Корпусқа оралу

Айлакер түлкі

Бар екен бір қу түлкі жұртты құртқан, Жейді екен сүйек-саяқ ескі жұрттан. Бір жылы тышқан жоқ боп ашығыпты, Тышқан ауып кетіпті бүкіл сырттан. Түлкінің тышқан келмей мәні болмас, Жесе де сүйек-саяқ қарны тоймас. Жемтігін қалған-құтқан мен жейін деп, Қасқырға іздеп келіп болды жолдас. Қасқыр: «Ей, түлкі, сен тоясың маға...

ATU 20А
Қазақша
Айлакер түлкі
Бар екен бір қу түлкі жұртты құртқан, Жейді екен сүйек-саяқ ескі жұрттан. Бір жылы тышқан жоқ боп ашығыпты, Тышқан ауып кетіпті бүкіл сырттан. Түлкінің тышқан келмей мәні болмас, Жесе де сүйек-саяқ қарны тоймас. Жемтігін қалған-құтқан мен жейін деп, Қасқырға іздеп келіп болды жолдас. Қасқыр: «Ей, түлкі, сен тоясың маған ерсең, Малды да көріп-келіп шалып берсең. Қарным тойса, қалжыңдап ойнаушы едім, Ойынға өкпелемей шыдай берсең. Жатамын аш күнімде шабым жалап, Сол кезде келіп қалма жанасалап. Тоймасам тұрпайылау мінезім бар, Ойынға өкпелеме шынға балап». Қасқырдың көнді түлкі ол сөзіне, Ойнаған шыдаймын деп мінезіне. «Қарным тойса болады, ойнай-ақ бер, Тамақ берсең болады тек өзіме». Бір күні түлкі көрді малды барып, Қасқыр бір қой әкелді сүйреп алып. Екеуі жемтіктесіп тойғаннан соң, Ойнайды әрлі-берлі асыр салып. Қасқыр тұра жүгірсе көзі жайнап, Түлкі еркелеп жатады ағатайлап. Үстіне алып соғып аунағанда, Қалады азар жаны «а, құдайлап!». Ойнайды алып соғып қиқылдатып, Құстырып жегендерін шиқылдатып. Сірескен өне бойы қара қотыр, Үстіне тойғанының ыңқылдатып. Ойлайды түлкі бір күн әрбір ойды, Бұл қасқыр өсірмейді біздің бойды. Жегенімді желкемнен алды сығып, Құрысын бергені де жемтік қойды. Ойлайды сонда түлкі нетейін деп, Қасқырдан кегімді алып кетейін деп. Қасқырды өз көзімше өлтірерлік, Бір айла енді бұған етейін деп. Бір күні түлкі шықты дөңге шауып, Жемтігін семіз жылқы алды тауып. Қараса қазған ұра, жер қақпан бар, Қойыпты шөп-шаламмен бетін жауып. Қуанды сонда түлкі орды көріп, Қасқырды ертіп келді хабар беріп. Семіз жылқы жемтігін көргеннен соң, Ауызды көкжал қасқыр салды келіп. Екеуі екі жақта жүр жұлысып, Тоюға екеуі де қам қылысып. Шегінгенде ернеуін басып кетіп, Ұраға көкжал қасқыр кетті түсіп. Ұраны сонда түлкі жағалайды, Арсылдап, мазақ қылып абалайды. Тиыштық бермеуші едің, батырым деп, Қасқырды сонда түлкі табалайды. «Қарағым, олай деме, қылдым тәуба, Шын тастап кетесің бе мені жауға. Шығармасаң ұраның аузынан кет, Күйдіріп ала берме көп мазамды». «Айтасың әлі бұйрық босқа шатып, Өлгелі өзің қазір орда жатып. Тіпті көрмей кетпеймін өлгеніңді, Өлгелі өзің қазір орда жатып». «Олай деме, қарағым, кеш жазамды, Айтпасаң да, тарттым ғой мен жазамды. Шығармасаң, ұраның аузынан кет, Күйдіріп ала берме көп мазамды». «Айтасың әлі бұйрық босқа шатып, Өлгелі өзің қазір орда жатып, Тіпті көрмей кетпеймін өлгеніңді, Сойғанын бас теріңді тыржыңдатып». Қасқырға сонда түсті ақырзаман, Табасы өлімнен де болды жаман. Шоқиып аңдуында түлкі отырса, Құйрығы салбырайды ойға таман. Қуанды сонда қасқыр соны көріп, Жармасты сол құйрыққа шапшаң келіп. Түлкіні ор түбіне ала түсті, Құдайым қасқырға да кезек беріп. Айтады сонда қасқыр: «Түлкі, шырақ, Айта ғой иманыңды жылдамырақ. Өзімнен бұрын сені өлтірейін, Көре алмай өлгенімді кеттің бірақ». «Әншейін айтып едім қалжың қылып, Жұмысты бітіріп ем сүйтіп жүріп. Сені ұрадан шығарып алайын деп, Бір ұзын әкеліп ем тал сындырып». Түлкі налып айтады қатты сөзін, Қасқыр налып тігеді екі көзін: «Ендеше шығарудан айла бар ма, Тал таптым деп айтпадың неге өзің?» «Енді ойланбақ орыны осы арада, Өрмелеп осы арада тұрып қара. Төбеңе шығып алып секірейін, Ернеуге ілікпес бе екем мен бишара». Керіліп бар әлінше қасқыр тұрды, Төбесінде өрмелеп түлкі жүрді. Төбесіне шығып ап секіргенде, Ернеуге екі аяғы тура ілінді. Жөнелді сонда түлкі шығып алып, Артына қарамайды қайта айналып. Ұрада қасқыр шіркін қала берді, Шығар деп енді мені талды салып. Сонымен түлкі кетті қасқырды алдап, Қасқыр қалды өз қолын өзі шайнап. Түбінен тобылғының іздеп жүріп, Бөденені ұстап алды түлкі қармап. Бөдене айтты: «Әй, түлкі, не деп жейсің, Бір уыс жүн жегенді тамақ дейсің. Мына жерде бірталай жемтік жатыр, Дөң асып ерінесің іздемейсің». «Қара бұл бөдененің қулығын көр, Бізді алдамақ сендерге бірталай жер. Егерде айтқан сөзің бекер болса, Балаңды ұядағы кепілге бер». Бөдене кепіл берді төрт баласын, Босатып ол бөдене алды басын. «Алдыңнан мен ұшамын, жүгір де отыр, Жемтікке тойғызамын не қыласың». Алданып бұл түлкіні қара басты, Бөдене бұрын келіп бір дөң асты. Дөңеске түлкі келіп шыққан кезде, Бір тазы жалаңдаған араласты. Жөнелді сонда тазы қуып алып, Ауызды әне салып, міне салып. Адымын жүйрік тазы аштырсын ба, Бас салды көк желкеден бір-ақ шалып. Мықты қасқыр, айлакер түлкі қайда, Алдампаз рақымсыз кімге пайда. Сол жерде түлкі де өлді, қасқыр да өлді, Бөдене аман қалды сол бір сайда. Күш қандай, айла қандай, көмек қандай, Жігіттер, фәһим етіп мұны да ойла!
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.