Корпусқа оралу

Бұғы болған төрт өгіз

Болыпты бұрынғыда бір үлкен бай, Дүниеде мұқтажы жоқ көңілі жай. Бар екен бір өзін де бес жүз сиыр, Көп екен жылқы, түйе онан да сай. Бай екен бір талайдан мұның өзі, Жұтылып дүниеге жүрген көзі. Ішінде көп сиырдан түрі бөлек, Бар екен еркін өскен төрт өгізі. Төрт өгіз басын қосып кеңесіпті, Өздерін аспан, көкке теңесі...

ATU ТМJ512
Қазақша
Бұғы болған төрт өгіз
Болыпты бұрынғыда бір үлкен бай, Дүниеде мұқтажы жоқ көңілі жай. Бар екен бір өзін де бес жүз сиыр, Көп екен жылқы, түйе онан да сай. Бай екен бір талайдан мұның өзі, Жұтылып дүниеге жүрген көзі. Ішінде көп сиырдан түрі бөлек, Бар екен еркін өскен төрт өгізі. Төрт өгіз басын қосып кеңесіпті, Өздерін аспан, көкке теңесіпті. Сиырға лайықты жеріміз жоқ, Бір ақыл ойланалы біз десіпті. Көп сиырдан болалы енді басқа, Бұғы болып шығалық тау мен тасқа. Тауға шығып сала мүйіз боп жүрелік, Араласпан сиырдай ібіліске. Төртеуі көңіл қойды осы сөзге, Көзіне жан толмады бұдан өзге. Сиырға жүргеніміз араласып, Мін ғой деп мұнан былай көрер көзге. Сиырдан ажырады басқа болып, Жүр еді бұғылардай тасқа қонып. Таудың да жырасына келіп жетті, Көңілі көтеріліп басқа болып. Төртеуі үлкен тауға шығып кетті, Бір өлкені өздері мекен етті. Таудан тауды аралап бұғыларша, Қалаған мақсатына сонда жетті. Бар еді осы тауда екі бөрі, Мысалы, десе болар қабылан шері. Көзіне екеуінің көрінгеннің Құтылып кетпес еді жүзден бірі. Өгізге екі бөрі келді жүріп, Алдынан жүре тұғын қарсы келіп. Екеуі бір өгізді ұстай алды, Артына қаратпады мойын бұрып. Өгізге бұл бөрілер тұра шапты, Қамалап үш өгіз кеп ортаға апты. Сүзгілеп бөрілерді мүйізімен, Жолдасын ол қасқырдан ажыратты. Бөріні қуа-қуа таудан асты, Бөрілер жаман қорқып қатты састы. Дұспанды тізе қосып қашырдық деп, Төрт өгіз мақтанысып көңіл тасты. Бір түлкі келді бөрі жатқан тауға, Жолықты қарсы келіп қасқыр дәуге. Аш едім үш күн болы екі батыр, Бар ма деп, күлді сарқыт бізге сауға. Екі бөрі түлкіге айтты сөзді, Төрт қылдық өгіз үшін екі көзді. Талай күн болды біздер аңдығалы, Әл келіп жыға алмадық төрт өгізді. Қасына сиыр жақын бара алмадық, Күдер үзіп артынан қала алмады. Төртеуі екеуімізге бой бермеді, Күшіміз келмей қойды ала алмадық. Бөріге айтты түлкі мына сөзді: Төрт өгіз құдай сізге берген мүлкі. Алдына келген жемді жей алмай деп, Бөріні мазақ етіп қылды күлкі. Екі бөрі түлкіге ашуланды, Түсі суық көздері оттай жанды. Сонда бөрі түлкіні өлтірмекке, Екеуі екі жақтан ортаға алды. Сонда түлкі мынадай қылды қулық, Қулығымен боп қалды тірі мұңлық. Екі батыр сөзімді кешіргін деп, Аяғына бас ұрып қылды құлдық. Екі батыр мәулетті мен сұраймын, Өгізді ынтымақсыз бір қылармын, Әкеліп әрқайсысын бір өзіңе, Батырлар, қайратыңды бір сынармын. Екі бөрі түлкінің тілін алды, Көрінбей ұзақ жерге кетіп қалды. Бір айдан соң қу түлкі сәлем беріп, Алдына төрт өгіздің жетіп барды. Қай жақтан кеп едіңдер, төрт өгіздер, Көрмесем де, бәрің де есенсіздер. Өзге сиыр тоғайда жүргенінде, Не себептен бөлініп келгенсіздер? Ашуланып түлкінің сөздеріне, Сиыр деген сөз батты өздеріне. Мастанып бұл түлкіні тұра қуды, Ешнәрсе көрінбеді көздеріне. Сен бізді