Корпусқа оралу

Алтын сақа

Ертеде бір бай болыпты, төрт түлігі сай болыпты. Жалғыз-ақ бір балаға зар болыпты. Сүйтіп жүргенде қатыны жүкті болады. Бір күні жылқыларын суарайын деп суға айдап барса, бір шикі өкпе судың бетінде қалқып су ішкізбейді. Бай өкпені құрықтың көтімен бір салады. Сол кезде өкпе жалмауыз кемпір болып байдың жағасынан алады...

ATU 314ААА314.1.
Қазақша
Алтын сақа
Ертеде бір бай болыпты, төрт түлігі сай болыпты. Жалғыз-ақ бір балаға зар болыпты. Сүйтіп жүргенде қатыны жүкті болады. Бір күні жылқыларын суарайын деп суға айдап барса, бір шикі өкпе судың бетінде қалқып су ішкізбейді. Бай өкпені құрықтың көтімен бір салады. Сол кезде өкпе жалмауыз кемпір болып байдың жағасынан алады. «Сені мен жалмап қоямын» дейді. Бай жалынады. «Барлық малымды ал, сұрағаныңды берейін, мені босат» дейді. Кемпір: «Қатыныңның ішіндегі баланы туған соң маған бер» дейді. Бай амалсыз бермек болады. Сосын кемпір босатып «кезінде келемін» деп жүре береді. Бір күні байдың қатыны босанады. Ай десе айдай, күн десе күндей бір ұл табады. Біраз жыл өтеді, бала он жасқа келіп қалады. Бір күні бай жылқысын суға апарады. Кемпір байды ұстап алып: «Сен неге алдадың, балаңды қашан бересің?» – дейді. Бай: «Берейін, қашан аласың?» – дейді. – «Ертең көшемін, сонда баламның алтын сақасын жұртқа тастап кетейін, балам сақасын іздеп келер. Сонда өзің ұстап ал», – дейді. Кемпір «жарайды» деп кетеді. Бай ертесінде көшіп кетеді. Көшіп барғаннан кейін бала сақасын іздеп әкесіне келеді. Әкесі «жұртта қалған шығар» дейді. Бала тұрып: «Мен барып сақамды алып келемін», – деді. Әкесі айтады: «Жүген алып жылқы ішіне бар, жүгенді сылдырлат, қай бетіңе қараған атты ұстап мін», – дейді. Жылқыға барады. Жүген сылдырлатады. Сосын бір қотыр ала тай қарайды. Сосын қотыр ала тайды ұстап жүген салды. Алатай жүген салғанда құнан болады. Бала мініп жөнелгенде бесті тұлпар болады. Бала сақаны іздеп келе жатқанда атқа тіл бітіп сөйлейді: – «Сенің әкең бір күні жылқы суарғанда жалмауыз кемпір ұстап, әкеңді өлтірмек болды. Әкең қорыққаннан жалмауыз кемпірге сені бермек болған. Сонымен сені алдап сақаңды жұртқа тастап кетті. Барғанда жұртта бір кемпір отырар. Ол «Тұрсам, отыра алмаймын, отырсам, тұра алмаймын» дер. Сонда сен сақаны аттан түсіп алушы болма, мен бетегеден биік, жусаннан аласаболайын, сеналақаш», – дейді. Бала«жарайды» депжүріп кетеді. Жұртқа келсе, айтқандай бір кемпір отыр. Бала: «Шеше, алтын сақамды алып берші», – дейді. Кемпір: «Шырағым, отырсам, тұра алмаймын, тұрсам, отыра алмаймын», – дейді. Бала сөзін үш қайтара айтады. Кемпір де үш қайтара жауап береді. Сосын ат жусаннан аласа, бетегеден биік болып қалғанда жерде жатқан сақаны бала ала қашады. Кемпір тұра қуады. Кемпір: «Ұр аяғын, ұр!» – деп бір тісін суырып алып лақтырып жібереді. Тісі келіп баланың астындағы атының бір аяғын кесіп түсіреді. Ат үш аяғымен қашады. Кемпір тағы бір тісін лақтырып аттың тағы бір аяғын кесіп түседі. Тағы екі тісін жұлып лақтырады. Аттың төрт аяғы кесіледі. Сөйтіп, кеудесімен қашып бара жатқанда бір тайынша кез болып бала соған мініп қашады. Тайыншамен қашып келе жатқанда кемпір қуып жетеді. Жете бергенде тайынша кемпірдің бетіне тышқақтап қалады. Сосын Кемпір: «Балам, тұра-тұр, көлге бетімді жуып келейін», – деп кетіп қалады. Бала тайышамен ұзап кетеді. Кемпір тағы қуып жете бергенде тайынша тағы тышқақтап қалады. Кемпір тағы қалып қояды. Боқты жуып тастап, қуа беріп бір жерге келгенде, тайыншаның ішіндегі боғы таусылып, бір бәйтеректің басына мінеді. Кемпір тағы келіп бәйтеректі тісімен қаза бастайды. Сонда бір түлкі келіп: «Шеше, шаршаған шығарсыз, мен қаза тұрайын», – дейді. Кемпір ұйықтап кетеді. Түлкі қазған болып, кемпір ұйықтағанда тісті алып қашып кетеді. Кемпір оянса, түлкі жоқ. «Қап, бәлем, қылған екенсің!» – деп тағы бір тісін суырып алып қайта қазады. Сонымен, кемпір бәйтеректі құлатуға жақындатады. Сол мезгілде аспаннан бір қаз ұшады. Бала қазға жалынады. Қаз ұшып баланың еліне барып екі тазысына айтады. Екі тазы баланы іздеп шығады. Кемпір келе жатқан иттерді көріп балаға айтады: «Балам, анау не?» – дейді. Бала: «Ол байдың асау қысырақтары ғой», – дейді. Кемпір тағы қазады. Әрбірден соң тағы сұрайды. Бала айтады: «Ол байдың тазылары ғой», – дейді. Сосын кемпір біліп, өзі жан-жаққа қарап жанындағы бір апанға түсіп өледі. Баланың тазылары келіп: «Кемпір қайда?» – деп сұрайды. Бала: «Әне жерде!» – деп көрсетеді. Екі тазы кемпірді алып шығып, шайнап-шайнап өлтіреді. Сосын бала екі итті кезек-кезек мініп, үйіне аман-есен қайтады. Сүйтіп, мұратына жетеді.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.