Қазақша
Қасқыр мен қозы
Көп қойдан қалған ұйықтап бір жас қозы, Адасып жонда қалған жалғыз өзі.
Шаршаған жалғыз қозы ыстық күнде, Өзенге су ішкелі келді өзі.
Су ішіп рахаттанып тұрғанында, Бір қасқыр шыға келді жайнап көзі.
Қызғыштап көл қорыған шағаладай, Қозыға кіна таққан қасқыр сөзі:
«Ішесің рұқсатсыз қалай суды, Басқаның көлденеңдеп кімнің ізі?» Тілейді қозы медет жасағаннан, Қасқырдан нем қалады асағаннан.
«Мен сіздің ізіңізден төмен жүрдім, Егер де кез боп қалса. »
«Сен қозы, байқап сөйле, ашып көзің, Тайталасып барасың кіммен өзің?
Есімнен кетер емес бұл жалғанда, Жолығып былтырғы бір айтқан сөзің!»
«Құлақ сал, біразырақ қасқыр сөзге, Жетемін жарты жасқа осы күзде.
Көктемде биыл тудым мен анамнан, Қасқыр-ау, сөйлеп жүрмін қашан сізге».
«Айтуын, қарашы, былтыр маған, Қастықты қайсының бар ойламаған. Теп-тегіс қой атаулы жек көреді, Пормасы айнымайды түсі саған!».
«Нансаңыз аға-інім жоқ, жалғыз тудым, Басында кез болдыңыз бүгін судың.
Мен сізге өмірі зиян ойламаймын, Кіналап болмашыға өзің қудың».
«Кім айтар өтірікті сенен асып, Барасың әкеңменен тайталасып!». Жайнатып екі көзін тұра ұмтылып, Қозыны бауырына алды басып.
Қасқырдай қаражүрек талай адам, Алдыға дұрыс жүріп баспас қадам.
Қасқырдай тарпа бас сап жей береді, Жалынып жыласаң да бермей аман. Жалғанда қойдан момын мақұлық бар ма, Залалды тірі жанға ойламаған.
Қасқырдай қаны қара адамдар көп, Жоқ жерден жемек үшін кінәлаған.