Ашуменен Баян жас талып қалды, Сарыбайдан көңілі қалып қалды. Іштен шыққан шешесі шыдасын ба, Ауылына Баянды алып барды. Күймесінде Баян жас күңіренеді, Қылған ісін өзіне мін көреді. “Қозыкеден бір хабар алып кел”, – деп, Асыранды торғайын жібереді. Қозыкеге бозторғай ұшып барды, Хабар алып сөйлесіп қайта салды. Мақпал тонын Баянның ұрлап киіп, Қастықпенен жау жеңге сиыр сауды. Жүрген жері жақсының күнде сауық, Қайырсыз бай қалады жерді қауып. Мақпал тонын Баянның ұрлап киіп, Отыр екен жау жеңге сиыр сауып. Қырық бір торғай торғайды қуалайды, Жеңгені қанатымен уалайды. Мақпал тонын Баянның көргеннен соң, “Мынау менің ием” деп қорғалайды. Жеңгесі қастықпенен сиыр сауды, Ежелден қыз балаға жеңге жау-ды. Қойнына торғай келіп кірген жерде, Торғайды жеңіменен ұстап алды. Торғай байғұс қойнына келіп кірді, Қозыкеден келгенін іші білді. “Қайдан келдің, торғайым, шыныңды айт?” – деп, Бір-бірлеп бозторғайдын жүнін жұлды. Әли Жаппар мінгені Көктөбелді, Астығы ма Түркістан тоқ деп еді. Өзге жүнін жұлғанда үндеген жоқ, Төбе қылын жұлғанда “шоқ” деп өлді. Торғай келер мезгілін Баян білді, Ұйқылы-ояу сескеніп тұра келді. Бозторғайы кешігіп келмегесін, Жеңгесінен Баян қыз сұрай келді. – Сен көрдің ғой, жеңеше, торғайымды, “Көрді ғой” деп ойлаймын ыңғайыңды Қолыңдағы жеңеше торғайым бер, Не қылсам да табайын, өз жайыңды. –Әрі жүрші, а бикеш, көзің күлмей, Бекер босқа торғайды менен көрмей. Бекер босқа кісіге жала қылма, Қозыкеге тимейсің Қодар өлмей. –Нағып өлді торғайым тілге келмей, Торғайым бер қазақтың тіліне ермей. Торғайымды бермесең өкпелетіп, Тірі жүрер деймісің, өзімді өлмей. Өлгеніне торғайдың көзі жетті, Баян жастың көңіліне қайғы бітті. Жалғандағы бір жауың – өгей жеңге, Қозыкенің түбіне әбден жетті. Торғайы жоқ болған соң қатты састы, Ақыры Алла жылатты екі жасты. “Шоқ” дегені торғайдың немене?” деп, Тамам ноғай жиылып ақылдасты. Ерте өреді қойшылар қойыменен, Баян сұлу көрінер бойыменен. Тамам ноғай таба алмай отырғанда, Әли Жаппар құл тапты ойыменен. Аякөздің бойында Шоқтеректі, Онан бөлек жерлерде жоқ теректі. Қысырақ қарап жүргенде көруші едім, Айтқаны, ойлап тұрсам, сол теректі. Шоқ теректе жатқанын енді білді, Не қыларын біле алмай Баян бүлды. Қозыкені не қылса өлтірмек боп, Өзі бас боп, Сарыбай атқа мінді. Атқа мініп ноғайлар жөнеледі, Мұны көріп, Баян жас зар еңіреді. Отыруға тағат қып, шыдай алмай, Жаяу жылап, артынан о да ереді. Байлап қойған терекке күрең атты, Шоқтеректің түбінде жалғыз жатты. Ұйқысынан сол жерде оянбапты, Қозыкені қол оқпен Қодар атты. Қозыкені қол оқпен атып салды, Соншалық қастық қылғандай несін алды. “Үйдегі Баяныма беремін” деп, Шұрқылтайдың түбінен кесіп алды. Сарыбай ноғайлыны алған жиып, Өлтірді Қозыкені көзі қиып. Белгісін алтын айдар