Қара өлең үлгілері
Ана тау мына таумен тиісіп тұр, Бастарын бір-біріне иісіп тұр. Екі тау баурайында өскен халық, Құшақтасып Наурызда сүйісіп тұр.
Search Interface
A research-first corpus interface built for annotation workflows, citation discipline, and cross-lingual reading
Ана тау мына таумен тиісіп тұр, Бастарын бір-біріне иісіп тұр. Екі тау баурайында өскен халық, Құшақтасып Наурызда сүйісіп тұр.
Ұшады аққу көлден қазыменен, Жүреді көл жағалап жазыменен. Жарасар ойын-күлкі осындайда, Ойыңды баурайтұғын назыменен.
Өмірің өте келе шал боларсың, Томардай отқа түскен дал боларсың. Ойнап-күл елмен бірге Наурызда, Бұл күнге, өмір өтсе, зар боларсың.
Наурыз—шыр айналған жылдың басы, Адамның өлшенеді өмір жасы. Қазақтың пейіліне жарасады Әр үйде дастарханға толған асы.
Ұлыстың думандатып ұлы күнін, Қамданды ел қарсы алуға күні бұрын. Кім елден өнерімен алғыс алса, Алланың соған жауар нұры бүгін.
Қойнауы Қаратаудың қыстағаным, Өзіңсің таңдап тауып ұстағаным. Ұлыстың ұлы күні жауабыңды айт, Жүзіндей қылпылдамай ұстараның.
Саласы Қаратаудың күздегенім, Құрбыңның білші күдер үзбегенін. Ұлыстың ұлы күні танысып ек, Сен болдың жиын-тойда іздегенім.
Қаратау жазда менің жайлағаным, Көгалға жылда бие байлағанмын. Ұлыстың ұлы күні кездесіп ек, Сен болдың ала жаздай ойлағаным.
Етегі Қаратаудың көктегенім, Үлкеннің алдын кесіп өтпегенмін. Ұлыстың ұлы күні таңдап тапқан Өзіңнен асқан сұлу жоқ дер едім.
Ұлыстың ұлы күні наурызда, Дос түгіл татуласар жауыңыз да. Жер баптап, бұлақтардың көзін ашып, Көшет ек, көше, бақша-бауыңызға.
Қарасу есік алды бойлағаным, Жалғанның қызығына тоймағаным. Кетер ме көмілсем де көкейімнен Қалқаммен ұлыс күні ойнағаным.
Көктемде сең жүреді астаң-кестең, Бауырын ақ түйенің арқан тескен. Ұлыстың ұлы күні бас қосқанда, Құрбыжан, өлеңіңді айт қатар өскен.
Жарасар жүйрік атқа күміс ноқта, Той бастар нағыз ақын жиын топта. Барында оралыңның ойна да күл, Кім білсін мұндай жиын бар ма, жоқ па?!
Ақын жігіт топ жарып той бастайды, Тойды ұнатқан асықпай жай бастайды. Той иесі бай әрі жомарт болса, Болмаса да үлкен ат, тай тастайды.
Тойыңды біз бастайық жайлап қана, Келтіріп нақышына сайлап қана. Тасыған тау өзендей болмасақ та, Көрейік тас бұлақтай қайнап қана.
Басы еді өлеңімнің ахау, игай, Бастадым тойды үлкеннің сөзін сыйлай. Сенемін жастар қостай жөнелер деп, Өтінген бір-бірінің көңілін қимай.
Алтайдың алдырмайды бөденесі, Барқыттың жарылмайды кенересі. Топ жарып өлеңмен той бастап тұрған— Мен болам атақты ақын немересі.
Ар жағы ауылымның Қаракемер, Жаратқан бәрімізді Алла шебер. Сый елдің сыйласардай баласы едік, Қанеки, өлеңмен той бастап жібер.
Айдынға үйрек ұшып, қаз қонады, Қанағат барға жақсы мәз болады. Тойбастар аз болды деп қомсынбаңыз, Әрқашан асыл нәрсе аз болады.
Қиыннан өлең айтам құрастырып, Жәйіңді білгім келді сұрастырып. Аяғын тойбастардың жөні келсе, Айтысқа жіберейік ұластырып.
Browse authority entries and aliases used in corpus metadata.
Articles
Articles and research findings
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
This corpus was developed to preserve, study, and teach Kazakh folklore in a digital environment