Search Interface

Folklore Text Corpus

A research-first corpus interface built for annotation workflows, citation discipline, and cross-lingual reading

4576 Total records
179,281 Unique word forms (full index)
3856 Avg. Document Length
Clear

Results include: concordance, frequency, collocations

Corpus Records

Showing 20 of 4576 records

Қара өлең үлгілері

Өлеңді айт дегенде ақындаймын, Мен ақын сен ақынға жақындаймын. Елік сүтін сен емсең, мен де ішкенмін, Таңдантып тамам жұртты тақылдаймын.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өлеңді ә дегенде ақын бастар, Жаманды сыбағадан құры тастар. Жақсының қайда барса жаттығы жоқ, Жат болма жақсы болсаң, замандастар.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ақынның ән шығады айғайынан, Сұлудың күн көрінер маңдайынан. Жақсының қайда жүрсе жаттығы жоқ, Сөз тамған балдан тәтті таңдайынан.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ал сөйле, қызыл тілім, әтір көмей! Қызбайды көп ортасы ақын келмей. Ән бастап, айтысуға жүрексініп, Жол беріп отыр бізге жұрт үндемей.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Самғаймын, өлең десе, ұшқан қудай, Күн өтер күн артынан зулай-зулай. Барыңда оралыңның ойна да күл, Анаңнан қайтер едің қалсаң тумай.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Шешеннің мүдірмейді тіл мен жағы, Таймайды елдің сыйлап берген бағы. Жел сөзді жүйкітпесек, тұрған күтіп Айнала көпшіліктің сынар сағы.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Тайраңдар түйе ішінде қоңыр тайлақ, Жомарттың жоқшылық жүр қолын байлап. Көңілге тоқ санаған бір бала едің, Өлең айт осындайда тәуір сайлап.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Қар жауады кей жылы қарашада, Қынама бел жарасар аласаға. Тәуір сайлап өлең айт, екі қалқа, Келіп қалдық ойын-той, тамашаға.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жүк мандымас көшкенде түйеге артпай, Ағытайын өлеңнің басын тартпай. Қай дұшпаның кемітер өзіңізді, Ажарыңыз бар екен жанған оттай.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Басынан биік шыңның ұлар қудым, Сенімен айтысуға белді будым. Айтысып сені жеңіп жүлде алмасам, Қуантып ата-анамды неге тудым.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ән шырқап, айтыспасаң дүркін-дүркін, Қарлығып қалады екен дауыс шіркін. Өлеңге тойдағы елді бөлейік бір, Есінен өле-өлгенше кетпей жүрсін.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жылқымды айдап салдым теріскейге, Құлын, тай жылқы ішінде тебіспей ме. Күнде той, күнде жиын бола бермес, Ән салсақ екі-екіден келіспей ме?!

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Күн шығар ертең ерте таудан асып, Әлемге он сегіз мың нұрын шашып. Бұл тойға тамашалап келгеннен соң, Өлең айт көпшіліктің көңілін ашып.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өлеңді айтқан жақсы білгеннен соң, Қасқаяр қасқа тісің күлгеннен соң. Немене бұл өлеңді айтып-айтпай, Бірге өсіп, біте қайнап жүргеннен соң.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Балапан құс талпынар ұядағы, Мал көрінер алыстан қиядағы. Айт дегенде өлеңді айтпай қойсаң, Отырған үлкендердің сынар сағы.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өлеңге жібермеспіз есені біз, Шендеспес қара сөзге шешеніңіз. Тың оймен көп көңілін аудармасақ, Болмайды бүгінге азық кешегіңіз.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Біледі судың жайын мұрап деймін, Жарасар көрпешеге құрақ деймін. Осындай бірме-бірге кез келгенде Айта отыр өлеңіңді шырақ деймін.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жарасар қатар тақса сылдыр үзбе, Қасыңа құрбың келді, білдіңіз бе? Қасыңа құрбың келіп тізе бүкті, Нендей сый көрсетесіз енді бізге?!

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өлеңді айт десе айтпай біз не дейміз, Көз сүзіп көктен өлең іздемейміз. Алдыға айтар кісі кез келгенде, Тасындай диірменнің дөңгелейміз.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өлеңмен ә дегенде дүкен құрдық, Өлеңнің бір сабағын сізге бұрдық. Өлеңім өлеңіңе сай келмесе, Шамы жоқ, айыбы жоқ жайға тұрдық.

Genre: Қара өлең
Previous Page 115 of 229 Next

Reference

Browse authority entries and aliases used in corpus metadata.

Articles

Articles and research findings

Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана — көпқабатты концепт: семантикалық, мәдени және экологиялық талдау

Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.

Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусы: ғылыми талдау және зерттеу мүмкіндіктері

Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.

Қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолдану

Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.

Project Overview

This corpus was developed to preserve, study, and teach Kazakh folklore in a digital environment