көргеннен соң, Үш айланды Сарыбай іші күйіп. Қолына Баян сұлу ине алады, Айрылып Қозыкеден қиналады. “Өзіммен бірге жүріп қиналсын”, – деп, Бозіңген – ботасы өлген түйе алады. Қодардың, бәрекелді, тентегіне, Асау күрең жүрмейді жетегіне. “Ал байыңның басы”, – деп тастай берді, Баян жылап салады етегіне. Бай Сарыбай мінеді Көкшесіне, Мін болмайды сұлудың өкшесінде, “Ал, байыңның басы”, – деп тастай берді, Баян жылап салады текшесіне. Басты көріп, Баян жас талып қалды, Алтын айдар белгісін танып қалды. Күліп тұрған ноғайлы көтермелеп, Күймесіне Баянды алып барды. Талғанынан Баян жас көзін ашты, Қайғыменен төгеді қанды жасты. Біріктіріп қоюға ойланады, Денесінен айырып кескен басты. Баян сұлу күймеде зарланады, Қозыкенің өліміне арланады. Ертең тұра Сарыбайдың ауылы көшті. Баян сұлу тұра алмай, жұртта қалды, Баян сұлу тұралмай, жұртта қалды, “Тұрғызам” деп Сарыбай қарамады. Жұртта қалған күймені көзі көріп, Қодар желіп қасына жетіп барды. Баян жалғыз екенін біліп келді, Анадайдан қуанып күліп келді. Қозыкені өлтіріп көңілі өскен, Қодаң қағып күймеге кіріп келді. Кіріп келді Баянның күймесіне, Қарамады жек көрген сүймесіне. Жылағанын Баян да қоя қойып, Бір қулықты ойланып алды есіне. –Жақсы келдің, Қодеке, – деді Баян, – Өлмес күнін өзінің жеді Баян. Бір көрейін сүйегін Қозыкенің, Мені бастап апаршы, – деді Баян. Қодар тілін Баянның қайырмады, Екі көзін Баяннан айырмады. Өзі жаяу бастауға ыңғайланып, Мінуге атын Баянға дайындады. Баян сонда Қодарға: “Қодар”, – деді, Әр мінезің, Қодар құл, ожар деді. Жаяу барып көремін Қозыкені, Атқа мінсем етегім тозар, – деді. Атты тастап екеуі жаяу кетті, Қозыкенің басына түзеп бетті. Алыс екен Шоқтерек Аякөзден, Тобылғылы томарға түсте жетті. Түсте жетті екеуі томаршаға, Мына қызға қарай ғой тамашаға. Елден аулақ шыққан соң, шұнақ Қодар, Сөз сөйлейді Баянға оңашада. Айт дегеннен, айтайын айда, Баян, Мұндай аулақ біздерге қайда, Баян. Ойдым-ойдым жер келді ойнағандай, Кел, екеуміз, ойналық енді, Баян. Айтқан сөзге тұрмаған адам емес, Жүрген жері жақсының күнде кеңес. Қозыкенің көрейін жатқан жерін, Қодаңдама, Қодеке, ешкім жемес. Тілеуімді бар Құдай берді, Баян, Алған жарың Қозыке өлді, Баян. Мұнда аулақ біздерге табылмайды, Кел екеуіміз ойналық енді, Баян. Айт дегеннен, айтайын айда, Баян, Мұндай аулақ біздерге қайда, Баян. Ана терек түбінде байың жатыр, Тірілмейді менімен ойна, Баян. – Қозыке атты барайын жолдасыма, Көзім жетті орнынан тұрмасына. Айдалада қодаңдап қоймаған соң, Алып келді Қодарды, су басына. Ер Қозыке бір жатқан мазар дейді, Өлген кісі қодарып қалар дейді. –Шөлдедім ғой, Қодеке, су әперші, Мен сенікі болған соң, не бар? – деді. Айт дегеннен айтайын айда, Баян, Маған тисең, жаныңа пайда, Баян. Қолым суға жетпейді