Корпусқа оралу

Өгіз, айғыр, жолбарыс

Ертеде бір аңшының ақтоқал өгізі, бір ақбоз айғыры болыпты. Оның бұл екі көлігі орман жыртқыштарының тілін біледі екен. Бір күні аңшы ақтоқал өгізге бастыра отын артып, жолына түсіріп айдап жібереді де, өзі айғырын іздеп артта қалады. Ақтоқал өгіз үйреншікті жолмен жүріп, бір қайқаңға келгенде омырау жібі кеңірдегін қы...

ATU СУС151А
Қазақша
Өгіз, айғыр, жолбарыс
Ертеде бір аңшының ақтоқал өгізі, бір ақбоз айғыры болыпты. Оның бұл екі көлігі орман жыртқыштарының тілін біледі екен. Бір күні аңшы ақтоқал өгізге бастыра отын артып, жолына түсіріп айдап жібереді де, өзі айғырын іздеп артта қалады. Ақтоқал өгіз үйреншікті жолмен жүріп, бір қайқаңға келгенде омырау жібі кеңірдегін қысқандықтан кеңірдегі қырылдап, мұрыны шуылдап зорға жүре береді. Тастың басында жатып өгізді көрген жолбарыс: «Сорлы неме, адамдар үшін тер төгемін деп жүрген жүрісін қарашы, тіпті тыныс аларға дәрмені келмей қырылдап қалса да, өрге қарай отынын көтеріп кетіп барады. Бұл неткен бейшаралық» деп ойланады да, тастың басынан секіріп түсіп, өгіздің жолын тосады. Ол өгізге: «Сен неткен сорлы хайуансың, адамдардың сөзіне сонша бағынамын деп көрген күнің осы ма? Бүйткенше, ол иеңді табаныңа салып мыжып тастасаң немесе тоқал басыңмен ағашқа жаншып сүзіп өлтіре салсаң, мұндай күйден құтылар едің ғой?», – дейді мүсіркегенсіп. Ақтоқал өгіз екі бүйірін солқылдатып, аузынан сілекейін шұбыртып тұрып жолбарысқа: – Сен өзің немене білем деп тұрсың? Сен адамдарды түсінбейсің, адам деген өте қиын болады. Егер мен оның сөзін тыңдамайтын, оған бағынбайтын болсам, онда ол біріншіден, қиын күндерде маған жейтін жем – шөп бермейтін болады; екіншіден, мұрынымды тесіп арқан өткізіп, тұмсығымнан сүйреп қинайтын болады; үшіншіден, ақбоз айғырға мініп алып қуып жүріп сабап, арқамнан тіліп арқан алатын болады. Бұл қорлықтарды көргенше, ол үшін істеп, сөзін тыңдап, оны да қуантып, өзімді де асыратып жүргеннің не жамандығы бар екен? Егер сен де айтқанына көнсең, саған да жаманшылық істемейді. Сенбесең, өзің келіп, менің иемді сынап көр, – дейді. Жолбарыс өгіздің сөзін тыңдап болып, шынында да адамдардың қиын екендігін сезінеді. Бірақ ол: «Адамның дегенінің бәріне көнуге болмайды. өгіз қорқақ болған соң бәріне көніп жүр ғой. Бұл аңшыны мен бір сынап көрейін. Ол менің қимылыма қайтып көнбес екен» деп ойлайды да, артта қалған аңшыны күтеді. Аңшы жетіп келген соң жолбарыс, өзінің өгіз сияқты жуастықпен істеп тер төгіп беруге бел байлағандығын айтады. Аңшы: «Әйтсе әр күні осы кезеңнен табысып тұр, істейтін ісіңді мен көрсетіп тұрайын» дейді. Күндер өтіп, бір күні аңшы ақбоз айғырын мініп, әлгі кезеңге келеді. Ол айғырының ертоқымын алып қоя береді. Сол сәтте жолбарыс жетіп келеді. Аңшы бір қу қарағайды жығып мұрындық жасайды, оған