Қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолдану
Қазіргі цифрлық әрі жаһандану дәуірде білім беру жүйесінің басты ұстанымдарының бірі – құндылық бағдарлы оқыту. Бұл тәсілдің негізінде жеке тұлғаның рухани, мәдени, адамгершілік және ұлттық құндылықтарды игеруі арқылы тілдік және әлеуметтік дамуы жатыр. Тіл арқылы құндылықтарды жеткізу мен меңгерту білім беру мазмұнының өзегіне айналып отыр. Қазақ тілін оқытудағы басты мақсаттардың бірі – тіл үйренушінің ұлттық дүниетанымын қалыптастыру, мәдени сәйкестігін нығайту, тіл мен рухани құндылықтың байланысын сезіндіру. Осы мақсатта оқыту мазмұнына енгізілетін тілдік бірліктер мен мәтіндер шынайы, өмірлік және мәдени контекске негізделуі тиіс. Соңғы онжылдықта тіл білімі мен педагогика саласында корпустық лингвистика әдістері білім берудің инновациялық бағыттарының біріне айналды. Лингвистикалық корпус – бұл белгілі бір тілдің әртүрлі стилі мен жанрлардағы жазба және ауызша мәтіндерінің электрондық базасы, ол зерттеу мен оқытуда нақты дереккөз ретінде пайдаланылады. Дәстүрлі қолданылып жүрген оқыту ресурстарына қарағанда корпустар тіл үйретушілер мен үйренушілерге әлдеқайда көбірек ақпарат ұсынады. Олар деректерге негізделген оқытуда (Data-Driven Learning, DDL) анықтамалық ресурс ретінде қолданыла алады – яғни оқушылардың өздері тікелей немесе мұғалімнің көмегімен, не болмаса корпусқа негізделген дайын оқу материалдарын пайдалану арқылы жанама түрде пайдалану мүмкіндігі бар. Корпус зерттеулерінің пайдалы жақтарына келсек, біріншіден, тілдік деректері әрдайым өзекті, екіншіден, шынайы. Қазіргі отандық зерттеулер корпусқа негізделген оқытуды одан әрі дамытып, қолдануға ыңғайлы құралдар мен дайын материалдарға көбірек назар аудартса, көп нәрсе ұтуға болады. Зерттеу нәтижелері корпусқа сүйенген оқытудың ана тілінде ғана емес, басқа тілдерде де сөйлеуі мен жазу дағдысына оң әсер ететіні шетелдік зерттеушілер еңбектерінде айтылып жүр. Соңғы кездері корпус зерттеулеріне қызығушылықтың артып келе жатқаны байқалады. Алайда оның кең таралмауына маңызды кедергілердің бірі – тіл үйретушілердің тіл мамандарының корпус зерттеулерін жеткілікті деңгейде қолданбауы. Болашақта басты басымдық ретінде корпус зерттеулерін анықтамалық ресурс ретінде стандарттау мәселесі қойылуы керек, бұл олардың кең аудиторияға қолжетімділігін және тиімділігін арттырар еді. Отандық «Қазақ тілінің ұлттық корпусы», «А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы», «Тіл-Қазына корпусы», «Фольклорлық мәтіндер корпусы» сияқты жобалар қазақ тілінің нақты қолданысын жүйелеуге мүмкіндік берді. Бұл ресурстар арқылы тілдің семантикалық, прагматикалық және мәдени қабаттарын сандық және сапалық тұрғыдан талдауға мүмкіндік бар. Қазақ тілін оқыту үдерісінде осындай корпус деректерін пайдалану арқылы құндылығы жоғары мазмұнды іріктеу, яғни оқыту мәтіндерінен ұлттық, рухани және адамгершілік құндылықтарды бейнелейтін тілдік материалды таңдап алу, білім сапасын жаңа деңгейге көтереді. Мақаланың мақсаты – қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздерін талдау, сондай-ақ тәжірибелік тұрғыдан оның тиімділігін көрсету. Құндылыққа бағдарланған оқыту – білім алушы тұлғаның адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын саналы түрде меңгеруін, оларды өзінің мінез-құлқы мен шешімдер жүйесіне енгізуін мақсат ететін педагогикалық тұжырымдама. Бұл модель білім беруді тек білім мен дағды беретін процесс ретінде емес, рухани-адамгершілік тұрғыдан кемелденген азамат қалыптастыру үдерісі ретінде қарастырады. “Құндылық бағдарлы оқыту” ұғымын білім философиясы тұрғысынан В.