еңкейсем де, Білегіме шашыңды байла, Баян. Білегінен шашымен байлап алды, Баян алдап, Қодарды суға салды. Басқа ыдыс жоқ кебісін суға салды, Екі кебіс су ішіп, мейірі қанды. Баян шашын жіберді сонда қиып, Құл құдықтың түбіне жұмарланды. Айда Баян, Баян неттім, Баян, “Сені алам” деп өзім өлдім, Баян. Ақыретте обалым саған болсын, Аңдып жүріп, түбіме жеттің, Баян. Айда Баян, Баян неттім, Баян, Әке-шешем жылатып кеттім, Баян. Ақыретте қалмаймын қыр соңыңнан, Тікен болып, араңа шықтым, Баян. Баян сұлу бұл сөзге ызаланды, Екі кебіс су ішіп, мейірі қанды. Қазандай қара таспен қойып еді, Құл құдықтың түбіне жұмарланды. Қодар құдық түбіне енді дейді, Баян жастың тілеуін берді дейді. Қодар құлды өлтіріп, көңілі тынып, Қозыкенің басына келді дейді. Қозыкені құшақтап қаманады, Қылғанына Қодардың арланады. Қозыкенің денесін құшақтап-ап, Мінәжат қып, Құдайға зарланады. Жатырмысың, жалғызым, жер бауырлап, Жалғыз оқ, қарға адым жер, соны ауырлап. Қодарды сені өлтірген, мен де өлтірдім, Қосағың Құдай қосқан келді зарлап. Жылап-жылап Баянның көзі ілінді, Ақырында тілеуін Құдай берді. Көзі ілініп, Баянның кеткен жерде, Ақсақалды бір адам жетіп келді. Ақсақалды бір адам жетіп келді, Жаппар ием тілегін қабыл көрді. Ұйқысында Баянның аян берді, “Неше күндік тілейсің өмір?” – деді. – Неше күндік тілейсің өмір? – деді, Жаппар Құдай тілегін қабыл көрді. –Ұзақ ғұмыр тілеп, мен не қылайын, Үш күн, үш түн ойнасам, болар, – деді. Бата беріп, ол адам жүре берді, Жаппар ием тілегін қабыл көрді. Баян сұлу ұйқыдан оянғанда, Ер Қозыке сілкініп тұра келді. Ер Қозыке тіріліп тұра келді, Ырза, Құдай тілегін қабыл көрді. Екі ғашық бір-бірін көргеннен соң, Құшақтасып екеуі көріседі. Үш күн, үш түн екеуі жатып алды, Қазынасына Құданың батып алды. Үш күннен соң, екеуі тұра келіп, Ғұсыл құйып үстіне тазаланды. Құдай өзі қылған соң несі қиын, Жүрген жері жақсының күнде жиын. Ойнап-күліп екеуі отырғанда, Пәрмән бірлән құлатты қызыл құйын. Пәрмәніменен Қозыке құлап қалды, Баян сұлу қасында жылап қалды. Баян жылап отырса керуен қонды, Бәйтеректің түбінде бұлақ бар-ды. Баян сұлу зарланып отыр жылап, Керуендер аң-таң қап тұрды тыңлап. “Нағып, жылап, отырған бұл адам”, – деп, Көріп керуен жиылып келді шұбап. Керуендер жиылып шұбап келді, Баян жасты көрген соң жылап келді. Нағып, жылап, отырған адамсың? – деп, Керуендер мәнісін сұрап келді. –Жүрген жері жақсының думан деді, Ақ жүзімді қызыл таң жуған деді. Бәріміз мұсылманның баласымыз, Құдай үшін, үй сап бер, бұған, – деді. Үй сап берсең, мұсылман, бұған арнап, Сәті болып сап берсең, Құдай қалап. Жақсы қылып, бір үйді салып берсек, Біреуіңе тиер ем, өзім қалап. Керуендер жиылып салды сарай, Кез келтірді Баянға Жаппар Құдай. Ылғи тастан үй салды, көп керуен, Құдіретіне