Қазақша
Қасқыр мен ит
Бір қасқыр қаңғып, қаңғып таппай сарық, Тамағы болмағансын аш бопты арық.
Не жаман тіршілікте, аштық жаман,
Аштарға ататын таң, жоқ қой жарық. Жолығып сөйлеседі семіз итке, Сорпамен тойып жүрген итке қарап, Сұрайды: «Нақ шыныңды сөйлеші ит, Не үшін жүре алмайсың малға сиып, Жей алмай көптен бері тамақ тауып, Жүр едім мен тамақтан тартып күйік. Мол қылып жеуің менен ішуіңе, Аласың сен азықты қайдан жиып?»
Ит айтты мен жүремін азық жинап, Не етейін болмашыға жанды қинап, Етемін азын-аулақ адамға еңбек, Сол үшін тойғызады мені сыйлап».
«Адамның атқарасың қай жұмысын, Қиын ба, иә болмаса оңай ма ісің?
Итеке, мені дағы үйретсеңші, Адамға қай мінезбен сиымдысың?
—Жұмысым дымға оңай, емес қиын, Тілесең, үйретейін етпей бұйым,
Түн болса екі айналып үш-төрт үріп, Боламын мен қожамның баққан үйін. Аң аулап алыс жүріп шарламай-ақ, Көремін қарап жатып күндіз сыйын.
—Емес пе тек сол болса дымға оңай, Кезгенше отыз орман, тоғыз тоғай.
Солайша рахатпен күн көруге,
Ит жолдас болмас ба екен маған да орай?
Мені де тойындыршы сендей қылып,
Күзетіп жүрер едім үйін қарай!
—Болғанда менің қожам жақсы кісі,
Асырауға екеумізді жетер күші.
Күзетсең ықыласпен үй шарбағын Бұрынғы ғамалыңмен болмас ісі.
Мен сені көрсетемін және мақтап,
Болады деп жұмыскердің нағыз түсі».
Қуанды қасқыр бұған қарны ашқан. Біраздан тамақ жемей қаны қашқан Шарбағын байдың бағып, асын ішіп, Етпекші байға жұмыс қаңғымастан. Қарасам күндіз малын, үйін түнде,
Маған да береді ғой қадірлі астан.
Осындай қасқыр байғұс ойлады ойды, Білері ыхтиярсыз тамақ болды.
Ит күнін өз күнінен артық көріп,
Ауылға итпен бірге қадам қойды.
Көзіне келе жатып түсіп кетті,
Жүні жоқ, жарасы бар иттің мойны. Сұрады сонда қасқыр ит досынан, Досының көңілдері шын қосылған:
«Жүні жоқ, жарасы бар мойыныңа,
Не болған ала-бәле тап осыған.
Жаныңа торы бар ғой бататұғын. Мойныңның қан ағады жарасынан».
«Бар деді мойынымның сондай жөні, Қояды қыл арқанға байлап мені.
Қыйған соң азын-аулақ арқан қажар,
Сол шығар мойнымдағы жүннің кемі.
Істеген толып жатыр байдың емі,
Болған соң тамағың тоқ, жаның тыныш,
Не етейін байлады деп жоқтап оны».
«Өмір бойы байлап жүрмес сені арқанға, Көретін көресім сол ғой мен барғанда».
«Мойныма шынжыр кіріп, жалдана алман,
Көже мен қалған сорпа, қу талқанға.
Байланып көже түгіл ет жесем де,
Ол жетпес ықтиярлы бір дарханға».
«Олайша жалдана алман, байың құрсын,
Жемеймін етің құрсын, майың құрсын,
Ойдырып мойнымды қыл арқанға.
Бұл көрген күнің құрсын, иең құрсын!
Ықтияр жүрсем, тұрсам еркін болып, Көңілім дархандықта байып жүрсін!»
Жастарға бұл бір мысал жаза салған,
Жазылмай ертеректе қала салған.
Еркекше сөйлей алмай қиналады,
Ойлы едім өте қорқақ қожалардан.
Үш жылға үкім түсіп абақтыға,
Ақаңды көріп едім жазаланған.
Әлі де осы мысал керек болар,
Жастарға керек болар, көмек болар.
Әкім, жегіш қожалардың күнін жоқтап,
Көңілге қаптыс беріп себеп болар.
Құл болып жинап алған дәулетіңнен
Дархандық артығырақ демек болар.