Іздеу интерфейсі

Фолклор мәтіндері корпусы

Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі

4273 Жалпы жазба
174,654 Бірегей сөзформа (толық индекс)
4009 Құжаттың орташа ұзындығы
Тазалау

Нәтижелер: конкорданс, жиілік, коллокациялар

Корпус жазбалары

20 / 4273 жазба көрсетілуде

Қара өлең

Мінгенім астымдағы жирен едің, Жирен ат, сен шідерге үйренбедің. Оятып, ұйықтап қалсам, кісінеген, Адамнан ана-мына ақылды едің.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009

Қара өлең

Мінгенім таулы жерде ақ қояным, Ауылыңның арт жағына ат қоямын. Атымды ұры-қары алмасын деп, Төрт бөліп түн ұйқымды оянамын.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Мінгенім дәйім менің айғай күрең, Жұлқынар, топтан шықса, айғай-сүрен. Күреңің анадайдан кісінейді, Қыз көрсе ен далада қаңғып жүрген.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Мінгенім дәйім менің қызыл сары, Келісті өзінің де құйрық-жалы. Сары атым әрі жорға, әрі жүйрік, Болсашы дәл осындай малдың бәрі.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Мінгенім дәйім менің көктөбелім, Көктөбел жылқысы еді Көктөбенің. Астымда көктөбелім аман болса, Баруға жақын болар алыс жерің.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Мінгенім дәйім менің қашаған кер, Керімнің алды аяңдап, арты желер. Келгенде зар бабына қашаған кер, Аспанда ұшып жүрген құсқа жетер.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Мінсем – ат, артсам – түйе, кершолағым, Шолақтың шабысына таң қаламын. Болғанда қыстың күні қансонарда, Күніне алты-жеті түлкі аламын.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Мінсем – ат, артсам – түйе, торшолағым, Ұзақ жыл серік болған сол шолағым. Мал еді шолақ құйрық, тоқпақ жалды, Қайшылап жүруші еді қос құлағын.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Мінсем – ат, артсам – түйе, сұркиігім, Ішінде таңдаулысы төрт түлігім. Қабырғалы, жоталы, өзі күшті, Сол ғана алал еттен бар көлігім.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Мінсем – ат, артсам – түйе, шыбарым-ай, Мал қайда дүниеде шыбарымдай? Мойны ұзын, қамыс құлақ, майда жалды, Сымбаты Жырғалаңның шыбарындай.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Мінгенім астымдағы шыбар тайым, Білесің шыбар тайдың өзің жайын. Әкетем мінгестіріп тірі болсам, Шыбар тай ат болғанда тұрсаң дайын.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Мінгені қалқатайдың түйе ме екен, Жануар, жақсы-ақ екен түйе деген. Түйені үлкен тұрғай, жас бала да, Тізіп ап бұйдасынан жетелеген.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Мінемін ел көшкенде ақтан керді, Ақтан кер алды аяңдап, арты желді. Бүйірі ақтан кердің қызғанда, Талғамай шабушы еді ылди-өрді.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Мінгенің астыңдағы қақпанбелің, Жарасар әшекейлеп жапқан кежім. Қақпанбел астыңдағы аман болса, Сайрандап жүретұғын келді кезің.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Мінемін көшкен сайын бөкен санды, Қайтып тастап кетесің баққан малды. Өзіңді айттыруға көңілім ауды, Берейін қорамдағы барлық малды.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Мал жақсы жылқы деген бағып жүрсе, Мойнына үкі, тұмар тағып жүрсе. Көңілі ер жігіттің көтерілер, Үкілеп бір жорғаны мініп жүрсе.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Мал жақсы жылқы деген айдағанға, Асау тай жуасиды байлағанға. Ішінен бір жорғаны таңдап мініп, Жігітке бұл бір орай ойнағанға.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Мал жайылар жотаның жолы қиыр, Балаусалы шалғыны соны биыл. Жылқы деген мал жақсы жылыстаған, Мінсең-түссең, көзге ыстық, жаныңа үйір.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Мал жайылар қыстауда қарасынға, Қар жатпайды желді жер даласында. Астымда тобылғы тор ойнақтайды, Шапқан ат ілеспейді жорғасына.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Қырға айдадым үйірін қысырақтың, Құлагерге мәпелеп үкі тақтым. Арда емген асауды ұстап мініп, Қысы-жаз ұйқы көрмей жылқы бақтым.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)
Алдыңғы 1 / 214 бет Келесі

Анықтамалық

Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.

Мақалалар

Мақалалар, зерттеу нәтижелері

Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана — көпқабатты концепт: семантикалық, мәдени және экологиялық талдау

Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.

Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусы: ғылыми талдау және зерттеу мүмкіндіктері

Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.

Қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолдану

Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.

Жоба туралы мәлімет

Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды