Корпусқа оралу

Арыстан мен маса

Сықақтап күлмегейсің нашарларға, Қортитып жәбір берме нашарларға. Төмпешік аңғармаған арба аударар, Осындай бар-ды мақал қашаннан да. Күшіңе сенбегейсің кеудеңдегі, Ол маған демегейсің тең келмейді. Тыңдаңыз ұшыраған оқиғасын, Арыстан өз күшіне сенгендегі. Арыстан патшасы тамам аңның, Тамам аң ну орманға қарағанның Аю...

Қазақша
Арыстан мен маса
Сықақтап күлмегейсің нашарларға, Қортитып жәбір берме нашарларға. Төмпешік аңғармаған арба аударар, Осындай бар-ды мақал қашаннан да. Күшіңе сенбегейсің кеудеңдегі, Ол маған демегейсің тең келмейді. Тыңдаңыз ұшыраған оқиғасын, Арыстан өз күшіне сенгендегі. Арыстан патшасы тамам аңның, Тамам аң ну орманға қарағанның Аю да, жолбарыс та баршасында, Әмірін екі етпейді арыстанның. Жаман ғой әркімнің де көңілі өссе, Көңілің жаман емес жеңіл өтсе. Орманда мекен еткен маса да бар, Масаны патша хазірет алмайды еске. Үлескен талай жолда жерлер болды, Құр қалды маса байқұс жоқ үлесте. Масаны ойламады жан екен деп, «Маса да» қол астымда бар екен деп. Қоймады оныменен мазақ қылды, Сыйдыйып бұты, қолы сары екен деп. Бұл қорлық масаларға жаман тиді, Масалар жәбірленді жаман қатты. Не жеңу, не өлуді мақсат қылып, Қояды соғысуға ынтымақты. Жиналып маса біткен ормандағы, Жиналмай еш болмады қалғандары. Елемей қорлық берген падишасын, Жабылып таламақшы армандары. Жөнелді арыстанға бірі қалмай, Тартады сыбызғысын дамыл алмай. Жыпырлап жердің жүзі күн көрінбей, Табиғат болып кетті қағынғандай. Әскердің жүзі суық айбаты бар, Дұшпаны соғыспай-ақ бағынғандай. Келеді осы түрмен арыстанға, Шошитын түрлері бар арыстан да. Арыстан тамам елдің азулысы, Талайды жығып жүрген алысқанда. Арыстан масалардан қорқа алмады, Ер еді ұялатын намыстанды. Қорсынып күледі әлі масаларға, Бұлардан ер арыстан қаша ала ма! Аз ғана мақұлықтың маса шыбын, Дұшпандық не бітірер жасағанда. Ұят қой тұла бойы арыстанның, Сескенсе азғындардан масалардай. Арыстан құйрығымен қаға берді, Қырылса қазаланып алдыңғы әскер. Соңғысы жеңін қағып және келді, Түтінше тәңертеңгі түйдектеліп. Батырды үсті-үстіне жаба берді, Аузына кіреді ұшып аузын ашса. Кіреді құлағына мұрынын басса, Кіреді танауына топ-топ болып. Танауын қоя тұрып көзін басса, Масаның үстіндегі қисабы жоқ. Шағады бауырын қонып аунап жатса, Арыстан жерден алып құм шашады. Кірсе де қашып барып қай тесікке, Масасыз таба алмайды бір тасаны. Әзірлеп найзаларын жеңін қаққан, Көреді қайда барса көп масаны. Масада қайран барып сонда біліп, Жанынан күдер үзіп ол сасады. Сасады қысылады ақырады, Ақырып ащы даусын ашырады. Кетіріп зәрелерін есін алып, Аңдарды ормандағы қашырады. Аңдарға жалпағынан келіп алаң, Бір жерге тұра алмады шашырады. Аңдардың есі кетті қаша-қаша, Қатарын қояр емес шаршаса да. Паналап бірі сайға, бірі ойға, Шаршайды жығылады жанталаса. Сезбеген ой да, қырды мақұлық жоқ, Бұл бүлік қайдан шықты тап-тамаша. Азғыны мақұлықтың ормандағы Шығарған бұл бүлікті сары маса. Қорықса зәресі ұшып былайғысы, Арыстан жатты құлап бітті күйі. Қорлаған масаларды азғын ғой деп, Есіне сонда түсті бар қылмысы. Өтініп ғафулықты өткен іске, Масаға енді келеді жалынғысы. Масалар арыстанға табылады, Арыстан масаларға жалынады. Сыйлауға бұдан былай уәде беріп, Сорғызып әлі қанын бағынады. Масаға енді арыстан ұрынбайды, Масалар жеңдім ғой деп қызынбайды. Орманға үлкен қожа маса болды. Мәңгілік бұл қағида бұзылмайды. Ойға бар, орманға бар, тоғайға бар, Масалар осыны айтып ызыңдайды. Орманға, ойға, қырға қожа болып, Масалар құртша қайнап быжылдайды.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.