Қара өлең үлгілері
Қойым семіз болсын деп тауға бақтым, Таудың сәні келсін деп сырнайлаттым. Тау басынан ертемен кездеспесек, Жас жүректің обалын саған арттым.
Search Interface
A research-first corpus interface built for annotation workflows, citation discipline, and cross-lingual reading
Қойым семіз болсын деп тауға бақтым, Таудың сәні келсін деп сырнайлаттым. Тау басынан ертемен кездеспесек, Жас жүректің обалын саған арттым.
Талға байлап күреңді мінген қандай, Ойнап-күліп құрбымен жүрген қандай. Осы жолы ауылыңа бармақ едім, Бара алмадым ауылыңа жерің шалғай.
Мен қайтейін Қаратау биігіңді, Мерген болып атпадым киігіңді. Жатсам-тұрсам есімнен бір кетпейсің, Енді қайтып басамын күйігімді.
Түзге біткен бәйтерек шынар едім, Өлеңіммен еліме ұнап едім. Бізді мұнда дәм айдап кез келтірді, Бір көруге өзіңді құмар едім.
Жалғыз ағаш жапанда ырғалады, Ойнамаған, күлмеген құр қалады. Оралыңның барында ойна да күл, Опа шегіп жалғанда кім қалады?!
Кең жайлау қандай жақсы жайлағанға, Биені топ-тобымен байлағанға. Келмейді жатсам ұйқым, тұрсам күлкім, Сауығын сахараның ойлағанда.
Өрлеп-құлдап жүруші ек бұлғын бойын, Жағасында көк майса салып ойын. Әсем әнді құбылтып айтқанымда, Бойжеткеннің балқытып тұла бойын.
Көшіп ауылым барады Қауланкөлге, Қашан көшіп жетемін таудағы елге. Қайта айналып көргенше кім бар, кім жоқ, Қош айтайын, қол қысып бұраң белге.
Дәйім менің мінгенім ұзын құла ат, Екі жағы Қобданың малға суат. Ауылың алыс кеткенде туыстарым, Осы әніме сала жүр дәтке қуат.
Бұл өлке біздің ауыл күзеген жер, Қаракөз бойын салып түзеген жер. Көзіме от-жалындай көрінеді, Қолаң шаш уәдесін үзбеген жер.
Аспанда Үркер алтау, Шолпан жалғыз, Домбыра екі шекті қолға алғанбыз. Мұндайда босқа отырып жарамайды, Көпшілік құрметіне ән салғанбыз.
Ну орманның ауылың арасында, Мөлдір бастау тұнық су жағасында. Қай бақтыға, құрбыжан, кез боласың, Талай жігіт сыртыңнан таласуда.
Бұл өлке біздің ауыл жайлаған жер, Желіге асау құлын байлаған жер. Көзіме от-жалындай көрінеді, Айқасып құлын-тайдай ойнаған жер.
Жырқылтыдай жер қайда, қар алмаған, Жібек шашың желкілдеп, таралмаған. Бағаласам бағаңа жан жетпейді, Бұл өлкеде сіздей жан жаралмаған.
Ұлы жұртты жағалай тал болады, Ер жігітсіз көңілің дал болады. Қасіретті қайғысы басқа түссе, Айдын көлге ақ үйрек зар болады.
Ұшады қыран бүркіт шыр айналып, Арықтан су ағады ылайланып. Ер жігіт сері-селтең қорғанменен, Қазығын таппай қоймас бір айналып.
Дегенде жыңғыл шоқпар, жыңғыл шоқпар, Жерлерге бетегейлі жылқым тоқтар. Өлеңнің жақсысы бар, жаманы бар, Айтайын қандай өлең, сылқым сотқар.
Жаз жайлаудың суында жайын семіз, Қайырады күйісін малың семіз. Тау самалы жаныңды жадыратып, Таң сәріде соғады салқын лебіз.
Әнге салам жерімнің ақ бұлағын, Жел тербеген әдемі бал құрағын. Айналайын атыңнан туған жерім, Сен дегенде жүрегім зар жылады.
Балғын көлде дегенде, Балғын көлде, Балғын көлдің балығын алғым келді. Кішкентайдан бірге өскен, беу, қарағым, Аттандырған жеріңде қалғым келді.
Browse authority entries and aliases used in corpus metadata.
Articles
Articles and research findings
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
This corpus was developed to preserve, study, and teach Kazakh folklore in a digital environment