Корпусқа оралу

Құзғын қарға

Бұрынғы өткен заманда бір қарға көшкен жұртқа ұшып келеді. Сол жұртта көлеңкеде жатып қалған тоқтыны көреді. Тоқтыға айтады: – Сенің көзіңді жеймін, – дейді. Тоқты: – Жарайды, менің көзімді жеу үшін алдымен аузыңды суға жуып кел. Өйткені сенің адалдығың шамалы, былғаныш едің. Сонан соң мен саған көзімді беремін, – депт...

Қазақша
Құзғын қарға
Бұрынғы өткен заманда бір қарға көшкен жұртқа ұшып келеді. Сол жұртта көлеңкеде жатып қалған тоқтыны көреді. Тоқтыға айтады: – Сенің көзіңді жеймін, – дейді. Тоқты: – Жарайды, менің көзімді жеу үшін алдымен аузыңды суға жуып кел. Өйткені сенің адалдығың шамалы, былғаныш едің. Сонан соң мен саған көзімді беремін, – депті. Қарға ұшып суға барады, суға барып мынаны айтады: – Су, сен менің аузыма ілін, мен аузымды жуып, тоқты жеймін қаңқ-қаңқ, – дейді. Су: – Мен сенің аузыңа қалай ілінейін, онан да ыдыс тауып әкеліп, су алып, аузыңды жу, – деді. Қарға сынық аяқ тауып алып, оны ұстаға апарады. Ұстаға шегеле деп айтқаны: – Ұста, ұста, шегелеші аяқ, апарамын су, ілейін су, жуамын ауыз, жеймін тоқты қаңқ-қаңқ... Ұста: – Бұл аяқты шегелеу үшін бұғының мүйізі керек, онсыз жарылып іске жарақсыз болып қалады, – дейді. Қарға ұшып бұғыға барып: – Бұғы, бұғы, берші мүйіз, апарайын ұста, шегелесін аяқ, ілейін су, жуайын ауыз, жеймін тоқты қаңқ-қаңқ, – дейді. Бұғы: – Ой, ақымақ, өз мүйізімді қалай түсіріп бермекпін, онан да мынау жерде ит бар, соған қуғызып түсіріп ал, – депті. Қарға итке барып: – Ит, ит, қушы бұғы, түссін мүйіз, апарамын ұста, ілейін су, шаям ауыз, жеймін тоқты қаңқ-қаңқ... – деді. Ит: – Мен өзім ашпын, оны қуып түсіріп беруге шамам жоқ, сен бұғыны қусын десең, мына жерде сиыр жүр соның сүтін әкел, – дейді. Қарға ұшып сиырға барып: – Сиыр, сиыр, берші сүтіңді, ішсін ит, қусын бұғы, түссін мүйіз, апарайын ұста, шегелесін аяқ, ілейін су, жуайын ауыз, жеймін тоқты қаңқ-қаңқ... – деді. Сиыр: – Мен бұзауымды жарытпай тұрмын, сүт алам десең мына жерде құрақ бар, соны орып әкел, бұзау да тойсын, ит те ішсін, – депті. Қарға ұшып отырып құраққа барып айтқаны: – Құрақ! Құрақ! Орылшы құрақ, жесін сиыр, шықсын сүт, ішсін ит, қусын бұғы, түссін мүйіз, апарамын ұста, шегелесін аяқ, ілейін су, жуайын ауыз, жеймін тоқты қаңқ-қаңқ... – дейді. Құрақ: – Мен құр босқа орылам ба, болмаса өзімнен-өзім жұлынайын ба, сен орақ тауып алып, орып ал, – дейді. Қарға бір сынық орақты тауып алып, тағы ұстаға апарады. Ұстаға барып мынаны айтады: – Ұста, ұста соқшы орақ, орылсын құрақ, жесін сиыр, шықсын сүт, ішсін ит, қусын бұғы, түссін мүйіз, апарамын ұста, шегелесін аяқ, ілемін су, жуамын ауыз, жеймін тоқты қаңқ-қаңқ... – деді. – Жарайды, олай болса, ана көмірді әкел, – деп жұмсапты. Қарға көмірге басын сұғып, аузымен тістеп алып жатқанда, ұста басын кесіп алған екен.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.