Құданың бәрі де оңай. Жеті күндей керуен еру болды, Қимылдайды шұнақ сарт оңды-солды. Сарай салып болған соң, сұлу Баян, Қозыкені құшақтап шейіт болды. Бұйда пышақ ішіне салып алды, Қырау құрлы көрмеді шыбын жанды. Қозыкені құшақтап Баян өлді, Адырайып тамам сарт аң-таң қалды. Керуендер таң қалып кетті көшіп, Қоқаңдаған көп сарттың үндері өшіп. Құдіретіне Құданың таң қалыңыз, Ауаз бірлан жабылды салған есік. Бұйрық емес Құдайдың салғандары, Пайғамбардан бұл мирас қалғандары. Қозы Көрпеш өлгенде Баянда өлген, Сондай болсын, әркімнің алған жары. Мұныменен арада бір жыл өтті, Өлмегенің көресің талай көпті. Баян менен Қозыке өлгеннен соң, Өлеңтіге Сарыбай көшіп кетті. Қияметтің қыл көпір тарлы, – дейді, Бір жағы су, бір жағы жарлы, – дейді. Баян менен Қозыке өлген шақта, Қырық бір молла Меккеге барды дейді. Қырық бір молла Меккеге тұра жүрді, Қырық періште қасына жолдас ерді. Сол моллалар Меккеге келе жатып, Жолда тұрған ақ сарай үйді көрді. Жолда тұрған ақ сарай үйді көрді, Үйде көріп моллалар бұрылды енді. “Кімде болса, бір Құран оқылық” деп, Ақсарайға моллалар кіріп келді. Ақсарайға моллалар кіріп келді, Қатар тұрып, Құранын оқиды енді. Құран оқып, сөйлесіп отырғанда, Төбесінде жазулы хатын көрді. Төбедегі жазулы хатын көрді, Қозыке мен Баянның атын көрді. “Мұратына жетпеген ашық екен”, – деп, “Тілелік” деп Алладан кеңес құрды. Қырық бір молла Алладан сұрайды енді, Мінәжат қып, Алладан жылайды енді. “Осы екеуін Алладан сұралық”, – деп, Қырық періште Құдайға арыз қылды. Қырық бір молла Құдайға дұға қылды, Жаппар Ие тілегін қабыл қылды. Құдіретіне Құданың несі қиын, “Отыз бір жыл ойна” деп өмір берді. Қырық бір молла дұғасын қабыл қылды, Баян менен Қозыке тірілді енді. Екі ашықты қабірден тірілтіп ап, Амандасып, моллалар жүре берді. Амандасып, моллалар жүре берді, Жаппар Ие тілегін қабыл көрді. “Ашық адам жалаңаш тұрмасын” деп, Періштелер ұжмақтан қалле берді. Қалле киіп, ұжмақтан, тағам жеді, Жаппар ие тілегін қабыл көрді. Бір күні Қаракөз ұйықтап жатыр еді, Қозыке мен Баянды тірі көрді. Ұйқысынан оянып тұра келді, Қозыке мен Баянды тірі көрді. Тірілгені көңліне мағлұм болып, Күн шықпай-ақ жылқыға жүре берді. Ерте тұрып, жылқыға жүре берді, Толып жатқан жылқыға кіреді енді. Арда күрең, Бақа айғыр бір тұр екен, Анадайдан кемпірді көреді енді. Желіп жортып екеуі келеді енді, Анадайдан екеуі көреді енді. –Мал көрмеген туғалы адам едің, Не себепті, шешеке, келдің? – дейді. –Бүгін жатып ұйқыдан тұрдым, – деді, Қозыке мен Баянды көрдім, – деді. Екеуінің тірілген қуанышымен, Соны айтқалы сіздерге келдім, – деді. – Тұра жауап берелік сізге, – дейді, Күдеріңді балаңнан үзбе, – дейді. Аман болсақ, екеуміз әпкелеміз, Алтын жабдық әзірле, бізге, – дейді. Қайғыменен өмірі өткен