Корпусқа оралу

Маймыл, жолбарыс хикаясы

Пәс тұтып, мазақ қылма ешбір жанды, Кейітпе, келсе қолдан, мұсылманды. Еркі бар не қылса да жаратқанның, Босатса құдіретімен қысылғанды. Адамзат бірде әзіз, бір демде қар, Пенденің бұл ортада не еркі бар. Пәс тұтпас өзін білген ешбір жанды, Зіл депті әзіл түбі бұрынғылар. Әзілді көп қылады біздің қазақ, Жан көрсе жуасы...

Қазақша
Маймыл, жолбарыс хикаясы
Пәс тұтып, мазақ қылма ешбір жанды, Кейітпе, келсе қолдан, мұсылманды. Еркі бар не қылса да жаратқанның, Босатса құдіретімен қысылғанды. Адамзат бірде әзіз, бір демде қар, Пенденің бұл ортада не еркі бар. Пәс тұтпас өзін білген ешбір жанды, Зіл депті әзіл түбі бұрынғылар. Әзілді көп қылады біздің қазақ, Жан көрсе жуасырық, қылып қылжақ. Алмаған насихатты маймылдай боп, Ақыры өзі біреуге болар мазақ. Маймылдың мен айтайын көрген сырын, Ілгері неше заман бізден бұрын. Дұшпанға мазақ болды қылып мазақ, Насихат алмаймын деп шерінің тілін. Тоғайда жүреді екен бір жолбарыс, Өзі арлан азуы кере қарыс. Жолаушы керуендер жүретұғын Жатағы жол үстінде келіс-барыс. Сол жайға көп жамағат келді бір күн, Бірталай керуен еді ол бір жүрген. Қауіп етіп төңіректе дұшпан, жаудан, Қарауыл неше жерден қойды дүркін. Түйелер шаршап еді ерте көшіп, Ертең-ақ көшерміз деп болса нәсіп. Сымбалдап қос-қосының арасында, Түсірді қырдай қылып жүгін шешіп. Қараңғы болды ол түн бұлттанып, Жорытқан түлкі баса алмас жолын танып. Айғай салып ұйықтамай жатты керуен, Масаладай әр жерге шырақ жағып. Бағанағы жолбарыс келді соған, Керек болып бір ауқат енді оған. Ілгеріден өзінің әдеті еді Әр керуеннен бір қара соғып қалған. Жолбарыс тұр керуенге таңырқанып, Көрген соң тұрғанын шамдар жанып. Келіп еді сол күні бір қарақшы, Керуеннен қалмаққа бір мал алып. Екеуінің келуі бір түн күні, Екі жақтан аңдысты жүргіншіні. Жүрген ұры көрді де жолбарысты, Қараңғыда ат деп күмән қылды мұны. Жолбарыс тұр таңырқап отқа қарап, Екі көзі жарқырап бауыры жарап. Тұрған қара нағылып байқайын деп, Ұры батыр қасына барды жанап. Біліндірмей аяғын дақ-дақ басып, Келді ұры қараға жақындасып. Келіп көрсе, бір шұбар, өзі жарау, Қылды көңіл кетпекке міне қашып. Жақындасып барды да дәл қасына, «Я, пірім» деп секірді арқасына. Өзі жатқан қу еді құстай ұшып, Түсті барып дәл мініп ортасына. Жолбарысың сескеніп жаны шығып, Тастамаққа секірді мұны жығып. Қанша қарғып шапса да, жығылмады, Екі аяғын қолтыққа мықтап тығып. Ай қараңғы күн бұлт, тоғай қалың, Жолбарыстың қинады құдай жанын. Ұры батыр көргенде қуанады, Қараңғыда қалыңнан қарғығанын. «Жүйрік екен жануар бұл шұбарым, Бір ат еді тілеген ынтызарым, Осы сапар жорытқанда жолым болып, Болған екен Қырық шілтен менің жарым. Әр уақта танбаса бұл шабыстан, Қалатұғын емес қой ұшқан құстан. Өз еркімен келеді мұнша сорғып, Нағып шыдар үстінен қатты қысқан. Бұған қазық қылайын қашамалы, Екі көзі ғат қылар масаланы. Бір дүлдүлден соңғыда жүйрік жылқы, Осы-ақ шығар құдайдың жасағаны. Ескен желдің екпіні сияғынан, Шапса дүбір шықпайды тұяғынан. Бұл шабысты жылқыны кім көріпті, Ұстағандай құс ұшса қияғынан». Осылайша мақтанып ұры батыр, Судай тасып көңілі келе жатыр. Жолбарыс та келеді тыныштық көрмей, Маған құдай қылды-ау деп заман ақыр. «Ту сыртымнан бір бәле жабыстырдың, Сал ғып екі өкпемді қабыстырдың. Жанымды алмай соңымнан қалмайтұғын, Маған құдай бір бақты табыстырдың. Бұл не деген қу бәле қалмайтұғын, Қанша қарғып шапсам да талмайтұғын. Шауып желіп келемін құтыла алмай, Ажалыма басымды шалмайтұғын. Енді шаршап адастым амалымнан, Шықты тесіп кірген шөп табанымнан. Жанымды алып, ризамын тыныштық берсе, Өлім артық бұлай тірі болғанымнан». Осылайша жолбарыс қылды налыс, Таң атқанша көргені тынбай шабыс. Көтеріліп кешенің қараңғысы Енді таңның құстары қылды дыбыс. Ұшты түннің құстары алауланып, Шықты жердің шырағы жерден жанып. Қарақшының қиялы өзгерілді, Мінген атын астындағы енді танып. Бір аллаға тапсырды жалғыз өзін, Есітіңіз ұрының айтқан сөзін. Көктемдегі жаңбырдай сорғалатып, Қанды жасқа толтырды екі көзін. «Құдай-ау, бұл не деген көрім еді, Шұбар жылқы дегенім шерім еді. Қараңғыда қаңғыртып жолықтырып, Осы мені алатын жерің бе еді! Қылатұғын бұл іске айла кәне, Осы-дағы сорымның қайнағаны. Айналайын, құдай-ау, қатты қысып, Тар қылдың алақандай айдаланы. О басында екенмін ойламаған, Бұл нағылған жылқы деп байламаған. Бұл жолбарыс сырымды білсе менің, Жерім қалмас тырнақтай шайнамаған. Енді менің жаным-ау болды қауіп, Ажал екен жүргенім мініп шауып. Ашуланса жолбарыс, екі-ақ асар, Жемтігімді жей алмас құзғын тауып. Нем бар еді басында ұрлық қылып, Өз басыма осынша қорлық қылып. Тәуба қылдым, мұндайды істемеймін Енді құдай жан қылсаң орнықтырып». Ақты жасы көзінен қан аралас, Жайы бар ма жаппардың жағаламас. Осылайша екеуі келе жатса, Қарсы алдынан кез болды бір қара ағаш. Барды тура түбіне сол ағаштың, Қылды қабыл тілеуін құдай жастың. Жолбарыстан қалмаққа далба салып, Жігіт қамын ойлады қара бастың. Делебесі жігіттің енді қозып, Бұтағынан ұстады қолын созып. Ұстады да айрылып қала берді, Кетті шері жолына ілгері озып. Қара ағаштың басында қалды адам, Жатты шері барды да алыс қадам. Құдай-ау, бұл пәлеңді тоқтат деді Алысқа үзілгенше менің қарам. Жолбарыс жатты арсылдап барып келіп, Шаршаған емес пе еді шауып желіп. Бір маймыл отын қылып жүреді екен Ішінде сол тоғайдың жиде теріп. Келді маймыл жолбарыс жатқан жерге, Жақындасып сөйлесті енді шерге. «Жолбарысым, не болды енді