Корпусқа оралу

Екі лақ

Ақ лақ пен қара лақ әрі жүгірді, бері жүгірді. Жан-жағына алақ-жұлақ қарады. Мына жағы—қалың шілік, ана жағы— қалың бау. Маңайында ешбір қой-ешкі көрінбейді. —Сен ақ лақсың, түк білмейтін ақымақсың. Мені әрлі- берлі сүйреп жүріп, ақыры адастырдың. Жаның барында қойды тауып бер!—деп, қара лақ ақ лақты бүйірден бір түйіп...

Қазақша
Екі лақ
Ақ лақ пен қара лақ әрі жүгірді, бері жүгірді. Жан-жағына алақ-жұлақ қарады. Мына жағы—қалың шілік, ана жағы— қалың бау. Маңайында ешбір қой-ешкі көрінбейді. —Сен ақ лақсың, түк білмейтін ақымақсың. Мені әрлі- берлі сүйреп жүріп, ақыры адастырдың. Жаның барында қойды тауып бер!—деп, қара лақ ақ лақты бүйірден бір түйіп кеп қалды. Қара лақ бір күн бұрын туған еді. Ол ақ лақтың ағасы болатын. Денесі шымыр, жұп-жұмыр, маңдайында екі мүйізі бар-тұғын. Өзі барып тұрған сотқар, желбас болатұғын. Ақ лақты «бауырым екен» деп аямайтын. Қит етсе «ақ лақсың— ақымақсың» деп мазақтайтын. Ашуланса болды, мүйізімен бүйірден түйіп қалатын. Өзі және жалақор болатын. Бағана: «Бә-ә, бә-ә! Мына жердің шөбін қар-а!»—деп, қалың шіліктің ішіне бастап келген де өзі болатын. Енді адасқан соң, ақ лақты жазғырып тұр. —Ақ лақ—ақымақ! Жаның барда түс деймін алға!—деп, зекірді қара лақ тағы да! Ақ лақ әрі ойланды, бері ойланды. Жүрген-тұрған жерлерін еске алды. —Ұзап кеткен қойды қалай табамыз. Кім біледі, ендігі тау асып, жайлауға жетіп те қалған шығар. Ал жайлауға барар жолды табу да оңай емес. Сонда да жол кесіп көрейін. Бірақ саған айтатын сөзім бар: ешкіммен егеспейсің, айтқанымды істейсің. Осыны орындамасаң, адасып өлеміз,—дейді ақ лақ. «Өлеміз» деген сөзді естігенде, қара лақ үрейі ұшып қорқып кетті. Қанша тентек болғанмен, ақ лақтың тілін алуға уәде берді. Ақ лақ жол бастап, алға түсті. Қалың шөпті олай-бұлай жапырып жүріп отырды. Алдынан жыра кездессе—секіріп өтті, тас кездессе—қарғып өтті. Сөйтіп екеуі бір кезде таудың етегіне келіп ілінді. Маңайда бір қара көрінбейді. Айнала жым-жырт. Ойда жоқта алдарынан бір түлкі шыға келді. —Туу, өзің бір аппақ қардай, әдемі лақ екенсің. Ағаң да әдемі. Шаршап қалған шығарсыңдар. Біздің үйге соғып, дәм татып кетіңдер. Менің де өздеріңдей екі балам бар, бірге ойнарсыңдар,—деді түлкі. Ал өзі ішінен: «Ақ лақ кішкентай екен. Қапысын тауып осыны жәукемдейін. Бірақ мұны көрген ағасы қорқып қашып кетеді-ау!»—деп ойлайды. Не айтатынын күні бұрын ойлап қойған ақ лақ былай деп, тіл қатты: —Түке, әнеки, ана төбенің басында, қара тастың қасында, бізді қасқыр күтіп отыр. Ол қара лақ екеумізді қонаққа шақырып еді. Сізге еріп кеткенімізді көрсе, ашуланады ғой. Қасекеңнің кәрі қатты. Мүмкін, өзіңіз де бізбен бірге жүрерсіз. —Жарайды, ендеше. Жүре беріңдер, мен арттарыңнан барармын,—деді де, түлкі бір қулық ойлады. Бір кезде алдарынан тайыншадай көкжал қасқыр кез бола кетті. Ол аузын арандай ашып, бірден екі лаққа тап берді. Қасқырды көрген түлкі сайға қарай зытты. —Қарным ашып келе жатыр еді, мұндай жақсы болар ма! Мен қазір сендерді жеймін!—деді қасқыр. —Қасеке, әнеки, ана төбенің басында, қара тастың қасында, бізді Арыстан күтіп отыр. Ол таудағы жортқан аң, ұшқан құс атаулыға патша болу үшін кеше осында келіпті. Ертеңгі асына екі бұзау, түскі асына екі лақ, кешкі асына екі қозы жейді екен. Сіздің мына қылығыңызды көрсе, ол бұлқан-талқан боп ашуланып жүрер. Тіпті, өзіңізді жазым етер,—деді ақ лақ. —Бә-ә! Әй, қасқыр! Мына арыстанды қара-а! Шақырып тұр,—деп бақырып қоя берді қара лақ тыныш тұрмай. Қасқыр қатты састы, әрі-бері алақтап тұрды да: —Бәлесінен аулақ. Бар, жандарың барында кетіңдер, түге!— деп жөніне жүре берді. Жүгірген бойымен екі лақ бір таудың басына шықты, тауға шығып қараса, тауды бөктерлей бір қора қой қаптап жайылып келеді, қойдың артында астында аты бар, қасында иті бар қойшы келеді. Қойды көргенде есі шығып қуанғаннан екі лақ «Бә...Бә..» деп маңырап қоя береді. Шопан ата жол бастап, бұрын келген ақ лақты жерден көтеріп алды.—Мен сендерді ойдан-қырдан іздеп, таба алмай қойып едім. Өздерінің тауып келгенін қарашы. Жарайсың, ақ лағым, жарайсың! Сені «Ақ лақ—ақымақ» деп мазақтайтындардың өздері ақымақ!—деп, ақ лақты құшақтап бауырына қысты.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.