екен, Жалғыз Қодар түбіне жеткен екен. Күйеу – қыздан Сарыбай айырылғасын, Қайта көшіп ауылына кеткен екен. Тапа-тал тұс болғанда, жылқы келді, Алтын жабдық Қаракөз әзірледі. Желі басында екеуі жатып қалып, Намаздыгер шенінде түрегелді. Жатып-жатып екеуі түрегелді, Қаракөздің ауылдан көзі көрді. Амандасып екеуін жөнелткелі, Алтын жабдық әзірлеп алып келді. Мұны көріп екеуі көре келді, Көлденеңдеп кемпірге түрегелді. Алтын әбзел ерттеп, киім алып, Амандасып, кемпірге жүре берді. Амандасып, кемпірге кетті, – дейді, Екеуі де жануар текті, – дейді. Алты күндік жер екен, екі арасы, Ара қонып, сәскеде жетті, – дейді. Ара қонып, сәскеде жетіп келді, Қозыке мен Баянды көзі көрді. Мал да болса, екеуі тіл біледі, Бір-біріне көрісіп, зар еңіреді. Арда күрең, Бақа айғыр оған жетті, Қозыке мен Баянның көңілі бітті. Киім-жабдық, ер, тоқым келгеннен соң, Қалла тоны ұжмаққа ұшып кетті. Бар киімін екеуі киіп алды, Бір Құдайға ішінен сыйынады. Бақа айғырды Баянға ерттеп беріп, Күрең атқа Қозыке мініп алды. Екеуі екі атына мінді дейді, Құдайға шүкір қылып, күлді дейді. Екі аты ұшып жүрген құспен бірдей, Аулына Сарыбайдың келді дейді. Баян жас Бақа айғырмен үйге барды, Қозыке күйеу болып түзде қалды. Қаракөз үйден шығып қарсы жүрді, Көрісіп анасына зар жылады. Сарыбай үйден шығып жүгіреді, Баян жас әкесінен түңіледі. Екеуі “жалғызым” деп көріскенде, Жамағат қойдай шулап күңіренеді. Қаракөз Қозыкеге келе жатыр, Жиылды сол елдегі мұңлы пақыр. Дірілдеп жердің жүзі күңіренеді, Болғандай шала молла заманақыр. Сарыбай тағы келді айқай салып, Жиылды мұны көріп барша халық. Қуанған мен қорыққан бірдей екен, Қаракөз сол арада қалды талып. Қаракөз тұрегелді есін жиып, Көзінің құрғатады жасын тиып. Сарыбай ақырында қуанады, Өлтірген Қозыкені көзі қиып. Береді Қаракөздің Құдай датын, Арттырған ел-жұртынан салтанатын. “Күйеу” деп Қозыкені сол арада, Алдынан шатыр тікті, қырық бір қатын. Ат қойып, көп жылқыдан Айбас келді, Баянды Қозыкемен көзі көрді. “Екеуіңді көрер күн, бар екен”, деп, Екеуіне көрісіп зар еңіреді. Сарыбай “тойым бар” деп сауын айтты, Жаратты бәйгі жүйрік арғымақты. Өткендерден бір мысал оның үшін. “Шатыр тікпек күйеуге” сонан қапты. Топта сөйлер ақынның тіл мен жағы, Малы кетсе таяды ердің бағы. Қырық күн ұдай той болды тарқамастай, Сарыбайдың көңілі толған шағы. Сарыбай Қозыкені бала қылды, Баянның Қозыкемен көңілі толды. Елі-жұрты Қозыкенің есінде жоқ, Елінде Сарыбайдың бес жыл тұрды. Жақсыға жаман адам теңелмейді, Адамзат тірлікте не көрмейді? Торғайға қастық қылған жау жеңгесі Баянға ұзатқанша көрінбейді. Жалғызым, жатырмысың, балам, – деді, Бір сұмдық Жидебайға таянды енді. Баян жас шырт ұйқыда жатыр еді, Түсінде Мамабике аян берді. Жақсылық жақсылыққа табылмайды, Дінсіз құл