Қара өлең үлгілері
Қаратаудың басында қабандаймын, Қара өлең қапелімде таба алмаймын. Таба алмаймын дегенде, тап бермеші, Еркін жүйрік қызыл тіл амалдаймын.
Search Interface
A research-first corpus interface built for annotation workflows, citation discipline, and cross-lingual reading
Қаратаудың басында қабандаймын, Қара өлең қапелімде таба алмаймын. Таба алмаймын дегенде, тап бермеші, Еркін жүйрік қызыл тіл амалдаймын.
Қаратаудың басында балуан тас, Көтере алмай көзімнен шығады жас. Көтере алмай жатқанда көтеріскен, Ата-анадан жақсы екен құрбы-құрдас.
Қаратаудың басынан арша ап жүрмін, Аршамды көтере алмай шаршап жүрмін. Кеткенде жерің шалғай қос перизат, Көруге ақ жүзіңді аңсап жүрмін.
Қаратаудың басында қар борайды, Басына үлкен адам сәлде орайды. Кеткенде ауылың алыс, ей, қарағым, Қасыңа келіп-кетер кім жарайды?
Қаратаудың басынан қар борайды, Керім жігіт басына сәлде орайды. Сәлдесін бір ораған жүз орайды, Басына сол шіркіннің кім қарайды.
Болғанда ой қарақат, қыр қарақат, Ойпаңнан теріп жедім бір қарақат. Көңілің шыныменен менде болса, Бері жатып, іргеңді оңашалат.
Болғанда ой бүлдірген, қыр бүлдірген, Ойпаңнан теріп жедім бір бүлдірген. Шын көңілің, шын пейілің менде болса, Кісіге сенен басқа сыр білдірмен.
Болғанда ой тошала, қыр тошала, Ойпаңнан теріп жедім бір тошала. Шыныменен көңілің менде болса, Бері жатып іргеңді оңашала.
Болғанда ой қараған, қыр қараған, Кім еді таңертеңгі қой қараған. Кеткенде ауылың алыс, ей, қарағым, Қойныма көзім жасы сорғалаған.
Ендеше, ой балдырған, ой балдырған, Ауылыңды ойпаң жерге кім қондырған. Ау-ой, десем артыңа қарамайсың, Қарамастай көңіліңді кім қалдырған.
Ендеше, тау жайлаймын, тау жайлаймын, Тайым жорға болсын деп тау жайлаймын. Өлеңді ақындықпен мен айтпаймын, Аз тамаша болсын деп айқайлаймын.
Көшкенде жылқы айдаймын кер кекілмен, Аймалап ауық-ауық жел бетімнен. Шырқатып жол-жөнекей ән салғанда, Шаттанып қыздың жаны тербетілген.
Биік бол, биік болсаң жанашырдай, Тату бол, тату болсаң жанашырдай. Аяқты былқ-сылқ етіп баса алмайсың, Бәйгеден жаңа келген қара сұрдай.
Айдап салдым жылқымды Теріскейге, Айдамаса мал шіркін, өрістей ме. Барында тіршіліктің ойна да күл, Өлеңді өстіп айтса, келіспей ме?
Әуедегі жұлдыздың алтауы үркер, Бойжеткен қыз бетіне опа бүркер. Бүгін жаққан опасы ертең кетер, Құдай сұлу етпесе, бәрі бекер.
Айдап салдым жылқыны Теріскейге, Айдамаса, мал шіркін өрістей ме? Бір саңлақты ішінен ұстап мініп, Осылайша ән салсам, келіспей ме?
Жылқыны айдап салдым Теріскейге, Келісер кесте тіксе, мініскейге. Өлеңді жалғыз айту жарамайды, Ән салсақ екі-екіден, келіспей ме?
Жылқымды айдап салдым Шиліөзекке, Жығылдым атым тайып қу тезекке. Барында тіршіліктің күліп-ойна, Қалайық ойнап-күліп бір кезекке.
Ауылым көшіп барады таудан асып, Таудан асқан бұлтпен араласып. Ауылың алыс кеткенде, ей, қарағым, Ақ қағазбен жүрейік амандасып.
Ауылым көшіп барады ылай көлге, Шағи бешпент жарасар қынай белге. Ауылың алыс кеткенде, ей, қарағым, Көз жасыңды көл қылып жылай берме.
Browse authority entries and aliases used in corpus metadata.
Articles
Articles and research findings
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
This corpus was developed to preserve, study, and teach Kazakh folklore in a digital environment