Қара өлең үлгілері
Өзіңді жазда көргем, қыста көргем, Шашымды он екіден ұстап өрген. Іркілмей келген жерден өлең айттың, Баласы жақсы ауылдың нұсқа көрген.
Search Interface
A research-first corpus interface built for annotation workflows, citation discipline, and cross-lingual reading
Өзіңді жазда көргем, қыста көргем, Шашымды он екіден ұстап өрген. Іркілмей келген жерден өлең айттың, Баласы жақсы ауылдың нұсқа көрген.
Ақсай басып келеді торы құнан, Мертіккен-ау жануар тобығынан. Сәті түсіп бұл тойда кездесіппіз, Сусындайық өлеңнің тұнығынан.
Өрнектеп кестелеймін балағымды, Ораймын берен көкпен тамағымды. Сен мұнда өлең айтып отырғанда, Жүр екен кім ермек қып қарағымды.
Өзен судың өлеңім арнасындай, Топқа салған елімнің жорғасындай. Әлгі сөзің шын болса, құрбыласым, Сары алтындай толықсып кел қасыма-ай.
Салдыр-гүлдір етеді сайдың тасы, Салпы қарын боз бие малдың басы. Тәуір сайлап өлең айт, беу, қалқатай, Алып-ұшқан көңілімді қалдырмашы.
Төрдегіге бере отыр шыны кесе, Алыс бар ма ер жігіт жетем десе. Өзіңмен осы тойда кез келіппіз, Айта көр өлеңіңді, жөні келсе.
Қалқатайдың қарашы сөзге ұстасын, Айтып отыр анықтап әр нұсқасын. Қай мақтауға болса да сиясың сен, Қатар өскен қалаулы тұрғыласым.
Пышақты тез өткізер асыл қайрақ, Бау ағашта тұрады бұлбұл сайрап. Дәм-тұз айдап осылай кез келгенде, Өлеңіңді айта гөр тәуір сайлап.
Мен бір өлең айтайын жанамалап, Не келмейді қолыңнан қылсаң талап. Көңілімді қалдырмай өлеңіңді айт, Алыс жерден кеп тұрмын сізді қалап.
Айт, жаным, айт-айт, жаным, өлең білсең, Тірлікте не көрмейсің өлмей жүрсең. Өлеңмен есігін аш, төрін толтыр, Бауы жез, түңлігі алтын үйге кірсең.
Айт-айт, жаным, айт, жаным, өлең білсең, Не көрмейсің өмірден өлмей жүрсең. Бола түсер көңіл шат, өмір қызық, Тартынбай тіршілікте ойнап-күлсең.
Өлең айтқым келмейді ерінгенде, Бойым байсал тартады керілгенде. Жерден алтын тапқандай қуанамын, Тақияңның төбесі көрінгенде.
Ендеше, өлең керім, өлең керім, Өлеңді қозы-лақтай көгендедім. Өлеңді айтпайын деп ойлап едім, Тұсыма келіп қапты кемеңгерім.
Айт дегенде өлеңді аялым жоқ, Желісім бар азырақ, аяңым жоқ. Айтар кісі алдыма кез келгенде, Құдай берген жел сөзді аярым жоқ.
Өмірде өлеңнен жоқ өнер ірі, Кетеді, өлең айтса, көңіл кірі. Айтқаның мың ойланып, жүз толғанып, Артыңда, өлсең де өзің, қалар тірі.
Өлеңім келді сізді көргеннен соң, Айтылды көріп көңіл бөлгеннен соң. Барында оралыңның ойна да күл, Қалады ойын-күлкі өлгеннен соң.
Мен өзім өлеңші емес, өрнек едім, Ішінде машинаның шөлмек едім. Өлең айт, тәуір сайлап бес-алты ауыз, Сыртыңнан лебізіңе шөлдеп едім.
Жүйріктің құнаны не, дөнені не, Кенелтер қашан да елді өнеріне. Алыстан ат арытып келдім іздеп, Қалқатай, қандыршы бір өлеңіңе.
Жанға жағып барады айтқан сөзің, Өнеріңе жеткіздің жұрттың көзін. Жарқылдатып алтынын сен айтқанда, Кім таңдайды өлеңнің өзге жезін.
Айта алсаң, өлең неге өнер емес, Ақымақ, ақыл айтсаң, көнер емес. Барында құзырыңның қудай жайқа, Жас дәурен қайта айналып келер емес.
Browse authority entries and aliases used in corpus metadata.
Articles
Articles and research findings
Short article sample inspired by UNESCO Dede Qorqud/Korkyt Ata page.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
This corpus was developed to preserve, study, and teach Kazakh folklore in a digital environment