Корпусқа оралу

Қызыл мысық

Араларындағы айтыстарды бітіріп, араздықтарына ағалық ету үшін арыстан аң атаулыны аралдағы алаңға жияды. Тағылардың тартып алғаны мен азулылардың айдап алғанын айта келген аңдар адам айтқысыз көп еді. Үлкен құлағы үдірейген, қорқақ жүрегі лүп-лүп еткен қояндар тобы да талай арыздарын ала келіседі. Қоянқұлақтау келген...

ATU 103 ATU 103А ATU СУС103
Қазақша
Қызыл мысық
Араларындағы айтыстарды бітіріп, араздықтарына ағалық ету үшін арыстан аң атаулыны аралдағы алаңға жияды. Тағылардың тартып алғаны мен азулылардың айдап алғанын айта келген аңдар адам айтқысыз көп еді. Үлкен құлағы үдірейген, қорқақ жүрегі лүп-лүп еткен қояндар тобы да талай арыздарын ала келіседі. Қоянқұлақтау келген қайқы құйрық тиіндер тобының жанында отырған қосаяқ пен ақкіс те, құндыз да құр алақан келіп отырмаса керек. Жазықсыз жаза көретін бөкен, жирен жорға жұпар, құлан тобы арқалап келгенін аялсыз айтуға асығып отырады. Итпен әрі-сәрілігі айтылып жүретін аласа ғана саркістер тобы олардан әнтек әрірек орынға отырады. Айналасындағыларды алымсынбағандай әдейі айбарлана келген аюлардың ойында да күдік жатады. Олар икемсіз денелерімен топас қозғалып, басқалардың өр жағынан орын алады. Айналаның апшысын қуырып, азулылардың арасында «айға шапқан ажарлыңмын» дейтін арыстан «тағдыр мені таққа жаратқан, тағымнан таярым жоқ» деп тәкаппарлана қарап, жиын мінбесіне арналған жартастан түспей отырады. Аңдарға ақырын айтатын сөзді ақырып айтатын оның түсінен «төр төренікі, төбе төрдегінікі, төбе басы төбелеріңді шайнайды» деген үрей шығып, аңдардың арасын аралап жүрген секілденеді. Арыстанның қасында жамбастай жатқан жолбарыс «атаның баласы алдыға, басқаның баласы барына» деп топты отырғызып жүрген түлкіге анда-санда гүр етіп қояды. Сирек мұрты едірейіп, сақ құлағы құйқылжи естіген түлкі жолбарыстың жарлығын бұлжытпай атқарады. Алдындағы арқарлар мен таутекеден, еліктен айрылғысы келмей, топтан шыға беруін жығып, тебінгідей көкала төстігін қылғымай жұтқысы келіп отырған қасқырды шұқшиған көзінен аңғарған түлкі: «Көкжалдың тұқымы көптің көркі емес пе? Атаның баласы алдыға», – деп, аюлардың аяқ жағына ауыстырып қояды. «Қасқыр елді танымағанымен қасқырды елдің бәрі таниды», – деп тік құлағы едірейген шұбалаң құйрықтың көкшіл өңіне қалғандардың бәрі бұрыла қарасады. «Өмірі бірдің өрісі бір», – деп, қасқырдың орнына қара құйрықтың келгеніне арқарлар ашу шақырмайды. Аңдардың алды-арты әбден жиылып болғаннан кейін мәжіліс басталды. – Біріңді қопадан, біріңді орманнан, біріңді айдаладағы қиырдан немесе жан басып, құс аспаған қарлы таудың қай-қайдағы қапталынан, түлкі секілді сілімтіктеріңді елдің ескі жұртынан әдейі шақыртып отырмын, – деп сөзін бастайды орнынан еріне қозғалған арыстан аңдарды көзімен бір шолып шығып. «Ханың қайырымсыз болса, қауымыңды қайғы басады» деп, «Мен қайырымсыз хан болғым келмейді. Араларыңда айтылмай жүрген арман болса ақтарыңдар! Елімде озбырдың, жерімде жексұрынның болуы менің абыройыма кір келтіреді... Жуандық қылғанның жұлынын үзем, озбырлық қылғанның омыртқасын опырам, мұнан кейін аю арқар алмайтын, қасқыр қарақұйрыққа қарамайтын, қоян қорланбайтын өмір орнатам... Бұл өзгелерге өнеге болып, басқа хандардың қауымдары маған келетін болады. Көңілдер көтеріліп, күдіктер күл болады. Мен текенің лағын тентек жеп, тентектің лағын «текті» жегенге көне алмаймын, берсе қолынан, бермесе жолынан жейтіндердің, аңқаулардан алдап алса, асаулардан алысып алатындардың, алдағыны арбап алса, айналаны жайпап алатындардың тұқымын құртам». – Армандарыңды ақтарыңдар! – Әділет үшін!.. – Бақтарыңа мен тірі болайын! – деп сөзінің аяғын ұранмен тоқтатады. Жуан мойыны әзер бұрылып, ащы даусы алқымына шыққан арыстанның сөзіне қошамет білдіргісі келген қайсы бір аңдар: – Сізсіз селеу де селк етпейді. – Әлемге әйгілі атыңыз айтқаныңызға да лайық... – Сіз патша болғаннан бері «әділетсіз» дегенді ұмытып та кеттік, – десіп мәймөңкеледі. – Онда бүгінгі жиынға төбе басы сайлаңдар, істі сол меңгерсін. Төбе басылыққа сүйген аңдарыңды атаудан тартынбаңдар... Мен қисық-бұрысты бақылап, жотада ғана отырайын, – дейді жиынының күн тәртібіне көшкісі