Қазақша
Ешкі мен қасқыр
Ертеде бір ақылды ешкі болыпты. Ол әр күні тауға шығып, соны шөп жеп, етекке түсіп өзен суын ішеді екен, күндердің бірінде ол бір аш қасқырға кез болыпты. Қасқыр ешкіні жемекші болып, оның қасына жетіп келеді. Ешкі жалтара алмай қалады.
—Ешкі, басыңдағы арбиған нәрсенің не керегі бар?—деп сұрайды, қасқыр мүләйімсіп.
—Бұл тәңірдің берген қос мүйізі, мұнымен кезіккен аңды жарып тастаймын,—деп жауап беріпті ешкі сыздана.
—Қос мүйізіңнің қаншалық күші бар? Мені сүзіп көрші.
—Жарайды, сен ана жерде қозғалмай тұр, саған мүйзімнің құдіретін бір көрсетейін,—депті ешкі. Сонан ол екпіндеп келіп анадай жерде көлденеңдеп тұрған қасқырдың астынан өте шығыпты. Сонан ол:
—Әттеген-ай! Төменірек кетіпті, тағы бір рет сүзейін,— депті.
Қасқыр тағы да тұрыпты. Бұл жолы ешкі екпіндеп келіп қасқырдың үстінен қарғып өте шығыпты. Сонан ол тағы да:
—Қап! Бұл жолы өте жоғары кетті. Тағы бір рет тұр. Осы жолы сені жарып өлтірмесем, әкемнен тумай кетейін!—депті.
Мына ешкі шынында мені мерт қылатын ұқсайды деп ойлаған қасқыр зыта жөнеліпті. Ол көк жалтыр мұздан ызғып өте шығып, артына бұрылып, қарапты. Осы кезде әлгі ешкі мұздан тайып жығылып, орнынан тұра алмай жатыр екен. Мұны көрген қасқыр мұздан қайта өтіп, ешкіні жемекші болады. Сонда ақылды ешкі:
—Қасқыр, қашпа, етігімді шешіп болғаннан кейін, сені бәрібір құтқармай сүзіп өлтіремін,—деп айқайлайды. Зәресі ұшқан қасқыр сол қашқаннан қас қағым аралығында көзден ғайып болады, сөйтіп, ешкі амалын тауып аман қалады.