саған, Осыншама батыпсың қара терге». Айтты шері: «Сұрама көргенімді, Көріп тұрсың болдырып келгенімді. Түске дейін қалмаса көрген бәлем, Көрер едің зорығып өлгенімді». Не бәле деп сұрады маймыл тағы, Айтты шері, табылар қалған жағы. «Көрмек болсаң, бәлемді алып қалды Анау тұрған ағаштың бір бұтағы». Сонда маймыл қарады ол ағашқа, Өзі сұрап тұрған қу қарамас па. Әбден байқап қараса бір адам тұр, Көрінбейді еш нәрсе одан басқа. Бәлесі сол екенін білді дағы, Жолбарысқа қарады күлді дағы. Бір ауқатты құдайым жеткізді деп, Бір секірді қуанып тұрды дағы. «Жолбарысым, анау ма сенің пәлең, Бір адамнан кетіпті сонша зәрең. Ұялмастан пәле деп бір адамды Құтылдым деп тұрсың ба содан әрең. Қаһарланып шапқанда келсе кезің, Қиратасың бір тобын жалғыз өзің. Дұшпаныңа сыр беріп сонша қорқып, Батыр, сенің ағарды неден көзің. Сенбесеңіз, қарап тұр мен барайын, Көрсетейін пәлеңнің саған жайын. Сарқытыңды тоғайда көп жеп едім, Мен де сенің күніңе бір жарайын». Айтты жолбарыс: «Жолама оған,байғұс, Ол пәлеге ешбір жан болмасын тұс. Құтыла алмай масқара болып жүрме, Түсіп қалса басыңа бір қиын іс. Осал пәле демеңіз ағаштағы, Оған қиын пенденің жанаспағы. Менің көрген түндегі пәлем болса, Бір жабысса, соңыңнан қалмас тағы». Қой дегенге болмады маймыл батыр, Ағаш жаққа тоңқаңдап бара жатыр. Адам қорқып ағашта отыр еді, Маған құдай қылды-ау деп заман ақыр. Шықты маймыл ағаштың шың басына, Қарамады өзінің тұлғасына. Мазақ қылып адамды ойнай берді, Әзілдескен кісідей құрдасына. Шығып алды ағаштың бас жағына, Абыройын адамның ашпағына. Сол маймылға бір пәле бола қалса, Жолбарыс тұр ыңғайланып қашпағына. Сол адамның болды жау төңірегі, Бір алладан басқа жоқ еш көмегі. Бір уақытта қараса маймыл жаққа, Отыр екен бұлтиып бір бөлегі. Сонда жігіт ойланды бір амалды, Бір бұтағын ағаштың бұрап алды. Шуда жіптен ілмек қып байлады да, Дорбасына маймылдың тұзақ салды. Сонда маймыл секірді мұны біліп, Отыр еді байқамай бұрын күліп. Салбыраған ауадан өрмекшідей, Қойды құдай ағашқа іліндіріп. Енді жігіт көңілін тындырады, Қабырғасын таяқтан сындырады. Шыдай алмай бұл іске маймыл байқұс, Шыр көбелек айналып шыңғырады. Мұны естіп жолбарыс ашты көзін, Есітіңіз маймылға айтқан сөзін. «Барма десем бәледе нең бар еді, Жаның шықсын, өзіңе қылдың өзің. Бір бәлеге ұрындың өзің келіп. Құтыларсың қолынан енді өліп». Деді дағы жолбарыс қайыр-қош деп, Түрегеліп орнынан кетті желіп. Құрбақадай тарбаңдап екі саны, Аузы менен мұрнынан ақты қаны. Әлін білмей адамды мазақ қылып, Ақырында азаппен шықты жаны. Ал не тапты сол маймыл мазағынан, Болды себеп мазағы қаза қылған. Ақырында осындай болар депті, Мазақ қылып біреуді наза қылған.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.