Қара өлең үлгілері
Келеді айым туып, күңгірт болып, Қой өлер көктемеде қылқұрт болып. Тіршілікте айтамын, ойна да күл, Қаларсың өлгеннен соң, жым-жырт болып.
Search Interface
A research-first corpus interface built for annotation workflows, citation discipline, and cross-lingual reading
Келеді айым туып, күңгірт болып, Қой өлер көктемеде қылқұрт болып. Тіршілікте айтамын, ойна да күл, Қаларсың өлгеннен соң, жым-жырт болып.
Алматы біздің ауыл қырқасында, Бір күн қар, бір күн жауын, бұрқасын да... Мойныңа ақ білекті арта салсам, Ақбілек айрылмаса, қырқасың ба?
Төрт дуадақ дегенде, төрт дуадақ, Қой жайылар көктемде, көк қуалап. Сен есіме түскенде, қимас қалқам, Жата алмаймын төсекте төрт домалап.
Басында Қаратаудың қарға жүрер, Шиқылдап қара жолмен арба жүрер. Сен есіме түскенде сенер болсаң, Шыбын жаным шырқырап зорға жүрер.
Ендеше, Іле деймін, Іле деймін, Іледен өте шықтым, міне, деймін. Кісі жары кісіге жар болмайды, Өз жарыңның тілеуін тіле деймін.
Қаңбақ ұшар Қараойдың желіменен, Суы тасыр Іленің сеңіменен. Кейінгі жастар өсіп білмес қадір, Әркімді алсын Құдай теңіменен.
Құрбым-ау, сылдыр үзбе, сылдыр үзбе, Жаз Майтөбе жайладық, құмды күзде. Болғанмен ауыл шалғай, көңіл жақын, Кетті деп көз көрмеске күдер үзбе.
Майтөбе біздің ауыл шат басында, Ала арқан алты құлаш ат басында. Көңілің алабұртқан бізде болса, Жаудырап екі көзің жат қасымда.
О, қыздар, сары беткей, сары беткей, Жатады теріскейдің қары кетпей. Барында оралыңның ойна да күл, Тұрғанда нұр жүзіңнің әрі кетпей.
Біздің ауыл сұрасаң белтұрғанда, Ұзын ағаш солқылдар жел тұрғанда. Күн мен айын басқаның неғылайын, Тал шыбықтай бұралып сен тұрғанда.
Алатаудың басында қайрақ жатыр, Ауыл малын жайлауға айдап жатыр. Күндіз-түні қасыңнан шықпас едім, Қу тіршілік қолымды байлап жатыр.
Қызығы бұл өмірдің жайлаудағы, Жастықпен бұл көңілім қайда аумады. Есіме сен түскенде сенер болсаң, Ботадай мұңаямын байлаудағы.
Елімнің бір жайлауы Құрымбай саз, Жайлаған алты ай жазда сары ала қаз. Шолпандай таң алдында туып-батқан, Қайтейін, о дариға-ай, ғұмырың аз.
Боз үйден сен шығасың керіліп-ай, Аяқты бір басуға ерініп-ай! Аққудай көлден ұшқан көтеріліп, Жігінен жанарыңның сөгіліп-ай.
Дүние өте шығар ебелектеп, Құрбыға сөз айтамын не керек деп. Сыртыңнан талай құрбың жүрген шығар, Сәуірдің бұлтындай боп төңіректеп.
Олай көшкен ауылым, былай көшкен, Түйем ойнап жартастан құлай көшкен. Бегалының түбінде бек сөйлескен, Сенен артық досым жоқ құдай дескен.
Қоянды шалмай алар қара қаншық, Сұңқарға жем тілеген болар талшық. Есіме, беу, қарағым, сен түскенде, Сыртым сау, болып жүрмін баурым балшық.
Көк балдырған дегенде, көк балдырған, Жолда жүріп жолаушы ат шалдырған. Әй-әй, десем, артыңа қарамайсың, Қарамастай көңіліңді кім қалдырған.
Ұшады көк ала үйрек көлге қарсы, Ұясы жануардың желге қарсы. Кеткенде ауылың шалғай, тату қалқам, Төгілер орамалға көздің жасы.
Ұшады аққу көлден байпаңдаған, Қалқаға бір сөзім бар айта алмаған. Су құйып сырлы аяққа тұндырғандай, Көзіңнен айналайын жаутаңдаған.
Browse authority entries and aliases used in corpus metadata.
Articles
Articles and research findings
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
This corpus was developed to preserve, study, and teach Kazakh folklore in a digital environment