А. Сластенин, И. Зязюн, ал отандық педагогикада С. Ұзақбаева, Ә. Табылдиев, Ш.Қапантайқызы сияқты ғалымдар зерттеген. Олардың еңбектерінде білім берудің басты мақсаты тек білім беру емес, құндылықтық сана қалыптастыру екені атап көрсетіледі. В.А. Сластенин құндылықтық-бағдарлы тәрбиені тұлғаның әлеуметтік және рухани тәжірибесін мақсатты түрде қалыптастыру үдерісі ретінде сипаттайды; яғни тәрбие – бұл құндылықтарды меңгертуге бағытталған мәдени транслция [1]. “Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы” (әл-Фараби) дегенді мойындайтын, қалай болғанда да қазақ тілінің табиғи философиялық мазмұнын ішінен терең танитын зерделі лингвист-педагог оны өз шәкірттерінің бойына дарытуға, тілдің шынайы мәнін түсіндіруге енжар бола алмауы керек. И. Зязюн құндылыққа бағдарланған білім беруді тұлғаның рухани-адамгершілік кемелденуіне, мәдени тұрғыдан өзін-өзі анықтауына және әлеуметтік жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуына бағытталған процесс ретінде қарастырады [2]. Қазақ тілін оқытуда бұл бағытты дамыту А. Байтұрсынұлының, Қ. Жұбановтың және Р. Сыздықтың еңбектерінде де көрініс тапқан болатын. А. Байтұрсынұлы «Тіл – құрал» еңбегінде тілдің рухани және тәрбиелік қызметін ерекше атап өтсе [3], Р. Сыздық сөз мәдениеті мен ұлттық мінез-құлық сабақтастығын сөз құдіретін арқылы танытады [4]. C.Ұзақбаева ұлттық тәрбие арқылы болашақ тұлғаның ұлттық сана-сезімін, рухани-адамгершілік келбетін, мәдени жауапкершілігін қалыптастыруды негізгі міндет ретінде көрсетеді [5], ал Ә. Табылдиев ұлттық тәрбиені халықтың жинақталған адамгершілік тәжірибесін, салт-дәстүр мен рухани құндылықтарын жас ұрпақтың санасына дарытуға бағытталған жүйе түрінде сипаттайды[6]. Ш. Қапантайқызы ұлттық тәрбие, құндылықтарды білім беру мазмұнына енгізу, әсіресе, «тіл арқылы ұлттық тәрбие беру» ілімін болашақ педагогтарды даярлау бағдарламасына енгізу қажеттілігін ұсынып жүрген авторлар қатарында. Бұл бағытта «тіл арқылы берілетін ұлттық тәрбие» болашақ мұғалімнің кәсіби дайындығына аксиологиялық өлшем енгізетіндігіне қатысты ой айтады: яғни, басқаша айтқанда, мұғалім тек тіл мен мазмұнды емес, сонымен қатар құндылықтық өлшемді жеткізуші тұлға болуы керек. Ғалым Ш. Қапантайқызы өз зерттеулерінде құндылыққа бағдарланған оқытуды болашақ педагогтың кәсіби даярлығына енгізуді, яғни ұлттық сана, мәдени жауапкершілік және адамгершілік құндылықтарды оқыту мазмұнының өзегіне айналдыруды қажет деп санайды [7]. Сөйтіп, құндылыққа бағдарланған тілдік білім тек коммуникативтік құзыреттілікті емес, мәдениетаралық құзыреттілік пен ұлттық болмысты сезіну қабілетін қалыптастыруға бағытталады. Қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда тілдік корпус деректерін пайдалану – педагогикалық-аксиологиялық және лингвистикалық-технологиялық бағыттарды біріктіретін кешенді әдістеме. Біз бұл зерттеуде отандық корпус базалары деректерін пайдаландық. Бұл ресурстардағы мәтіндер морфологиялық және семантикалық белгіленімдермен аннотацияланған. Зерттеу барысында «ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық», «ата-ана», «еңбек», «ел», «Отан» сияқты ұлттық құндылықтарды білдіретін лексемалар жиілігі мен контекстік қолданысы анықталды. KWIC (Keyword-in-Context) әдісі арқылы лексемалардың мағыналық өрісі мен прагматикалық қолданысы талданды [8]. Корпус нәтижелері педагогикалық-аксиологиялық тұрғыдан түсіндіріліп, құндылық ұғымдарының мәдени-танымдық мазмұны анықталды. Бұл әдіс Зязюн (2001) ұсынған «тұлғаның рухани-адамгершілік дамуы» [2] және Ұзақбаева (2010) сипаттаған «ұлттық тәрбиенің мәдени кодын жеткізу» идеяларымен сабақтасады [5]. Корпус талдауы қазақ тіліндегі құндылықтық