жамандықтан жаңылмайды. Түсінде Мамабике аян беріп, “Құлға күң болдым ғой” деп зар жылайды. Түсінде Мамабике аңырады енді, Ұйқыда Баян бірге зарлады енді. Тәңіріден тілеп алған екі балам, Күн көрер, мен сорлыда, бар ма? – деді. Баян жас ұйқысынан тұрады енді, Мойынын Қозыкеге бұрады енді. – Жалғызым қайдан өніп, қайдан тудың, Ел-жұртыңмен көргендей бар ма? – деді. Бойыңа мін жуымас Алла десең, Кетерсін жаһаннамға арам жесең. Қуанып екеуімізге әкем деген, Зар жылап қалып еді жалғыз шешем. Түсімде бүгін менің шешең келді, “Құлға күң болдым” деп зар еңіреді. Тәңіріден тілеп алған екі балам, Көрер күн мен сорлыға бар ма деді. Қозыке тағат тұтып тұралмады, Көңілін дүниелікке бұралмады. Енді менің тұрарға дәрменім жоқ, Рұқсат ата-анаңнан сұра дейді. Азабын ұзын жолдың сарт көреді. Танымаған бір-бірін жат көреді. “Енді мені жұртыма ұзатсын” деп, Баян жас шешесіне хат береді. Қаракөз ұзатуға ой қылады, Сарыбай “жері алыс” деп қайғырады. Шідертіде Бақа айғыр шідер үзген, Өлеңтіде өлең айтып той қылады. Ақынның топта сөйлер тілі мен бағы, Малы кетсе, таяды ердің бағы. Өлеңтіде бір жер бар “Ақбар” деген, Сарыбайдың той қылған жер ошағы. Он бес күндей той қылып қамын жеді, Қызметіне он жігіт, он қыз берді. Қисабы жоқ қазына толып жатыр, Қырық нар артында қыз жөнелді. Бар жабдығын түгендеп алды сайлап, Қуанады ішінен, а, Құдайлап. Сарыбайдың дәулеті толып жатыр, Қара саба орнатты бие байлап. Қызметіне он жігіт, он қыз ертті, Ақырында мұратқа түгел жетті. Жолдастыққа Сарыбай молда берген, Неке қиып, бір-бірін қосып кетті. Бірнеше күн арада тағы да өтті, Ақырында мұратқа бұлар жетті. Үш күншілік жеріне шығарып сап, Амандасып, ел жұрты қайтып кетті. Бір алты күн арада тағы да өтті, Өлмегенің көресің талай көпті. Тоғыз қонып ауылдан шыққаннан соң, Бір жолдаспен Қозыке озып кетті. Бір жолдаспен Қозыке жөнеледі, Бір түн жатып арада бөгеледі. Қарабай елі жұпардың қорығында, Күн-түн жүріп кешікпей жетіп келді. Бауша-бауша базардан бөз келеді, Ажалдыға атқан оқ кез келеді. Ел шетіне екеуі ілінген соң, Көп қой жайған қойшыға кез келеді. Сол екеуі қойшыға жетіп келді, Мұны көріп, қойшы да сәлем берді. Сәлем беріп, сәлемін алғаннан соң, “Қай ауылдың қойы?” деп сұрады енді. Қойшы байғұс сол жерде налыды дейді, Көзінің жасы жерге ағып тамды дейді. “Менен несін сұрайсың, екі жігіт, Бағып жүрмін иесіз малды”, – дейді. – Қалай-қалай сөйлейсің, қойшы жаным, Мұңлық зарың Құдайға болсын мәлім. Елдің жөнін сұрасақ, зар жылайсың, Бағып жүрсің, иесіз кімнің малын? Тиіп еді бұл дәулет Қарабайға, Құда болған, антұрған Сарыбайға. Соған кетті Қозыке зар жылатып, Қалған дәулет қор болды Жидебайға. Бәрімізді Жидебай жүн қылып тұр, Айтқан сөзін бір Алла бұл қылып тұр. “Қозыке өлді Қодардан” деп есітеміз, Қарабайдың