Қазақша
Сазан мен шортан
Бар екен бір теңізде сазан балық,
Сазанды көп шортандар ортаға алып.
Бәріміз ұстап алып бұл сазанды,
Қалайық дейді шортан тамақтанып.
Ниетін сазан білді шортандардың,
Ретін қиялдады құтылардың.
Ал, сонда, қашты сазан су бетіне,
Қасына барайын деп адамдардың.
Бір уақта су бетіне шықты сазан,
...жатыр екен айтып азан.
Теңіздің жағасында екі кемпір
Аспаққа отыр екен, жуып қазан.
Қазанға ұстап алып асайық деп,
Шешініп түсе қалды кемпір жазған.
Теңізден балық ұстап аламын деп,
Кемпірлер өтіп қалып аты озған.
Кемпірдің салдырымен шортан қашып,
Құтылып сазан пақыр қанат жазған.
Ойласақ, шортан—біздер, сазан—дүние,
Жеп-ішіп отырмаққа еткен айла.
Таусылып өмір келіп, жас жеткен соң,
Көл-көл боп сүйегіміз болар майда.
Жастықта күліп-ойнап, киіп, ішіп,
Кемпірдей қартайған соң түсіп суға.
Түбіне дүниенің жете алмастан,
Не сабаз, не кімдейлер кеткен көшіп.
Дүниенің осы түрлі бір мысалы,
Халықтың жер жүзінде біз осалы.
Жақсылар ұзақ ойлап түсінер деп,
Осымен тамам болсын сөз мысалы.