Search Interface

Folklore Text Corpus

A research-first corpus interface built for annotation workflows, citation discipline, and cross-lingual reading

4404 Total records
176,706 Unique word forms (full index)
3957 Avg. Document Length
Clear

Results include: concordance, frequency, collocations

Corpus Records

Showing 20 of 4404 records

Қара өлең үлгілері

Бастарда тойда өлең қысыламын, Өлеңді айта келе ысыламын. Өлеңді бағанадан біздер айттық, Кезекті енді сізге ұсынамын.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жасымнан кеудеме өлең ұялаған, Жаманға оны қалай қияды адам. Өзіңдей жақсы әріптес кез келгенде, Ұсынам құйып алтын пияладан.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ұршығым қолымдағы қорғасыннан, Өлеңге құмар болдым он жасымнан. Өзіңмен айтысуға келіп тұрмын, Айрылып Құдай қосқан жолдасымнан.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жайдары көл көрікті жазым екен, Ұшады көлден аққу, қазыменен. Той да көп, әріптес те, өлең де көп, Баурамас сені ешкім назыменен.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өлеңді айт дегенде айтқан қызық, Маржандай қатар-қатар жіпке тізіп. Өлеңді айт дегенде айта алмасаң, Үлкендер кетер бізден күдер үзіп.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ат жалы ұзын, түйе төбе шашы, Жыңғылдың майдай жанар томаршасы. Азырақ өлең айтып қоздырайық, Өмірдің ойын-той ғой тамашасы.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ән салсаң, өзімдей сал дүрілдетіп, Көлдегі ай нұрындай дірілдетіп. Барында оралыңның ойна да күл, Күн болар бірің қалар, бірің кетіп.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ән мен күй сарқылмайтын қазынамыз, Жасасын әзіл-қалжың, базынамыз. Қайраңдап кемең бір күн қалса аралда, Бірге өскен осы күнді сағынармыз.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Айт десең, айта берем ән қиналмай, Қостасаң болар отқа май құйғандай. Бір жақсы бір жаманмен үйлеспей, Апарып қарайғанға тал қиғандай.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өлеңді мен айтайын, сендер тыңда, Кетпесін судай босқа сіңген құмға. Тыңдаған үлкендерді ұрпақтардың Ұлғаяр парасаты жылдан жылға.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өлеңнің бір пайдасы тойда тиер, Басыңды есіктегі төрге сүйрер. Сөзіңе тауып айтқан дос сүйсініп, Дұшпанның көре алмаған іші күйер.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Дауысым, әнге салсам, саңқылдайды, Айтыста қара өлеңім сарқылмайды. Лайық жақсы өлеңге жауап тауып, Жақсылар ақ алмастай жарқылдайды.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жауынсыз жердің шаңы басылмайды, Күн нұры түспей гүлдер ашылмайды. Өлеңмен айта отыр өз жайыңды, Жақсыдан жақсы сырын жасырмайды.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Қай мерген, мына мерген, білте мерген, Шашың бар, қолың қара күлтеленген. Көсілген көмекейің ақын дейді, Өлеңді қара дауыл сілте бермен.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өлеңді айт дегенде аял болмас, Жаныңды аялаған ажал қоймас. Күл де ойна гүлің барда тіршілікте, Тамаша күнде осындай даяр болмас.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Қара сөз, ұйқастырса, болады өлең, Өмірдің алды таяз, арты терең. Тағдырдың тап болған соң кезеңіне, Үмітті ақтайды деп саған сенем.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Бір нәзік көк аспаннан сағым көрдім, Сол сағым ашатындай бағын көлдің. Қарсылас айтыстағы әріптестің, Талмайтын қара өлеңге жақын көрдім.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Қарасу жағалауы терек екен, Саясы жазда елге керек екен. Айтады сұрағыма жауап тауып, Қалқатай қара өлеңге зерек екен.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Қаракөк жылқы ішінде дөнен болса, Шабысы шаң жұқпастай ерен болса. Өзіңмен тағы армансыз айтысар ем, Осындай ертең де той өлең болса.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ауылың о көште ме, бұл көште ме, Қымызың маған құйған тегеште ме? Жеңемін деп отырсың желдей есіп, Өлеңіңе қарап ал, өңештеме!

Genre: Қара өлең
Previous Page 91 of 221 Next

Reference

Browse authority entries and aliases used in corpus metadata.

Articles

Articles and research findings

Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана — көпқабатты концепт: семантикалық, мәдени және экологиялық талдау

Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.

Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусы: ғылыми талдау және зерттеу мүмкіндіктері

Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.

Қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолдану

Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.

Project Overview

This corpus was developed to preserve, study, and teach Kazakh folklore in a digital environment