қатынын күң қылып тұр. Болған екен Құдайға мүлде қарсы, Болған екен жетіліп мұндар ғасы. Өлген кісі тіріле ме, әжап емес, Сол Жидебай мырзаның ауылы қайсы? Ауыл жөнін қойшыдан сұрап алды, Қонақ болып үйіне тура барды. Үй артына келді де сөйлес қылды, Үйде отырып Жидебай жауап берді. – Қолыңды отқа, мұндар күң, тосшы, – дейді, Қонақ болса ұятты, бұқшы, – дейді. Үй артына келіп тұр екі кісі, Кім екенін біліп кел, шықшы, – дейді. Бүкең қағып ол кемпір шыға келді, Өз шешесі екенін көзі көрді. Тағат қылып, ол жерде шыдай алмады, Аттан түсіп кемпірге көріседі. Жидебайдың асқанын біліп келді, Жөнсіз оқтай құбылып жүріп келді. Сабыр қылып, өз бойын тоқтатып ап, Сәлем беріп, үйіне кіріп келді. Сәлем беріп, үйіне кіріп келді, Қозыкенің келбетін көзі көрді. Жақсы қонақ екенін таныған соң, Көрпе салып астына құрмет қылды. Күнде қонақ байларға көп келеді, Жөнсіз қонақ келгенін жек көреді. “Екі қонақ жүр екен бір тойсын”, – деп, Екеуіне үш табақ ет береді. Жидебайдың Қозыке жүзін көрді, Жүдегенін шешесі көзі көрді. “Мұңлы кемпір қарны ашқан, бір тойсын” деп, Үш табақ еттің бірін оған берді. –Қонақ, саған не болды қара басып, Алал етті мен бердім саған асып. Жалғызынан айрылған мұндар күңді Неге етіңнен бересің, жаның ашып? –Жан-жағыңа Жидебай қарамайсың, Жалғыз болсаң, жұмысқа жарамайсың. Пақыршылық басыңнан кешкен жоқ па, Неге мұндай мұңлыны аямайсың? –Мырза болып жасымнан өсіп едім, Қонақ басын жақпаса кесіп едім. Мұнша жаның ашиды мұндар күңге, Иесі ме едің, мұның досы ма едің? –Жұртқа өнеге би болсаң, айтар едің, Жылқы бағып құл болсаң, жатар едің. Жағаңды ұстап, тәуба қыл, Жидебайым, Келіп қалса жалғызы, қайтер едің? Сыйлай берсе, қонағым, мырзам дерсің, Әділ болсаң, жұртыңның қамын жерсің. Қодар атып, сүйегі қуарып қалған Өлген кісі тіріліп қайдан келсін? Әр не салса, адамзат көнбей ме екен, Ер жігіттің тілегін бермей ме екен. Жоқтан бар ғып жаратқан Құдіретім, Тірілтуге шамасы келмей ме екен. Бұл сөзбенен Қозыке жатты дейді, Таң сарғайып кешікпей атты дейді. Екі қонақ таң ата атқа мініп, Өрістегі жылқыны тапты дейді. Ер Қозыке бір істі ойлайды енді, Жидебайдың еркіне қоймайды енді. Қырық боз бие жылқыдан айдап келіп, Шырқыратып құлынды байлайды енді. Ұйқысынан Жидебай тұра келді, Байлаулы тұр қырық бие көзі көрді. Ауыл малын бір қонақ билей ме екен, Жан көрмеген, япырмау, бұл не? – деді. Мына қонақ антұрған түпке жетті, Жылқыдағы биемді айдап кепті. Құлынның бірі құрлы басы жоққа, Биемнің бекер байлап тынышы кетті. Жидебай көп сөйлеме, үнің өшсін, Тақылдаған тіліңді Тәңірім кессін. Малданғаны ауылдың сенің малың, Не қыласың кемпірдің көңілі өссін. Қозыкені сөзбенен түңілдірді, Қызы қорқып, шешесін бүгілдірді. Қырық биенің құлынын байлап қойып, Сүтін сауып, шешесін