арқан өткізіп, жолбарыстың мойнына салған қамыттың құлағынан мықтап байлайды да: – Ал, жөке, ақтоқал өгізім болса мына ағашты қыңқ етпей сүйреп ауылға алып барады. Енді тіленіп сен келдің. Арқаңа қамшы тигізбей-ақ сүйрей жөнелші!, – дейді. Жолбарыс қарағайды сүйрей жөнеледі. Бірақ ауыл жаққа тарт десе, арт жағына тартады. Өрге тарт десе, еңіске қарай тартады. Әбден қара терге түседі. Аңшының сөзін тыңдамай, өзі білген жаққа қарай тартады. Аңшы да мұның әдейі істеп жатқанын сезініп: – Тоқтай тұр, азырақ дем ал, мен жотаңа бір бау қамыс таңып берейін, ол үстіңді салқындатып тұратын болады және қамшыдан қорғайды, – дейді. Жолбарыс тоқтап дем алған соң оның арқасына бір бау қамысты мықтап таңады да, аңшы шақпағын шағып қамыстың үлпілдек басына от тұтатып жібереді. Жолбарыс жан таба алмай қарағайды ала жөнеледі. Жүгірген сайын от лапылдай түседі. Сонан қайтері білмей арқанды ала жөнеледі. Жүгірген сайын от лапылдай түседі. Сонан қайтерін білмей арқанды тістеп қияды да сайды құлдап безіп береді, арқасында әлі лапылдап от жанады. Сөйтіп жүріп ол ақтоқал өгізге жолыға қалады. – Өлер болдым, мені құтқаруға көмектес деп бажылдайды. Оның бейшара бейнесін көрген өгіз оны масқаралап: – Айтпадым ба, адамдар қиын болады деп. Сен оның тілін алмасаң, саған көргілікті әбден көрсетеді. Қазір адам туралы қандай сезімдесің? Қане, шыныңды айтшы? – дейді. Бұған булыққан жолбарыс шыдап тұра алмай тағы да безіп береді. Безген сайын арқасындағы от лапылдайды. Ол айлана кезіп, тағы ақтоқал өгіздің қасына келіп: – Мен бұдан былай сиыр баласына тимес болайын, маған бір шапағат ете көр, – дейді. Ақтоқал өгіз енді жаны ашып: – Өзіңде ақылдан дәнеңе жоқ екен. Анау күркіреп жатқан өзен суына ыршып түссең, от өшіп қалмай ма, – дейді. Оның бұл сөзін тыңдап қалған ақбоз айғыр жайылып жүрген жерінен шапқылап келіп жолбарыстың алдын тосады. Жолбарыс оны көзге ілмей «Жанталаста жанымды күйдірмей жолымнан аулақ тұр» дейді. Ақбоз айғыр құлағын жымитып, алдына келсе, тарпып, артына келсе, теуіп жүргізбей қояды. Жолбарыстың арқасынан шыжыған май ағады. Ол жан таппай айғырмен әбден таласады. Ақыры айғырдың жол бермейтініне көзі жеткен соң, ол тастың үстіне секіріп шығып, тұйықсыз атылып түсіп, айғырдың жалынан тістеп өзенге лақтырып жібереді. Оның салмағымен жолбарыс та құлап суға түседі. Жолбарыстың арқасындағы от өшіп, жотасы жидіп, сыпырылып қалады. Ақбоз айғыр аяғы мертігіп, судан өтіп аман қалады. Осыдан кейін жолбарыс жылқының айғырына өшігетін болыпты. Айғыр иесіне кісінеп тұрып: «Мынау ақтоқал жауыңа жөн көрсетті мұның мұрнынан бұйда кетпейтін, арқасынан жүк түспейтін болсын», – дейді. Шынында да, аңшы ақбоз айғырдың айтқанын жөн көріп, ақтоқал өгізді мұрындықтап жүріп іске салатын болыпты.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.