концептілердің мазмұндық және прагматикалық табиғатын ашады. Мысалы, «ар», “намыс” сөздері мақал-мәтел, публицистикалық және көркем мәтіндерде жиі кездесіп, моральдық жауапкершілік пен ұят мәдениетінің көрінісін білдіреді: Ар: «Ердің құны жүз жылқы, ары мың жылқы», “Жігіт арының құлы, Жаман малының құлы”, “Тәнім жанымның садағасы, Жаным арымның садағасы” (Халық мақалы), “Мал үшін таласпа, Ар үшін талас”, “Малсызға малға балап, ұйқы берер, Арсызға арға балап, күлкі берер”, “Қанша тұлпар десе де, Мініп болмас жалсызды. . Қанша білгіш десе де, Халық сүймес арсызды” (“Бабалар сөзі”); Корпус базасында “ар” сөзі
1-графика. “Ар” сөзінің “Тіл-Қазына” корпусында қолдану жиілігі [9]
Бұл тілдік құрылымдар корпус контексінде жиі қайталанатындықтан, оны оқыту мазмұнына енгізу тұлғаның этикалық-құндылықтық түсінігін дамытуға ықпал етеді. «Намыс» концептісі көбіне ұлт, ерлік, азаматтық борыш ұғымдарымен қатар қолданылған. Корпуста оның жиі кездесетін тіркестері: «ел намысы», «ер намысы» – бұлар мәдени және әлеуметтік құндылықтардың өзегін құрайды: Қоянды қамыс өлтірер, Ерді намыс өлтірер”, “Бөріктінің намысы бір”, “Ер намысының құлы”,“Шөлдің қамысы болмайды, Жаманның намысы болмайды”, ”Намыссыз езден Иесін қорғайтын ит артық”. Фольклорлық мәтіндер ішінде 40 мәтіндік корпус базасы дерегі қолданылды. Онда “ар” сөзі 11 рет кезігеді, бірақ ешбір мәнмәтінде “ар-намыс” мағынасында қолданылмаған, ал “намыс” сөзі сөзформалық түрленімде 2 рет қолданылған, бірақ мәтін/сөйлем семантикасы имплицитті түрде ар, адамгершілік мәнінде жұмсағанын, байқадық. Мұның өзі тіл табиғатына және тілді балалар таным, қабілетіне сай құруда халықтың баланы тұлға ретінде өсіруге ықпал ететін жекелеген биік тілдік категорияларды бейсана дамытуды көздейтіндігі деп тұжырымдаймыз. Мұндай тұспалды интенция, терең имплициттілік қазақтың тілдік тұжырымдамалары іспетті тұрақты құрылымдар, мақал-мәтелдер бойынан да көрініп отыратындығымен дәйектер едік. Демек корпус базасын, мәселен фольклорлық мәтіндер базасының өзін құндылық бағдарлы білім беруде бірнеше жағдайда қолдануға мүмкіндік бар: біріншіден, балаға оқу материалы ретінде; екіншіден, баланың ізденімпаздығын дамыту мақсатында (мысалы, корпус базасындағы кейіпкерлірді іздеп, оның қандай мінез-құлқы немен ассоциацияланатынын, т.с.с. өз бетімен зерттеу жасату, қай жанрда қандай ұғымдар, тіркестер, немесе сөздер кезігетінін сандық, сапалық талдау). Үшіншіден, мұғалімнің өзі үшін (зерттеу, тапсырмалар құру, т.б.) де деректік база ретінде, бірліктерді бастауыш және негізгі деңгейде құндылыққа бағдарланған оқу материалдары ретінде пайдалануға мүмкіндік бар. Корпус деректері арқылы оқыту мазмұнын талдау нәтижелері бойынша іріктеудің үлгісі қалыптастырылды. Зерттеу нәтижесінде төмендегідей үш сатылы модель ұсынылады: - Құндылықтық концептілерін анықтау. Корпустан жиілік және контекст бойынша құндылық мәні бар лексемалар мен фразеологизмдер таңдалады. Мысалы: «адалдық», «жомарттық», «сабырлық», «махаббат», «ата-ана», «еңбек», «достық». - Контекстуалдық талдау және педагогикалық тәпсірлеу. Әрбір бірліктің қолданылу контексі анықталып, сол контекст негізінде мәдени-аксиологиялық түсініктеме беруге болады. Мысалы: «жомарт» сөзі тек «байлығын/барын бөлісуші» емес, қазақ мәдениетінде «рухани кеңдік», «адамгершілік жомарттық» мәнінде де қолданылады. - Пән материалы ретінде тапсырмалар құру, оқу мазмұнына енгізу. Алынған мысалдар корпус негізінде жасалған мәтіндік тапсырмаларға түрлендіріледі: - жиілік диаграммасын талдау; - контекстен құндылық мағынасын анықтау; - корпус конкорданстарын пайдаланып сөйлем құрастыру; - құндылық ұғымдарын салыстыру (мысалы, «ар» – «ұят», «намыс» – «құрмет»). Бұл үлгі білім алушылардың тілдік және мәдени рефлексиясын қатар дамытады. Корпус деректерін пайдалану тілді құндылықтық тұрғыдан оқытудың ғылыми негізін нығайтады. McEnery & Hardie (2012) [8] корпус әдісінің басты артықшылығы ретінде тілдің шынайы қолданысын дәлелге айналдыруды атаса, Biber және т.