Қазақша
Ақ күшік пен қасқыр
Бір қасқыр жапан дүзде кезіп жүрді,
Көрінген адамзаттан безіп жүрді.
Жұртына бір ауылдың тіміскілеп
Жүр екен бір ақ күшік көзі көрді.
Қасекең ақ күшікке келіп жетті, Табылды іздеп жүрген жемім депті. Көрді де қасекеңді әлгі ақ күшік Еркелеп тыраң етіп жата кетті.
Қалжырап қарны ашқаннан қыңсылайды,
Қасқырдың ызғарына кім шыдайды.
Мүсіркеп жаны ашып аяды да, Қасекең, ол күшіктен жөн сұрайды:
«Сөйлеші хал-жайыңды сен, ақ күшік, Білесің менен сенің жасың кішік.
Иесіз ел жоқ, күн жоқ айдалада,
Бұл жерде сен жатырсың, не жұмыс қып?»
Күшік айтты: «Қасеке, мен бір қара,
Қаңғырып жұртта қалған мен бишара,
Қажалап сүйек-саяқ жатқанымда,
Ел көшіп кетіп қапты, бар ма шара».
Қасқыр айтты: «Бейшара, олай болсаң,
Енді менің соңыма ер, тілімді алсаң.
Қорексіз сені аштан өлтірмеймін, Соңымнан қалма деді, қайда барсам.
Өлуге таяныпсың аштан жүдеп, Күшігім менен қалма шапшаң жүр»деп, Байғұсты ертіп алып еркелетіп, Қасекең желіп жортып кетті «шүу» деп.
Қасекең келе жатыр арсалақтап, Арандай аузы ашулы, тіл салақтап. Артынан борсаң-борсаң, тыпың қағып, Ақ күшік «қасекелеп» жүрді жақтап.
Бір жүрді күндіз-түні бірге жатып, Қарайды қарайғанға көзін сатып, Артылған сарқытынан ұрттап жалап, Біраз күн мерекеге жүрді батып.
Кәнігіп ақ күшігің дәндеп алды, Табылып тегін тамақ пайдаланды. Белгілі Қасекеңнің мінездері, Малына көрінгеннің ауыз салды.
Қасекең кезек келсе, кімді аяйды, Кедей ғой мынау нашар, бай демейді, Жолықса сол сорлының жалғыз аты, Ақ күшік ұят болар қой демейді.
Ойлағаны қасқырдың—бір тамағы, Қосылып ақ күшікпен ынтымағы. Екеуі болып алып «компания» Бүгін жаман әдеті, ертең тағы.
Семіріп енді ақ күшік дүрдей болды, Теңеліп қасекеңмен бірдей болды.
Мен-дағы кәмелетке жеттім ғой деп, Қасқырдың соңына ермей қала берді.
Күнімді көрейін деп өз бетіммен, Емес деп қасқырдан да қуатым кем.
Жапанда жайылып жатқан көп жылқыға, Қасқыр боп шабамын деп жетіп келген.
Қасқырша арандай ғып аузын ашып, Жөнелді жылқы үркіп бұдан қашып. Шап беріп бір айғырдың құйрығына Жармасты ақымақ шіркін қара басып.
Айғырдың келіп қалдың ыңғайына, Ақ төбет жүрмеді ғой тек жайына.
«Мә, саған, құлақ-шекең осы ма»,—деп, Тепті ғой сақ еткізіп маңдайына.
Қаңқ етіп қала берді сонда ақ төбет Жарқ етіп көрінді де көзіне от.
Бет-аузы дал-дал болып қала берді, Өзіңе өз обалың тамақсау ит.
Бұл да бір ғибрат сөз, ойлап білсең, Дүниеде не көрмейсің тірі жүрсең. Жандай шауып жүргендер жанамалап, Қақаңнан жарар еді аулақ жүрсең.
Сақта құдай, өзгенің кезегінен, Біреудікін алсам деп іздегеннен, Дүниеде әр нәрсеге арын сатып, Үмітін иманынан үзгендерден.
Ал енді жел тынғандай сөз басылды, Әңгіме айтып өттік бір нақылды.
Бозбала, ұқпасаңдар, мейлің білсін, Қар жауды деген мысал із басылды.