Қазақша
Кірпі мен қоян
Кірпі балалайтын уақыты жақындап, қолайлы орын таба алмай жүргенде ұясында жатқан қоянға келіп:
– Менің де күнім жақындап қалып еді, қолайлы орын таба алмай сізге келдім. Мүмкін болса мына орын қолайлы екен, жеңілдеп, балаларымды аяқтандырып алғанша ұяңыздың бір шетін қарызға беріп тұрсаңыз, – депті. ақкөңіл қоян:
– Бақан жаққан баста бар, ол не дегеніңіз, берейін! Келіп орналасып, беліңді бекітіп, балаларыңды қара құлақтандырып ал да, орын тапқан соң бірақ көшіңіз, – депті де, ұясының бір жағын босатып беріпті.
– Кірпі көшіп кеп орналасып, баласын туып, ержеткізіп алса да көшпепті. Тұратын орын да тауып алмапты. Қоянның балалары мен кірпік шешеннің балалары да аяқтанып, марқайып, бір ұяға сиыса алмай, әсіресе кірпі балаларының инедей тікен жүндері, қоянның балаларына жұғысып кетсе қадалып, көжектерді қан-қақсатып, зарлата берген соң, ана қоян шыдай алмай, кірпіге:
– Көрші, сіздің шаруаларыңыз да бітті, кететін де уақытыңыз болды. Енді осы жақсы кезіңізде ініңізді тауып алсаңыз, көп отыра берсеңіз, балалар арасынан жаңжал шығып қалса, үлкендер ренжісіп, берекемізге ықпал жетіп қалар ма екен, – деп сөздің жөнін айтыпты. Сонда кірпі рақымет айтып, ұясын босатып берудің орнына:
– Е, мен енді қайда барады деп отырсың! Балалар сиыса алмаса, қайтушы едім, мен бұл орыннан ешқайда кете алмаймын. Жерің тар келіп, шыдамасаң, кең жеріңді тауып ал, – депті.
Кірпі шешеннің зорлығына төтеп бере алмаған, әрі шыдамаған қоян байырғы мекенін де құрылысын да кірпіге босатып беріп, ақыры өзі көшуге мәжбүр болыпты да, содан соң соңғыларға:
– Қояншылап жүрмейік! – деген аңыз қалыпты.