Қазақша
Ешкі мен қасқыр
Бір ешкі бұрынғыдай қойдан қалып, Адасып маңырайды ойбай салып.
Таба алмай ешбір дыбыс жүгіреді, Қорқады өлемін деп естен танып.
Жер қалың тоғай еді бадамы көп,
Тағат қып тұра алмайды бір шөпті жеп. Алақтап есі шықты жан-жағына, Қасқыр қу қай жағымнан келеді деп.
Бір қасқыр даусыменен келді жетіп, Бұл ешкі қорықты жаман есі кетіп. Бір тойып қалған етін кетер тастап, Қасқырдың бара жатыр несі кетіп.
Қасқырға ешкі сонда жалынады, Жүрегі қорыққанынан жарылады Ей, қасқыр, батыр деді сөзім тыңда, Ешкінің сізге өтініш зары бар-ды.
—Айт—деді, сонда қасқыр, ешкі енді, Өмірің болды сенің бес күн енді.
Қалай да болса сені жедім деді, Болыспас бұл арада ешкім деді.
Ешкі сонда айтады: «Қасқыр батыр, Мені енді жейтұғын болдың ақыр.
Ұлыған әніңізді естігенде
Құмар боп қалмаушы еді бізде ақыл.
Көп емес сізге айтар осы сөзім, Бұл жерде, ер қасеке, келді кезім. Армансыз жегеніңе болар едім,
Сайраған сол дауысты көрсе көзім».
Ән салып сонда қасқыр қышқырады, Булығып алқымынан ышқынады.
«Ұлыған күш әуезім, мінеки», деп, Әр түрлі айғай салып іс қылады.
Ешкі сонда: «Қасеке, тағы, дейді, Көңілімнің келді қоштық шағы, дейді. Өзің палуан батырсың дауың биік,
Аз емес басыңыздың бағы»,—дейді.
Ақырып ер қасекең мақтанады, Ән салып қайта-қайта баптанады. Ешкінің «бәрекелді» дегеніне Көңілі көтеріліп шаттанады.
Бұл қасқыр да есерсоқ батыр еді, Көңілінде қорқыныш жоқ қапыл еді. Жүгірді екі төбет даусыменен Шамалы жерде бір ел жақын еді.
Көзін жұмып, тұмсығын көкке созып, Мақтанып әнге салып жатыр еді.
Бұл екі ит салдыр-күлдір келді жетіп, Ән салған қасқыр қайдан білсін нетіп. Жалт қарап, бұл екі итті көре салып, Жөнелді қасқыр қашып есі кетіп.
Аңырап-аңқалаңдап қашты қасқыр, Жіберді садыр салып састы қасқыр.
Ешкінің алдауына мақтанам деп, Ақыры есі шықты қара басқыр.
Еңіреп қашты қасқыр естен танып, Алаңдап артқа қарап көңiлі налып, Тақымдап екі төбет қояр емес, Ауызын онда салып, мұнда салып.
Басында ешкі жегіш күшті қасқыр, Иттен қорқып жүрегі ұшты қасқыр. Өліп-талып зорға одан құтылған соң, Бір жерге етпетінен түсті қасқыр.
Құтылды өліп жүріп зорға қашып, Туғалы қорыққаны осы асып-сасып. Жемек түгіл, бас қайғы болды сонда-ай, Ешкінің алдауымен қара басып.
Ешкі кетті жайына елге қарап,
Қасқыр жатыр шөп жыртқан бұтын жалап. Ажалдан ажыратты ешкіні кеп, Ажалсызға себеп боп екі барақ.
Осындай ажалсыздың себебі көп,
Жер еді қасқыр, ешкі қылмаса еп. Аңқаудан ешкі сондай көрді пайда, Көнбесе алдауына, кетпей ме жеп.