келген арыстан адалсып. – Хан тұрғанда қараны сайларымыз жоқ, арыстанның өзі болсын, – дейді түлкі, арыстанның өзіне естірте дауыстап. – Көрген көркіне де риза, өзі аңдардың сәтіне жаралған серке әрі серісі, меніңше бұғы болсын, – дейді, өзімнен төменде атасам өзіме келеді деген ойда отырған қасқыр, сілеусін мен қабланның біреуін айтсам, сілкілесе береді деп ойлап, олардан өресі биік, өктемі көп аюды айтпайды. Есі-дерті өзін атау болса да, аузы бармайды. Басқалардың аузынан өз атым шыға ма екен деп те дәмеленеді... Бірсыпыра аңдар «арыстанмен терезесі тең, қақпайына көнбейді, өз алдына жүрген, басқалардай зәбірлі де емес, жас ағаштың жапырағы мен тәтті жемістерді ғана жейді» деп үлкен тұмсығын әлсін-әлсін ерінбей көтеріп тұрған пілді ұсынады... Бірақ оған жолбарыс қарсы шығады. Жылдан-жылға жиылып, аңнан-аңға келе жатқан ұшы-қиыры жоқ даудың төрелігін меңгеретін түйе өзінің әділ төресін күтеді. Болашақ ұлық әлі ұйғарыла қоймайды. Қабылан қасқырды айтса, қарақұйрық қарсы болады. Аю жолбарысты айтайын десе, ертеңгі күні итжығыс түседі. Бәрі жиылып қоянды айтайын десе, ол бәрінің айтқанына көнеді. Қоянның өзін көрсететін ешкім жоқ. Қалғандары бірігіп суырды ұсынайық десе, аю оны алты қабат алыстан алады деген пәтуа табады. Сонымен төбе басылыққа аңдар ешкімді атай алмай тұрғанда, күтпеген жерден ғажайып бір аң араларына келе қалды. Өңі қып-қызыл, аласа бойына әнтек артығырақ біткен тік мұрттарын дамылсыз қозғаған әлгі аң отырғандардың бәріне де маңғаздана қарайды. Оны ешкім тани алмайды. Шегір көзін шекшите қараған қонақ сұлу мұртын ширатып та қояды. Ол келе сала-ақ арыстан отырған жартастың басындағы ұшқатқа шығып алады да, астында отырған арыстан мен жолбарысқа алымсынбағандай анда-санда еңкейе қарап қояды... Бауыр жүнінен тамшылаған қызылға жабыла қарап отырған аңдар оның арыстаннан жоғары шығып алғанына қайран қалысады. Бір-бірлеріне «бұнысы кім?» деп ымдасып та қояды. «Бойы биттей болғанда қорықпайтын үлкен жүрегі қай жеріне сиып тұр екен?» деседі кейбірі, үстіндегі қызылы сілкінген сайын төгілген кішкене қонақ отырған ұшқатынан түспейді. Төбе басылықты біреулері қызғанып, біреулері қолға түсере алмай отырған аңдар аяғында әлгі араларына келген аңға мақұл болысады. Аузы алты қарыс арыстан мен жарлығы жанды алатын жолбарыстан әлде қайда әлсіз келген, түсі жылы қонақтан ешкімі зәбір шекпеспіз деп ойлайды. Біреулері: «Қаны сорғалап жүрсе, қалпы қурамайтын неткен керемет, әлде бағымызға келген әулие ме...», – деседі. Өмірінде көрмеген аңның өзінен жоғары отыруға қалай батылы барғанына қайран қалған арыстан да оны тарпа бассалудан жасқанады. Сонымен, төбе басы болып сайланған кішкене қонақ дау-шарға тұтас төрелік етіп шығады. Бірақ күңкіл аз болмайды. Күндер өтіп тағы бір жиын болғанда, аңдар оның алдына және жиылады. Ол жартасқа шығып ұйғарылған үкімдерді оқып тұрғанда алдынан кіп-кішкене бір сымпыс құйрық суыр тұра жөнеледі. Төбе басы өзін төбесіне көтеріп отырған аңдар мен алдындағы жұмысты, төрелікті ұмытып, мінбеден ытып түсіп соны қуа жөнеледі. Алғашында аңғармаған азулылар оның кім екенін сонда ғана біліседі. Сыршының шелегіне түсіп, иттен қорыққанынан ұшқаттың басына қашып шыққан мысық екен. Отарлап қуып, кейде қанды сорпа болып жүріп алатын азықтары алдына келгенде тісі қышып, іші шуылдап отырған азулыларға бұл аспаннан түскен сәт еді. Бәрі табанда-ақ тап беріседі. Мұның да алғашқы хабары түлкіден болады. Ол төбе басы ытқи бергенде-ақ қасқырға арқарды көрсетіп, ым қағып қалды. Төңірек лезде шыңғырған дауысқа, ақырған айғайға, күрілдеген үнге толады. Қою шаң шығып, қатты дүбір апаш-қопаш арпалыс басталды. – Теріс азу тегіне тартады. Құрғырдың өңі оңа бастағаннан шошып едім. Тегі қабылан емес пе, онан да «қорқақты қуа берсе батыр болады» деп қоянды сайламаған екенбіз. Тағылар тағылығын қойса, қоян қорқақтығын қояр еді, – деп өкініп бара жатқан дауыстар естіледі. Бәрінен басымырақ шыққаны: – Патшамыз арыстан болғанда, төбе басымыз қайдан оңсын, – деп өндіре алмаған арыздарын арыстан мен төбе бассыз-ақ өз қолымен бітіріп алуға ант еткен соңғы сөздері болады.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.