өгіз дедің келген жерден, Біз құсап өгіз бар ма дәурен сүрген. Өгізді бұғыменен айырмайсың, Сен түлкі, ақымақбысың қайдан келген! Түлкі айтты: «Тәуба қылдым білгеннен соң, Басыма қиын жұмыс келгеннен соң. Ақымақпын сіздерді өгіз деппін, Бірігіп сиыр құсап жүргеннен соң. Кешіріңіз сөзімнің жаңылғанын, Жаңа білдім жауабым қағынғанын. Бір мен емес, кіна да өздеріңнен, Топтанып жүргендерің не қылғаның! Жүрмейтін бүйтіп бұғы басын қосып, Әр біреуі бір тауда жүрер жосып. Төртеуіңіз топтасып жүргеннен соң, Сиыр екен деп қалдым қара басып. Анда-санда бұл тауға келуші едім, Бұғысына сәлемді беруші едім. Топтанғанын бұғының көргенім жоқ, Жалғыз-жалғыз жүргенін көруші едім. Бұғысына жараспас, сірә, мұндай, Сіздерге достықпенен айтам жылай. Топтассаңыз, сиыр деп әркім айтар, Жүргейсіз жалғыз-жалғыз мұнан былай». Мұны айтып залым түлкі кетті жүріп, Ол жерге тұра алмады еш кідіріп. Төрт өгіз ары-бері кеңеседі, Көңіліне жалғыз жүрмек қиял кіріп. Біз шығып ек сиырдың арасынан, Үміт етіп бұғының қарасынан. Естідік өгіз деген қорлық сөзді Түлкінің жұмыртқадай баласынан. Төртеуіміз төрт өзенге баралық та, Қонысты әр өзеннен алалық та. Мысалы, бұғыдай боп жалғыз жүріп, Аулаққа арамызды салалық та. Төртеуі төрт өзенге барып жатты, Мастанып бұғылыққа жолын сатты. Төртеуін төрт айырып жібердім деп, Түлкі барып қасқырға хабар айтты. Бөріні ертіп әкеліп түлкі жүрді, Қайраттанып бөрілер жолға жүрді. Жалғыз жүрген өгізді көргеннен соң, Қуанып түлкі, бөрі күле берді. Жақындап екі бөрі келіп қапты, Өгізге екі жақтан тұра шапты. Не қыларын біле алмай жалғыз өгіз, Тырбаңдап бар қайратын қылып бақты. Бірі аяқтан алады, бірі бастан, Өгіз сорлы жылайды көзін жастап. Қойсын ба екі бөрі бір өгізді, Бір тастың қуысына ұрды жаныштап. Жылайды сонда өгіз арманменен, «Шықтым, деп, ағайынды неге тастап». Жарым ай бұл өгізді қылды ауқат, Жіберіп бөрілерге сәлем-сауқат. Үш өгіздің бұлардан хабары жоқ, Үш сайда жатты үшеуі хош-рахат. Біреуін тағы жеді іздеп барып, Өгізді жеді бұлар тірі қарбып. Біреуі бастан алып, бірі аяқтан, Өлтірді екі бөрі шаптан жарып. Екеуін тағы қылды осылардай, Әрбіреуі құлаған болды жардай. Өгіздер арман қылып көп жылады. Көзінің жасы парлап жаңбыр, қардай. Әр өгіздер әр жерден жан қиыпты, Өрісі судың жағасын қан қылыпты. Сонда өгіздер сиырдан шыққанына Ақырғы рет арман ғып қайғырыпты. Төрт өгіз арманменен өліп кетті, Басына қиыншылық келіп жетті. Жалғыздан бұғыларша жүреміз деп, Әсерін жалғыздықтың көріп кетті. Мас болып әуел бастан шықты көптен, Бұғы боп жайылмақ боп тау мен көктен. Көп пенен жүргенін де не бар еді, Бөлініп жүргендігі түпке жеткен. Жақынын дұшпан көріп елден шыққан, Ғибарат алса болар осы гептен. Бірліктің қасиеті қандай күшті, Ұйысқан бірлік жақсы жалқы көппен. Бұда бір нақыл болды білгендерге, Көңіліне алып құлаққа ілгендерге. Сыртынан сырын білмес дұшпан көпті, Табынан жалғыз шығып жүргендерге. Төрт өгіз бұрын өлең емес еді, Жай сөзді жақсы әңгіме демес еді. Көңілмен ұйқастырып өлең қылдым, Әншейін ел аузында кеңес еді. Төрт өгіз тобын жазбай жүргенінде, Бөрілер әлі келіп жемес еді.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.