б. (1998) оқытудағы тілдік деректердің репрезентативтілігі мен жиілік принципін ұсынған [10]. Корпус әдісі осы ұстанымды сандық және эмпирикалық деңгейде дәлелдеуге мүмкіндік береді. Мысалы, жиілік пен контекст талдауы арқылы ұлттық құндылықтардың тілдік көріністерін анықтау – оқушының рухани және мәдени әлеуетін дамытуға қызмет етеді. Оны Qazcorpus-тан іріктелген сөйлемдер, жүргізілген жиілік пен мәнмәтіндік талдау арқылы дәйектеуге болады: «адамгершілік» сөзі 215 рет, «намыс» 178 рет, «сабыр» 93 рет, «жомарттық» 64 рет, «мейірім» 57 рет кездескені анықталды. Бұл деректер қазақ тілдік кеңістігіндегі құндылықтар жүйесінің жиілік репрезентациясын көрсетті. Зерттеу нәтижесінде мынадай тұжырымдар жасалды: Құндылық бағдарлы оқыту тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған педагогикалық жүйе болып табылады. Тілдік корпустар (Qazcorpus (https://qazcorpus.kz/), А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша корпусы (https://baitursynuly-corp.kz/ ), Фольклорлық корпус (пилоттық режімде https://project13093145.tilda.ws/page67863055.html) қазақ тілін құндылықтық тұрғыдан оқытуға арналған нақты және объективті дереккөзі бола алады. Корпус деректері негізінде іріктелген лексикалық және фразеологиялық бірліктер оқушылар мен студенттердің мәдени-аксиологиялық дүниетанымын кеңейтеді. Корпустық талдау әдістері (жиілік, контекст, конкорданс) тіл үйретудің ғылыми дәлдігін арттырып, құндылықтық мазмұнды сандық тұрғыдан негіздеуге мүмкіндік береді. Педагогикалық тұрғыдан корпусқа сүйенген әдіс оқыту процесін деректік, заманауи және интерактивті етеді, ал оқушылардың тіл мен мәдениет арасындағы байланысты түсіну қабілетін күшейтеді. Болашақта бұл бағыттағы зерттеулер корпус деректерін жасанды интеллект құралдарымен біріктіріп, автоматты құндылықтық контент іріктеу жүйелерін әзірлеуге бағытталуы мүмкін.
Ғылыми мақала Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары ғылым министрлігі ғылым комитеті тарапынан гранттық қаржыландырылған AP23490928 «Қазақ тілі мен әдебиетін құндылық бағдарлы оқытудың инновациялық технологиясы» (Ғылыми жетекшісі . Ш.Қапантайқызы) ғылыми жобасы аясында орындалды.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.Сластенин, В. А. (2002). Педагогика профессионального образования. Москва: Академия. 2.Зязюн, И. А. Педагогическое мастерство учителя. Киев:Вища школа. 2001 3.Байтұрсынұлы А. Шығармалары – Сочинения. Он екі том. Тіл–құрал. Қазақ және орыс тілдерінде /Ахмет Байтұрсынұлы. – Астана: «Алашорда» ҚҚ, 2022. 4.Сыздық, Р. Сөз құдіреті [Мәтін] : оқу құралы / Р. Сыздық. - Алматы : Санат, 1997. - 224 б. 5.Ұзақбаева, С. А. Этнопедагогикалық тәрбие және ұлттық құндылықтар. Алматы: РБК. - 2010 6.Табылдиев, Ә. (). Қазақ этнопедагогикасы және халық тәрбиесі. Алматы: Қазақ университеті. - 2004 7.Қапантайқызы, Ш. Қ. Ұлттық тәрбие пәнін болашақ педагогтарды даярлауға енгізудің құндылықтық негіздері. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Хабаршысы (Педагогика сериясы). 2021 8.McEnery, T., & Hardie, A. Corpus linguistics: Method, theory and practice. Cambridge Un. 2012 9.“Тіл-Қазына” корпусы// [электрон ресурс] URL: https://qazcorpora.kz/ 10.Biber, D., Conrad, S., & Reppen, R. Corpus linguistics and teaching. Cambridge University Press. 1998