Қазақша
Семірген есек
Жапанға қонса бүркіт алып жемін,
Мақтанып жол бермейді сөйлеп еркін.
Семірген ертегінің есегіндей,
Өзінің ұмытар өткен күнін.
Есектің қалай десең жайы мынау,
Бір адам жүреді екен етіп ылау.
Дамылсыз ертелі-кеш мінгеннен соң,
Әбден-ақ жалы кетіп болған бұрау.
Үстіне жүк артқан соң мініп ауыр,
Арқасы неше жерден болған жауыр.
Бір күні есек жылап нала қылды,
Құдайдан бір жал тілеп өкпе-бауыр.
«Сүйегім тірлікте ағармай ма,
Құтылар бұл михнаттан амал қайда.
Құдая, бір бос жүрсем арманым жоқ,
Мінілмей бір-екі айын бағар жайда.
Біреуге кез келтірдің жапанда қу,
Қоңыма мінуменен жүгіртпес су.
Құдая, арып кеттім не қылайын,
Жегенім желім болып, ішкенім у.
Жүк артып талай болды тасығалы,
Арқамды шамам келмейд қасығалы.
Арқамнан жақындады не қылайын,
Жауырым етке түсіп сасығалы».
Құданың құдіреті бар неше күшті,
Салады пендесіне әр түрлі істі.
Есектің мінәжаты қабыл болып,
Сол күні иесіне бір ой түсті.
«Жауыр боп жайы кетті бұл қарымның,
Мінгенде болдырмайтын тұлпарымның.
Қолыма осы есегім түскеннен соң,
Еш жері жыртылған жоқ ұлтанымның.
Мұны енді мен бір жөндеп оңалтайын, Сүйегін бір семіртіп ағартайын.
Өң алып арқа-басы тәуір болса, Жүгімді аман болса тағы артайын».
Қулықпен пайдасы жоқ болған күштің, Араммен тоқтығы жоқ қылған істің.
Жолбарыстың жапты бұған терілерін, Қойыпты айнытпастан реңдерін.
Тырнақтай ашық жерін сау қоймастан, Ұқсатты жолбарысқа көрінерін.
Басына бас, көзіне көз қылыпты, Қолға қол, аяққа аяқ кез қылыпты. Қатасыз осы есекті көрген жанға, Құдайым жолбарыс деп сездіріпті.
Қылғаны бұл қулықты күндіз еді, Айқылып кеш болғанда жүргізеді. Білдірмей егесіне шеткі баудың, Ішіне түнде апарып кіргізеді.
Егесі азанменен барды баудың, Сырынан хабары жоқ сыртқы жаудың. Бағында шұбар нәрсе көрінгенсін, Амалын таба алмады жақындаудың.
Бағыма келіпті деп түнде шері, Қорыққанынан безіп кетті егелері. Ақылсыз ертелі-кеш оттай берді, Бақ болып сол есекке шұбар тері.
Бұл бақтан айуан келіп, адам қашты, Құлан мен есек келіп жақындасты.
Жиғансын бір күні есін есек,
Барды да бір құланменен жақындасты.
Бір тұрып ол екеуі бір жүреді, Ойран қып бақтың ішін бүлдіреді. Ол есек есін жиып қоңданған соң, Бір күні ақымақтығын білдіреді.
Мойнына көтере алмай біткен жалды, Бұрынғы ұмытады өткен халді.
Өзіне ақырмаған мақұл көріп, Досына келіп құланға ақыл салды.
«Есімнен бұрын арып жаңылыппын, Ақырмай сол себептен аңырыппын. Байқасам осы күнге өз бойымды, Дертінен арықтықтың арылыппын.
Өзім бек, болып жүрмін өзім бір хан, Жоқ шығар, сірә, мендей жетіскен жан. Қарап тұр құлан досым бұл қызыққа, Салайын мен бір айтуға түзетіп ән.
Қарап тұр құлақ салып құлан досым, Келіп жүр осы күнде көңіл-қошым. Әйтеуір не қылсам да ақырамын, Саламын саған ақыл, қалай осым?»
Есекке құлан айтты: «Артыңды қыс, Басыңа болып жүрер бір қиын іс.
Даусыңнан есектігің мағлұмданып, Бір қатты болып жүрме бәлеге тұс?!
Шері деп аталған аң ақырған ба, Жақсы деп ақырғаным қапыл қалма, Дегенге ақырамын, ақымақ досым, Бәлені айғай салып шақырған ба?
Себебі семіргеннің шері шығар, Үстіңде семіргеннің тері шығар. Даусыңнан есектігің мағлұмданса, Сенен талай шығын бұрып шығар».
Есекке құлан айтты: «Аузыңды ашпа, Бір бәле ақырғаның болар басқа.
Сырыңды аңдып жүрген білсін халық, Жүрмесін, батыр, тиіп басың тасқа».
«Қалжақты,—есек айтты,—қоярмысың, Болмасын меніменен ешбір ісің.
Сенің де шамаң жетпес сертің осы, Ерегіспен қу екенсің сенің ішің.
Сөзіме қанша айтсам да түсінбедің, Бітпейді қарап тұрып ісім менің.
Өйдесең, құлан досым, қастығың ғой, Жарылар, ақырмасам, ішім менің».
Тағы ақыр, құлан айтты: «Достым енді, Өзіңе құтты болсын осың енді».
Қашпаққа құлан сонда бет бұрады, Көңілі бұл дыбыстан шошып енді.
Көңілі ақиланып, судай тасып, Кергіді есек, ақыры аузын ашып. Боларын бір сұмдықтың білді дағы, Ол бақтан құлан шығып кетті қашып.
Ақырып тауды-тасты жаңғырықтырды, Құлағын естігеннің қаңғырықтырды.
Баяғы бақ егесі аңдып жүріп, Екенін мұның есек аңдып білді.
Жүгірді тұс-тұсынан қуанысып, Есекті мақтап жатыр баққа түсіп. Әбден-ақ қуанысып шат боп қалды,
Жүргендер бұрын қорқып зәресі ұшып.
«Қорлығың сенің бізге өтті, дейді, Өкпеге ыңқылдатып тепті, дейді. Миуасын, шөбін жиып ала алмадық, Бағымыз ойран болып кетті,—дейді.
Ағаштың кесіп алып келтесінен, Жегенін шығарады желкесінен. Теріні үстіндегі сыпырып алып, Қуады жоңышқаның көрпесінен.
Салбырап есек байғұс құлақтары, Жүргенде едірейіп құлап қалды. Аузының ақырғаны түбіне жетіп, Бұрынғы арық әлге тұра қалды.
Жетпесе осындай бас мәртебесі, Есектің едірейіп шыққан есі.
Ақылың жаманға айтқан ем бола ма, Құланның қасындағы кетті несі.
Біреудің көңілі аспанда, жерде басы, Біреудің аспанда жүр мәртебесі.
Жақсының жаманменен аңлағанға, Жері бар аспанменен шекарасы.
Тарыдай тәкаппарлық болса кімде, Білсеңіз ізгіліктен сөгед ірге.
Не пайда адырайған қара тастан, Жатса да гауһар артық су түбінде.
Әзәзіл өзін-өзі ұлық білді, Бұрынғы ұмытып ол өткен күнді. Алланың әміріне мойын бұлғап,
Бірнеше тәкәппарлық қылық қылды.
Қойылды шайтан болып оның аты, Сол атқа лайық еді оның заты.
Өзінің такаппарлық мінезінен, Бейіштің бір бұрышы бұйырмапты.