шомылдырды. Құлдан қорқып, шешесі төмен бұқты, Жерде жатқан тезекті қапқа тықты. Тезек тере шешесі жөнелгенде, Оңашаға байғұсты алып шықты. Өзің тапқан Жидебай балаң баеді, Бұған қылған бар меді жазаң? – деді. Өз анасын осынша зар жылатқан, Мұны қылған антұрған надан деді. Өзім тапқан Жидебай балам емес, Мен айтайын тыңдасаң, саған кеңес. Қозыке атты бар еді бір жалғызым, Өлі-тірі екенін ешкім білмес. Қозыке атты бар еді, бір жалғыз балам, Одан мені айырды Алла Тағалам. Қайын іздеп кеткелі, көп жыл болды, Ол кеткен соң, жылаумен күнім қараң. Қозыке атты бар еді жалғыз ұлым, Күміс кекіл, маңдайда, алтын тұлым. Жарын іздеп кеткелі көп жыл болды, Тастап кетті артына мал мен құлын. Ол кеткен соң, Жидебай әбден асты, Мырза болып, бұл күнде малды басты. Мені күң қып ұстайды осы күнде, Сол күндегі күң мен құл бәрі қашты. Мамабике жылады осыны айтып, Әңгімені бастады сөзді ұзатып. Ер Қозыке шешесін қуантпаққа Менмін деді Қозыкең келген қайтып. Мамабике қарады аң-таң қалып, Қозыке отыр алдына басын салып. “Қозыке атты жалғызың – мен” деген соң, Сорлы кемпір сол жерде қалды талып. Домбырасы Баянның алтын тиек, Қайда барса, қор болмас асыл сүйек. Сорлы кемпір сол жерде талып қалды, Қозыке отыр зар жылап, басын сүйеп. Біраз талып, бәйбіше есін жиды, Қозыкенің бас салып, бетін сүйді. Мұратына бір Алла жеткізген соң, Шүкірлік қып, көзінің жасын тыйді. Бір Аллаға қылмысы аянды енді, Жидебайға бір сұмдық таянды енді. Есін жиып алған соң Мамабике, Көшкен елдей күңіреніп Баян келді. Шек келтірме, жігіттер, Құдіретке, Құдіреті Құданың жетер көпке. Хан тағына бәйбіше мініп алып, Ат шаптырып той қылды төңірекке. Баян артып келеді қырық нар түйе, Мұратына жеткізді Жаппар ие. Қозыке мен Баянды көргеннен соң, Көнек алып Жидебай сауды бие. Бір асқанға бір үлкен зауал бар-ды, Оңдамайды әрқашан бейілі тар-ды. Неше күндей той тарқап болғаннан соң, Жидебайдың қатынын Айбас алды. Жаппар Құдай Айбасты жарылқады, Ер Қозыке Айбасқа тарылмады. “Тіршілікте ақ неке қыламын” деп, Айбас таңдап бір қатын тағы да алды. Қозыкенің дәулеті көп-ті дейді, “Айбастікі үштен бірі” депті дейді. Әуелінде азғана мехнат тартып, Мұратына осындай жетті дейді. Жидебай құл қор болып қорғалайды, Бәйбішеге тік тұрып жорғалайды. Жаяу жүріп, сауады көп биені, Табанынан қара қан сорғалайды. Көрмегенді Жидебай көрді дейді, Баян сұлу екі ұлды болды дейді. Қыбы қор боп, биені жаяу сауып, Жидебай құл қор болып өлді дейді. Құдай досты [Мұхаммед] пайғамбары, Бұл мұра ашықтардан қалған зары. Қозы Көрпеш өлгенде Баянда өлген, Сондай болсын әркімнің алған жары. Қозыке мен Баянның болған жері, Бәйшешектей түрленіп толған жері Құдіретіне Құданың бәрі де оңай, Ғибрат ал бұлардан, ердің ері.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.