Қазақша
Арыстан дертінің емі
Аңдар патшасы арыстан қартайып, науқасқа шалдығады да, үңгірінен шыға алмай жатады. Патшасының көңілін сұраған барша аң келіп-кетіп, кіріп-шығып жүреді. Түлкі ғана мезгілінде келе алмапты.
Мұны естіген соң, қасқыр бір қулығын асырып, өзін алдап жүрген түлкіден кек алғысы келіп, науқас арыстанға оны жамандай бастапты:
– Түлкі сені патшам деп құрметтемейді екен. Патшасының көңілін сұрамағаны оңбағандық! – деп, арыстанның ызасын қоздырып, ашуына май құйыпты.
Сол кезде үңгірдің аузына келіп қалған түлкі қасқырдың бұл сөзін естіп: «Тұра тұр, бәлем, өшімді алармын!» – деп кіжініп, тісін қайрайды. Сонан соң ештеңе білмегендей, жылмаңдай кіріп келеді. Түлкіні көзі шалған арыстан қаһар төгіп, айқай салыпты.
– Сен менің көңілімді сұрамай, қайда жүрсің? Сонда түлкі:
– Сабыр, тақсыр, сабыр, – депті жалбарынып. – Сөзімді тыңдаңыз! Менің осыншама кешігуімнің себебі бар еді.
– Ол не қылған себеп?
– Шұғыл шаруамен дала кезіп жүрдім. Ол не шаруа десеңіз, жер дүниені кездім, дертіңізге дауа болатын дәрі іздедім. Барлық дәрігерлерден сұрастырдым. Ақыры тауып келіп отырмын.
Мұны естіген арыстан:
– Ол қандай дәрі? – деп сұрапты қуанып.
– Дертіңіздің емі мынау екен, – депті түлкі, – қасқырдың терісін тірідей сыпырып алып, жылы күйінде үстіңізге жабыстырып киіп алсаңыз, жазылады екенсіз.
Мұны ести сала арыстан атып тұрып, қасқырды бас салып, терісін сыдырып, үстіне киіп алыпты.